Тәуелсіз елдің түлектері

18 Ақпан 2014, 08:31

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елдегі экономикалық қиындықтарға қарамастан, спорттың даму барысы көңілдегідей болды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл салаға ерекше көңіл бөліп, барынша қолдау көрсетті.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елдегі экономикалық қиындықтарға қарамастан, спорттың даму барысы көңілдегідей болды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл салаға ерекше көңіл бөліп, барынша қолдау көрсетті. Байрақты бәсекелерге спортшылар қауымының еш алаңсыз даярлануына қолайлы жағдай жасалып, жеңіске жеткендерге мол көлемде сыйақы тағайындалды. Тіптен Олимпиада ойындары барысында Елбасы ауыр атлеттер жарысына арнайы ат басын бұрып, өз отандастарының өнерін тамашалады. 1996 жылы Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде Олимпиада ойындарына тұңғыш рет қатысты. Біздің өрендер барлық спорт түрлері бойынша 11 медальға иелік етсе, соның бірі Анатолий Храпатыйдың еншісінде. АҚШ-та оның басты қарсыласы, бұрынғы КСРО азаматы, кейіннен Грекияға қоныс аударған Акакиде Кахиашвилис еді. Барселона Олимпиадасы тұсында мамандардың таңдауы соңғысына түсіп, Қазақстанның спортшысы Пириней түбегіне бара алмай қалғаны есімізде. Екеуара тартыс Атлантада жалғасын тапты. Бұл бәсеке Акакиде Кахиашвилистің пайдасына шешіліп, ол чемпион атанса, біздің жігітке күміс медаль бұйырды. Грек атлеті 420 (185+235) келіні бағындырса, Храпатый 410 (187,5+222,5) келілік межені қанағат тұтты. Өкінішке қарай, 2008 жылдың жаз айында Анатолий Храпатый жол апатынан қаза тапты. 2000 жылы Сидней Олимпиадасынан Қазақстан ауыр атлеттерінің қоржыны бос қайтты. Бұл жағдай спорт басшыларына біраз ой салды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін республикалық федерацияның тізгінін Қайрат Тұрлықанов ұстады. Елге Түркияның атақты маманы Энвер Түркілери шақырылды. Осы сала мамандары бірлесіп жұмыс істеп, жоғарыдағы олқылықтың орнын толтыруға кірісті. Бірте-бірте ерен еңбек өз жемісін берді. 2004 жылы Афины Олимпиадасында 29 жастағы Сергей Филимонов жарқ етіп көзге түсті. Оның ерекше дарын иесі екені еш күмән туғызбайды. Алайда жаттығу процесіне немқұрайлылықпен қарағандықтан, Филимоновтың үнемі бағы жанбай жүрген. Мәселен, Сидней Олимпиадасында ол төртінші орынға тұрақтады. Ал Афиныда 77 келі салмақта күш сынасқан отандасымыз жанкештіліктің үлгісін көрсетті. Ескі жарақаты сыр бергеніне қарамастан, күміс медальді жеңіп алды. Талдықорғанның тастүлегі 372,5 (172,5+200) келілік зілтемірді тік көтерді. Ал бас жүлде Түркияның жас перісі Танер Сағырдың қоржынында кетті. 2008 жылы Қазақстанның ауыр атлеттері айды аспанға шығарды. Бозбала шағында-ақ ересектер арасында екі рет әлем чемпионы атанып үлгерген Илья Ильин 20 жасында Олимпиада алтынын олжалады. Сыр бойының түлегі 406 (180+226) келілік зілтемірді еркін еңсерді. Әйгілі поляк атлеті Симон Колецки мен ресейлік Қажымұрат Ақаев күміс пен қоланы қанағат тұтуға мәжбүр болды. Степногорскідегі балалар үйінде тәрбиеленген Ирина Некрасованың жеңімпаз атануына небары бір келі салмақ жетпеді. 63 келі салмақта күш сынасқан ол Солтүстік Кореяның өкілі Пактан ұтылды. Олимпиада чемпионы 241 (106+ 135) келіні бағындырса, 20 жастағы Некрасова 240 (110+130) келіні ырқына көндіріп, екінші орын алды. Дәл сондай нәтижеге 75 келі салмақтағы, 26 жастағы Алла Важенина иек артты. Ресейде туып-өскен ол Қазақстанға қоныс аударып, біздің елдің атынан сынға түсуге ниет білдірген еді. Важенинаның қадамы құтты болып, 75 келі салмақта күміс медальді иеленді. Оның көрсеткіші – 266 (119+147) келі. Қытай қызы Чао Лей жерлесімізден 16 келі көп көтерді. +75 келі салмақта көкшетаулық Мария Грабовецкая кіл мықтылармен иық тіресуге тура келді. Шиеленісті тартыста ол 270 (120+150) келі нәтижемен қола медальді қоржынға салды. Бас жүлдені олжалаған кореялық Жангтың көрсеткіші – 326 (140+186) келі. Украиналық Ольга Коробка 277 (124+153) келіні көтерді. Сөйтіп, Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 1 қоланы иеленіп, әлемдегі озық командалар қатарына қосылды.

 

Бөлісу: