6 Желтоқсан 2013, 04:06
Құсбегілікті қазақтың ұлттық өнерінің ең ежелгілерінің бірі десе де болады. Орта ғасырлардағы Италия саяхатшысы Марко Полоның жазба деректері бұны дәлелдей түседі. Қазақ жері арқылы өткен саяхатшы өз жазбаларында хан сарайында 500 қыран-бүркіт, оны баптайтын 10 мың құсбегі болғанын жазады.
Бүгінде сол ғажайып өнерді сақтап, келер ұрпаққа мұрат етуді мақсат етіп жүргендердің бірі Руслан Абыл есімді азамат. Жақында сол замандасымызбен сұқбаттасудың сәті түсті.
- Руслан, сені құсбегілікпен түбегейлі шұғылданып жүрген өнерлі жастың бірі деп білеміз. Оқырманға түсінікті болуы үшін, әңгімені өзің туралы мәліметтен бастасақ.
- Мен 1985 жылы Алматы облысының Қаскелең ауданына қарасты Кемертоған ауылында дүниеге келдім. Отбасымызбен өнерге жақынбыз. Құсбегілікке бала кезімнен құмарттым. Сурет салатын да өнерім бар. (Салған суреттерін көрсетті. Төмендегі суреттер Русланның туындылары)
- Құсбегілікке қызығуыңа не әсер етті?
- Осы бір керемет өнерге қызығуыма себепкер болған адам нағашы атам Зарықбек Рақыжанов болатын. Атақты әнші Дәнеш Рақышевтің тәрбиесін көрген Зарықбек атамның үйінен кісі үзілмеуші еді. Небір жайсаңдар келіп түсетін ол үйге. Соның бірі - этонограф-ғалым Жағда Бабалықұлы. Сол Жағда атамыздың қыран құстар туралы аңызға бергісіз әңгімесі менің осы құсбегілікке қызығушылығымды арттырды. Сонымен қатар, мектепте сүйіп оқитын пәнім – биология болатын. Сабақ үстінде берілген тапсырмалар бойынша өзімше тәжірибе жасап көретінмін. Даладан сарышұнақ, жылан, шаян секілді жәндіктерді ұстап әкеліп, асырайтынмын. Күтімін жасап, баптайтынмын. Ал, құстарға деген көңілім алабөтен еді.
- Қиялды нақты іске қай кезден бастап іске асыра бастадың?
- Құсбегілікті он алты-он жеті жасымда, бозбала шағымда нақты қолға алдым. Осы істің қыр-сырына қанығу үшін, Дегерес тауын мекен етіп отырған құсбегілердің отбасына жол тарттым. Тау арасын мекен еткен Ошанбаевтар - аймағымызға танымал құсбегілер. Олардың бойына бұл атадан балаға мирас болып қалған дәстүр. Менің қызығушылығыма ол кісілер қолдау білдіріп, білгендерін менен аямады. Барынша үйретуге тырысты. Бірнеше күн құс ұстаудың қыр-сырына қанығып ауылға қайттым. Кейіннен Алматы қаласында қыран құстардың питомнигі бар екенін естіп, арнайы бардым. Менің құсбегілікке қызығушылығымды байқаған мекеме басшылығы өздеріне жұмысқа алды. Төбем көкке жеткендей болды. Маған осыдан артық ештеңе де керек емес еді. Құсты күтіп баптауды осы жерде терең меңгердім. Бір бүркіттің өзі күніне жарты келі ет жейді. Уақытылы тамақ беріп, күтім жасамасаң, әлсіз бүркіттен нәтиже күту уақытты босқа өткізу деген сөз. Құсты асырайтын жердің өзінің ерекшелігі болады. Ондай жер дөңгелек формалы болуы тиіс. Себебі бүркіт даланы еркін кезген құс. Қанатын серпіп, аспанда шеңбер жасап, айналып ұшады. Сондықтан оған дөңгелек жай керек. Қыран құстарды үйреткен кезде аяғына балақбау мен шыжым тағып, көзіне томаға кигізеді. Құс жақсы түлеуі үшін балапан күйінен соң семіртіп алады. Семірген құсты бос керілген арқанға қонақтатып, ұйқысын кетіріп, арықтауға мәжбүр етеді. Осыдан соң ғана, жеңілдеген құс аң алуға ынталы келеді. Құсбегілер қыран құстардың түсіне, қауырсыны мен түр-тұлғасына, сүйек бітімі мен келбетіне қарап топтарға бөліп ерекшелейді. Негізінен қыранның ұябасары аңға шығуға мықты болып келеді. Жалпы халқымыз қыран құстардың қатарына бүркіт, қаршыға, лашын, сұңқар, тұйғын, тұрымтайды жатқызады. Дұрыс баптасаң бұл құстардың қай қайсысы да саятшының сенімді серігіне айнала алады. Аң аулауға баптаудың да өзіндік еркешеліктері болады. Көбінесе салғырттықтан бүркітке үй қояндарын тастайды. Жүгіруге дағдыланбаған үй қоянын бүркіт бір орнында бүріп алады. Даланың жабайы аңын алуға машықтанбаған қыранның әлсіз болатыны осындайдан. Айта кету керек Ошанбаевтар отбасынан көргенім мен ойға жинақтағаным осы жерде жүзеге асты. Сөйтіп мен құсбегілікке қызығушы ғана емес кәсіби тұрғыда қарайтын болдым.
- Құсбегілікті қазақтың төл өнері деп айта аламыз ба?
- Әрине, бұл – қазақтың ең ежелгі өнерінің бірі десе де болады. Тарихта атақты Жошы ханның 3 мың бүркітші ұстағанын жазады. Қазақ даласындағы өзге де хандар мен дәулетті жандар да құсбегілікпен айналысқан. Абылай ханның да құс ұстауға әуес болғаны жайлы деректерді кездестіреміз. Бергі тарихымызда Сәкен Сейфулиннің құс баптап, саятшылықпен айналысқаны да айтылады. Ақын Абайдың да құсбегілікке сүйсіне қарағанын, тіпті саятшылықпен де айналысқанын айтып өтуге болады. Ол туралы білу үшін ақынның «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деп басталатын өлеңін оқысаңыз жеткілікті ғой. Абайға дейін және одан кейін де саятшылықты дәл осылай ешкім суреттей алған емес!
- Бүгінгі күні бұл өнердің насихатталуы қаншалықты ?
- 2002 жылы алғаш рет құсбегілер құрылтайына қатыстым. Қазіргі таңда құсбегілікпен кәсіби тұрғыда, яғни қоғамдық қор шеңберінде айналысып, ел арасына насихаттап жүрмін. Бір тың идеям бар. Ол - құсбегілік өнерін туризм саласымен байланыстыру. Осыны қолға алсақ пайдасы шаш етектен. Әрі келешек үшін танымдық-тәрбиелік жақтары мол. Жасыратыны жоқ, бұл салаға жоғарыдағы шенеуніктерден мүлде қолдау жоқ. Айтсаңыз, бір біріне сілтеуден аса алмайды. Ал, ғылыми зерттелуіне өзімше үлес қосып жүрмін. Өткен жылы құрылған «Көшпенділер атамұрасы» атты тарихи-мәдени қоғамдық қордың «Құсбегі мұрасы» бөліміне жетекшілікке ұсынылдым. Алда атқаратын жұмыс көп. Нәтижесін уақыт көрсете жатар. Қазіргі күні бұл тақырыпқа журналистердің де қызығушылығы арта түскен, соған қуанамыз. Себебі, жұмысымыздың ел ішінде насихатталуы біз үшін айтарлықтай маңызды.
Қазақстанда құсбегілікке байланысты бірде-бір басылым немесе қазақтілді сайт жоқ. Еліміз бойынша бұл өнердің соңына түскен адамдардың саны да аз. Небәрі 70 адам. Ал, Алманияда 12 мың екен.
Қазақ осылайша өзінің теңдесіз өнерін жоғалтып алуы мүмкін. Құсбегіліктің отаны, шыққан жері бола тұра бей-жайлығымызға қынжыламын. Елімізде құсбегілік бағытындағы шағын орталықтар, ұйымдар бар. Қол жеткізген табыстары аздау. Оның бір дәлелі, құстар ауырса еліміздегі үш орталыққа қаратамыз. Үш орталықтың беретін диагнозы үш түрлі. Осы орайда бізге халықаралық мамандардың тәжрибесі ауадай қажет. Ол үшін мамандарды шақырттық та. Ең үлкен жеңісіміз деп айта кету керек, әлемнің 77 мемлекетінің мамандарының басын қосатын ірі ұйымнан делегация шақыртып, құсбегілік туралы халықаралық конференция өткіздік. Бұл құсбегілік тақырыбындағы ғана емес, Қазақстанның тарихындағы ең ірі халықаралық жиындардың болатын. Насихатының аздығынан бұл іс-шараның өткенінен де халық хабарсыз болды. Міне, осы кезде қолдауға қаншалықты мұқтаж екенімізді білуге болады.
- Қалай ойлайсыз, құс салу кәсіп пе жоқ спорттың бір түрі ме?
- Құсбегілікті өнер десе де, спорт десе де, кәсіп көзі десе де болады. Құсбегілікке қызығып қана қоймай, онымен шұғылданып көрсеңіз, білер едіңіз оның қандай керемет ләззаты мол өнер екенін! Сөзімнің соңын Абайдың мына бір сөздерімен аяқтағым келеді: «Көлеңкесі түседі көкейіңе, Әр сөзін бір ойланып салмақтасаң. Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын, Біле алмассың, құс салып дәм татпасаң»
- Әңгімеңізге рахмет.
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС