9 Желтоқсан 2013, 05:34
Тас ұйқыда мастығы буып, бастырылып қалыпты. Басын әрең көтерді. Кенезесі кеуіп жатыр екен. Сүйретіле тұрып, ас бөлмеге барды. Май сіңіп қалған үстел нан қоқымдарынан көрінбей, жүрек айнытады. Жуылмаған ыдыс-аяқ тау болып үйіліп жатыр. Майлық көгеріп кеткен. Сағат тілі тоқтап қалғалы қашан. Уақыт та сонымен бірге тоқтағандай... Қай ай, қай күн екенін есіне түсіре алмады. Әйтеуір даланың жылымық таңы есінде. Терезенің ар жағы түн, көзге түртсе көргісіз қараңғылық, бер жағы тозақ.
«Үһ, жаным-ай!» Көкірегі қарс айрылған Рүстем дірілдеген қолдарымен арақтың иісі сіңіп алған шыны стақанды алып, кранға беттеді. Су ағызып, біраз қарап тұрды да, стақанды суға толтырып, сіміріп салды. Рахат!
«Судың қасиеті ерекше ғой» - деген ой мас санасында жылт етті. Бар ағзасы тірілгендей, тамырлары бүлкүлдеп, қан жүгіре бастады. Осыдан кейін жүз грамм...
Бар болғаны жүз-ақ грамм көрсе ғой, қатып кетер еді – ау. Әттең!
Жарықты сөндіріп жатын бөлмесіне барды. Бөлме кішірейіп қалғандай ма өзі..? «Семірген шығармын»-деп мырс етті, өзінен-өзі. Кенет селсоқ көңілі босап кетті. Жылап жіберді. Қыза – қыза солқылдасын кеп... Бүйтіп жылаймын деп еш ойламаған еді. Жүйкенің шаршағаны сезіліп – ақ тұр. Қарыны аш, арақтан басқа асқазанда түк.
Тамаққа зауқы соқпағалы бір аптадан асты - ау деймін...
Көз алдында оқиғалар легі бейнелентадай бір зымырап өте шықты. Кенет жалғыз екені есіне түсіп жанын үрей билей бастады. «Бүгін соңғы түнім шығар!» Осы ой басына оралуы мұң екен, тізерлеп отырған күйі басымен жер сүзе құлады. Екі қолын екі жаққа жіберіп,құр сүлдері қалған тұла бойы дір-дір етіп жатты да,біраздан соң танауы қорсылдап ұйықтап кетті... Түсінде бір әдемі келіншек тостаған ұсынып жатыр екен. Жеңгесінен аумайды, жылы жүзі бар маңды нұрландырып, қымыз сапырып отыр. «Рүстем батыр қымыз іш» деп қояды. Бұл қымызды қылғытып-қылғытып жұтып жіберіп, көзін жауып тұрған тостағанды қайта беруге асығады. Сиқырлы көрініс бітпесе екен деп тілейді. «Көкешім, қатты қиналып кеттім, жанымда қалшы!»-деп жалынып жатқанда оянып кетті. Аяқ-қолы ұйып қалып, сең соққандай көп уақыт тұра алмай жатты. Көздерінде тіршіліктің ізі жоқ. Өлі жанар. Қарашығының орны аппақ болып ағарып кеткендей. Ол бір бүйіріне аунап түсіп, жансыз көздерін төбеге қадап, тыжырынып қалды. «Ой, атаңа нәлет, әкеңнің ауызын...» Мына бір көріністі көзі тағы шалды.
Астапыралла! Айғыз-айғыз әктелген пәтердің төбесінің қақ ортасында, құдайым –ау, Карл Маркстың бейнесі сомдалып қалыпты! Тұп-тура суреттегідей дерсің.
Қаба сақалы дудараған ақ шашымен астасып, бірқырындап алға ұмтылған осы шалды күнде көреді. Қазандай басы бүкіл төбені жауып тұр. Көздерін айтсаңшы, көздерін...
тірі күніндегідей суық ызғар шашады. «Сайтан алғыр! Тағдырымды морт сындырғаның аздай, енді келіп үйімнің төбесіне жантая қалғанын қарашы өзінің, кәрі қума. Дана Маркс, Ұлы Карл Маркс, комуни- и- и- изм атасы. Ата деген атақтан садаға кет! Сені ме бәлем, өмірімнен мәңгі өшіріп тастаймын. Қазір бас жазып алайын, әк-мәгімен қосып қырып тастаймын. Утопист чертов!»
Шал міз бақпастан бір қырымен қарап тұр. Көзқарасында кекесін бе, мысқыл ма... әйтеуір бір өзгеше өзгеріс бар. «Шамаңа қара!» дейтін сияқты.
«Құриетті жолдас Қадырбаев! Сізді жеңімпаз коммунистік партиясының тарихының дамуына, Ұлы Маркс идеяларының советтік қоғам ішіне кең таралуына қосқан зор үлесіңіз үшін Қазақ ССР Ұлттық ғылым академиясының құрмет грамотасымен марапаттауға рұқсат етіңіз!» Зал өре түрегелді. Ду-ду. Аяғы жерге тимей мінбеге қарай қалықтап барады. Кеше ғана ғой кандидаттық дисертациясын қорғағалы. Бүгін міне, қошемет, бүгін мұны тарлан тарихшылар мойындаған. Ар жағы өң мен түстей өте шықты. Алматы қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, бәленбай тарихшылар қоғамының құрметті мүшесі, су жаңа «Волга», Мәскеу, Ленинград, ГДР,Прибалтикаға іссапарлар. Дүркіреп тұр! Қадырбаев десе, тіпті Орталық партия комитетінің дөкейлерінің мысы басылып қалатын еді. «Жас, болашағы зор Қадырбаев, нағыз коммунист!» Кеудеге нан пісті. Ауыл жаққа ат басын бұрмайды сабазың. Уақыт жоқ. Бәріне керек қой бұл.телефон шырылы бір басылмайды. Көтерілді деген осы да! Кешегі жетім, бүгін ел танитын азамат. Бес бөлмелі пәтерінде сұлу зайыбы кеш қарайса күтіп отырады. Бұл болса, үйге кірісімен, әйелін емес, төрде ілініп тұратын Карл Маркс суретін «Данышпаным! Пайғамбарым! Атажан, рахмет саған!» - деп, сүйетін. Дударбас шал бұған сұсты, мәңгі жетпес асқар шың, биік асудай көрінетін. Бұл оның ізбасары ғана. Жарық өмірге әкелген ата-анадан осы ақсақал артық бұған. Мәңгі осылай болады. Басқаша болу тіпті мүмкін емес қой. Бұл идея өлмейді.
«ГКЧП кім олар? Коммунистік идея мәңгілік бақытты қоғам идеясы. Демократия, ол – анархия! Бостандық шектелген кезде ғана жақсы.» Бұны ешкім тыңдамады. Дүние не болып кетті? Көз алдында пайғамбарының суреті жыртылды, қаланың әр шетінде Ленин ескерткіштері бірінен соң бірі құлатылып, мойнына қылбұрау салынып, әбден қор қылды – ау. Масқара! Кім ойлаған?! Алма – кезек деген осы болар?
Елдің бәрі саудаға деңдей бастаған. Қадырбаев жұмыссыз! Кезінде менсінбей кетіп қалған КазГУ – ге де бұның керегі жоқ. «Қадырбаев мырза, КПСС тарихы оқыту бағдарламасынан алынып тасталынды, кешіріңіз. Енді Отандық тарихтың қалыптасуы аса актуальді.» Мырза деп қалғанын қарашы – ей! Кеше жолдас едім, бүгін МЫРЗАМЫЗ! Көрсетем мен сендерге әлі – капиталистер!
Кешегі дәурен, мас дәурен көз аштырмай соқыр қылған. өзгеріске мойынсұнбайды. Бәрі қайтып келетін сияқты. Үміт үзгісі жоқ. Алайда, іші құрғыр алтын уақыттың өткенін сезеді. Жаңа өмір бастасам ба екен деп тағы ойға шомар. Бар көзқарасын, ұстанымын өзгертуі керек онда. Нарық құлы болу Рүстемнің тәккаппарлығын жаралайды. Жоқ, бүйтіп көрпеше көсілгенше, арақтан өлейін. Әй, қатын арақ әкел! Жауап жоқ. Тым-тырыс. «Кетсең кет, әрман! Қадырбаевты ел таниды, сен кімсің?»
Партия қайда болсаң,
Жеңіс сонда а-а-а-а-...!
***
Екі жыл өтті. Соңғы таңын Рүстем күткелі қашан...
Ақыры құтылды –ау. Денесін зіл басып, көзі қарауытып бара жатыр. Сан – алуан түстер мың құбылып еліктіре түседі. «Карл Маркс сен қателесіпсің!» ҮҺ...