ҚОЛТАҢБАСЫ САЙРАП ЖАТЫР САРЫАРҚАДА

18 Ақпан 2014, 11:05

Тулаған Тоқырауын өзені бойындағы Ақтоғай жері Алаш азаматтарының алтын бесігі. Алаштың жақсы-жайсаңдарының кіндік қаны тамған жер. Ауыздыға сөз бермеген, істің төрелігін айта отырып әділдіктің ақ туын жықпаған Қараменде мен Шабанбай билер, Алты алаштың қамын жеген Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев және күміс көмей әншілер Әсет Наймантайұлы, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, ақиық ақындары Кенішбай мен Шашубай, Нарманбет секілді жыр дүлділдері дәл осы топырақта дүние есігін ашты. Отаны үшін жанын берген Қазыбек Нұржанов, Нүркен Әбдіров сияқты аңызға айналған Кеңес Одағы батырларының бойына бабалар рухын сіңірген де осы Ақтоғай болатын.

Тулаған Тоқырауын өзені бойындағы Ақтоғай жері Алаш азаматтарының алтын бесігі. Алаштың жақсы-жайсаңдарының кіндік қаны тамған жер. Ауыздыға сөз бермеген, істің төрелігін айта отырып әділдіктің ақ туын жықпаған Қараменде мен Шабанбай билер, Алты алаштың қамын жеген Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев және күміс көмей әншілер Әсет Наймантайұлы, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, ақиық ақындары Кенішбай мен Шашубай, Нарманбет секілді жыр дүлділдері дәл осы топырақта дүние есігін ашты. Отаны үшін жанын берген Қазыбек Нұржанов, Нүркен Әбдіров сияқты аңызға айналған Кеңес Одағы батырларының бойына бабалар рухын сіңірген де осы Ақтоғай болатын.

      Бүгінде жасы алпыстың асқарынан асып,  жетпістің желкенін тартуға келе жатқан Қайырбек ағамызға осы топырақта дүниеге келу бақыты бұйырған екен. Тарихтан алар еншісі бар, ұлтына абзал азаматтарды сыйлаған Ақтоғайда 1944 жылы дүниеге келген баланың есімін Қайырбек қойды. Мәнісі отан үшін от кешіп жүргендер елге аман-есен қайтсын, баланың болашағының қайырын берсін дегені еді. Тасыған Тоқырауын өзені мен ұшына көз жетпес Қызыларайдың Ақсораңы бала Қайырбектің бойына тектілік пен ірілікті дарытты. Оның үстіне әр тасында қазақтың тарихы бар даласының қоңыр желі бала Қайырбектің құлағына ұлттың ұлы болуды құйып өсірді. Өмір жолындағы аттаған алғашқы қадамы – алтын ұя мектебін «Алтын белгімен» бітірді.  Бұл 1960 жылы болатын. Тегіне тартып, елге үлгісін көрсеткен жас өрен мектепті бітіре салысымен қызу еңбекке араласып кетті. Еңбек жолын Қоңырат ауданындағы басқармада байланыс технигі болып бастап, уақыт өте келе ұстаздық жолға түсті. Себебі, Алматы барып, ҚазМУ-ден физик мамандығын алған еді. Университетте оқи жүріп, сондағы сондағы  Өзінің қызмет жолының биік баспалдағын жасауға ұлтты тәрбиелейтін ұлы мамандығы  себепші болды. Мектепте оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі, аудандық білім бөлімінде инспектор, ауданның партия комитетінде үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, одан кейін Жезқазған облыстық партия комитетіне лектор болып тағайындалды. Қызметтің әр сатысынан еңбекқорлығымен көрінген азаматқа 1976 жылы Жезді аудандық партия комитетінің хатшысы тізгіні де сеніммен ұстатылды. Әр ісіне жауапкершілікпен қараған Қайырбек ағамыздың қызмет жолы бұдан соң облыстық партия комитетінің ғылым және оқу орындары бөлімінің нұсқаушысы, облыстық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, екі рет облыстық мәдениет басқармасының бастығы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыстық тіл басқармасының бастығы, «Байқоңыр» қаржы-өнеркәсіптік инвестициялық компаниясы президентінің бірінші орынбасары секілді ауыз толтырып айтарлықтай қызметтермен ерекшеленді. Арасында, 1985 жылы Алматыдағы Жоғары партия мектебін үздік бітіргені тағы бар. Қайырбек Изатбекұлының ендігі қолтаңбасы Жезқазған өңірінің мәдени орындарында сайрап жатыр. Бабасының атының тұяғы дүбірлеген даладан тарихтың шындығын іздеп, ақтаңдақтардың бетін ашуға белсене кірісті. 1988 жылы Жезқазған облыстық тарихи-өлкетану мұражайына директор болып орналасып, өлке тарихында елеулі із қалдырды. Мұражайдың алтын қорының толыға түсуіне өзінің бар қажыр-қайратын салып, өшкен есімдерді жаңғыртты.  «Алаш» қозғалысының көрнекті өкілдері Әлихан  Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, ақындар мен батыр бабаларымыз Шабанбай би Қалқаманұлы, Жалаңтөс батыр (Соқыр), Ақжолтай Ағыбай батыр,  Шортанбай Қанайұлы, Әсет Найманбайұлы, Ықылас Дүкенулы, Жидебай батыр, Сайдалы Сары Тоқа, Шашубай Қошқарбайұлы,  Нарманбет Орманбетұлы, Қожабай ақын, Тайжан Қалмағамбетұлы, Болман Қожабайұлы, Майасар Жапақұлы, Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтбаев, Қасым  Аманжолов,  Күләш  Байсейітова, Манарбек Ержанов,  Жүсіпбек Елебеков, Сахи Романов секілді тұлғалардың тарихын зерттеп, болашақ ұрпақ үшін асыл мұралар қалдырды.  Салт-дәстүрімізді жаңғыртуда белсенділік танытып, «Бүркітші қансонарда», «Салбурын» секілдік халықаралық сайыстардың ұйымдастырылуына мұрындық болды.

     Өзі зерттеулермен ғана айналысып қоймай, айналасына тарихты зерттеуді, зерделеуді де үйретті. Ұлытау тарихи-мәдени және табиғи қорығы, Ақтоғай-Қызыларай ұлттық паркі, Ортау-Дарат қорығының концепцияларын әзірлеген Қайырбек Изатбекұлы Жезқазған тарихи-өлкетану мұражайы,  Ұлытау республикалық тарихи-мәдени қорығы, тау-кен және балқыма ісінің Жезді республикалық мұражайы. Ақтоғай аудандық  археологиялық-этнографиялық мұражайы, Жаңаарқа аудандық С.Сейфуллин атындағы әдеби-мемориалдық мұражайы, Шортанбай ақын атындағы Шет аудандық тарихи-этнографиялық мұражайының қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Жезқазған аймағында академик Қ.И.Сәтбаевтың құрметіне бірнеше рет көрмелер ұйымдастырып, ғалымның туған жері Баянауылдағы мұражайын құнды жәдігерлермен толықтырды.

    Ұлытау жеріндегі Алашахан, Жошыхан кесенелерін қайта қалпына келтіру жұмыстарына Қ.Сәдуақасовтың жылдар бойы ерекше атсалысқанын аймақ тұрғындары алғыспен есіне алады. Жезқазған мен Атасу кентінде Сәкен Сейфуллинге ескерткіш орнату ісін ұйымдастырды. Сөйтіп келелі істер нәтижесін арқасында халқының айрықша құрметіне бөленді. Еліміз еңсесін көтерген сәтте өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы аясында алаш арыстарының есімін жаңғырту мақсатында іс-шаралар өткізді. Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековтың есімдерін жаңғыртуға үлес қосып, Тәуелсіз Қазақстан тарихының негізін қалауда үлкен еңбек сіңірді. Халықаралық деңгейдегі «Отырар-Ұлытау», «Алтай-Дунай» экспедицияларының ұйымдастырылуына септескен осы Қайырбек ағамыз.

      Арқа төсін ән қанатында тербеткен «Ұлытау үні», «Байқоңыр дауысы» фестивальдерінің сценарийлерінің авторы, әрі қоюшы режиссері болған Қайырбек Изатбекұлының қолтаңбасы өңір мәдениетінің тарихында қалды. Ұлттың жадынан кеңестік жүйенің қысымымен жойыла бастаған айтыс өнерін қайта тірілтуге, қайта жаңғыртуға Қайырбек ағаның өзі бас болып, жазушы Камал Смайылов, ақын Жүрсін Ермановпен бірлесе жүріп, айтыс өнерінің ортаға оралуына жағдай жасағанын айтыс жанкүйері ұмытқан жоқ. Қырықтан аса ақынның басын қосып, республикалық ақындар айтысын өткізгенін өңір жұртшылығы ризашылықпен еске алады. Осы айтыстарда жыршы, термеші, ақын Шынболат Ділдебаевтың және ондаған жас айтыскерлердің есімдері республикаға танылды.

     Мүшайра жүлдегері, проза жанры бойынша Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері атанған Қайырбек Изатбекұлы әзірлеген «Край древний – край молодой», «Жезқазған өңірінің тарихы», «Қазақстанның інжу-маржаны», «Орталық Қазақстан» атты өлкетану жинақтарын оқырмандар жылы лебізбен қабылдады. Даланың данасы Қаныш пен сөздің сұлу сазын меңгерген Сәкен, қазақ тілінің тағдыры жайында жариялаған талай көсемсөздерін  қалың жұрт ерекше ықыласпен оқыды. Балалар шығармашылығына арналған бірнеше авторлық жұмыстары Республикалық сайыстарда жүлделі орындарға ие болды. Қазақ драматургиясына қосқан үлесінің өзі ерекше орын алады. Оның қазақ тіліне аударуымен қойылған «Атың шықпаса ...», «Қиямет-қайым Киото», «Бозторғай», «Көшкін», «Бір түп алма ағашы» (орыс тіліне аударма) атты қойылымдары өз кезегінде халықаралық сайыстарда марапатқа лайық болып, елге абыроймен оралған. Сан қырынан танылған Қайырбек ағамыздың аударған ғылыми еңбектері бүгінгі күні ізденушілерге таптырмас еңбекке айналды. Әсіресе, Г.Потанин, Ә.Бөкейхан, С.Бөкейхан, Е.Бөкейхановтың еңбектерін аударып, тарих, өлкетану, поэзия саласына өзіндік орнын қалдырды. Қазақ батырлары мен билері, Алаш арыстары жайлы «Ақжолтай Ағыбай батыр», «Шабанбай би», «Жақып Ақбаев», «Әлімхан Ермеков» атты ғылыми-танымдық жинақтар құрастырып, ел тарихының ақтаңдақтарын ашты.

     Зерттеуші, аудармашы, қарымды қаламгер қырынан көрінген Қайырбек ағамыздың тағы бір қыры бар. Ол суретшілілігі. Тарихи тұлғалардың суреттерін салу барысында көптеген деректерді, ел ауызындағы әңгімелерді топтастыра отырып, «Сайдалы Сары Тоқа», «Нарманбет Орманбетұлы», «Шабанбай би Қалқаманұлы» атты портреттерді салуға шығармашылық шешім шығарған болатын.

     Қазақ ән өнеріне көгіне қалықтатып ұшырған әндері бүгінгі күні халықтың сүйіп тыңдайтын әндеріне айналды. Оның «Қайта оралған Құлагерім», «Аққуым – көгілдірім», «Қара шаңырағым», «Байқоңыр вальсі», «Жиһангерлер жыры», «Ұлтымның Ұлытауы», «Жаным-жаным», «Жолығып ең ойда жоқта» әндері мен Қайырбек ағаның сөзіне жазылған композитор Жақсыгелді Сейіловтың «Сүйінші», сазгер Амантай Жұмашовтың «Наурыз вальсі», Төлеуғазы Бейсенбековтың «Мен күлекеш баламын», Беделхан Машанның «Ақтұнжыр – лала гүл» атты әндері біраз жұртқа танымал.

     Туған елінің мақтанышы, халқының сүйікті ұлы, оқырманының таңдаулы авторы, қазақ әні мен жыры, ғылымы мен мәдениеті саласында қыруар жұмыстың бетін қайтарған ағамыздың еңбегін елі де ескерусіз қалдырмады. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Қ.Сәдуақасов бірнеше медальдердің иегері.  Қызыларайдай биік, толқыған Тоқырауыннан алған шабытыңыз тоқтамай, елдің ертеңі үшін еңбек етуден еш жалықпаңыз дегіміз келеді.

 

Нұрсерік  ЖОЛБАРЫС

Бөлісу: