Амангелді батырдың серігі Шоң батыр жайында

18 Ақпан 2014, 11:09

   1914-1918 жылдары әлем жұрты І-ші дүниежүзілік соғысты бастан кешті. Тарихтағы әділетсіз соғыстың қарапайым халыққа әкелген зардаптары да аз емес еді. Патша үкіметінің өлкедегі халыққа салған ауырпалығы адам төзгісіз болатын. Халық бұқарасының арасында патша самодержавиесінің милитаристік саясатына наразылық өсе түсті. Ресейдің орталығындағы революциялық дағдарыстың пісіп-жетілуі ұлттық шеткергі аймақтарда, оның ішінде Қазақстанда да ерекше сезіле бастады. Патшаға қарсы қазақ жерінде көтерілістер болып өтті.  

   1914-1918 жылдары әлем жұрты І-ші дүниежүзілік соғысты бастан кешті. Тарихтағы әділетсіз соғыстың қарапайым халыққа әкелген зардаптары да аз емес еді. Патша үкіметінің өлкедегі халыққа салған ауырпалығы адам төзгісіз болатын. Халық бұқарасының арасында патша самодержавиесінің милитаристік саясатына наразылық өсе түсті. Ресейдің орталығындағы революциялық дағдарыстың пісіп-жетілуі ұлттық шеткергі аймақтарда, оның ішінде Қазақстанда да ерекше сезіле бастады. Патшаға қарсы қазақ жерінде көтерілістер болып өтті.

   1916 жылы 25 маусым күні орыс емес "бұратана" халықтардың 19-43 жас аралығындағы ер-азаматтары соғысып жатқан армия ауданында қорғаныс құрылыстарын салу мен тыл жұмыстарына "реквизицияланатыны" жөніндегі патша жарлығы жарияланды . Алдын ала жасалған есеп бойынша, 390 мың адам алу көзделді.

   Аталған Жарлық қазақ даласын өте ауыр жағдайда қалдырды. Тыл жұмыстарына жұмылдыру (мобилизациялау) егін өнімдері мен пішен жинау, малды қысқы жайылымдарға айдауға дайындық кезінде жүргізілді. Еңбекке жарамды бүкіл ер-азаматтарды шақыру қоныс аударушылар пайдасына үнемі жер тартып алумен негізі шайқалған қазақ шаруашылығының экономикалық базасына зор нұқсан келтірді. Іс-жүзінде жұртшылық аштан қырылуға душар болды. Байырғы халықты тыл жұмыстарына шақыру халықтың ашу-ызасын тудырып, Орталық Азия халықтарының Ресей отаршылығына қарсы қуатты көтерілісінің басталуына себепші болды. Стихиялы түрде басталған қозғалыс біртіндеп ұйымдасқан сипат ала бастады. Оның Торғай мен Жетісуда дала халқының танымал өкілдері, көпке белгілі жетекшілері Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин, Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев т.б. бастаған ірі орталықтары пайда болды. 1916 жылғы көтерілістің негізгі мақсаты ұлттық және саяси жағынан азаттыққа қол жеткізу, Қазақстанның барлық азаматтарына тең қарым-қатынас пен құрметті талап ету еді. Осылардың ішіндегі қазақ даласының сарбаздарын бір тудың астына біріктіріп, Ақ патшаға қарсы аттанған Амангелді батырдың тарихи маңызы ерекше. Оның торғай даласын жаңғыртып, Сарыарқаның жоңында ақтармен соғысқан ерлігі өз алдына бір тарих. Біздің айтқымыз келіп отырғаны Амангелді батырдың серігі. Батырдың серігі дегеніміз, қазақта батырдың өзіндей шамалас жанға ғана айтылады. Амангелдіге қатысты деректе есімі айтылып кеткені ғана болмаса аты тек ел ауызында ғана қалған осы тұлға кім еді? Не себепті батыр есімі Амангелдіге қатысты деректерде аз айтылады?

      Шоң Төрегелдіұлы Найман тайпасының Бағаналы руынан шыққан. Шамамен 1885 жылдарда дүниеге келген. Әкесі Төрегелді де батыр болыпты. Бала күнінен ерекше ұғымтал, жаужүректі қасиеті болғанын ел аңыз етіп айтады. Сол қасиеттерінің бірі батырға тән мінезі мен қуаты болатын. Алпамсадай денелі батыр баламен күресіп немесе білек күшін сынасуға ешкімнің дәті бармайтын. Есейе келе Шоң батыр атанып, елге қара торы, алпамсадай денесімен ғана емес әскери істі, жаттығуларды меңгерген заманына сай рухты батырлардың қатарынан көрінді. 1916 жылы Торғай өңірінен Амангелді батыр қол бастап, патша үкіметіне қарсы азаттық күресіке шыққанда ол да сапқа келіп қосылады. Бағаналы елі ауызынан тастамай жүріп айтатын Шоң батырдың сапқа қосылғанын білген Амангелді оны өзінің сенімді серіктерінің қатарына қосады.  Шоң батыр Амангелді сарбаздарына арналған азық-түлік және қару-жарақ керуенін басқарған. Сарбаздардың керуеніне ақтар тарапынан жасалған шабуылдарда Шоң батыр бір ретте берілмеген екен.  Керуенді талай рет Торғай атырабындағы шайқас алаңынан алып шыққанына Амангелді батыр риза болып, мадақтап отырған. Амангелді қайтыс болғанда қара торы атын Шоң батыр алғанын көне көз қариялар айтып, тамсанып отырады. Өкінішке орай батыр туралы деректердің тым аздығы көлемді тарихи дерек жазуға кедергі келтірді. Тек Амангелді батырға қатысты әдебиеттерде аз-кем кездесетіні болмаса, батырдың нар тұлғасы жайлы білу қиынға түседі. Анығы, кезінде Амангелді батырдың да көзін көрген ақсақалдардан жеткен әңгімелерде Шоң батырдың біз айтқан деректері дәлелін табады. Өкінішке орай ел тарихын көкірегінде ұстап, нақышына келтіріп айтатын қарияларымыз бүгінде ортамызда жоқ. Батырдың 1950 жылдары өзі дүниеден өткен өңіріндегі Жезқазған мұражайында жазба деректер сақталмаса да, батырдың пайдаланған заттары осы мұражайда тұр. Оларды кезінде немерелері әкеліп өткізген екен (Өкінішке орай оларға хабарласқанымызда аталары жөнінде еш мағлұмат бере алмады). Мұражайда сақталған заттар ішінен батырдың шапаны мен ер-тұрманы ерекше қымбат жәдігерлер қатарында. Көнерген шапан мен ер-тұрман ғана батырдың бейнесін жатқа біліп, өз ішіне бүгіп жатқандай! Амангелді батырға қатысты мол мағлұмат жиналған Арқалық мұражайына барғанымызда ол жерде Шоң батыр жайлы мәлімет жоқ болып шықты.

     Батырдың мәңгілік орын тепкен жері - Сарыарқаның Теректі жеріндегі кең жазықтардың бірінде.  Сол жазықтың «Шоң жазығы» деп аталуының өзі батырға деген ел құрметі болса керек (Қарағанды-Жезқазған теміржолының 338-339 шақырымындағы оңтүстік беткейде). Ал, оның мазары халқымыздың басынан кешірген нәубеттің бір белгісі тәрізді.

 

Нұрсерік  ЖОЛБАРЫС

Бөлісу: