9 Желтоқсан 2013, 05:50
Үйде жападан-жалғызбын. Күйеуім жұмысқа кеткен. Ертеңнен кешке дейін құр сенделемін деп зәрезап болдым. Уақытты тіпті өткізе алмағасын терезенің алдына отырып, баққа көз салдым. Әрнеге бір шалынысып отырған жанарым терезе түбіндегі кәрі еменге түсе кетті. Бұл емен менің балалығымның куәсі. Қашан көрсең жап-жасыл күйін өзгертпейтін осы ағаш жанымның ажырамас бір бөлшегіне әлдеқашан айналып кеткен. Тіпті жан адамға ашпаған сырымды осы терекке айтып, түбінде мұң шағатынмын.
Бұл жолы да сол байырғы әдетіммен көкейдегі көп ойды іштей бөлісіп отырмын. Ой дегенге бір еніп кетсең, қайта шығуың мұнша қиын болар ма? Тіпті қас қарайып қалғанын да аңғармаппын. Жер түбінен өлімсірей шыққан әлдебір қорқынышты үн құлағыма келмегенде, әлі қанша отырарымды кім білсін?
Селк ете түстім. Мына дыбыс басқа жақтан емес, тура менің ішімнен шығып жатыр ғой. Мүмкін емес. Тап бір есті алып елес буған сияқты. Тұла бойым дір ете қалды. Демімді ішіме алып, айналама үрейлене көз тастадым. Басында ақырын ғана естілген үн үдеп барады. Тіпті ненің дауысына ұқсатарымды білмей отырмын.
Кенет емен түбінің айналасындағы жер жарылды да, бөліктерге бөліне бастады. Ішінен ақ тырнаққа ұқсайтын өңі өзге бір нәрсенің елесі көлбеңдеді. «Қазір бірдеңе болады!». Басыма алғаш келген ой осы. Жасыл хайуан. Ерекше бір екпінмен апанын қопара-жара, жер бетіне шыға келді. Алдымен асықпай сілкініп, жасыл қабыршақтан тұратын денесін топырақтан тазалап алды. Ұшы қоңырқай тартқан ұп-ұзын мұрны назар аудартады екен. Тек көздері ғана... адамның көзінен аумайды. Көзіне көзім түсісімен аза бойым қаза болды: онда Ой бар еді. Иә-иә, тап менің, не сіздің көзіңіздегі Ой оның қос жанарынан да жарқыл беріп тұр.
Үйге жақындап келді де, тұмсығымен есікті қаға бастады. «Тық-тық-тық». Көзіне ілікпеу үшін шеткі бөлмеге қарай жылыстай бердім. Есім шығып кеткенмен, бұл жерде айқайламау керек екені түсінікті. Айналамда жан баласы жоқ, күйеуім де кешігіп жатыр. Басқа жақтан шығар жол тұйық, үйде жалғыз есік. Оны да мынау кеспірсіз аң күзетіп тұр. Тек демімді ішіме алып, дыбыс шығармай отыру ғана қалды. Мүмкін дыбыс шықпағасын үйде ешкім жоқ деп кері кетіп қалар деген ой да жоқ емес. Бірақ ол кері шегінбеді. Мұрнының ұшын еңкейтті де, есіктің ашқышына сұғып кеп жіберді... Есік ашылып кетті, саңылаудан алдымен тұмсығы көрінді. Бөлмені жіті көзімен шолып қарап алды. Тап бір жылан тәрізді, басын көтеріп, айналасына қарайды. «Әттең, есік алдында пышақ ұстап тұрып, шауып-шауып тастасам ғой. Пышақ атаулының асүйде қап кеткенін қарашы».
Ол тап бір менің ойымды оқып қойғандай, мысқылдай қарады: «Б-б-бәрібір». Оғаш сөз! Сөздерді қиындықпен құрастыратын секілді. «Бұл тұмсық кесірткенің құйырығы тәріздес: кес, шап, бәрібір өсе береді. Қаншалықты жиі шапсаң, соншалықты тез өседі. Сондықтан, бәрі босқа. Әуреленбей-ақ қой».
Ол адамның ойын оқиды! Сенгісіз! Мен миымның қалтарысындағы ойды бөгде біреудің ақтаруына көнбеймін, соның ішінде мынадай түсініксіз, қорқынышты мақұлыққа.
Не істемек ойы бар екен? Мүмкін жалмап жеп қояр? Әлде өзімен бірге жердің астына алып кетпек пе? «Желкек шалқаннан дәмді емес» деп ойладым мен. Жарайды, өзі сондай жиіркенішті де емес секілді ғой. Ерейген-серейген тырнақтары да анықтап қарасаң, сондай сұмпайы көрінбейді. Тіпті тартымдырақ па... ашулы еместігі де таңданарлық...
- Ә-ә-әлбетте! – деп гүр ете түсті ол. – Сізді жеп қояды деп тұрғаннан саумысыз? Жо-о-оқ, олай қылмаймын. Мен сізге ешқандай жамандық жасамаймын. Жабайы емеспін ғой.
Айттым ғой, ол менің ойымды әлі оқып тұр!
- Ә, бәйбіше! Бәйбіше! Мен мұнда сізге деген сезімімді білдіру үшін келдім. Түсінесіз бе? Мына жеті қат жер астынан шығу оңай деп ойлайсыз ба? Менің қалай қиналғанымды көрсеңіз ғой. Қараңыз, тырнағымнан тырнақ қалмады. Егер арам ниетім болған болса, арам ой, арам ой, мен ондайға бара алмаймын. Атай көрмеңіз. Ал мұнда келген себебім, сіз маған ұнайсыз... ұнайсыз. Мен жер астында жатып сізді ойлаумен болдым. Бар арман-тілегім сіз ғана болдыңыз. Бұдан әріге шыдай алмасымды білдім де, жаным қиналса да, осы жолға тәуекел еттім. Достарымның бәрі бұл әрекетіме қарсы болып, үгіттеп көрген, бірінің де сөзін құлағыма ілмедім. Сізді көргенше асықтым. Бойыма бар батылдығымды жинадым да, сіздің алдыңызға келдім. Әрине, сіздің «мына мақұлықтікі не есіру?» дейтініңізді де білдім.
- Шынында солай емес пе? Сондай сұмпайы хайуан, енді келіп менен махаббатты талап етеді!
Кенет оның бет-аузы сазарып қалды. Менің сөзім қатты батса керек, терісіндегі жасыл қабыршақтың түсі күлгінге бояла бастады. Денесі жұтылып, кішірейіп барады.
Мүмкін мына кеспірсіз кейіптің арғы жағында нәзік жүрек соғып тұрған шығар? Егер солай болса, онда... онда жеңіс менікі ғой! «Кәне, тағы бір рет бақылап көрелік. Әй, сен, көрім аң ғанасың ғой» деді ішкі дауысым. Қабыршақтары көз алдымда қызғылттана бастады. Менің жиіркенішімді бойына сіңіріп алғаны шығар, көздері шарасынан шығып, жоса-жоса жасқа шыланды.
Бойымдағы үрей жоғалып, батылдық пайда болды. Сосын мен «осылай қылсам қалай болар еді» деген оймен қатыгез көріністерді көз алдыма келтіре бастадым. Аяқ-қолын матап, байлап тастадым да, өткір іскекпен жасыл қабыршақтарын жұлып, жұмсақ, алқызыл балтырларын қып-қызыл болғанша пышақпен осқылай бердім. Ойша. Осы тектес көріністерді бірінен соң бірін көз алдыма елестеттім. Ол ойымдағының бәрі болып жатқандай қатты еңкілдеп жылап, жанына батқан аурудан шыңғыра берді... көзінен қызылды-жасылды жас ағып, құлақтарынан ақ сұр түсті, раушан гүлдің иісі тәріздес газ шыға бастады. Сөйте тұра менен көзін айырмай қойды.
«Әй, бәйбіше! Өтінем сізден, Құдай үшін! Мұндай жауыздық туралы ойламаңызшы. Жалынамын, жал-ба-ры-на-мын. Жаман жайларды ойға алмаңызшы! – деп қосты ол, - Менің ешқандай арам ниетім болмаған. Мен сізге жаманшылық жасамаймын. Мен жай... жай ғана сіз туралы армандағанмын...»
Айт, айт, айта бер. «Аяқ астынан ауламды қиратып, үйімнің есігін бұза-жара кіріп алғаның да әзілің шығар мүмкін? Әлде мен сені шақырып па едім? Керек десең, нені ойлағым келсе, соны ойлаймын».
Басымда әлемтапырық ойлар сайран салып жүр. Оны қорлап тастағым келді, неше түрлі құралдармен ұрғылап, денесін піскілеп, турап жатқаныма дейін қатігездікпен көзіме елестеттім.
«Тыңда, мақұлық! Сен әйел дегеннің кім екенін, оның қандай қадамға бара алатынын білмейтін шығарсың. Олай болса, мен сені... мен сені құртып тынудың әдісін кәлламның жеткенінше ойлаймын».
Ол жауаптаса алмады. Есесіне денесі жауын құртындай кішірейіп, көзден жоғала берді. Ақыр аяғы бір уыс аянышты кейіпке еніп, еденге бауырын төсей бере әлдене айтқысы келгендей ернін жыбырлатты. Онда сөйлемек түгілі денесін қозғарлық та әл қалмаған еді. Аузы ашылған күйі қатып қалды да, әлден соң көзден ғайып болды. Ауада мұңға толы жанарының көлеңкесі ғана қалып қойды.
«Мен мұндай әзілді түсінбеймін. Қарашы енді, не болдың? Ешкім де, ештеңе де көмектесе алмайды. Аяғыңды басып жер бетінде жүре де, бір ауыз сөз айта да алмайсың. Сен құрыдың. Дәуренің озды!».
Дүние түк болмағандай сол марғау қалпына қайта келді. Ауада қалқып тұрған оның мұңды жанары да жоғалды.
Түн түнегін түре берді...