9 Желтоқсан 2013, 05:53
Сіз бүгін тағы қатулы келдіңіз. Үстел үстіне дәу қара портфеліңізді тастай сала, бұрқ ете түскен шаңын да елемей, қос қолыңызды тірей тұрып алып: «Әй, қыз, - дедіңіз маған қарата. - Әй, қыз, осы сен ғой күн қатып, түн қатып қиялдағы ханзадаңа жыр жолдайсың да отырасың. Жоқ қой ол, махаббат деген».
Дым дей алмадым. Деген күнде де сіз әлденені түсіне қоятындай жағдайда емес едіңіз.
Сізге қарап отырып үнемі бір ғана ойдың тұтқыны болатынмын: сонда, шынымен сезім өткінші де, сыйластық қана мәнге ие ме? Сонда Мұхтар ақынның «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, ал махаббат таусылмайтын әңгіме» дегені шын өмірдің мысалы болғаны ғой?
Алғаш осы өлеңмен оқушы кезімде танысқанмын. Әке-шешемнің әйтеуір бір күбірлесіп жататынын естіп «Махаббат» деп жымыңдап қоятыным – бүгін тәтті естелік қана.
Сіздің жүзіңіздің неден жүдеу екенін қайдан білейін, мен әңгімелесетін жан таппай қиналып жүрмін. Жаңа ғана құрбымнан хат келді: «Тойыңа қашан барамыз?» деген сұрағыма «Қоя тұр, жалақысы жоғары жұмысқа орналасқалы жатырмын», - деген жауап қайырыпты.
Адами құндылықтар жайлы сұқбаттаспақ боп жоғары қызметте отырған әпкеме қоңырау шалғанмын, «шетелден қонақтар келіп жатыр еді...» деп тұтқаны қоя салды.
Жаңа өлең жазса болғаны «тыңда, тыңданың» астына алатын ақын досым да бәлденіп қалыпты: «Спонсор таптым. Кітабым шығатын болды. Сезім туралы... кейін» деп қол сілтейді.
Қорқатыным да осы: қандай қоғамға бет алып барады екенбіз? Адамгершілік туралы, жақсы қасиет пен жағымды мінез туралы, сезім мен сенім туралы әңгіме жүрмейтін, ой атаулының бәрі құрсауланған, сұрақ біткен «мал табу мен жан бағудың» төңірегінде ғана жауап табатын «саңырау, мылқау» қоғамға ма?
«Ғашық болып өртеніп жүруге уақыт жоқ» дейді тағы бір досым. «Жұмыс, ақша табу керек». Сонда... жүрекке теңге әмір жүргізе алатын болғаны ғой?
Сіз... алдыңыздағы ақ параққа сойдақтата бір нәрселер жазып жатырсыз. Бөлмені басыңызға көтере қарқылдай күлдіңіз кенет. Ащы күлкі. «Жетіншіде оқып жүргенде осы жеңгеңе «Махаббат құрайық» деп хат жазғанмын. Ал, құрылды махаббат. Мен сені сүйемін ғой, Ғалия!»
Түскі үзіліс болды деген сөз. Үйіңізге барарда балаша қуанатын әдетіңіз. Демек, бақытты еркек болғаныңыз.
Бақыт?
Әлгі екеуіміз таласып отырған махаббат тақырыбын біреулер осы Бақытпен байланыстырып жүр.
Есікке бет алған сізге қарап «Махаббат бар ғой, иә, аға» дедім күле. «Бар, бар, қалқам...»
Кешкісін жолдасыма «Махаббат бар ма, жоқ па?» деген сұрақты төтесінен қойдым.
«Сен..» деп жымия қарады ол.
Бәлкім бақыт деген, мен іздеп отырған әңгіме деген осы шығар, ә?
2007