9 Желтоқсан 2013, 06:04
«Кеңсай» саяжайына келіп тоқтаған алпысыншы нөмірлі автобустың ішінен бір топ адам түсті. Күн кешкіріп қалған. Қанша жаз мезгілі дегенмен де бойды шымырлатар сәл салқындық бар. Көкке оранған Іле Алатауының жондана біткен белестерінен танауды қытықтаған түрлі жұпар иістер аңқиды.
Автобустан ең соңғы болып шыққан Арман аялдамадағы дүкеннен бір бөлке нан мен қалбырға салынған балық алды. Сосын өзі жарық дүниеге келмей тұрып салынған, бұл күндері асфальт деген аты ғана болмаса, затының жұқанағы да қалмаған қара жолға түсті. Жұмыстан шаршап шыққандықтан өрге қарай әрең басып келеді. Аялдамадағы адамдар қауіптен қашып ініне асыққан тышқан тәрізді жан-жаққа бытырай жөнелген екен. Тек бұның алдында ғана сұлбасы ағараңдап бір адам кетіп барады. Төбені жалдап әлі бірталай жүретін болғандықтан Арманның әлгі адамды қуып жетіп, тілдескісі келді. Жол қысқарсын деген ниетпен. Екі аяққа бар күшті сала, жылдамдата түсті. Жақындай бере байқады, қыз бала екен. Екі қолында да көкөніс салынған қызыл целлофан қапшық. Салмақты болса керек. Әлсін-әлсін тоқтап, демалады. Арман да таяп қалған. Қыз қапшықтарын қолына алып енді қозғала бергенде:
− Сізге көмек керек пе? − деді Арман ақырын ғана тіл қатып.
− Жоқ, рахмет. Өзім-ақ көтерем ғой, − деді қара торы өңінен бір ерекше жылулық сезіліп тұрған қыз.
− Қысылмай-ақ қойыңыз, қарындасымсыз ғой.
− Жо-жоқ, болды. Өзім-ақ...
− Әлде қорқып тұрсыз ба? − Бұл - Арманның аузынан абайсызда шығып кеткен абыройсыз сөз еді. Өзі де ыңғайсызданып қалды. − Кешіріңіз, − деді сосын, алдыңғы сөзін жуып-шайғандай болып.
− Қорқынышты кинода ойнайтын актерға ұқсамайсыз, − деген қыз жағымды күлкісімен жымия түсіп. Артынан: − Әуре болмай-ақ қойыңыз, − деді.
«Сізден қорқып не бопты, тәйірі. Сіз сияқты жігіттердің талайын көргем. Сондықтан сырларыңызға қанықпын десем де болады. Сізге қазір көмектесіңіз десем, сәлден соң сіз менің атымды сұрайсыз, сосын қоштастарда телефон нөміріңді бер деп жабысасыз. Зачем мне лишные проблемы?» − деген қыздың ішкі ойы қолындағы қапшығын қайтадан жерге қоя бергенде.
− Ке-шіріңіз, онда, − деді тағы да аузына сөз түспеген Арман. Қыздың қолындағы заттардың ауыр екені белгілі. Арман не кете берерін, не көмектесерін білмей бірер секунд тұрып қалды.
Қарақат жігітке көз тастаған. Қасынан өтіп бара жатып. Тұлғалы екен. Көздері шоқтай жайнап тұр. Жақ сүйектерінде қырып алар ет жоқ. Сөзі де жасанды емес секілді. Тым жұмсақ. Бірден жүрегіңе тиетін әуезді. Жағымды. Қарақат тілін тістей қойды. «Қап, мына сөзді бекер айттым-ау». Өкініп қалды. Енді ол жігіттің «көмектесейін» деп екінші мәрте өтінбесі анық.
Арман басын шайқап қойды. Бірақ көңілінде кейістік жоқ еді. Ауыр қапшықтарынан бір жағына майыса кетіп бара жатқан қызға жазықсыз жанарымен қараған. Сүйсіне, тамсана. Мүмкін, құмарта. Арман өзі де түсінбеді. Бірақ әйтеуір бір тылсым сезімнің тұла бойын шымырлатып өткені анық.
Қарақат қалайда жігіттің екінші рет өтінуін бар жан-тәнімен қалап келе жатыр. «Енді тағы да көмектесуге ниет білдірсе қолына өзім-ақ ұстата салар едім». Қолындағы қапшығының ауырлығынан емес. Айырылып қалғысы келмегендіктен. Артына қайырыла салып танысып алайын десе қыз балаға тән ибасы жібермейді. «Ағаш бұтақтарындай тармақталып кеткен көп жолдың біріне түсіп, басқа бағытқа бұрылып кетсе қайтем? Қап, менде де ес жоқ. Жиырмадан асқанша жігіт баласына қолымды ұстатып көрмеген жабайылығымнан шығар осының бәрі. «Түсі игіден түңілме» деп демалысқа барған сайын әжем айтып отырушы еді. Көргені көп сияқты мына жігіттің. Бір қызды аялап отыруға шамасы жететіндігі де сезіліп тұр емес пе. Түу, ал саған Қарақат, енді тағы да керіл. Тағы да адасып қал, бақытқа жетелейтін бағдарыңнан. Енді ол жігіт өліп кетсе де саған көмек қолын ұсынбайды. Әй, баламысың деген-ау, осыншама шала болармысың. Жап-жақсы жігіттен қарадан-қарап айырылдым».
Қолы талған Қарақат қызыл пакетті жерге қойды. Біраз белін жазып алмақ ниетпен. Жоқ, негізі олай емес, артына бір бұрылып қарағысы келген. Аңсары ауған. Жігіт жүзім мен шырмауық жайлаған беткейге қарап келе жатқанда Қарақат ұрлана көз тастап үлгерді. «Аңғал секілді. Шіркін-ай, енді бір рет қана «қарындас көмек керек пе?» деп сұраса ғой. Жанымды қайғыға салар арманым болмасаң екен. «Арман». Ия, сіз маған армансыз...» Қарақат тәтті қиял жайлаған санасындағы шиыртпақ ойлардан арыла алмады.
«Мына қиқар қыздың мінезі қызық екен өзі. Оңайшылықпен илікпейтін сияқты. Бірақ қылығы жағымды екен. Биязы. Бәрінен де көздерін айтсаңшы, көздерін. Егер де осы қыз менің мәңгілік жарым болса, онда атын атамай «Ботагөз» деп еркелетіп өтер едім. «Ботагөз», «Ботагөзім менің», «Боташым». Жоқ, бұл ат оған сай келмейді. Көздері онша үлкен емес қой. Есесіне мойылдай қара. Не десем болар екен?.. О, таптым, таптым. Мен бұл қызды «Қарақат» деп атар едім». Жан дүниесі әндетіп сала берген. «Қарақат көзді қарағым, Аймалап ескен самалым, Шарлатқан шаттық аралын, Маралымсың». «Міне, енді өзіне жарасып-ақ кетті. Құдай-ау, аршыған жұмыртқадай болған түріңнен айналайын, қарғам. Сөмкеңізді жерге қоюыңызға қарағанда қолыңыз талды-ау деймін. Көмектесейін десем тағы да тоқымыңызды бауырыңызға алып тулайтын шығарсыз. Не істесем екен? Жанынан үндемей өтіп кетсем, ыңғайсыз болар. Түу, әбден есім шықты ғой. Әй, не де болса көрейін, бәрібір жоғарыға шығатын болса жалғыз өзі қорқады».
− Тағы да кешірім өтінемін, сіз әлі де жоғары көтерілесіз бе? − деді Арман екі қапшығын жерге қойып, тыныстап тұрған қыздың жанынан өтіп бара жатып.
− Ә, иә, әлі де біраз жоғарыға көтерілем, − деді қыз жанарын бұдан алып қашып.
− Бір өзіңіз қорықпайсыз ба?
− Қасымда сіз сияқты атпал азамат тұрғанда неден қорқамын? − деді қыз төмен қараған күйі езуіне күлкі үйіріп.
Қулығы жоқ қыздың өзі әккі жігітті тақырға отырғызуға жетіп жатыр емес пе. Нысанаға дөп тиді.
− Ендеше көмектесейін.
Қыз бұл жолы тулаған жоқ.
− Мейліңіз, − деді ақырын ғана естілер-естілмес.
Екеуі аяңдап келеді. Қыз целлофан қапшықтан талған қолын сілкілеп-сілкілеп қояды. Арман ретін тауып сөйлейін деген, бірақ неден бастарын білмеді.
Үндемеген қалыптарында біраз жүрді. Рас, екі-үш мәрте жанарлары түйісіп қалған. Бірақ, ұялшақ көздер тез тайқып кетті. Әлден уақытта қыз қасындағы жігітке бір-екі рет қарап алды да:
− Аға, − деді. Дауысы дірілдеп шықты.
− Әу. − Сан-сақта сайрандап жүрген ойларын бір шыбықпен айдап әкеліп санасының қорасына қамады.
− Ә-ә-ә, жәй әншейін. Ренжімеңіз.
«Махаббаттың бұл дүниеде барлығына жүрек шіркін сенбесе, емі не деп сұрасам қалай жауап қатар еді...»
Арман жеңіл күрсінді.
«Е, қарындасым-ай, махаббат деген Алланың мейір-шапағатын адамға жеткізуге жерге түскен сезімнің көзге көрінбейтін пайғамбары ғой, − деді іштей толқып. − Бәріміз де сол сезім пайғамбарының үмбеті боламыз».
Ащы ішектей шұбатылған сол үнсіздік. Кенет қыз тоқтады. Межелі жерге жеткен болуы керек. Қарақат көзін төңкере қарап, сол қолымен алма ағашының арасында сұлбасы қарауытқан үйді нұсқады.
− Анау менің үйім.
− А-а, алқаш Андрейдің үйін сатып алған сендер екенсіңдер ғой?..
− Ал, сау болыңыз!
− Сау бола ғой, қалқам.
Жылы қоштасты. Ол өрге қарай жылжыған. Арада үш минуттық уақыт өтпеді. Таныс дауыс:
− Ағай!
Арман артына жалт бұрылған. Сұлбасы қарауытып Қарақат тұр.
− Телефон нөміріңізді бере алмайсыз ба?..
− ...
14.05.2007 ж.