18 Ақпан 2014, 08:32
Қазақстанда ауыр атлетика 30-жылдардың алғашқы жартысынан бастап дамып келеді. Алғашқы кездері оның даму барысы баяу болса, арада ширек ғасыр өткенде бұл өнер кең қарқын ала бастады. Сол тұста Степан Ульянов, Владимир Дрекслер, Петр Ким, Александр Колодков, Анатолий Лю-Шин, Бақытбек Мананбаев сынды аға буын өкілдерінің есімдері бүкіл Одаққа кеңінен танымал болды. Тіптен солардың арасынан әлемдік рекордты жаңартуға жараған азаматтар шықты. Бірте-бірте нәтижеміз еселеніп, жерлестеріміз дүниежүзілік деңгейдегі жарыстарда жасындай жарқылдай бастады. 1976 жылы Қазақстанның ауыр атлеттері Олимпиада медалінің сыңғырын естіді. Содан кейінгі жылдары да ғаламдық ойындарда орасан зор табыстарға қол жеткіздік. Олимпиада тұғырына көтерілген тарланбоздарымыздың әрқайсысына жеке-жеке тоқтала кеткен жөн.
Юрий Зайцев 1951 жылы Қиыр Шығыстағы Сахалин аралының Победино ауылында туып-өсті. Кейіннен әке-шешесімен бірге Теміртау қаласына көшіп келді. Сол жерде ауыр атлетикамен «танысқан» бала араға жылдар салып, керемет көрсеткіштерге қол жеткізді. 1975 жылы ол «Достық кубогында» топ жарып, КСРО халықтары спартакиадасы мен Еуропа чемпионатында күміс медаль алды. Мәскеуде жалауы желбіреген әлем чемпионатында конкурстан тыс қатысып, дүниежүзілік рекордқа өзгеріс енгізеді. 1976 жылы Қарағандыда өткен КСРО чемпионатында алтыннан алқа тағынып, Олимпиада ойындарына қатысу құрметіне ие болады. Монреальда 110 келі салмақта сынға түскен Зайцев 385 (165+220) келілік зілтемірді ырқына оңай көндіріп, бас жүлдені олжалайды. Бір айта кетерлігі, айтулы Олимпиадада болгариялық Валентин Христов өз нәтижесі бойынша қазақстандық ауыр атлеттен асып түседі. Алайда оған «допинг қолданды» деген айып тағылып, бас жүлде біздің спортшыға бұйырады. 1977-79-жылдар аралығында әлем чемпионы, Еуропаның екі дүркін чемпионы атанады. Алайда ол кезде Юрий Зайцев Украинаға қоныс аударған болатын. Зайцевтің орнын Виктор Мазин жоқтатқан жоқ. Қарағанды облысының Шахтинск қаласының тумасы Мәскеуде алауы тұтанған Олимпиада ойындарында жеңімпаз атанды. 60 келі салмақта күш сынасқан 26 жастағы жігіт болгариялық Стефан Димитров пен поляк Марек Северынды артқа тастап, діттеген мақсатына қол жеткізді. Мазиннің көрсеткіші – 290 (130+160) келі. Шахтинскінің шымыр жігіті одан бөлек КСРО чемпионы, көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы болды. Сондай-ақ ол алты рет әлемдік рекордты жаңартты. Кейіннен Виктор да Ресейдің Краснояр өлкесіне көшіп кетті. 1984 жылы социалистік елдер Лос-Анджелестегі ойындарға барған жоқ. Ал 1988 жылы Сеул Олимпиадасында Анатолий Храпатыйдың бақ жұлдызы жанды. Ол 1963 жылы Ақмола облысының Атбасар қаласында туды. Балауса шағында-ақ осы спорт түрімен айналысқан Анатолий бірден дара талантымен оқшауланды. Ол КСРО, Еуропа біріншіліктерін сан мәрте ұтты. Бес рет әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Сеулдегі ойындарда 90 келі салмақта шеберлік сынасқан отандасымыз 412 (187,5+225) келілік нәтижемен бас жүлдені қоржынға салды. Ол өзінің басты қарсыласы әрі командалық әріптесі Наиль Мұхамедьяровтан 12,5 келі көп көтерді. Өзбек спортшысы күміс медальді мойнына ілді. Жоғарыда есімдері аталған спортшылардан бөлек Владимир Можейков пен Евгений Сыпко сынды қазақстандықтар ресми халықаралық жарыстардан жүлделі оралды.