18 Ақпан 2014, 10:51
"Біз бүгінде өз тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген батырларымыз бен тарихта аты қалған тұлғаларға арнап ескерткіштер салып келеміз. Солардың ішіндегі бірегейі, әрине, Абылай хан резиденциясы екені даусыз"
Н.Ә. Назарбаев
(«Абылайхан резиденциясының» ашылу салтанатында сөйлеген сөзінен. Петропавл қаласы, 2008 жыл.)
Қызылжар өңірінде қазақ хандарының ішінен орда тіккені Абылай хан ғана деседі. Расыменде тек Абылайдың ғана ордасы бар осы өңірде. Оның өзінде Абылай бұл ордасында билік құрып отырғаны немесе отырмағаны тағы белгісіз. Турасын айтсақ орыс билігінен алыс отырғанды жөн көрген Абылай хан Қызылжардан гөрі Түркістанды құп көрген деседі. Абылайдың тарихын зерттеп жүрген ғалымдардың пікірі қақ жарылады. Бастысы Абылай бұл жерде тұрмаса осы үйдің не себепті «Абылайдың ақ үйі» аталып кеткенінде болып отыр. Әлде тарихымызды сан саққа соқтырған орыс отаршылдарының саясатыма?! Мүмкін аз уақыт болса да Абылай осы жерде болдыма?! Бірақ, тарихи деректер Абылайдың Қызылжарда отырып, билік құрғанын айтпайды. Тек оның Түркістаннан Қызылжарға дейінгі жүріп өткен сауда жолы болғанын айтады. Тарихта оны «Абылайдың жолы» деп атайды. Осы жерде бір дерек, Сыр бойынан Арқаны басып өтетін жолының соңғы бекеті Қызылжарда аялдайтын ордасы болуы да ғажап емес. Деректер Абылайдың сауда ісімен Қызылжарда болғанын айғақтайды. Патша өкіметінің Абылайды не себептен Қызылжарда ұстағысы келгені белгілі. Отарлау ісін тездетіп жүзеге асыру үшін осы іс тиімді саналды. Жылдамдатып орданы салу ісіне кірісіп кеткені осыған дәлел. 2003 жылы Ресей Сыртқы істер министрлігі арқылы Омбы мұрағатынан алынған құжатта үйдің салынуын 1765 жыл деп көрсетеді. Бұл Абылайдың әлі хандық құрмаған кезі. Алғашқыда бір ғана қабаттан тұратын бөренеден салды. Кейінен бекіністе өрт болып, үй толығымен өртеніп кетеді. 1824 жылы орнына кірпіштен екі қабатты үй тұрғызады. Ғимаратты әскери лазарет ретінде пайдаланып, кейіннен қараусыз қалады. Кеңестік үкіметтің тұсында мүлде құрып бітудің алдында болатын. Тек тәуелсіздік жылдары жөндеу жұмыстары өтіп, Елбасы Н.Ә Назарбаевтың бастамасымен 2008 жылы қайтадан пайдалануға берілді. Тарихқа қиянат жасағысы әрі құндылығын жоғалтқысы келмеген сол кездегі облыс әкімі Тайыр Мансұров бастапқы салыну стилі мен материалдарын сақтап қалды. Мұнысын ел біледі. Бағалайды да.
Ақ үйдің алдында қоладан құйылған «Ат үстіндегі Абылай хан» ескерткіші бар. (1-суретте-авт.) Авторы мүсінші Қазыбек Сатыбалдин. Ғимараттың өзі қазіргі күні екі қабаттан тұрады. Ресми атауы «Абылай хан резиденциясы». Тарихи маңызы бар, киелі ғимаратқа басшылық жасап отырған Гүлнәр Андарбекқызының айтуынша Абылайдың ақ үйі 4 залдан тұрады. Бірінші қабатында кешеннің әкімшілігі, екінші қабатында тарихи залдар орналасқан. Тарихи залдың біріншісі Абылайдың балалық шағынан хан тағына отырғанға дейінгі өмірін қамтиды. Яғни, 1710-1771 жылдар. Екіншісі хандық құрған 10 жылына арналған. Бұл 1771-1781 жылдар арасы. Үшінші залы Тақ залы, төртіншісі Абылай тарихына арналған коллаждар, картиналар, кітаптарға арналған залы. Осылардың ішінде келгендерге әсер беріп, көз тартарлығы ғимараттың әуелде ағаштан жасағанын еске алатын Абылайдың тынығу бөлмесі. Бөлмеде бірнеше жәдігерлер қойылған. Ыдыс-аяқ, көрпе-жастық, үстел, түкті-түксіз тоқыма кілемдер, жез құман, киім-кешек, сандықтар қойылып, үйдің ішкі көрінісі бейнелеген. Сонау ХVІІІ ғасырдан бері сақталып қалған адалбақан ағаштан, ілгешектері күмістен жасалған. Көне заттардың бірі кебеже ерекше көз тартады. Бірде-бір шегенің көмегінсіз ағаштан жасалып, сырты сүйекпен мәнерлеп жасалғаны таң қалыс тудырады. Екі жағы көтеріңкі керует төсекте жатқан батырлардың қан айналымын реттеу үшін пайдаланылған екен. Яғни, бас пен аяқ көтеріңкі жатса қан айналымы дұрыс жүреді деп түсіндірді Гүлнәр Андарбекқызы. Керует шымылдықпен көмкеріліп, жанына Араб Әмірлігінен әкелінген майшам тәрізді шамдалдар қойылған. Бөлмедегі көз тартар этнографиялық жәдігерлер Тақ залында жалғасын табады.
Хан залының төрінде тақта отырған Абылай ханның бейнесі (2-суретте-авт.) орналастырылған. Сергей Пожарскийдің шебер қолынан тапқан мүсін жақсы үйлесім тапқан. Үстіне шапан, аяғына мәсі кигізіп, саусағына жүзік, қолына асатаяғын ұстатқан. Хан тағының төрінде төртінші бұрышы кесілген кілем ілінген. Орта жүз тайпаларына тән бұл кілем, шексіздіктің белгісін білідіреді (2-суретті қараңыз. Хан тағының артындағы кілем-авт.). Орта кезіне Абылай ханның мөрі, төс әшекейлері, жүзігі, қанжары, семсері орналасыпты. Көшірме болса да көз тартады. Түпнұсқалары Қазақстанның әр түкпіріндегі мұражайларда екен. Бір орталыққа жинастыруды қолға алып жатырған да атап өтті кешен директоры Гүлнәр Андарбекқызы. Мұнымен қатар, қару-жарақтар орналасқан көрмеге қылыш, қалқан, гүрзі, балталардың көшірмелері қойылған. Ат-әбзелдеріне арналған бұрышта түпнұсқа болып табылатын ер-тоқым, ауыздық, жүген, үзеңгі тұр. Байқаған адамға сыры бар бұл ер-тоқымды (3-суретте-авт.) ертеде бабаларымыз жауына қарсы қару ретінде қолданған. Ол үшін ер-тоқымның терімен қапталған жеріне у салып, тері тоза бастағанда у адам бойына тарап, себепсіз өлетін көрінеді. Сырын білмейтін ер-тоқымды қазақ сондықтан алмайтын болса керек. Салмағы 25 келі болатын батыр сауыты мен 15 келілік дуылға да осы залға қойылған. Тек осы екі киімнен 40 келіні денесі көтерген бабаларымыздың нар тұлғасына мақтануға болады.
Келесі зал Абылайдың хандық кезеңіне арналыпты. Ақ киізге көтеріп, хан сайлауын суреттен бастап, Абылайдың портретіне дейін қойылған залдың да сыры бар. Атақты суретші А.Дүзелханов салған бұл портреттің қай тұсынан қарасаңыз Абылайдың көзі Сізге қарап тұрады. Келесі суретте Төле бидің Абылайдың Сабалақ атанып жүрген кезіндегі бата беру көрінісі суреттелген. Авторы Сергей Пожарский. Суретші А.Дүзелхановтың "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" кезеңіне арналған графикалық жұмыстары да осы залда қойылған.
Залдың ортасында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің макеті (4-суретте-авт.) мен суреті тұр. Бұл кесене Абылайдың тарихынан сырт қалмайды. Себебі Абылай осы кесене орналасқан Түркістанда туып, ханның мәңгілік мекені осы кесенеде орналасқан.
Қатарымен орналасқан келесі көрмеде орыс патшайымы Анна Иоановнаның атына жазған Әбілқайырдың хаттарының көшірмесі, ресейлік ақшалар, бірнеше тарихи суреттер қойылған. Қабырғадағы тұрған белгісіз суретші салған Абылайдың сауда орталығының суреті тарихқа қатысты ең қызық деректің бірі.
Соңғы, төртінші зал Абылайдың жоңғарлармен шайқасын суреттейтін диараммамен басталады. Көз алдыңа тұтас Абылай дәуірін алып келетін (5-суретте-авт.) тартымды еңбектің авторы С.Пожарский. Суретшінің қазақ тарихынан мол мағұлматы бар екені осы суреттен анық көрінеді. Франциядан табылған келесі суретте Абылайдың Цинь империясының елшісін қабылдау сәті бейнеленген. Өкінішке орай, Еуропа төрінен табылған суреттің авторы бізге жетпеген екен. Ең соңғы картинада ханның дүниеден өткен сәті салынған. Жерлеу салтын бейнелеген картинада дәстүрімізден мол мағұлмат берілген.
Абылайдың ақ үйі атанған бұл ғимарат қазақ үшін тәуелсіздіктің бағасын түсіндіретін тарихи киелі мекен. Түсінген, тереңіне үңілген жанға баға жетпес құндылық болып қала берері сөзсіз. Бүгінгі таңда жәдігерлер қоры толығып, жаңару үстіне жаңғырып келе жатқан кешен әсемдігімен де көз тартады.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС