9 Желтоқсан 2013, 05:56
—Неткен бақытсыз едім....
(Бір қызығы, бұл туралы ешкім олай ойлай алмайды.Оған себеп те жоқ емес. Қашан көрсең өзіне ғана жарасатын жазық маңдайын көлеңкелей беретін балапан шаштарын бір жақ құлағына қыстырған күйі мәз-мәйрам қалыпта.Тіпті тап қазір бар дүниені өрт алып кетсе де бәрібір дерсің.)
—Ей,тәйірі, сол да сөз боп па?
(Әлденеден діңкелеп,торығып жүргенніңді айтып көрші.Осылай жауап қайырады. Қара басыңның қайғысын қара аспан төнгендей көрсеткенің үшін әрі-беріден соң өзің ыңғайсызданып қаласың.)
—Күйеуім мені түсінбейді ғой...
(Қалайша? Ойбай-ау, жұрт жарасты жұбайлар қайсы десе осы екеуін атайды емес пе екен? Жо-жоқ, олай болуы мүмкін емес.Тіпті мүмкін емес.)
—Менде де мұң бар...
(Тағы не?Санамда жарқын кейпі мықтап сақталып қалғаны сонша, мұң дегенді оның есімімен жуытқым жоқ. Жай жабырқағаны шығар.)
Алдыма қалыңдығы жуан қарыс тор көз дәптерді топ еткізіп тастай салды.
—Оқышы.
Біреудің жеке өміріне қол сұғып, құпиясын білуге ұмтылу әдетімде жоқ нәрсе-тін. Бір сәттік көңіл-күйін пайдаланып, жан сырын қазбалап кеткенім дұрыс болмас. Бастағы қожайын осылай деп үлгірмей жатып, қолым дәптерге жетіп тынды. Еркімнен тыс.
— Кері қайтарарсың. Тым болмаса мені бақытты санайтын адамның саны біреуге кемісін. Әйтпесе, жалығып кеттім.
(Жалықтым дей ме? Адам бақыттан да жалығады екен-ау...)
«Сөйтсем,адам баласының бақыт деп жүргені тіптен бақыт емес екен ғой». Ол дәптерінің алғашқы бетіне осыны жазып қойыпты.
Ары қарай...
01.12.2004ж. Бүгін тағы қайталанды. Желтоқсанның үскірік аязы да оның бір ауыз зәрлі сөзіне теңеспейтін шығар. Аяғымда қысқы етігім де жоқ. Жұқа шұлық пен күздік етікке бұрқаған қар көнсін бе? Табанымнан мұздай сыз өтіп барады. Үйге әзер жеттім. Есесіне ол тағы бұлқан-талқан қалыпта қарсы алды. Ал мен жылу күтіп келген едім. Жы-лу.
—Түсінбейсіңі — ғой баяғы.
Нені түсінуім керек, қалай түсінуім керек, ұқсам кәне. Әнеукүні психолог маманға кеңес алмақ боп барғам. Сөйтсем оның өзі менен ақыл сұрап отыр. Асылы жуық арада жынданатын шығармын.
10.12.2004ж. Жұмыста отыр едім. Бір бойжеткен мені іздеп қоңырау шалды.
—Сіз шынымен Азат ағайдың келіншегісіз бе? — дейді ұяң дауыс. Сөзді көбейтіп қайтем, түскі үзілісте кел дедім. Студент екен. Ауылдың баласы, университеттің тіл-әдебиет бөліміне биыл ғана түсіпті. Әдебиетті сүйетіні отты көзінен-ақ байқалып тұр.
—Мен Азат ағайдың өлеңдерін іздеп жүріп оқимын. Қалада ағамның үйінде тұрамын. Кеше теледидардан ақын ағаны көрсетті. Сөйтсем жеңешем сізді таниды екен. Сырттай. Жөніңізді айтып жіберген сол кісі. Әпке, кешірерсіз, мен Азат ағаның өзімен сөйлесе алар ма екем?
—Әрине, —дедім, — әрине.
Қолына жалға алып тұрып жатқан пәтеріміздің мекені жазылған қағазды ұстаттым. Кешке келетінін айтты.
12.12.2004ж. Ол (әлгі бойжеткенді айтам) күнде кешкісін Азатқа қоңырау шалатын әдет тауып алыпты. Екеуінің әңгімесі жарасып отырған сәтте өзімді артық кісідей сезінетінім-ай. Ондайда Азатта ес болмай кетеді. Сірә телефонның ар жағындағы дауыс мұның өлеңдерін оқиды-ау деймін.
—Түсінбейсің...
Бүгін бұл сөз тағы қайталанды.
—Түсінбеймін, —дедім. — Ал қайтер екенсің. Жасқа толар-толмастағы сәбиім болса ғой, ауылда. Менің әке-шешемнің қолында. Өзімнің жүрісім мынау. Жыртық шұлық, көнетоз кеудеше. Азғантай айлық не басыңа не аяғыңа жетсе шіркін. Пәтер ақысы айттың-айтпадың. Ал сен жата-жастанып өлең жазасың. Бұлдайсың тағы. Бір тиындық пайдасы жоқ құр өлеңіңнен кімге мазар тұрғызамын деп жүрсің?
Тым артыққа сілтеп жібердім-ау деймін. Жалт қарады. Біттім!-дедім іштей. Бүгін тағы соққыға жығылатым болдым. Үйтпеді. Жеккөру мен тыжырыну аралас жанарын тайқытып әкетті де,
—Қайдан түсінейін деп едің...—деп күңкілдеген қалпы үйден шыға жөнелді.
16.12.2004 ж. Бүгін екеуміз сөйлеспегелі төртінші таң атты. Құдай-ау, үнсіздік деген қандай ғанибет. Бұрын-соңды тыныштық атаулыдан дәл мынадай ләззат алмаған шығармын. Тіпті рахат деймін.
Қинайтыны — екеумізде бір бөлме. Әйтпесе бар ғой...
Ол қазір мұңайып үстел үстінде отыр. Тіпті аянышты. Екі жағы суалып, жүдеп кеткен бе? Көйлегінің жағасын кір шалып үлгіріпті. Мынау мүләйім қалыптағы дәрменсіз сүлдер шынымен менің күйеуім бе? Сенгісіз.
28.12.2004 ж. Мен одан кәдімгідей алыстап барамын. Бүгін әңгімеге тартып көргім келген. Ыстық шайдан енді ала бергенде телефон шыр ете қалмай ма. Сірә ар жақтағы дауыс жайсыз хабар естірткен сыңайлы, апыл-ғұпыл киінді де, жоқ болды.
Суық бөлме, суып қалған шай, құр сүлдер. Жалғыздық. Ағыл-тегіл көз жасы.
«Ақын жары болу оңай емес, құлыным. Асықпай ойланып ал». Қайран анашым...
Ол түн ортасында келді. Көңілді. Ыңылдап әндетіп қояды. Ләм демедім. Ол да жұмған аузын ашпады. Төсегін әрменірек ығыстырып алды да, қор ете түсті.
01.01.2005 ж. Жаңа жылды үшеуміз қарсыладық. Мен, Ол, сосын Ол. Қуана тост көтерістік. Бір-бірімізге бақыт тілестік. Сол сормаңдай Бақыттың тап қасымызда көзі бозарып отырғанын жетінші түйсігім сезбеді деймісіз. Сезді-ау. Тек оның көзіне тіке қарай алар дәрмен жоқтығы жақсы сылтау болды. Солай бұл жаңа жылды мен Бақытымның басына тепкен қалыпта қарсыладым. Олар мәз-мейрам.
08.02.2005 ж. Әуелі ол мені елемейтінді , тіпті көзінің қырын да салмайтынды шығарды. Алдарқатпақ боп ауылдан ұлымды алғызғам. Бәрібір. Өзінің айтуынша, әдебиетте бұрын-соңды болмаған, өлмейтін образ сомдап жатыр. Ал мен оған қолдау көрсетіп, рухын жани алмайды екенмін.
Бүгін үйге сылқия тойып келді. Әйтеуір бірнәрсе айтқысы кеп, айта алмай жүргенін сезгенмін. Бірінші сөз өзінен болсынмен сабырлағам. Сол күннің туғанын бағамдадым.
— Тә-әк, біз ажырасуымыз керек.
Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды.
— Тез арада.
(Енді қайттім? Бір сұмдықты сезгенмен, бәрі дәл осылай төтеден қойылады деп ойламаппын да ғой).
— Мейлі...
— А-ха-ха. Менің осы сөзімді күтіп жүрдім де. Солай екен ғой, иә, солай екен ғой. «Қатын — дұшпан» деген осы. Шық үйден!
Шық деймін!
Баяғы тасыған сезімнің енді жеккөрушілікке ұласқанын түсініп тұрып, түсінгім келмеді.
Қушиған құр сүлдерім табалдырықтан аттап бара жатты.
17.02.2005 ж. Ол жетім болатын. Балалар үйінде тәрбиеленген. Жанына жолаған жаннан жылу дәмететіні бәлкім сол сәби шақта мейірімнің жетімсіз болғанынан да шығар. Не керек, біз ұғыса алмайтынымызды, енді қайтып екеуміздің бір отаудың ауасын жұта алмайтынымызды ұғындық.
— Қырқысып қайтеміз, — деді ол. — Тып-тыныш жөнімізді табайық.
03.03.2005 ж. Келесі күн дүйсенбі болатын. Жұмыстан шыққан соң үйге барғым келмеді. Кеңсеге қона салмақпын.
Осылай бір жетіні өткердік. Оның қайда, немен айналысып жүргенінен хабарсызбын. Тіпті осы өмірге көндігіп те кеттім бе?
05.03.2005 ж. Бүгін Ол келді. «Сені сағындым» дейді. «Үйге қайт, қайда жүрсің?» дейді.
Енді қайтерімді білмей отырғаным.
22.03.2005 ж. Наурыз. Ақыры үйге қайтып келгем. Бәрібір мен онсыз өмір сүре алмайды екенмін. Тіпті тап жанында жатқан әйелінің жандүниесіне үңілмей, көрінген бота көздің соңында жүрсін, мейлі, менің бар-жоғым көйлегі үтіктелмей қалған күні ғана есіне түссін, күллі әлемге деген жеккөрінішінің кегін менен алып, тал-тәлекейімді шығарсын. Бәрібір, бәрібір ол маған керек...
(Жалғасы бар).