Кие

9 Желтоқсан 2013, 05:55

Өзі сүйкімді-ақ. Сұқтанып қарай бергің келеді. Алғашында ешнәрсе байқамаған секілді едім. Екінші күні мойылдай көзіне көзім түсісімен, бойым тітіркеніп сала берді. Жанарым қашаннан бергі міз бақпайтын піл сауырлы қара жерге ауған.  Үшінші күні де ол баяғы орнынан табылды. Тіпті мені көріп, қуанып кеткендей болды. Сонда да жанына барып, тілдесуге батылым бармады. Біртүрлі жүрексіндім. Келесі күні қасында біреудің отырғанын байқадым. Ішкі қызығушылығым жеңіп, қарсы орындыққа жайғастым. Әңгімесін тыңдағым келді. Орысша сөйлейді екен. Он екі-он үштердегі балауса. Қолына қыса ұстаған газеттің атауына көзім жетер емес.  Ойланып кетіппін. Ал ой дегенің бей-берекетсіз, мән-мағынасыз бола береді емес пе? Әлдебір ащы күлкіден есімді жидым.  — Ха-ха-ха, хе-хе-хе...  Сол. Жанындағы серігі не күлерін, не жыларын білмей, маған қарап қалыпты. Жүзінен шарасыздық көрініс береді.  Байқамаған сыңай танытып, ұялы телефонымды әурелеп отыра бердім.  Ол күлкісін бірталайға дейін тыя алмады.  — Ма-ма, — деді кенет.  Уһ! Сөйлейді екен.  Сосын, ауаға қолын сермелеп, Моцарттың белгілі композициясын ыңылдай жөнелді.  — М-м-м, а-а-а...  Өзінше сыбызғы тартып отырғаны шығар деп топшыладым.Әйтеуір, балаң қолдары ауада әрі бері сермеліп жатыр, сермеліп жатыр...  *** *** *** ***  Кейін оны қанша іздесем де, алаңқайдан таба алмадым. Неге екенін, кеудемді аты беймәлім өксік қысатынды, әлденеге алаңдап, әлдекімді күтетінді шығардым.  *** *** *** ***  Көп уақыт өтті. Шынымен солай ма, әлде маған солай көрінді ме, тағы білмеймін.  Сол алаң. Ол мәңгүрт қалыпта отыратын орындық бос тұр. Кеудемнің тұсы шымырлап кеткендей болды. Қайда екен? Осы бір бейтаныс балаусаға мені сонша байлап қойған не құдірет тағы?  *** *** *** ***  Кенет... Сол. Алаңның қақ ортасында қолын сермелеп тұр. Қолы ғана емес, жан-тәні түгел әлдебір әуенмен кірігіп кеткендей. Құдды Ванэсса Мэй. Көзін тарс жұмып алған. Жанына барған мені байқаған да жоқ.  — Ля-ля-ля, ля-ля-ля...  Көңілді әуен екен. Қара терге малшынып, өзінше сыбызғыда ойнауда. Жанарынан домалаған жасты сүртуге әлі жоқ.  Әрі қарай өзіме бақылау жасай алмайтынымды білдім де, кері бұрылып кете бардым.  *** *** *** ***  Сол түні түс көрдім. Аппақ сақалды ата қолымнан жетелеп, Ол тұратын үйге алып келіпті деймін.  — Сен бұл өскінге жайдан-жай жолыққан жоқсың. Сыбызғысы қайда екен? Сұра. Тауып бер.  Осылай деді де, сағымға сіңіп жоқ болды. Таңды әрең атырдым. Сәресінді ішер-ішпестен, күн жексенбі болғанына да қарамастан, үйінен бір шықтым.  Есікті анасы ашты.  — Құдай-ай, мен сізді бүгін түсімде көрдім ғой, — болды алғашқы сөзі.  *** *** *** ***  — Күйеуіммен ажырасқалы үш жыл өтті. Ол басқа әйелді сүйіп қалыпты.  Ая алты жасынан музыка мектебіне барды. Сыбызғы десе, дүниені ұмытатын. Бір күні... жұмыстан шаршап келдім. Ол болса бейқам қалыпта сыбызғыда ойнап отыр екен. Қаным басыма тепті. Оның бейқамдығы мен алаңсыз кейпі маған әзірейілдей елестеді.  — Доғар!  Мән бермеді.  — Доғар деймін!  Тіпті қарар емес.  — До-о-оғар!  Ар жағы есімде жоқ.  Қызымның «мамалаған» үні еміс-еміс естілетіндей.  Жерде жатқан сыбызғыны дереу қабына салдым да, үйден шыға жөнелдім.  — Сыбызғы сатамын, сыбызғы кімге керек? Су жаңа сыбызғы...  Кімге, қаншаға сатқанымды да білмеймін, әйтеуір бірінші кезіккен жанның қолына ұстата салдым.  *** *** *** ***  Ұққаным: сол күннен Ая ауруға ұшыраған. Есі кіресілі-шығасылы. Жатса-тұрса қолдарына тыным жоқ. Баяғы ашық-жарқын мінезден жұғын да қалмаған. Кісікиік.  (Бәлкім өнер киесі...)  *** *** *** ***  Ал мен сол күннен Аяның сыбызғысын іздеп жүрмін.  — Басқасын сатып әпергем, сол бойы сындырып тастады — дейді анасы.  Тағы бір айтқаны: аспапта АЯ деген жазу бар.  Одан бері де алты ай ауды.Талай нәрсе өзгерді. Өзгермеген Ая ғана. Нәзік қолдарын әрі-бері сермелеп, Моцарттың мұңды әуенін ыңылдаған қалыпта біздің сұр қаланың тар көшелерінен сыбызғысын іздеп жүр...  11.08.2006.  22:56 

Өзі сүйкімді-ақ. Сұқтанып қарай бергің келеді. Алғашында ешнәрсе байқамаған секілді едім. Екінші күні мойылдай көзіне көзім түсісімен, бойым тітіркеніп сала берді. Жанарым қашаннан бергі міз бақпайтын піл сауырлы қара жерге ауған. 
Үшінші күні де ол баяғы орнынан табылды. Тіпті мені көріп, қуанып кеткендей болды. Сонда да жанына барып, тілдесуге батылым бармады. Біртүрлі жүрексіндім.
Келесі күні қасында біреудің отырғанын байқадым. Ішкі қызығушылығым жеңіп, қарсы орындыққа жайғастым. Әңгімесін тыңдағым келді. Орысша сөйлейді екен. Он екі-он үштердегі балауса. Қолына қыса ұстаған газеттің атауына көзім жетер емес. 
Ойланып кетіппін. Ал ой дегенің бей-берекетсіз, мән-мағынасыз бола береді емес пе? Әлдебір ащы күлкіден есімді жидым. 
— Ха-ха-ха, хе-хе-хе... 
Сол. Жанындағы серігі не күлерін, не жыларын білмей, маған қарап қалыпты. Жүзінен шарасыздық көрініс береді. 
Байқамаған сыңай танытып, ұялы телефонымды әурелеп отыра бердім. 
Ол күлкісін бірталайға дейін тыя алмады. 
— Ма-ма, — деді кенет. 
Уһ! Сөйлейді екен. 
Сосын, ауаға қолын сермелеп, Моцарттың белгілі композициясын ыңылдай жөнелді. 
— М-м-м, а-а-а... 
Өзінше сыбызғы тартып отырғаны шығар деп топшыладым.Әйтеуір, балаң қолдары ауада әрі бері сермеліп жатыр, сермеліп жатыр... 
*** *** *** *** 
Кейін оны қанша іздесем де, алаңқайдан таба алмадым. Неге екенін, кеудемді аты беймәлім өксік қысатынды, әлденеге алаңдап, әлдекімді күтетінді шығардым. 
*** *** *** *** 
Көп уақыт өтті. Шынымен солай ма, әлде маған солай көрінді ме, тағы білмеймін. 
Сол алаң. Ол мәңгүрт қалыпта отыратын орындық бос тұр. Кеудемнің тұсы шымырлап кеткендей болды. Қайда екен? Осы бір бейтаныс балаусаға мені сонша байлап қойған не құдірет тағы? 
*** *** *** *** 
Кенет... Сол. Алаңның қақ ортасында қолын сермелеп тұр. Қолы ғана емес, жан-тәні түгел әлдебір әуенмен кірігіп кеткендей. Құдды Ванэсса Мэй. Көзін тарс жұмып алған. Жанына барған мені байқаған да жоқ. 
— Ля-ля-ля, ля-ля-ля... 
Көңілді әуен екен. Қара терге малшынып, өзінше сыбызғыда ойнауда. Жанарынан домалаған жасты сүртуге әлі жоқ. 
Әрі қарай өзіме бақылау жасай алмайтынымды білдім де, кері бұрылып кете бардым. 
*** *** *** *** 
Сол түні түс көрдім. Аппақ сақалды ата қолымнан жетелеп, Ол тұратын үйге алып келіпті деймін. 
— Сен бұл өскінге жайдан-жай жолыққан жоқсың. Сыбызғысы қайда екен? Сұра. Тауып бер. 
Осылай деді де, сағымға сіңіп жоқ болды. Таңды әрең атырдым. Сәресінді ішер-ішпестен, күн жексенбі болғанына да қарамастан, үйінен бір шықтым. 
Есікті анасы ашты. 
— Құдай-ай, мен сізді бүгін түсімде көрдім ғой, — болды алғашқы сөзі. 
*** *** *** *** 
— Күйеуіммен ажырасқалы үш жыл өтті. Ол басқа әйелді сүйіп қалыпты. 
Ая алты жасынан музыка мектебіне барды. Сыбызғы десе, дүниені ұмытатын. Бір күні... жұмыстан шаршап келдім. Ол болса бейқам қалыпта сыбызғыда ойнап отыр екен. Қаным басыма тепті. Оның бейқамдығы мен алаңсыз кейпі маған әзірейілдей елестеді. 
— Доғар! 
Мән бермеді. 
— Доғар деймін! 
Тіпті қарар емес. 
— До-о-оғар! 
Ар жағы есімде жоқ. 
Қызымның «мамалаған» үні еміс-еміс естілетіндей. 
Жерде жатқан сыбызғыны дереу қабына салдым да, үйден шыға жөнелдім. 
— Сыбызғы сатамын, сыбызғы кімге керек? Су жаңа сыбызғы... 
Кімге, қаншаға сатқанымды да білмеймін, әйтеуір бірінші кезіккен жанның қолына ұстата салдым. 
*** *** *** *** 
Ұққаным: сол күннен Ая ауруға ұшыраған. Есі кіресілі-шығасылы. Жатса-тұрса қолдарына тыным жоқ. Баяғы ашық-жарқын мінезден жұғын да қалмаған. Кісікиік. 
(Бәлкім өнер киесі...) 
*** *** *** *** 
Ал мен сол күннен Аяның сыбызғысын іздеп жүрмін. 
— Басқасын сатып әпергем, сол бойы сындырып тастады — дейді анасы. 
Тағы бір айтқаны: аспапта АЯ деген жазу бар. 
Одан бері де алты ай ауды.Талай нәрсе өзгерді. Өзгермеген Ая ғана. Нәзік қолдарын әрі-бері сермелеп, Моцарттың мұңды әуенін ыңылдаған қалыпта біздің сұр қаланың тар көшелерінен сыбызғысын іздеп жүр... 
11.08.2006. 
22:56 

Бөлісу: