Тамырлас тағдыр

9 Желтоқсан 2013, 06:10

Саламаттың бұл қалаға көшіп келгеніне небәрі екінші күн. Әлі айналасындағы көрші-қолаңдарын да танымайды. Оның үстіне жүктерін де біржақты етіп жайғастыра алмай жатса, кеше шешесіне көмектесіп жүрген көрші әйел келіп бұған үйімді қарап бере тұршы дейді. «Уақытым жоқ, ренжімеңіз», − деп айтуға оқталып барып тоқталды. «Екі сағатқа ғана», − деп ол да қиылып тұрып алсын. Уәж айтып көріп еді, шешесі:  − Балам, кісінің өтінішін жерге қалдырма. Қалғанын келгеннен кейін істейсің. Екі сағатқа ештеңең кетпейді. Көрші ақысы − Тәңір ақысы. Көршіңнен көмегіңді аяп қалушы болма, − деп бұған іренжігендей кейіп танытты.  Саламат амалсыз көнген. Бала кезінен бойына сіңіп қалған бір қасиеті бар еді. Ол − бір істі бастаса аяғына дейін жеткізбей дамылдамау. Тіпті істеген ісінен ләззәт алатыны соншалық, түс әлетінде тамақтануға да барғысы келмейтін. Және де жұмысының ортасынан килігіп, қолбайлау болатын адамдарды да аса жақтыра қоймайтын. Бүгін де қора-қопсыны қайта жөндеп, жаңадан дәретхана қазып, аулада шашылып жатқан темір-терсектерді сыртқа шығарып тастасам деп жоспарлап қойған болатын. «Е, жарайды, анашымның көңіліне келмесін. Екі сағатқа расыменен-ақ ештеңем кетпес», − деген оймен Саламат жуынып-шайынып, көршісінің үйіне қарай беттеді.  Бұл келгенде әйел айна алдында бетіне опа-далаптарын жағып, әуреге түсіп жатыр екен. Үстіне дәл санының тұсында үлкен жырығы бар қызыл көйлек киіпті. Өзіне жарасып-ақ тұр. Саламат бағана өзіне келіп балаларын екі сағатқа қарап беруін өтінген көк халаттағы әйел мен мына айна алдында тұрған қызыл көйлекті әйелдің арасындағы айырмашылыққа қайран қалды. «Адамның көркі шүберек деген рас екен-ау», − деп мырс етіп күлді. Көрші әйел бұның келгенінен бейхабар. Айна алдында тұрып өзінше ыңылдап өлең айтып қояды. «Жаңбырлы түн жыламашы өтінем, өтінем. Мен де сендей өткен іске өкінем». Өлең осы жерге келгенде сап тиылды. Саламат оның айнаға үңілген сәтте селк ете түскенін байқап қалды.  − Ә, Саламат сенсің бе? Зәре-иманым ұшып кетті ғой.  − Шошытып алсам кешіріңіз.  − Ештеңе етпейді. Задында әйел баласы қорқақтау келеді емес пе. − Ол сыңғырлай күлді.  − Мен олай демес едім.  − Е, неге? − Саламаттың көршісі бұған таңырқай қарады.  − Ауылда менің әжем болатын. Тым қарулы еді. Бір жолы тауда ойнап жүрген кіші ұлын аю ұрып өлтіріпті. Содан ашуланған әжем таудан іздеп жүріп әлгі аюды іздеп тауыпты.  − Сосын...?  − Долданған әжеміз үйден шыққанда қолына ештеңе де алып шықпаған ғой. Бірақ аюмен бетпе-бет келгенде еш саспапты. Қорбаңдаған аюмен күресе кеткен де аяғынан шалып құлатқан. Артынан ауылдың адамдары іздеп келгенде аюды қылқындырған күйі өлтіріп тастаған әжеміз қарысып қалған қолын босата алмай жатыр екен.  − Әрине, баласы үшін байқұс ана бәріне де барады емес пе, − деді көрші әйел айнаның алдында өз денесін сипағыштап. Асығып тұрғандығы анық көрініп тұр.  − Саламат, − деді әлгі әйел қол сөмкесіне трюмо алдындағы шашылып жатқан ұсақ-түйек заттарын ретсіз тоғытып жатып, − Бүгін бір жерге срочно барып келуім керек болып тұр. Сондықтан сенен басқа ешкімді таппадым. Сен ренжіме. Жұмысыңды тоқтатып қойғаныма.  − Жоғ-а, ештеңе етпейді, − деді Саламат кешірім толы жанарымен көршісіне күлімдей қарап.  − Олар қазір ұйықтап жатыр. Жүр мен саған көрсетіп қояйын, − деп қызыл көйлегінің етегі жерге сәл ғана тимей тұрған әйел жайқала басып жатын бөлмеге қарай беттеді. Саламат соңынан амалсыз ерген.  − Бірінің аты Ердос, ал екіншісінің аты Елдос, − деді әйел кереуетте жатқандарды қолымен нұсқай көрсетіп. − Міне мұнда телевизор бар, пульті жанында тұр. Қосып көре бер, − деді көршісі Саламатқа өтіне қарап, − мен бұйыртса екі сағаттың ішінде келіп қаламын.  − Жақсы, − деді Саламат аузына сөз түспей.  х х х  Саламат төсектің төмен жағына орналасқан диванға келіп отырды. Теледидарды қосып еді «Қазақстан» ұлттық арнасындағы апталық «Мезгіл» бағдарламасының таңертеңгілік қайталанымы болып жатыр екен. Шамасы бағдарлама аяғына жетті-ау, жүргізуші «әлдеқандай себептермен бізді көре алмай қалған ағайынға дұғай сәлем!» деп көрермен қауыммен қоштасты. Саламат басқа арнаға ауыстырды. Мұнда мультфильм болып жатыр екен. Біраз тамашалап отырды. Болжамы бойынша көрші әйелдің келетін де уақыты болып қалған.  Кенет селк ете түсті. Тап біреу төбесінен бір шелек суық суды құйып жіберген тәрізді. Тіпті бұрыла алмай да қалды. Оң жақ және сол жақ иығынан көрінген екі бас Саламатпен бірге теледидарға үңілген.  − О, Том и Джерри, − деді біреуі қуанған дауыспен.  − Yes, − деді екіншісі.  Саламат қалшылдап қоя берген. Екі қол екі иығынан баса ұстады. Орнынан тұра салып қашайын десе буын-буынынан әл кетіп қалған сияқты; қозғала алмайды. Әйтеуір бір уақытта мультфильм де аяқталды. Арнада жарнама көрсетіп жатқан. Теледидардан жанарын тайдырған төрт көз кенет бұған қадала қарады. Сосын бұның басынан асыра бір-біріне қастарын көтере ымдасты. «Бұл кім?», − деген ишарамен.  − Ассалаумағалейкум, ағасы, − деді біріншісі сол қолын ұсынып.  − Уаға... − Қапелімде сасып қалған Саламат оған оң қолын ұсынды. Бірақ оның сол қолын ұсынып тұрғанын көргеннен кейін барып бұл да сол қолын берді.  − Ассалаумағалейкум!, − деді екінші оң иығындағы бас оң қолын ұсына.  − Уәликім, − деді Саламат әрең дегенде тіл қатып. Сол қолы босай салысымен екіншісіне қарай созған. Бірақ тағы да сәйкес келмеді. Енді сол қолын тартып, оңын берді.  − Сен қайдан келдің?, − деді бағанағы бірінші амандасқан батылдау бас.  − Мен бе, мен... мен жаңадан көшіп келіп жатырмын, − деді Саламат.  − Осы Курчатовтан басқа қала таппай қалдыңдар ма көшіп баратын?, − деді еті қалыңдау болып, қастың орны екенін білдіріп тұрған, бірақ қасы жоқ селдір шашты екінші бас.  − Бізді, бізді болғанда әкемді осында жұмыс бабымен жіберді.  − А, бізге қоңсы болып жатқан сендер екенсіңдер ғой. Қош келдіңіз қошына. Атың кім болады? − Бірінші бас тағы да сол қолын ұсынған. Танысып қоялық деген белгі. Саламат бұл жолы жаңылыспады.  − Саламат.  − Менің атым Ердос.  − Ал менікі Елдос. − Бұл да оң қолын ұсынды. Екеуі де достық пейілдерін білдіре Саламаттың қолын қысты.  Жүрегі әлі дүрсілдеп тұр. Әншейін дүрсіл емес, жүрегі кеудесін жарып шығып, қаша жөнелейін деп тұрғандай.  − Үйленгенсің бе? − Қайсысы екені белгісіз. Әйтеуір екеуінің біреуі сұрады.  − Жоқ. Мен мектепті әлі бітірген жопын.  − Сонда нешедесің?  − Он жетіде.  − Мен жиырмадамын, Елдос болса... − ол ойланып қалған. − Ол да жиырмада.  − Үйленбегем де. Ал біз үйленейін деп жатырмыз.  − Қойыңдар, − деді Саламат күле сөйлеп.  − Қоятын ештеңесі де жоқ. Мен Бритни Спирсты аламын.  − Ал мен болсам Дженнифер Лопеске үйленем, − деді шашы селдірлеу бас.  Саламат не айтарын білмей қалды.  − Онда мені тойларыңа шақыратын шығарсыңдар?  − Көрші тұрып сені шақырмағанда кімді шақырамыз. Бірақ той Лондонда өтуі мүмкін. − Неге Лондонда?  − Лондон... біздікінен гөрі ауасы таза ғой. Оның үстіне Тенза өзені бар.  − Астанада Есіл бар ғой.  − Расыменен, − деп ойланып қалды Елдос. − Бірақ ана иттің қатындары келе қояды ма екен?  − Е, неге келмейді, − деді Ердос, − қатындар күйеулерінің айтқанымен жүру керек. Сенің Бритниіңді қайдам, менің Дженниферім бір ауыз сөзімді жерге тастамай жетіп келеді.  Теледидарда түсініксіз бірнәрселер болып жатыр.  − Саламат бауырым, айтшы, олар бізге тиеді ме?  Саламат төмен қараған күйі үндемеді. Не деуге болады?  − Мамам да олар сендерді қәйтсін дейді. Қара да тұрыңдар осыдан бар ғой шы, соларды әйел қылып алмасақ, еркек атымыз өшсін!  − Әп, бәрекелді, ендеше мен құдашалармен тойда би билейтін боламын, − деді Саламат өтірік сенгенсіп.  − Саламат қызың бар ма?  − Бар.  − Қайда?  − Алматыда.  − Сені осындағы қыздармен таныстырайын ба? Әдемі. Көрсең құлап қаласың.  − Көрерміз, − деді Саламат иығын қиқаң еткізіп.  − Менің қызымның аты − Аида. Ердостікі − Қарлығаш.  − Әй, Бритни мен Дженнифер ше?  − Енді бауырым, түсінесің ғой, көзден таса болғасын көңілден де тысқары болады емес пе. Бірақ кейін оларға айтып қойып жүрме сен.  − Жоға.  − Спортпен айналысасың ба?  − Алматыда жүргенде джуи-джитсуға қатысқам.  − Ол қандай спорт?  − Қып-қызыл төбелес. Өздерің ше?  − Мен боксқа қатысам. Қазақстанды ұттым, − деді Ердос екі қолымен ауаны ұрғылап.  − Алдыңызда каратэ-додан республика чемпионы Елдос Кеңесұлы! − Ол оң аяғын көтеріп тұра қалды.  Араға үнсіздік орнаған.  − Ей, − деді Елдос Ердостың басынан нұқып, − бүгін кешке қайда барамыз?  − Қарлығашқа барамыз.  − Атаңның басы кеше ғана барғамыз Қарлығашыңа. Бүгін Аидаға.  − Мен бармаймын, өзің бара бер онда, − деді Ердос қырсығып.  − Саған қарап қалды ғой дейсің бе? Өзім-ақ барам. Болмаса Саламатты апарып таныстырам.  Осы кезде сыртқы есік ашылған. Қызыл көйлекті әйел көрінді. Саламат екі жігітпен жылы қоштасып, үйіне қарай кетті.  Ойынан бағанағы жігіттердің сөздері кетер емес. «Тамырлас тағдырлар» деді ішінен. Өйткені, олар денесі бір, бастары бөлек сиам егіздер еді. 

Саламаттың бұл қалаға көшіп келгеніне небәрі екінші күн. Әлі айналасындағы көрші-қолаңдарын да танымайды. Оның үстіне жүктерін де біржақты етіп жайғастыра алмай жатса, кеше шешесіне көмектесіп жүрген көрші әйел келіп бұған үйімді қарап бере тұршы дейді. «Уақытым жоқ, ренжімеңіз», − деп айтуға оқталып барып тоқталды. «Екі сағатқа ғана», − деп ол да қиылып тұрып алсын. Уәж айтып көріп еді, шешесі: 
− Балам, кісінің өтінішін жерге қалдырма. Қалғанын келгеннен кейін істейсің. Екі сағатқа ештеңең кетпейді. Көрші ақысы − Тәңір ақысы. Көршіңнен көмегіңді аяп қалушы болма, − деп бұған іренжігендей кейіп танытты. 
Саламат амалсыз көнген. Бала кезінен бойына сіңіп қалған бір қасиеті бар еді. Ол − бір істі бастаса аяғына дейін жеткізбей дамылдамау. Тіпті істеген ісінен ләззәт алатыны соншалық, түс әлетінде тамақтануға да барғысы келмейтін. Және де жұмысының ортасынан килігіп, қолбайлау болатын адамдарды да аса жақтыра қоймайтын. Бүгін де қора-қопсыны қайта жөндеп, жаңадан дәретхана қазып, аулада шашылып жатқан темір-терсектерді сыртқа шығарып тастасам деп жоспарлап қойған болатын. «Е, жарайды, анашымның көңіліне келмесін. Екі сағатқа расыменен-ақ ештеңем кетпес», − деген оймен Саламат жуынып-шайынып, көршісінің үйіне қарай беттеді. 
Бұл келгенде әйел айна алдында бетіне опа-далаптарын жағып, әуреге түсіп жатыр екен. Үстіне дәл санының тұсында үлкен жырығы бар қызыл көйлек киіпті. Өзіне жарасып-ақ тұр. Саламат бағана өзіне келіп балаларын екі сағатқа қарап беруін өтінген көк халаттағы әйел мен мына айна алдында тұрған қызыл көйлекті әйелдің арасындағы айырмашылыққа қайран қалды. «Адамның көркі шүберек деген рас екен-ау», − деп мырс етіп күлді. Көрші әйел бұның келгенінен бейхабар. Айна алдында тұрып өзінше ыңылдап өлең айтып қояды. «Жаңбырлы түн жыламашы өтінем, өтінем. Мен де сендей өткен іске өкінем». Өлең осы жерге келгенде сап тиылды. Саламат оның айнаға үңілген сәтте селк ете түскенін байқап қалды. 
− Ә, Саламат сенсің бе? Зәре-иманым ұшып кетті ғой. 
− Шошытып алсам кешіріңіз. 
− Ештеңе етпейді. Задында әйел баласы қорқақтау келеді емес пе. − Ол сыңғырлай күлді. 
− Мен олай демес едім. 
− Е, неге? − Саламаттың көршісі бұған таңырқай қарады. 
− Ауылда менің әжем болатын. Тым қарулы еді. Бір жолы тауда ойнап жүрген кіші ұлын аю ұрып өлтіріпті. Содан ашуланған әжем таудан іздеп жүріп әлгі аюды іздеп тауыпты. 
− Сосын...? 
− Долданған әжеміз үйден шыққанда қолына ештеңе де алып шықпаған ғой. Бірақ аюмен бетпе-бет келгенде еш саспапты. Қорбаңдаған аюмен күресе кеткен де аяғынан шалып құлатқан. Артынан ауылдың адамдары іздеп келгенде аюды қылқындырған күйі өлтіріп тастаған әжеміз қарысып қалған қолын босата алмай жатыр екен. 
− Әрине, баласы үшін байқұс ана бәріне де барады емес пе, − деді көрші әйел айнаның алдында өз денесін сипағыштап. Асығып тұрғандығы анық көрініп тұр. 
− Саламат, − деді әлгі әйел қол сөмкесіне трюмо алдындағы шашылып жатқан ұсақ-түйек заттарын ретсіз тоғытып жатып, − Бүгін бір жерге срочно барып келуім керек болып тұр. Сондықтан сенен басқа ешкімді таппадым. Сен ренжіме. Жұмысыңды тоқтатып қойғаныма. 
− Жоғ-а, ештеңе етпейді, − деді Саламат кешірім толы жанарымен көршісіне күлімдей қарап. 
− Олар қазір ұйықтап жатыр. Жүр мен саған көрсетіп қояйын, − деп қызыл көйлегінің етегі жерге сәл ғана тимей тұрған әйел жайқала басып жатын бөлмеге қарай беттеді. Саламат соңынан амалсыз ерген. 
− Бірінің аты Ердос, ал екіншісінің аты Елдос, − деді әйел кереуетте жатқандарды қолымен нұсқай көрсетіп. − Міне мұнда телевизор бар, пульті жанында тұр. Қосып көре бер, − деді көршісі Саламатқа өтіне қарап, − мен бұйыртса екі сағаттың ішінде келіп қаламын. 
− Жақсы, − деді Саламат аузына сөз түспей. 

х х х 
Саламат төсектің төмен жағына орналасқан диванға келіп отырды. Теледидарды қосып еді «Қазақстан» ұлттық арнасындағы апталық «Мезгіл» бағдарламасының таңертеңгілік қайталанымы болып жатыр екен. Шамасы бағдарлама аяғына жетті-ау, жүргізуші «әлдеқандай себептермен бізді көре алмай қалған ағайынға дұғай сәлем!» деп көрермен қауыммен қоштасты. Саламат басқа арнаға ауыстырды. Мұнда мультфильм болып жатыр екен. Біраз тамашалап отырды. Болжамы бойынша көрші әйелдің келетін де уақыты болып қалған. 
Кенет селк ете түсті. Тап біреу төбесінен бір шелек суық суды құйып жіберген тәрізді. Тіпті бұрыла алмай да қалды. Оң жақ және сол жақ иығынан көрінген екі бас Саламатпен бірге теледидарға үңілген. 
− О, Том и Джерри, − деді біреуі қуанған дауыспен. 
− Yes, − деді екіншісі. 
Саламат қалшылдап қоя берген. Екі қол екі иығынан баса ұстады. Орнынан тұра салып қашайын десе буын-буынынан әл кетіп қалған сияқты; қозғала алмайды. Әйтеуір бір уақытта мультфильм де аяқталды. Арнада жарнама көрсетіп жатқан. Теледидардан жанарын тайдырған төрт көз кенет бұған қадала қарады. Сосын бұның басынан асыра бір-біріне қастарын көтере ымдасты. «Бұл кім?», − деген ишарамен. 
− Ассалаумағалейкум, ағасы, − деді біріншісі сол қолын ұсынып. 
− Уаға... − Қапелімде сасып қалған Саламат оған оң қолын ұсынды. Бірақ оның сол қолын ұсынып тұрғанын көргеннен кейін барып бұл да сол қолын берді. 
− Ассалаумағалейкум!, − деді екінші оң иығындағы бас оң қолын ұсына. 
− Уәликім, − деді Саламат әрең дегенде тіл қатып. Сол қолы босай салысымен екіншісіне қарай созған. Бірақ тағы да сәйкес келмеді. Енді сол қолын тартып, оңын берді. 
− Сен қайдан келдің?, − деді бағанағы бірінші амандасқан батылдау бас. 
− Мен бе, мен... мен жаңадан көшіп келіп жатырмын, − деді Саламат. 
− Осы Курчатовтан басқа қала таппай қалдыңдар ма көшіп баратын?, − деді еті қалыңдау болып, қастың орны екенін білдіріп тұрған, бірақ қасы жоқ селдір шашты екінші бас. 
− Бізді, бізді болғанда әкемді осында жұмыс бабымен жіберді. 
− А, бізге қоңсы болып жатқан сендер екенсіңдер ғой. Қош келдіңіз қошына. Атың кім болады? − Бірінші бас тағы да сол қолын ұсынған. Танысып қоялық деген белгі. Саламат бұл жолы жаңылыспады. 
− Саламат. 
− Менің атым Ердос. 
− Ал менікі Елдос. − Бұл да оң қолын ұсынды. Екеуі де достық пейілдерін білдіре Саламаттың қолын қысты. 
Жүрегі әлі дүрсілдеп тұр. Әншейін дүрсіл емес, жүрегі кеудесін жарып шығып, қаша жөнелейін деп тұрғандай. 
− Үйленгенсің бе? − Қайсысы екені белгісіз. Әйтеуір екеуінің біреуі сұрады. 
− Жоқ. Мен мектепті әлі бітірген жопын. 
− Сонда нешедесің? 
− Он жетіде. 
− Мен жиырмадамын, Елдос болса... − ол ойланып қалған. − Ол да жиырмада. 
− Үйленбегем де. Ал біз үйленейін деп жатырмыз. 
− Қойыңдар, − деді Саламат күле сөйлеп. 
− Қоятын ештеңесі де жоқ. Мен Бритни Спирсты аламын. 
− Ал мен болсам Дженнифер Лопеске үйленем, − деді шашы селдірлеу бас. 
Саламат не айтарын білмей қалды. 
− Онда мені тойларыңа шақыратын шығарсыңдар? 
− Көрші тұрып сені шақырмағанда кімді шақырамыз. Бірақ той Лондонда өтуі мүмкін.
− Неге Лондонда? 
− Лондон... біздікінен гөрі ауасы таза ғой. Оның үстіне Тенза өзені бар. 
− Астанада Есіл бар ғой. 
− Расыменен, − деп ойланып қалды Елдос. − Бірақ ана иттің қатындары келе қояды ма екен? 
− Е, неге келмейді, − деді Ердос, − қатындар күйеулерінің айтқанымен жүру керек. Сенің Бритниіңді қайдам, менің Дженниферім бір ауыз сөзімді жерге тастамай жетіп келеді. 
Теледидарда түсініксіз бірнәрселер болып жатыр. 
− Саламат бауырым, айтшы, олар бізге тиеді ме? 
Саламат төмен қараған күйі үндемеді. Не деуге болады? 
− Мамам да олар сендерді қәйтсін дейді. Қара да тұрыңдар осыдан бар ғой шы, соларды әйел қылып алмасақ, еркек атымыз өшсін! 
− Әп, бәрекелді, ендеше мен құдашалармен тойда би билейтін боламын, − деді Саламат өтірік сенгенсіп. 
− Саламат қызың бар ма? 
− Бар. 
− Қайда? 
− Алматыда. 
− Сені осындағы қыздармен таныстырайын ба? Әдемі. Көрсең құлап қаласың. 
− Көрерміз, − деді Саламат иығын қиқаң еткізіп. 
− Менің қызымның аты − Аида. Ердостікі − Қарлығаш. 
− Әй, Бритни мен Дженнифер ше? 
− Енді бауырым, түсінесің ғой, көзден таса болғасын көңілден де тысқары болады емес пе. Бірақ кейін оларға айтып қойып жүрме сен. 
− Жоға. 
− Спортпен айналысасың ба? 
− Алматыда жүргенде джуи-джитсуға қатысқам. 
− Ол қандай спорт? 
− Қып-қызыл төбелес. Өздерің ше? 
− Мен боксқа қатысам. Қазақстанды ұттым, − деді Ердос екі қолымен ауаны ұрғылап. 
− Алдыңызда каратэ-додан республика чемпионы Елдос Кеңесұлы! − Ол оң аяғын көтеріп тұра қалды. 
Араға үнсіздік орнаған. 
− Ей, − деді Елдос Ердостың басынан нұқып, − бүгін кешке қайда барамыз? 
− Қарлығашқа барамыз. 
− Атаңның басы кеше ғана барғамыз Қарлығашыңа. Бүгін Аидаға. 
− Мен бармаймын, өзің бара бер онда, − деді Ердос қырсығып. 
− Саған қарап қалды ғой дейсің бе? Өзім-ақ барам. Болмаса Саламатты апарып таныстырам. 
Осы кезде сыртқы есік ашылған. Қызыл көйлекті әйел көрінді. Саламат екі жігітпен жылы қоштасып, үйіне қарай кетті. 
Ойынан бағанағы жігіттердің сөздері кетер емес. «Тамырлас тағдырлар» деді ішінен. Өйткені, олар денесі бір, бастары бөлек сиам егіздер еді. 

Бөлісу: