9 Желтоқсан 2013, 05:21
Аппақ далада қарайған екі ноқат көрінеді. Бірі үлкен, екіншісі кішкентай. Үлкені қаракер ат мініп, қарсақ ішік киіп, қарына сойыл ілген жас жігіт.Кішісі сол жігіттің қара тазысы. Ақ қарды алғаш басқан тазының күшік мінезі әлі басыла қоймаған тәрізді. Біресе жапалақтай жауған қарды қауып, біресе тұмсығын қарға тығып-тығып жіберіп, басын шайқап отыра қалады. Ерте көктемде нағышысының ауылына барған Жексен осы күшікті қояр да қоймай алып кеткен болатын. «Жиеннің наласына қалмайын» деді ме нағашысы да өз балаларының қарсылығына қарамай қасқыр алған қаншықтың бауырнда жатқан жалғыз күшікті жиеніне беріп жіберді. Енді міне, сол күшік аң қағуға да жарап қалған тәрізді. Әккі иттердей із кесіп кетпесе де иесінен әлдебір бұйрық күткендей ара-тұра қарап қояды.Шоқтана өскен ит мұрындардың үстіндегі қарды түсіре-мүсіре бір түлкі қырға қарай қиялай қаша жөнелді. Жексен атын тебінумен қатар, қасындағы тазысын айтақтап үлгерді. Шіркін-ай, аң қағудың қызығы сол аңды қууда және түз тағысы мен адамның күшінің тең болуында емес пе? Әлдеқандай жағдайға болмаса аңшымыз бұндай кездерде мылтығына кезек бере қоймаушы еді.Шашадан жоғары түскен жұмсақ қарды қаракер ауырсынатын емес. Еркіне қоя берсе түлкінің үстіне мініп алыып, сойылмен соға салуға мүмкіндік туары сөзсіз. Дегенмен қара тазыны ауыздандырып алудың да тамаша сәті осы еді. Тазы түлкінің үстіне жетіп барғанымен әккі неме құйрығын бұлаңдатқан сайын алданып ауаны қауып қалып жатты. Енді бірде қу түлкі бұғып жата қалғанда үстінен аса-маса мойны қайрыла құлап түсті. Өзінен дене тұрқы кішкентай аңнан осынша қарсылық көрген қара тазы ызалана алға ұмтылды. Бұл кезде түлкі де сәл ұзай түскен еді. Түлкінің межесі қалың шілік екенін аңғарған Жексен шілікке қарай қиыстай шапты.Түлкі бағытын қайта өзгертті. Түлкіге жетуін жеткенімен жас тазыда оны алып жығатын әдіс әлі жоқ еді. Дегенмен бір ұрымтал сәтте түлкінің желкесінен тістей құлады. Иттің ырылы мен түлкінің қыңсылы қатар естілді.Өлермендікпен жеткен желкені жібере қою тазының ойында жоқ еді.Төрт аяғына тұра сала, басын екі жаққа өршелене сілкіді.Түлкінің терісі созылғаны сонша көзі қылиланып кетті.Жан беру оңай емес. Артқы аяқтарын тіреп соңғы бұлқынғанында тазының аузынан шығып кетті. Жандалбасалап қашпақ болған әрекеті сәтсіз болды. Қара тазы қарыс жер аттатқызбай шалып жықты. алқымынан тістеген бетте қатты-қатты сығып жіберді. Осыны күтіп тұрған аңшы да атынан секіріп түсіп, итіне араша түсті. Түлкінің құйрығынан ұстап "Үйірімен үш тоғыз " деп жерге үш рет құлаштай ұрды. Қара тазы анандай жерде екі бүйірі солқылдап бұның әрекетін бақылап тұр. Алғашқы қарға аунап алған түлкінің жүні қызыл реңк тарқнаымен пұшпағы толық қарая қоймаған екен. Олжасын қанжығасына өңгеріп болған жас жігіт тазысын еркелете бір сипап алып, үзеңгіге аяғын сала берді… |