Белгі тас

9 Желтоқсан 2013, 06:08

Өзімнен үлкен қой терісінен тігілген сөмкемді сүйретіп Талдыбақ ауылына аяңдап келем. Сонда интернат бар. Жазалымын. Хандық дәуірді аңсаушы деп мектептен қуылдым. Еңбекшілерге арналған концертте «Колхоз таңы» әнін айтудың орынына, ұмытып қалып, көпшіліктен ұялғасын аңдаусызда әжем жаттатқан «Алпамыс батыр» жырын жатқа соғып жіберіппін. Ендігі жүрісім, міне... Өзекте - өкініш.  * * *  Мен Сейсенді жақсы танымаймын. Өйткені, бұл мектепке жаңадан ғана келген едім. Бәріміз мектеп интернатта жатамыз. Ал Сейсен болса көбіне өзімен өзі болып жүретін. Сыныптағы балалармен де араластығы мәз емес. Мен оның себебін кейінірек білдім. Сөйтсем, Сейсен ата-анасынан ерте айырылып, жетімдіктің ащы дәмін бесіктен белі шықпай жатып татып үлгеріпті. Ауыр қайғы мен жанашырынан айырылған жетім жүрек оның кескін келбетін ерте қалыптастырып, бізден гөрі едәуір ересек көрсететін.  − Дәнеш, сен осы құран оқи аласың ия? − деді ол маған бір күні сабақтан қайтып келе жатқанда.  Мен селк ете түстім. Марқұм әжемнің ешқашан құран оқушы болма дегені есіме түсті. Қипықтап тұрып қалдым. Не өтірік айтарымды білмеймін, шынымды айтайын десем директордың қаһарынан қаймығамын. Өткенде мені кабинетіне шақырып алып, «Саған жырды кім үйретті? Сен социалистік қоғамның болашағына күдікпен қарағансың!» деп біраз сілкілеген. Оның үстіне осы мектептке келгелі бері Сейсеннің маған бірінші мәрте сөйлеуі. Бір шетінен таң қалып тұрмын.  − Құранды ма?... − Жан жағыма қарап шықтым. Ешкім естіп қоймасын дегендей. − Оны неге сұрадың?  − Әкем соңғы кездері түсіме жиі кіретін болып жүр.  Мен осы уақытқа дейін балалардан үзіп-жырып оның ата-анасының жол апатынан қайтыс болғанын ғана естігенмін.  − Түсіңе кіргенде не дейді?  − Бірнәрсе дәметіп жүрген сыңайлы.  Оның айтып отырған «бірнәрсесін» түсіне қоймадым. Бірақ өтірік айтуға дәтім шыдамады.  − «Фатиха» мен «Ықыласты» білемін.  − Ендеше, түстен кейін екеуміз «Көкталға» барып қайтайықшы?  − Жарайды. Тек ешкім естімесінші, ия?  − Жақсы, келістік.  Интернаттың асханасынан түскі асымызды ішкен соң Сейсен екеуміз мектептің батыс жағындағы сайдан бос жүрген екі есекті ұстап әкелдік. Оларға Сейсеннің қолындағы шпагат жіптен жүген жасадық та мініп алдық. Кімнің есегі екенінде шаруамыз жоқ. Сейсен алдыда, мен оның артынан келемін. Кенет Сейсен аудан орталығының басында орналасқан гараждың қасына сәл кідірді де, көміліп жатқан тастардың арасынан қаңылтыр темірлерді шығара бастады.  − Бұлардың не керегі бар? − дедім оған қызығушылығым оянып.  − Мә, мына басын ұста да ана жіппен байла, − деді ол менің сұрағыма жауап берудің орнына қолындағы қаңылтыр темірлерін ұстата бере.  Өзі тастардың арасынан тағы да темірлерді шығара бастады. Сосын оларды мен темірлерді байлаған жіптің екінші ұшына байлады. Дәл осындай етіп қаңылтыр темірлердің төменгі тесігінен де жіппен шандып байладық.  − Сен осында тұра тұр, мен қазір келемін, − деді де ол гараждың дуалынан секіріп түсіп ішке кіріп кетті. Сәл уақыттан соң Сейсен бір орам сым темір мен төрт қада темірді алып шықты. Қолында тістеуік. Бұлардың неге қажет екендігіне басым жетер емес. Бірақ сөйлесем тағы да жауап бермей қоятын шығар деп ойлап, үндемедім. Бағанағы темір қаңылтырларды менің есегіме қоржын тәрізді етіп арттық та, орама темір мен қадаларды оның есегіне бастық.  − Әйдә, шу, жануар! − деді ол есегін тебіне бере.  − Кеттік! − Мен де астымдағы есекті бүйірінен ыңқ дегіздім.  Қазанның бұлтты аспаны. Егінін орып алғасын маңындағы ауылдың ірілі-уақты малдары қызығына батқан далиған аңыздар. Бірнешеуін кесіп өттік. Менің ішім пыса бастады. Сейсен болса үндемейді.  − Сейсен, саған менің құран білетінімді кім айтты? Шыныңды айтшы.  Мен бұл мектепке келгелі ешкімге бұл жөнінде тіс жармаған едім.  − Ешкім айтқан жоқ, жай, білетін шығар деп сұрай салғам.  − Сейсен, сен жазғы каникулда қайда барасың?  − Ешқайда бармаймын, интернатта жалғыз өзім жатамын. Баратын туысым жоқ қой. Оған да үйреніп қалған сияқтымын.  Өзім ыңғайсызданып қалдым.  − Сендерге қарап қызығам. Шіркін, менің де ата-анам тірі болғанда, сендер сияқты балмұздақ жеп, інілеріммен ойнап жүруші едім.  Көзіме жас келіп қалды. Осы сәтте оны қатты аяп кетіп едім.  − Сейсен, менің де әке-шешем жоқ қой. − Бар шындықты айтуға оқталдым.  Ол маған сенімсіздікпен қараған.  − Қойшы, − деді сосын.  − Рас айтам. − Көзіме келген бір тамшы жасты сығып алдым, − Қытай мен Күлия мені балалар үйінен асырап алған. Бәрін білем. Өткен жылы әжем қайтыс болды да, екеуі ажырасып кетті. Мені екеуі де ерткісі келмей, Сұлутөбедегі интернатқа өткізіп кетті. Ал, ол жерден шығарып жіберді. − Өгей әкем қытайларға ұқсас болғандықтан ел солай атайтын.  Көзіме тығылған жасқа ерік бердім.  Митың жүрістерінен жаңылыспаған қос есек тіркестеліп келе жатыр. Ол да үндемей қалған. Кейін байқадым, екі иығы селкілдеп барады екен.  Қос мұңлық сөйлемеген қалпымызда көп жүрдік. Көкталдың бейітіне де таяғанбыз. Осы сәт Сейсен артына бұрылып:  − Қиын, ә? − деді.  Келіскендігімнің белгісін басымды шұлғумен білдірдім.  − Әне, − деді ол бейіт жақты иегімен нұсқап, − келіп те қалдық.  Қорымның қақпасына қашып кетпесін деп екі есекті жібін ұзындау етіп байлап қойдық. Бір шетінен жайылып тұрсын дедік.  Сейсен әке-шешесі жатқан орынды қиналмай-ақ тауып алды. Бір келгенінде үш құрғақ ағашты қадап кеткен екен, қозғалмапты. Әуелі, екеуміз төмпешікті арам шөптер мен қурайлардан тазарттық. Әкелген темір қадаларымызды үлкен таспен тоқпақтап ұрып, төрт бұрышына орнаттық. Сосын қаңылтыр темірлерді сыммен қадаларға шанди байлап, кәдімгідей қоршау жасадық.  Күн ауаны екінтіге тұстас келген. Екеуміз де шаршадық.  − Соңғы қадам қалды. − Сейсен қалтасынан сия сауыт пен кист шығарған.  Қарап отырмын. Ол жазып жатыр.  «Нармағамбет – Күләш»  «1938.03.10 – 1968.05.28. 1941.07.22 − 1968.05.28»  Болды. Ақырын ғана сиясы кеппеген жазуды сипалады. Мен оның әке-шешесіне деген сағынышын сезініп, өзімнің ата-анамның кім екенін ойладым. Сейсеннің әке-шешесіне құран оқығанда өзімнің де ата-анамды қосып жіберсем бе екен деп бір тоқталдым. Мүмкін, олар тірі шығар? Рас-ау. Райымнан қайттым. Әйтеуір бір күні іздеп келер деген үмітімнің әлі де үзілгісі жоқ.  − Дәнеш, бастаймыз ба?  Мен малдас құрып отыра қалдым да «Ағузудан» бастап, «Фатиханы» бітіріп, «Құл хуалланы» үш рет қайталадым. Бетімізді сипап, екеуміз топырақ шаштық.  − Рахмет, саған. Марқұмдар бір аунап түсетін болды.  − Ештеңе етпейді. Қабыл болсын! Тек ешкім естімесінші Сейсен, әйтпесе, екеуміз де оңбаймыз. − Күдігімді жасырмадым.  − Әрине, айтпаймын. Дәнеш...  − Әу, не?  − Егер де қаласаң біз бауыр болайық. Менің інім жоқ.  − Менде аға...  Мүмкін мейірім шығар, өзіміз де ұқпадық, ендігіде екеуміз шын туғандай құшақтаса кеткенбіз. Алдағы уақытта бір-бірімізге қамқор болуға, көмектесуге, бөлек кетсек хабарласып тұруға шынашақты айқастыра байлап тұрып уағдаластық.  Күн ұясына қона екі есекті тебініп қойып Талдыбаққа беттедік.  ...Бірақ та кейіннен біздің бұл әрекетімізді директор естіп қойыпты. Педсоветке салды. Артымыздан аңдып жүрген кластасымыз сұм Тұраш бәрін көріп-біліпті. Жеткізген – сол...  * * *  Ендігі бағытым – Қайрақты ауылы. Сол ауылда жатып оқитын интернат барын білемін. Баяғы сөмкемді сүйретіп, қара жолдың шаңын бұрқыратып, салып-ұрып келем. Жанымда − Сейсен.  − Дәнеш, сені мен үшін мектептен шығарып жіберді-ау, − деді Сейсен өкінішін жасыра алмай ауылдың шетіндегі қорым бейітке жақындай бергенде.  − Ештеңе етпейді. Мен үйреніп қалғам.  − Екеуміздің бұл қылығымыздың өзі осы өтер күндердің басына қойылған белгі тас қой. Кейін қызыға еске алармыз.  − Мүмкін ұмыт болар...  Неге екенін білмеймін, осы жолы «ескілікті көксеуші, құран оқушы» деп мектептен шығарып жібергеніне еш өкінгенім жоқ... 

Өзімнен үлкен қой терісінен тігілген сөмкемді сүйретіп Талдыбақ ауылына аяңдап келем. Сонда интернат бар. Жазалымын. Хандық дәуірді аңсаушы деп мектептен қуылдым. Еңбекшілерге арналған концертте «Колхоз таңы» әнін айтудың орынына, ұмытып қалып, көпшіліктен ұялғасын аңдаусызда әжем жаттатқан «Алпамыс батыр» жырын жатқа соғып жіберіппін. Ендігі жүрісім, міне... Өзекте - өкініш. 
* * * 
Мен Сейсенді жақсы танымаймын. Өйткені, бұл мектепке жаңадан ғана келген едім. Бәріміз мектеп интернатта жатамыз. Ал Сейсен болса көбіне өзімен өзі болып жүретін. Сыныптағы балалармен де араластығы мәз емес. Мен оның себебін кейінірек білдім. Сөйтсем, Сейсен ата-анасынан ерте айырылып, жетімдіктің ащы дәмін бесіктен белі шықпай жатып татып үлгеріпті. Ауыр қайғы мен жанашырынан айырылған жетім жүрек оның кескін келбетін ерте қалыптастырып, бізден гөрі едәуір ересек көрсететін. 
− Дәнеш, сен осы құран оқи аласың ия? − деді ол маған бір күні сабақтан қайтып келе жатқанда. 
Мен селк ете түстім. Марқұм әжемнің ешқашан құран оқушы болма дегені есіме түсті. Қипықтап тұрып қалдым. Не өтірік айтарымды білмеймін, шынымды айтайын десем директордың қаһарынан қаймығамын. Өткенде мені кабинетіне шақырып алып, «Саған жырды кім үйретті? Сен социалистік қоғамның болашағына күдікпен қарағансың!» деп біраз сілкілеген. Оның үстіне осы мектептке келгелі бері Сейсеннің маған бірінші мәрте сөйлеуі. Бір шетінен таң қалып тұрмын. 
− Құранды ма?... − Жан жағыма қарап шықтым. Ешкім естіп қоймасын дегендей. − Оны неге сұрадың? 
− Әкем соңғы кездері түсіме жиі кіретін болып жүр. 
Мен осы уақытқа дейін балалардан үзіп-жырып оның ата-анасының жол апатынан қайтыс болғанын ғана естігенмін. 
− Түсіңе кіргенде не дейді? 
− Бірнәрсе дәметіп жүрген сыңайлы. 
Оның айтып отырған «бірнәрсесін» түсіне қоймадым. Бірақ өтірік айтуға дәтім шыдамады. 
− «Фатиха» мен «Ықыласты» білемін. 
− Ендеше, түстен кейін екеуміз «Көкталға» барып қайтайықшы? 
− Жарайды. Тек ешкім естімесінші, ия? 
− Жақсы, келістік. 
Интернаттың асханасынан түскі асымызды ішкен соң Сейсен екеуміз мектептің батыс жағындағы сайдан бос жүрген екі есекті ұстап әкелдік. Оларға Сейсеннің қолындағы шпагат жіптен жүген жасадық та мініп алдық. Кімнің есегі екенінде шаруамыз жоқ. Сейсен алдыда, мен оның артынан келемін. Кенет Сейсен аудан орталығының басында орналасқан гараждың қасына сәл кідірді де, көміліп жатқан тастардың арасынан қаңылтыр темірлерді шығара бастады. 
− Бұлардың не керегі бар? − дедім оған қызығушылығым оянып. 
− Мә, мына басын ұста да ана жіппен байла, − деді ол менің сұрағыма жауап берудің орнына қолындағы қаңылтыр темірлерін ұстата бере. 
Өзі тастардың арасынан тағы да темірлерді шығара бастады. Сосын оларды мен темірлерді байлаған жіптің екінші ұшына байлады. Дәл осындай етіп қаңылтыр темірлердің төменгі тесігінен де жіппен шандып байладық. 
− Сен осында тұра тұр, мен қазір келемін, − деді де ол гараждың дуалынан секіріп түсіп ішке кіріп кетті. Сәл уақыттан соң Сейсен бір орам сым темір мен төрт қада темірді алып шықты. Қолында тістеуік. Бұлардың неге қажет екендігіне басым жетер емес. Бірақ сөйлесем тағы да жауап бермей қоятын шығар деп ойлап, үндемедім. Бағанағы темір қаңылтырларды менің есегіме қоржын тәрізді етіп арттық та, орама темір мен қадаларды оның есегіне бастық. 
− Әйдә, шу, жануар! − деді ол есегін тебіне бере. 
− Кеттік! − Мен де астымдағы есекті бүйірінен ыңқ дегіздім. 
Қазанның бұлтты аспаны. Егінін орып алғасын маңындағы ауылдың ірілі-уақты малдары қызығына батқан далиған аңыздар. Бірнешеуін кесіп өттік. Менің ішім пыса бастады. Сейсен болса үндемейді. 
− Сейсен, саған менің құран білетінімді кім айтты? Шыныңды айтшы. 
Мен бұл мектепке келгелі ешкімге бұл жөнінде тіс жармаған едім. 
− Ешкім айтқан жоқ, жай, білетін шығар деп сұрай салғам. 
− Сейсен, сен жазғы каникулда қайда барасың? 
− Ешқайда бармаймын, интернатта жалғыз өзім жатамын. Баратын туысым жоқ қой. Оған да үйреніп қалған сияқтымын. 
Өзім ыңғайсызданып қалдым. 
− Сендерге қарап қызығам. Шіркін, менің де ата-анам тірі болғанда, сендер сияқты балмұздақ жеп, інілеріммен ойнап жүруші едім. 
Көзіме жас келіп қалды. Осы сәтте оны қатты аяп кетіп едім. 
− Сейсен, менің де әке-шешем жоқ қой. − Бар шындықты айтуға оқталдым. 
Ол маған сенімсіздікпен қараған. 
− Қойшы, − деді сосын. 
− Рас айтам. − Көзіме келген бір тамшы жасты сығып алдым, − Қытай мен Күлия мені балалар үйінен асырап алған. Бәрін білем. Өткен жылы әжем қайтыс болды да, екеуі ажырасып кетті. Мені екеуі де ерткісі келмей, Сұлутөбедегі интернатқа өткізіп кетті. Ал, ол жерден шығарып жіберді. − Өгей әкем қытайларға ұқсас болғандықтан ел солай атайтын. 
Көзіме тығылған жасқа ерік бердім. 
Митың жүрістерінен жаңылыспаған қос есек тіркестеліп келе жатыр. Ол да үндемей қалған. Кейін байқадым, екі иығы селкілдеп барады екен. 
Қос мұңлық сөйлемеген қалпымызда көп жүрдік. Көкталдың бейітіне де таяғанбыз. Осы сәт Сейсен артына бұрылып: 
− Қиын, ә? − деді. 
Келіскендігімнің белгісін басымды шұлғумен білдірдім. 
− Әне, − деді ол бейіт жақты иегімен нұсқап, − келіп те қалдық. 
Қорымның қақпасына қашып кетпесін деп екі есекті жібін ұзындау етіп байлап қойдық. Бір шетінен жайылып тұрсын дедік. 
Сейсен әке-шешесі жатқан орынды қиналмай-ақ тауып алды. Бір келгенінде үш құрғақ ағашты қадап кеткен екен, қозғалмапты. Әуелі, екеуміз төмпешікті арам шөптер мен қурайлардан тазарттық. Әкелген темір қадаларымызды үлкен таспен тоқпақтап ұрып, төрт бұрышына орнаттық. Сосын қаңылтыр темірлерді сыммен қадаларға шанди байлап, кәдімгідей қоршау жасадық. 
Күн ауаны екінтіге тұстас келген. Екеуміз де шаршадық. 
− Соңғы қадам қалды. − Сейсен қалтасынан сия сауыт пен кист шығарған. 
Қарап отырмын. Ол жазып жатыр. 
«Нармағамбет – Күләш» 
«1938.03.10 – 1968.05.28. 1941.07.22 − 1968.05.28» 
Болды. Ақырын ғана сиясы кеппеген жазуды сипалады. Мен оның әке-шешесіне деген сағынышын сезініп, өзімнің ата-анамның кім екенін ойладым. Сейсеннің әке-шешесіне құран оқығанда өзімнің де ата-анамды қосып жіберсем бе екен деп бір тоқталдым. Мүмкін, олар тірі шығар? Рас-ау. Райымнан қайттым. Әйтеуір бір күні іздеп келер деген үмітімнің әлі де үзілгісі жоқ. 
− Дәнеш, бастаймыз ба? 
Мен малдас құрып отыра қалдым да «Ағузудан» бастап, «Фатиханы» бітіріп, «Құл хуалланы» үш рет қайталадым. Бетімізді сипап, екеуміз топырақ шаштық. 
− Рахмет, саған. Марқұмдар бір аунап түсетін болды. 
− Ештеңе етпейді. Қабыл болсын! Тек ешкім естімесінші Сейсен, әйтпесе, екеуміз де оңбаймыз. − Күдігімді жасырмадым. 
− Әрине, айтпаймын. Дәнеш... 
− Әу, не? 
− Егер де қаласаң біз бауыр болайық. Менің інім жоқ. 
− Менде аға... 
Мүмкін мейірім шығар, өзіміз де ұқпадық, ендігіде екеуміз шын туғандай құшақтаса кеткенбіз. Алдағы уақытта бір-бірімізге қамқор болуға, көмектесуге, бөлек кетсек хабарласып тұруға шынашақты айқастыра байлап тұрып уағдаластық. 
Күн ұясына қона екі есекті тебініп қойып Талдыбаққа беттедік. 
...Бірақ та кейіннен біздің бұл әрекетімізді директор естіп қойыпты. Педсоветке салды. Артымыздан аңдып жүрген кластасымыз сұм Тұраш бәрін көріп-біліпті. Жеткізген – сол... 
* * * 
Ендігі бағытым – Қайрақты ауылы. Сол ауылда жатып оқитын интернат барын білемін. Баяғы сөмкемді сүйретіп, қара жолдың шаңын бұрқыратып, салып-ұрып келем. Жанымда − Сейсен. 
− Дәнеш, сені мен үшін мектептен шығарып жіберді-ау, − деді Сейсен өкінішін жасыра алмай ауылдың шетіндегі қорым бейітке жақындай бергенде. 
− Ештеңе етпейді. Мен үйреніп қалғам. 
− Екеуміздің бұл қылығымыздың өзі осы өтер күндердің басына қойылған белгі тас қой. Кейін қызыға еске алармыз. 
− Мүмкін ұмыт болар... 
Неге екенін білмеймін, осы жолы «ескілікті көксеуші, құран оқушы» деп мектептен шығарып жібергеніне еш өкінгенім жоқ... 

Бөлісу: