Бізге бақыт сыйламады бағдаршам

9 Желтоқсан 2013, 06:01

Екеуміз оқыста бағдаршам түбінде жолықтық. Жұрт аяғы басылып қалған сәт еді. «Аға...» деп менен бір көшені сұрадың. Сауалыңның соңын естімеген едім, сенің Айдың өзі қызғаныш туғызып, Күн көзін алмай қарайтын нұрлы жүзіңе байланып қалғанмым. Сен мендегі бір түрлі сезімді аңғардың да, бірден бағдаршам көрсеткен жасыл түске өте бердің. Бағытым басқа еді. Бірақ соңыңнан бірге ердім.  Біздің бақытты күндер сол сәттен-ақ басталған болатын. Жаның таза екен, жүрегің жараланыпты. Мұңая отырып әңгімеледің. Мен салқын сыраны сыздықтата сорып, сенің әлеміңе саяхаттадым. Темекі түтіні қалықтаған кабакта өзімнің де өмірім өкініштен құрылғанын тізбеледім. Бір сәтке екеуміз де үнсіз қалдық. Сен өткеніңді ойладың ба, жанарыңнан домалап түскен бір тамшы жасты маған байқатпай сылып түстің. Сосын ақырын ғана жымидың.  – Қандай мұңлы ән еді, – дедің мені әңгімеге тартқандай. Бірақ мен мұныңды өз-өзін ақтап алу әдісі әлде көмейге келген өксікті тежеу деп түсіндім.  – Неге ерте жолықпадық біз?! Қайда жүргенсің ботам? – Сені кінәлай сөйледім.  – Сізден қашып жүрдім, – дедің де, сыңғырлай күлдің.  Біздің әңгімеміз содан таң атқанша жалғасты. Жаздың жылымық түні. Көп қабатты үйлер арасындағы аласа ғана ағаш сәкіде отырдық. «Шаршадым аға, – дедің. – Бәрінен жалықтым». Не айтарымды білмей, шашыңнан сипай бердім. «Ешкімде жан жылуы қалмаған ба сонда?» Жауап таба алмай, тіптен қысылдым. «Қалжыңдай қалсаң, құмартып тұрады бәрі де. Әлде оларда ана, қарындас жоқ па?»  «Ботам, барлығымыз да ес білгелі бақытты шам алып іздеп жүрміз. Тапқан да болармыз. Жоғалтқан да шығармыз. Махаббат – бұл Құдайдың сипаты. Біз ғашық болмасақ, жүрек өзіне жақын жанды іздеп аласұрмаса, сезім қалай ұшталмақ?! Ұшталмаған сезім ұшқын атпайды. Жалындап жанбайды. Жан баласын жақсы көрмей, Жаратқанды қалай сүймекпіз?! Махаббат – бұл Жаратқанға жетудің баспалдағы ғой». Өз пәлсапам өзімде қалды...  Сен жаурап, бауырыма тығыла түстің.  – Бір болайықшы күнім. Бағдаршам бізге бақыт жолын көрсеткендей, – дедім. Сөзім салмақсыз, мағынасыз естілгендей болды.  – Аға, сіздің ұлыңызды жылатып екеуміз де бақытты бола алмаспыз, –дедің. Үнсіз қалдым... «Сүймеген жанға байлану, сүйген жанға жете алмау... Өмірдің өзі өкініш екен». Екеуміз құшақтасқан күйі ұза-а-а-қ жыладық.  Енді, міне, біз тағы да бағдаршам түбінде тұрмыз. Таң рауанданып атып келеді. Қала көшесінде қыбырлаған тірлік белгісі байқала бастады. Сен «қош, аға..» дедің де, бетімнен шөп еткізіп сүйіп алып, бағдаршамның жасыл түсі жанғанда жүгіріп өте шықтың. Мен артыңнан жүгіруге оқталып барып тоқтадым. Бағытым басқа еді... Өмірлік бағытым...  Арғы бетте тұрып сен: «Аға, бағдаршам бізге бақыт сыйламады», – деп айқайладың. Мен тағы да естімеген едім. Бейнең көз алдымда бұлдырап бара жатты...  Атыңды да сұрамаппын ғой, айнам-ау... 

Екеуміз оқыста бағдаршам түбінде жолықтық. Жұрт аяғы басылып қалған сәт еді. «Аға...» деп менен бір көшені сұрадың. Сауалыңның соңын естімеген едім, сенің Айдың өзі қызғаныш туғызып, Күн көзін алмай қарайтын нұрлы жүзіңе байланып қалғанмым. Сен мендегі бір түрлі сезімді аңғардың да, бірден бағдаршам көрсеткен жасыл түске өте бердің. Бағытым басқа еді. Бірақ соңыңнан бірге ердім. 
Біздің бақытты күндер сол сәттен-ақ басталған болатын. Жаның таза екен, жүрегің жараланыпты. Мұңая отырып әңгімеледің. Мен салқын сыраны сыздықтата сорып, сенің әлеміңе саяхаттадым. Темекі түтіні қалықтаған кабакта өзімнің де өмірім өкініштен құрылғанын тізбеледім. Бір сәтке екеуміз де үнсіз қалдық. Сен өткеніңді ойладың ба, жанарыңнан домалап түскен бір тамшы жасты маған байқатпай сылып түстің. Сосын ақырын ғана жымидың. 
– Қандай мұңлы ән еді, – дедің мені әңгімеге тартқандай. Бірақ мен мұныңды өз-өзін ақтап алу әдісі әлде көмейге келген өксікті тежеу деп түсіндім. 
– Неге ерте жолықпадық біз?! Қайда жүргенсің ботам? – Сені кінәлай сөйледім. 
– Сізден қашып жүрдім, – дедің де, сыңғырлай күлдің. 
Біздің әңгімеміз содан таң атқанша жалғасты. Жаздың жылымық түні. Көп қабатты үйлер арасындағы аласа ғана ағаш сәкіде отырдық. «Шаршадым аға, – дедің. – Бәрінен жалықтым». Не айтарымды білмей, шашыңнан сипай бердім. «Ешкімде жан жылуы қалмаған ба сонда?» Жауап таба алмай, тіптен қысылдым. «Қалжыңдай қалсаң, құмартып тұрады бәрі де. Әлде оларда ана, қарындас жоқ па?» 
«Ботам, барлығымыз да ес білгелі бақытты шам алып іздеп жүрміз. Тапқан да болармыз. Жоғалтқан да шығармыз. Махаббат – бұл Құдайдың сипаты. Біз ғашық болмасақ, жүрек өзіне жақын жанды іздеп аласұрмаса, сезім қалай ұшталмақ?! Ұшталмаған сезім ұшқын атпайды. Жалындап жанбайды. Жан баласын жақсы көрмей, Жаратқанды қалай сүймекпіз?! Махаббат – бұл Жаратқанға жетудің баспалдағы ғой». Өз пәлсапам өзімде қалды... 
Сен жаурап, бауырыма тығыла түстің. 
– Бір болайықшы күнім. Бағдаршам бізге бақыт жолын көрсеткендей, – дедім. Сөзім салмақсыз, мағынасыз естілгендей болды. 
– Аға, сіздің ұлыңызды жылатып екеуміз де бақытты бола алмаспыз, –дедің. Үнсіз қалдым... «Сүймеген жанға байлану, сүйген жанға жете алмау... Өмірдің өзі өкініш екен». Екеуміз құшақтасқан күйі ұза-а-а-қ жыладық. 
Енді, міне, біз тағы да бағдаршам түбінде тұрмыз. Таң рауанданып атып келеді. Қала көшесінде қыбырлаған тірлік белгісі байқала бастады. Сен «қош, аға..» дедің де, бетімнен шөп еткізіп сүйіп алып, бағдаршамның жасыл түсі жанғанда жүгіріп өте шықтың. Мен артыңнан жүгіруге оқталып барып тоқтадым. Бағытым басқа еді... Өмірлік бағытым... 
Арғы бетте тұрып сен: «Аға, бағдаршам бізге бақыт сыйламады», – деп айқайладың. Мен тағы да естімеген едім. Бейнең көз алдымда бұлдырап бара жатты... 
Атыңды да сұрамаппын ғой, айнам-ау... 

Бөлісу: