АТА ЖОЛЫМЕН (Өтеген Ахметұлы жайлы очерк)

18 Ақпан 2014, 11:40

Қарт Ұлытаудың қай тұсына да көз жүгіртсеңіз ұшы-қиыры көз жеткізбейтін төрт құбыласының бүгіп жатқан сыры, үңілсеңіз тереңге кетер тарихы, зер сала қарасаңыз елітіп әкететін табиғаттың құдіреті бар. Бүгіп жатқан сыры мен тереңге кетер тарихтың  шежіресі. Кешегі өткен Жошыдан Кенесарыға дейінгі аралықтағы хандардың мекені, әрісі сақ-ғұн замандарының ескерткіштері сөзімді дәлелдей түседі. Табиғаттың өзіне елітіп әкететін өзіне тән сұлулығы, өзені мен көлдері өзінше бір бөлек әлем. Сол бөлек әлемінің бөлшектерінің атауларын тізіп шығу да мүмкін емес. Ілияс Жансүгіровтың «Жетісу суреттері» деп аталатын өлеңін оқыған боларсыз?!

Қарт Ұлытаудың қай тұсына да көз жүгіртсеңіз ұшы-қиыры көз жеткізбейтін төрт құбыласының бүгіп жатқан сыры, үңілсеңіз тереңге кетер тарихы, зер сала қарасаңыз елітіп әкететін табиғаттың құдіреті бар. Бүгіп жатқан сыры мен тереңге кетер тарихтың  шежіресі. Кешегі өткен Жошыдан Кенесарыға дейінгі аралықтағы хандардың мекені, әрісі сақ-ғұн замандарының ескерткіштері сөзімді дәлелдей түседі. Табиғаттың өзіне елітіп әкететін өзіне тән сұлулығы, өзені мен көлдері өзінше бір бөлек әлем. Сол бөлек әлемінің бөлшектерінің атауларын тізіп шығу да мүмкін емес. Ілияс Жансүгіровтың «Жетісу суреттері» деп аталатын өлеңін оқыған боларсыз?! Елу төрт жолдық өлеңінде тоқсан өсімдіктің атын атап, Жетісудың байлығын паш етеді. Мен айтқым келіп отырған Ұлытауда Байқоңыр деген бір ауыл бар. Ілиястың өлеңіндегі тоқсан түрлі өсімдіктің атауы тура осы ауылдың жайлауында да кездеседі. Иісі аңқыған жусаны, даланы қызғылт түске бояған тобылғысы мен құлпырған қызғалдағын көргенде Ілияс бәлкім «Байқоңыр суреттерін» жазарма еді?! Байқоңыр жырға да, күмбірлеген күйге де сұранып тұрған өлке. Даласы Қойлыбай әулие мен Құлмұхаммет Ишанның мәңгілік мекеніне айналып, бір қасиет кезіп жүргендей. Ақ патшаның әміріне қарсы шығып, елдің басын осы даладағы Дуылғалы мешітінде қосқан Амангелді батыр да осы ауылдың тумасы. Табиғаты әсем, тарихы аңыз, кие қонған қасиетті өңірде өмірге келуде бір бақыт шығар?! Бақыттан гөрі Тәңірдің сыйы деп біліңіз.

   Осы бақыт, сол сый менің кейіпкерім Өтеген Ахметұлына да бұйырыпты. Дүниенің есігін 1954 жылы Байқоңыр ауылында ашқан сәбидің маңдайына суретші болсын деген бақ жазылған екен. Бәлкім Ілияс жазған Жетісудай етіп, «Байқоңыр суреттерін» қылқаламмен жазсын дегені шығар. Кейіпкерім оны жазары анық. Себебі, туған жердің топырағы қанға сіңіп, бойға тарап, кеудені сағынышпен кернеп, өзіне тартып тұратыны анық. Туған жердің топырағы әуелі оны ержеткізіп, бұралаңы көп өмір атты жолға шығарып салуды көздеп, алдына бірнеше мақсат қойды.

   Ауылдағы мектепті бітіре сала арман қала – Алматыға жол тартты. Мақсаты В.Гоголь атындағы көркем-сурет училищесіне түсіп, кәсіби суретші атану. Оқуға шақырамыз деген Алматыдан шыққан газет ауылға жеткенше ай өтіп, оны оқыған бозбала асығып жеткеннін өзінде үлгере алмады. Училищеге студенттерді қабылдап қойыпты. Келер жылы келіп көрсеңші деген хатшының сөзіне ауылдың аңғал баласы өзінің көңілін жұбатты. Уақыттың қадірін түсініп өскен балаң жігіт енді әскерге баруды көздеп, Ресейдің Новосибирск қаласынан бір-ақ шықты. Әуе қорғанысы күштері саласында өзінің Отан алдындағы борышын өту кез-келген жігітке бұйыра бермейтін еді. Оны да абыроймен атқарып, елге солдат болып оралды. Бастысы әу бастағы арманынан танбады. Алматыға қайта оралып, сол училищенің студенті атанды. Алған білімін азсынып, Театр және көркемсурет институтында білімін жалғастырды. Қанында бар қасиетті өнерді осылайша біліммен ұштастырды. Қанында бар дейтінім нағашы атасы Әбілда өңірге танымал ұста болыпты. Ал, анасы Жәрдем ауыл-аймақтағы қыз-келіншекті ісмерлікке баулыған қолынан бал тамған шебер еді. Осындай шебердің ұрпағы қанына тартпай қайда барсын?! Бала күнінде анасына ою ойып көмектесіп, қолына қағаз бен қайшыны жақын етті. Қолын иіп тұрып, он саусағын майыстырып ою ойған баланы көрген жұрт қолы елге ортақ шебер болатына күмәнданбайтын. Көптің тілегін Жаратқан өзі қабыл етеді демейме, сол көптін тілегі қабыл болып, ауылдағы бала, Алматыдағы балаң жігіт бүгінде елге танымал шыңдалған шеберге айналды. Еңбек жолын бастаған Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайындағы көрер көзді қызықтырар, таңдай қақтырар бірнеше бұйымдар Өтеген шебердің қолынан шықты. Ұлытау даласын мұражай ішіне көшіріп әкелгенде өзі. Көшіріп әкелді дейтінім, Жошыхан, Алашахан мазарларының ағаштан көшірмесін жасаса, Талдысайдағы мыс қорыту пешінің қалыбын тастан шеберлеп өре білді. Ұлытау өңірінің көне жәдігерлерін қалпына келтіріп, ата-бабамыздың асыл мұрасын көз қызықтыратындай етіп қайта жаңғыртты. Мұражай ішіндегі көптеген жәдігерлер де осы Өтеген шебердің төл туындысы. Осынысымен әріптеске беделі артты, елге сыйлы болды, ал бізге үлгі көрсете білді. Бәрін айтта, бірін айт Ұлытаудың ұлының ең танымал туындысы «Ұлытау үні» фестивалінің төсбелгісі еді. Атағы Республикамызға танымал, жыл сайын өтетін дәстүрлі бұл фестивалдің төсбелгісін қаншама өнер иелері төсіне тағып, мерейленді десеңізші. Өтеген шебердің алтын қолынан шыққан төсбелгі жиырма жылдық тарихы фестивалға қатысушылардың жүлде қоржынында сақтаулы. Осыменен-ақ шебердің атағы алысқа кетті. Өмір есігін ашқан Ұлытауына осылай лайықты сый жасаған жан еңбегі жанған Жезқазғанға да лайықты тарту жасады. Еліміздің байтақ даласына ат шаптырым тойлаған Жезқазған қаласының 50 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгінің де авторы осы Өтеген шебер. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін тойдан тәбәрік деп алған бұл төсбелгі қала тарихының баға жетпес құнды жәдігері. Табан тіреген жеріне ізін қалдырған жан алғыс пен құрметке де кенде болған жоқ. 2008 жылы жарық көрген «Жезқазған өңірінің қолданбалы өнер шеберлері» атты фотоальбомындағы еңбектері елдің қызығушылығын туғызды. Мұражайдың 30 жылдық мерейтойында «Мұражай ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Оның алтын қолынан шыққан көрме жұмыстары 2009 жылы «Мұражай көктемі-2009» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Облыс пен қала әкімдігінің Құрмет грамоталарымен марапатталып, мерейі үстем болды.

   «Атадан жақсы ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дейтін халқымыздың арман мен асыл мұратқа көзделген нақылы нақ осы Өтеген шеберге айтылғандай. Жақсы болып туылып, ата жолын жалғады. Өткенімізді жаңғыртты. Өшкенімізді өрнек етіп ортамызға қайта әкелді. Оның зерттеу мен зор талғамға лайықтап жасаған әшекей бұйымдарына мыңдаған адам көзайым болып, елден елге тамсана айтар аңызға айналып кетті. Бір ғана «Қазақ әйелдерінің сәндік бұйымдары» сериясымен жасалған он шақты әшекей бұйымдарына зер салсаңыз тарихтың өзі, көненің көзі екенін анық байқаған болар едіңіз. Әшекей бұйымдардың шыққан уақытына да мән берген. Сақ дәуірінің әшекей заттары өзінің мән-маңызын жоғалтпай өз стилін қатаң сақтаған. Түркілер дәуіріндегі әйелдерге тән білезіктер мен алқалар бабаларымыздың тіршілігі мен дүниетанымынан хабар береді. Азиядан Еуропаға өркениеттің жолы болып ашылған Жібек жолының да тарихы кішкене әшекейдің ішіне сыйғызылған. Бұл екінің бірі емес, мыңнан бір туатын таланттың ғана қолынан келер іс екені анық. Бұйымдарды жасау барысында сол кезеңнің тарихын меңгеріп, технологиясын терең түсінуді қажет етері сөзсіз. Ал, мұның бәрін Өтеген шебер әу бастан түсінген. Әуелі ізденіп, тереңіне бойлап барып істі қолға алатын шебердің туындылары сонысымен құнды. Алтын қолдан шыққан асылдармыз ел тарихының баға жетпес қазынасы. Осынысымен орынын тауып келеді. Халқы «Өтеген шебер жасаған» деген таңбасы бар мұралардың ұрпақтан-ұрпаққа құнды қазына болып жетеріне еш шүбәсіз сенеді.

  Бәкене бойлы, сөзі кір тасындай салмақты жанның жан дүниесінен қазақтың жанын, тарихын көреміз. Жұлдызын жерұйығы Жезқазғанда жаққан Өтеген туған жердің аманатына адал болды. Оның тарихын, табиғатын әшекей бетіне өрнектеп сала білді. Байқоңырдың бар байлығы өз кезегімен оның туындыларынан өрнек болып көрініс тапты. Бұл Өтеген шебердің туған жер алдындағы өтелген парызы болатын. Ғасырлардың тоғысына, дәуірлердің дүбіріне оның есімін де жеткізетін осы туындалары. Ата жолынан айнымаған шебердің талантына еріксіз риза боласыз.Өмірін сурет етіп өрнектеген, Өтеген шебердің өнегесі өнердің өресі болып қала бермек!

 

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

Бөлісу: