9 Желтоқсан 2013, 06:03
Санамды өлім торлап алды. Қалай өлем? Асылып па, әлде жүрегіме пышақ сұғып алсам ба екен? Жоқ, бәлкім машинаммен құйындай құйғытып келіп бір ғимаратқа соғармын а? Білмеймін, білетінім әйтеуір өлуім керек. Үйдегі ұрыс-керіс, жанжал, таусылмайтын дау мені әбден мезі етті. Қазір тек өлім туралы ойлайтын болдым. Өлім. О, Құдірет. Бұл жалғанда жер басып жүргім келмейді жаным. Ешкімді көргім де келмейді. Жалықтым, бәрінен шаршадым. Жерініп біттім.
Көрпесін басына тартсаң, арты аймандай болған қоғам. Сүйкене кетсең сүйісініп тынатын опасыз сезім. Дін десе даурыға кететін дүмшелер. Өздерінің өмірге келгендегі негізгі мақсатының не екенін әлі ажыратып болмаған көксақалдар. Жамбасын сыйпасаң жалақы дәметкен жәлеп өмір... Бәрін іштей сыбап келем. Жеккөрінішім кекке ұласып бара жатқандай. Ендігіде қолыма қару ұстатса аяусыз-ақ қырып салатын секілдімін. Бәрін, бәрін. Тіпті қылтанақ шөп те қалдырғым келмейді жер бетінде. Қол-аяғым дірілдей бастады. Жеңіл автокөліктің тежегіші де ырқыма көнбей, әжептәуір күшті қажетсініп келе жатқандай. Әл-Фараби даңғылымен жүйтки түскен көліктің жылдамдығы 120 шақырым/сағатқа көтерілді.
Жатырдан шыға салып бақыт іздеуді өзіне мақсат тұтатыны несі екен адамдардың? Бақыт жайлы мен де көп толғанушы едім. Тіпті, өзімнің бақытты болатыныма бек сенімді едім. Сәл өссем, өз қолым өз аузыма жетсе деп ойлайтынмын. Көрсетем сонда бәріне, қалай бақытты болу керектігін. Ия, осы ой мені етегіне орап өсірді. Адамдардың барлығы да бір-біріне тілек айта қалса «Бақытты болдан» бастайтын. Мысқылдап күлуші едім, осылар бақыттың не екенін түсінбей, білмей жатып неге тілекке қосады екен деп. Неге осы мектепте бақытты жеке пән ретінде оқытпайды екен, расында, а. Тым құрығанда соның не нәрсе екенін біліп жүретін еді ғой жалпақ жұрт. Бақытты болып кете қоймаса да. Жылдамдық тілін 140 шақырым/сағатқа жеткіздім.
Жоғарғы оқу орынын бітірдім. Қолымда қып-қызыл диплом. Жебірейлердің өзі әрең оқып шығатын техникалық оқу орынан түледім. Қазақ баласы бәрінен жоғары тұрды. Мерейім үстем. Артынша үйлендім. Ата-анам қатты қуанды. Сәбилі болғанда кеудемде әкелік сезім оянды. Ауылдағы шал-кемпірдің қуанышын айтсайшы. Айналып-толғанып немерелерінің жанынан шықпайды. Шаруа жайына қалды. Бірақ сонда да мен өзімді бақыттымын деп айта алмадым. Газды басқан сайын машина ышқына түсті. Құлағыма тек ызылдаған дыбыс келеді. Көзім жасаурап, көзілдірігім бұлдырай бастады. 160 шақырым/сағатқа жеткен жеңіл көлік салмақсыз қоңыздай қаңғалақтай бастады.
Бітті, бәрі де бітті. Жар құшағы, сәби былдыры, алақан жылыуы - ештеңенің енді мен үшін маңызы жоқ. Жылдамдық 170-ке жеткенде өлім музыкасы ойнай бастады. Ғажап, тәтті, мұңды музыка. Жер бетіндегі ең ғаламат әуен осы болар. Қол-аяғым жансызданып, денем суына бастағандай. Бәрін қоя бердім. Ақырын ғана көзімді жұмдым. Елес, жер бетінде жөңкілген хайуандар, олардың алдында қашып бара жатқан адамдар. Жанұшыра, алып пілдер мен мамонттардың аяғының астында тапталып, жаншылып жатқан екі аяқтылар... Жоқ, қазандай басымды оң жақ иығыма тастай салдым. Жаймашуақ табиғат. Қыздардың күлкісі, бұлақ сыңғыры. Алыстан мұнартқан қарлы тау. Ж-о-о-о-қ. Маңдайымды рөлге тақ еткіздім. Шыңғырған дауыстар. Күңіренген, аһ ұрған, жалынған, мәңгілік қорқыныштың үні. Ия, осы ғой, осы. Таптым.
Ысқырып келіп тоқтаған машинамен соқтығысуға сәл-ақ қалыппын. Ол тоқтап үлгеріпті қайта. Мен бағадрмшамның қызыл көзіне өте шықтым. Жылдамдықты бәсеңдетіп, жолдың шетіне тоқтадым. Әрі-сәрі күйден арыла алар емеспін. О, Құдай, елдер осы қалай ғана тез өледі екен. Ойымның ойран ботқасын шығарған бұл мәнсіз әрекет мені мезі ете бастады. Қалай арылсам екен бұл күйден. О, менің өмір сүргім келетін сияқты. Өлім туралы ойдан арылғым келді.
Дереу машинама отырдым да, қара жолға ытқып шықтым. Көкшіл түсті «Тойота» сигналын басып, жанымнан қолын шошайтып өте шықты. Соңынан тұра қудым. Әл-Фараби мен Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы көпір астына түсе бер «Тойотаның» артқы жағынан түртіп қалдым. Ол төрт доңғалағынан түтін шығара ысқыртып кілт тоқтады. Жылдамдықты бәсеңдетпеген күйінде тағы да келіп ұрдым.
Маңдайымнан жып-жылы бірдеңе жылжып барады. Тәтті түс көріп жатқанда жыбырлатып, жыныңды ойнатар көк шыбын тәрізді. Ақырын ғана қол сермедім. Қайта жылжып келеді. «Бауырым» иығымнан біреу жұлқылап жатқандай. «Әй, осы адамдар да, неге бір-бірінің ұйқысын бұзады екен». Мұрыныма ауылда әкемнің қой сойып, соның басын үйітіп отыратын кездегі қарақошқыл қою күйіктің иісі келді. «О-о-о, балам мен немерем келді деп қой сойған екен ғой әкем. Неткен мейірімді жандар еді. Табағын көтеріп анам жүр. Ішек-қарын жуайын деп жүр-ау. Бәсе. Жұбайым отыр, балам жәутеңдеп тұр. Бұларға не болды екен... Ұлымның маңдайынан сыйпадым. Сезер емес. Селт етпеді. «Ассалаумағалейкум!». Менің дауысыма не болған. Салқын сыра алып қойды ма тамағымды әлде. Әкеме қол берсем қарамайды. Шошып кеттім, белімнен төмен мені аппақ бұлт қоршап алыпты. Төмен жақ көрінбейді. Көкке көтеріліп барам. Самғай жөнелдім. Соңғы рет көз тастадым. Ұлым қолына аппақ көгершін ұстап алыпты. Маған қолын бұлғай бергенде көгерші ұшып кетті. Әкемнің қолындағы пышақтың бойымен сорғалай құлаған қып-қызыл қан тырс етіп жерге тамды. Әкем де, анам да, жұбайым да бәрі соған қарап қалыпты. Тамшы болып түскен қан жер бетін қызыл реңге бояды. Болды, жер бетінде енді мен аялдайтын, мен сағынатын ешкім қалмады...»