«ӨТКЕНШЕ ДҮНИЕДЕН ӘН САЛАЙЫН» деп өткен сазгер Жақсыгелді Сейіловтың өмірі мен шығармашы

6 Желтоқсан 2013, 03:43

Бұл өмірге адамдар жылап келіп жатады, Жылайтұғын себебі адамдар бар қинайтын. Бұл өмірден адамдар жылап кетіп жатады, Жылайтұғын себебі адамдар бар қимайтын!   – деп басталатын  Қадыр Мырза-Әлі ақынымыздың жыр жолдары еріксіз ойыма оралып отырғаны. Расымен де, өмірге жылап келіп, арпалысқа түсеміз. Ауырына төзіп, жеңіліне шүкіршілік етеміз. Бәрінен де қиыны өмірдің қинайтын тұсын сезінгенде, жанына батқанда көкейге мың сауалды қойып, жауабын таба алмай дүниеден баз кешіп кетесін. Біз мың сауалдың біріне жауап іздегенде, бір сауалына мың түрлі жауап алған жанның ішкі дүниесіне үңілсеңіз, еркісіз ой түбіне бойлай түсесін. Ол «Неге солай?» деген сауал еді. Иә, неге солай? . . . Оның бұл өмірге қойып кеткені мәңгілік сауалы осы еді. Жауабын әркім өз қадірі мен қасиетінше берді. Бірақ бірде біреуі оны қанағаттандырмады. Себебі, бұл сауал өмірдің мәңгі әрі заңды жалғасын табатын сауалы.      Өмірге осы сауалды ән етіп қалдырған Жақсыгелді 1949 жылы құс жолындай созылған Жарық-Жезқазған теміржолы бойындағы Теректінің 70-ші разьезінде дүниеге келді. Әкесі Уәли теміржол бойының шебері болып еңбек етіп, анасы Ақбала үй тіршілігімен айналысқан өз шаруасы өзінде болған қарапайым жандар еді. Тағдыры ауыр басталып, Жақсыгелдінің айлығында «берсен жаныңды, таласып түріңді, көздесем көзіңді аламын» деп келетін аты өшкір «әулие» ауруы бас салды. Іңгәлаған дауысымен ата-анаға қуаныш сыйлағаннан басқа жазығы жоқ сәбиеге осыдан артық қасірет болмады. Баланың бойына дарып кеткен «әулие» ауруы жас сәбиді мүлдем қимылсыз сұлатып тастады. Көздеп келіп көзінен айырған да осы ауру еді. Адам бойына дендеп келген сәтінде үш түрлі мақсат қойып, соның біреуіне жететін «әулие» дегеніне жетіп тынды. Мұнысы аздай-ақ, Жақсыгелдіге сегіз айлық болған сәтте анасы Ақбала жарық дүниемен қоштасты. Жалғанның жазмышынан бейхабар сәби келер күннің көрсетер қасіретін қараңғы түнек күйінде қарсы алып, күн артынан күн өткізген күйінде бесікте тербеліп күтіп жатты. Жақсыгелдінің бесігін енді ана орнын басқан Дәріжан шешесі тербетті. Әкесі Уәли Жақсыгелдінің анасы Ақбала қайтыс болған соң ағайынның жесірі Дәріжанмен бас қосты. Сүйеніші отағасы қайтыс болып, құндақтағы қызы Гүлбанумен қалған еді. Енді қызымен арасы небәрі 7 айдай ғана болатын сәби, Жақсыгелдіні де бауыр басып, тәрбиелеуге көшті.  Мейірім мен балаға деген шексіз махаббаттың шуағын анасы Дәріжан Жақсыгелдіге аямады. Барынша төкті мейірімді. Соның шуағымен шомылдырды. Арада бес жыл өткенде Жақсыгелдінің ізін ілестіре дүниеге Бақтыгелдіні әкелді.      Бойына ауыртпалықтың қамытын ілген әкесі Уәли, баласының жарық дүниені көруінен үмітті еді. Жетелеп жүріп, Мәскеудегі атақты окулист дәрігер Филатовтың қабылдауына алып барды. Жақысгелдіні жан-жақты қарап шыққан профессор Филатов: «Бұл баланың көзінің көруі мыңнан бір болатын жағдай. Оның өзіне де кепілдік жоқ. Бірақ баланың бойында ерекше қабілет бар. Болашақта таңдандыратын композитор болуы мүмкін. Мамандарымыздың болжамы осы» деп көзін емдеу мүмкін болмаса да әкенің жігерін жерге жықпады. Профессор Филатов бастаған мамандардың болжамы айдай келді. Қатарластары секілді асық ойнайтын жасқа келгенде, Жақсыгелдінің бойында музыкаға деген қабілеттің бары айдан анық білінді. Қарындасы Гүлбануды ертіп, көрші үйдегі орыстың балалайкасымен орысша түрліше ән салуды бастады. Кешке үйдегі домбыраның дүбірінен құдіретті сезініп, дарынын аша түсті. Жақсыгелді аспапта ойнап, Гүлбану ән салатын. Баланың армандары өздерінше бір ән қанатында жүргендей сезіндіретін. Солай болды да. Жақсыгелді осы талабынан қанаттанып, ән көгіне қалықтады. Есімі сол көкті шарлап кетті. Қарағандыдағы арнайы мектепте оқып жүргенде, каникул уақытында Теректідегі әке-шешесінің үйіне келіп, өзі қатарластарын жинап, ән салып, домбыра, балалайка тартуды үйрететін. Құрдастарына ән үйретіп, қарындасы Гүлбануға «брайле жазуын» үйретті. Қағаз бетіндегі бедерді сипап отыру оқу әдісі еді. Бұл үшін адам саусағы өте жоғары сезімталдықты талап етеді. Мұнымен қоймай, Гүлбануға «Тарабарский язык» атты әріптердің орынын ауыстыра отырып сөйлейтін тілді де үйретті. Сондағы мақсаты, Қарағандыда жүріп «брайле жазуымен» жазған хатын әке-шешесіне Гүлбану оқып беріп, жауабында сол жазумен жазса екен деген тілегі еді. Тілегі орындалып, жасынан үйренуге құштар Гүлбану, бұл жазуды тез меңгеріп алды. Ауылмен екі ортаға Жақсыгелді осылай байланыс орнатты. Ал, «Тарабарский язык» деп аталатын тілді үйретудегі мақсаты, үнемі жетелеп жүретін адамы Гүлбану болғандықтан, көпті ортасында айтқысы келмегенін осы тілде айтатын. Мұны да меңгерген Гүлбану Жақсыгелдінің бауыры ғана емес, нағыз сенімді көмекшісіне айналды. Жаз сайын Теректінің кешін көңілді ететін Жақсыгелдінің ерекше сезімталдығы, үйренуге деген құштарлығымен қатар, тез меңгеріп алатын қабілетін, ауылдықтар да оңай байқады. Теректідегі мектепке келіп концерт беретін. Үйірмелердің жұмысын жандандырып, ауыл өнерпаздарын музыкаға бейімдейтін. Қарындасы Гүлбану Жезқазғандағы құрылыс техникумында оқып жүріп, бұл кештен қалыспаушы еді. Себебі, құрылыс техникумындағы қазақ топтарының өнер секциясын басқаратын Гүлбану үшін ел алдында концерт беру қызықты көрінетін. Жас қыздың алғырттығы мен білімге деген құштарлығы бір нәрсеге келгенде ғана тосылып қалатын. Ол зағип ағасының Қарағандыдағы арнайы мектепті бітіргеннен кейінгі тағдыры еді. Жанына әбден батты ма, әлде бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ дегенге жаны күйзелді ме, өзі оқып жүрген құрылыс техникумының директоры Апеевтен көмек сұрап, техникумдағы өнер ұжымына жұмысқа алуын өтінді. Тағдырдың тауқіметін ерте бастан тартқан жанға Апеевтің көңілі босап, жұмысқа швейцар етіп алып, бірақ өнер ұжымына жетекшілік жасатты. Зағип болмағанда қатарластары секілді студент болар шағында студенттерге жетекшілік жасап, өнерпаздарды басқарып жүрген Жақсыгелді үшін бұдан артық қуаныш болмады. Оның үстіне жатақханадан орын да берілді. Өнерге құштар, өзіне тәнті болар жастар арасынан жақын достар тауып, жан дүниесінің күйзелісін осылай жеңе білді. Достарының арасынан Әбдуахит пен Оспан секілді нар жүгін арқалайтындай азаматқа тән ажары бар достары, Жақсыгелдінің сенімді серігі, айнымас досына айналды. Жетелеп жүріп, концертке алып келеді. Жатақханадағы бөлмесіне алып барады. Жақсыгелдінің айтқанын қағаз бетіне түсіріп, ойын кітапқа естелік етіп енгізеді. Әбдуахит пен Оспанның қатарын Қошан, Сәлімжан, Болат, Ахмедия, Әукеш секілді бойынан әнге деген құштарлығы сезілген достары толықтырды. Оқу ордасындағы қыздар жағы да қарап қалған жоқ, Айткүл мен Жұмакүл де осы өнерлі топқа келіп қосылды. Енді барлығы жүріп, үлкен бір шығармашылық топқа айналды. Қалалық, ауданаралық концерттерге қатысып, жүлдені өзгенің қанжығасына байлатпай-ақ қойды. Осыны көрген қалалық телестудияның басшысы Александр Александрович өнерлі ұжымды өзіне тартып, үлкен бір ансамбльдің дүниеге келуіне септігін тигізді. Жалынды жастардың жанарынан үкілі үмітпен атақты «Қарагөз» ансамблі осылайша дүниеге келді. Алғашқы концертін Абайдың «Қарагөз» әнімен ашқан ансамбльдің атағы Жезқазған аймағына ғана емес, Республика жұртшылығының қошеметіне ие болды. Репертуарына Шәмші Қалдаяқовтың, қазақ, орыс халықтарының әндерін енгізіп, көрермен жанына ерекше күй сыйлаған «Қарагөз» ансамблінің ән қоржыны, Жақсыгелдінің әндерімен де толықты. Ән қанатында жүріп, Жақсыгелдінің алғаш дүниеге әкелген әні «Неге солай?» еді. Тылсым құдіреттің күшімен Баян есімді қызға махаббатын сезіне жүріп, әке-шешісіне сол қызға үйленгісі келетінін айтты. Жездесі Сәруарға бастатып, қызды айттыруға Теректінің тұсындағы 66 разьезге жібереді. Үйге келген адамдардың мән жайын білген қыздың анасы, азарда-безер болып, қызын бермейтінін айтып, құдалықты кері қайтарды. Салысы суға кетіп, үйге оралған жездесі Сәруардың жүректі жұлардай хабарын естіген Жақсыгелді өмірге «Неге солай?» әнін әкелді. Қасіретке, махаббаттың алдамшы сезімге құралатынын, болмаса, бір кедергінің алдан тосып тұратынын алдыңа әкелгендей көрініс беретін туындыны жазған сазгердің кешкен қайғысын еш қиындықсыз түсінесін.      Жүрек түбіне бойлап, көңілінді еріксіз елітетін бір әні – «Ана туралы баллада» еді. Ең алғашқы орындаушысы, әнші Люция Төлешова осы әнді сахнаға алып шыққанда еңіремеген жас-кәрі болмады.  Бұл әнді Жақсыгелді 1967 жылы жазған болатын. Әнді жазуына досы, сазгер Болат Есмұхановтың «Сағыныш» атты әні себеп болды. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген балаң жігіттің анаға деген сағынышы арқау болатын бұл ән «Ана туралы балладаны» дүниеге алып келді. Ән бойынан қазақ аналаларының нағыз портретін көруге болады. Ананың ел басына қатер төнген сәттегі жарын қан майданға шығарып салып, өзі ауылдағы шаңырақты шайқалтпай, берекесін кетірмей, баласын қанаттандырып, жеткізе білген асыл бейнесін осы ән ерекше суреттеді. Ән жалпы қазақ аналарының ана ретіндегі ғана емес, ерлік пен рухқа толы  қасиетін көрсетуге жазылған. Ақ сүтінің парызы өтелмейтін, бойы үміт пен жігерге толы Анаға Жақсыгелдінің қойған мәңгілік ескерткіші осы – «Ана туралы баллада».      Жақсыгелдінің қазақ сахарасына қойған ендігі ескерткіші ол мына бір әні. Сыр мен Сібірдің, Алтай мен Атыраудың арасын мекен еткен ерке жануар бар. Жүрісі шаң ілестірмейтін, көзі қарақаттай, даланы топталып кесіп өте бергенде сахара теңізінде алтын кеме жүзіп өткендей әсер қалдыратын, қазақ киелі санаған жануар ол киік. Лағын құралай деп атайды. Киелі санайтыны сонша, мамырдың бастапқы күндері болатын қара суыққа осы құралайдың атын беріп, қазақ оны «құралайдың желі» деп атайды. Дәл осы сәтте киіктер лағын өргізіп, өздерімен бірге ертеді. Ерте жүріп, Сарысу алқабына, Ұлытау өңіріне жетеді. Керемет көрініс! Жаратқан Иемнің Адам баласы тамашалап, сүйінуді, сұлулықты үйренсін деп жаратқан көрінісі. Бірақ пенделікке салынып, сұлулыққа қараудың орнына, сұлулықты жаралауға жақын адамзат осы жануардың жанын қиюға әсте құмар болды. Есепсіз, қажетіне қарамастан осы жануарды қырып, ең соңында осы Жақсыгелдінің әнімен ғана көзге елестетін халге жеттік. Дала баласының даланы кезген жез қанат, күміс бауыр киікке қойған мәңгілік ескерткіші осы «Жезкиік» әні. Жыл сайын мамыр туғанда осы ән қазақ даласына еркелеп, жосылтып, құйқылжытып өтеді. Оны біріміз сезсек, біріміз сезбейміз. Сезу үшін құралайдың желінде Арқаға келіңіз. Оны аңсаған кездеріңізде, бір өзіңіз кең далаға симай кетесіз. Қайтарыңызда бұл даланы қимай кетесіз. Себебі бұл даланы мамыр келген сайын желмен бірге Жақсыгелдінің жезкиікке арнаған ән әуезі кезіп жүреді.      Қазақ ән өнерінің көгіне көтерілген Жақсыгелдінің қай әнін алсаңызда осындай өр рухты, терең тебіреністі, жанның жарасын емдейтін сұлу сазды әуенге тап боласыз. Оның барлық әндері құрғақ ауызбен айта салып жүрген «алтын қордан» ғана емес, әр қазақтың жүрегінен табылады. Оның сазын түсініп, жанының жағасында жүріп, әндеріне сөз жазған Кәкімбек Салықов, Тұманбай Молдағалиев, Аманжол Шамкенов, Нұрәсила Бәрменбаева, Шынболат Ділдебаев, Сайлаухан Нәкенов секілді заманының қайталанбас есімдері Жақсыгелдінің бойына қуат бітіріп, сазгер есімін биікке көтере түсті. Бәрінің де бағасын халық берді. Халық бұл есімдерді жүрек түкпіріне енгізді.       Жақсыгелді «Қарагөз» ансамблінің қысқа болған ғұмырын қайта жалғады. Небәрі үш-ақ жылдай өмір сүрген ансамбльдің орнына дала мен қаланы ән болып кезген  «Жезкиік» ансамблі, 1974 жылы дүниеге келді. Мұның ізінше «Байқоңыр», «Ой, тамаша», «Ән көңілдің ажары», Жәйрем кентінде «Сарыарқа», Сәтбаев қаласында «Арман» атты вокальды ансамбльдер жарыққа шықты. Бұл топтардың  жетекшісі де Жақсыгелді болатын. Әр аймақта әр түрлі атпен отау көтерген ансамбльдерді біріктіретін де осы Жақсыгелдінің есімі. Сол кездегі облыстың орталығы Жезқазғанда жиналып, концерт беріп, тыңдарманын рухани демеп тастайтын өнер ұжымдары, бірқатар есімдердің жұлдызын жақты. Атақты Ахат Байбосынов, Ахмедия Есмұханов, Болат Есмұханов, Береке Көшенов, Ғалым Мұхамедин, Әлия Айтжанова, Роза Байбосынова, Қыдырәлі Болмановты ән көкжиегіне көтерді. Жақсының шапағатын көрген бұл есімдер қазіргі кезде Жақсыгелді әндерінің орындаушысы ғана емес, насихатшысы, жоқтаушысына айналды. Бәрі де ұстазға, досқа, әріптеске деген зор құрметтен туған шексіз ілтипаттың баға жетпес жемісі.     Жақсыгелдінің талантына қазақ жұрты ғана емес, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Монғолия елдерімен қатар, Еуропаның Литва, Германия, Исландия халқы қошемет көрсетті. Оның әндерінің орындаушылары Бағдат Сәмединова, Роза Рымбаева, Нұрғали Нүсіпжанов, өз тыңдарманын Жақсыгелді әндерімен құлақ құрышын қандырып келеді. Бұл тізімді бүгінгі күні Лұқпан Жолдасов, Бейбіт Сейдуалиева, Айша Байбосынова секілді жұлдыздарымыз жалғастыруда.        Артында осындай өшпес мұра, үзілмейтін  ән желісін, достықтың берік үлгісін қалдырған Жақсыгелдінің бір әні «Өмірге болды ма ешкім мендей ғашық» деп аталады екен. Сарғайған қағазға үңіліп отырмын. Сөзін Сайлаухан Нәкенов жазыпты. Таспаға Қуандық Стамбакиев жазып алмаса, тірісінде бағасын білмейтін, білсекте бергіміз келмейтін пендешілігімзге ах ұрып қалар едік. Сан соғып қалатын себебіміз, әннің сөзі жазылған парақтың шетіндегі «Жақсыгелдінің соңғы әні» деген жазуға көзім түсті. Көңілге де ауыр түсті. Сарғайған қағаз менің кейіпкерімнің енді ән жазбайтынынан хабардар етіп тұрғандай. Әннің сөзіндегі «Жанарым – түн менің, Жарқылдап күлмедім. Жұртымның арқасы, Жарқырап жүргенім» дей келе, «Сәулесі санамда, Ғажап қой далам да. Ғашық болып өтейін, Мен мынау ғаламға» деген сөздері бар. Сазгердің сазды жанын сөзбен Сайлаухан ағамыз барынша жеткізіпті. Әрі қарай «Жеткенше қоңыр қаздай дауысым саған, Өткенше дүниеден ән салайын» деп жаны тебіреніп, көңіл сарайын ашады. Тылсым құдірет сездіргеніме осы әннің сазы да, сөзі де қоштасу. Өмір заңының соңғысы - қоштасуды Жақсыгелді осылай сазбен мойындады. Жұртының жүзін, басқан ізін, жалғанның сахнасын көре алмай Жақсыгелдінің жүрегі осылайша ән болып үзілді. Денесі туған жері Теректіге мәңгіге табысталды.  Рухы  ән болып көкке көтерілді. Теректідегі ақ күмбез Арқа жеріне мамырда киік келген сайын «Жезкиікті» күмбірлетіп жатқандай, әсермен рухына, талантына, қасиетіне еріксіз бас иеміз.      Нұрсерік  ЖОЛБАРЫС  

Бұл өмірге адамдар жылап келіп жатады,

Жылайтұғын себебі адамдар бар қинайтын.

Бұл өмірден адамдар жылап кетіп жатады,

Жылайтұғын себебі адамдар бар қимайтын!

 

– деп басталатын  Қадыр Мырза-Әлі ақынымыздың жыр жолдары еріксіз ойыма оралып отырғаны. Расымен де, өмірге жылап келіп, арпалысқа түсеміз. Ауырына төзіп, жеңіліне шүкіршілік етеміз. Бәрінен де қиыны өмірдің қинайтын тұсын сезінгенде, жанына батқанда көкейге мың сауалды қойып, жауабын таба алмай дүниеден баз кешіп кетесін. Біз мың сауалдың біріне жауап іздегенде, бір сауалына мың түрлі жауап алған жанның ішкі дүниесіне үңілсеңіз, еркісіз ой түбіне бойлай түсесін. Ол «Неге солай?» деген сауал еді. Иә, неге солай? . . . Оның бұл өмірге қойып кеткені мәңгілік сауалы осы еді. Жауабын әркім өз қадірі мен қасиетінше берді. Бірақ бірде біреуі оны қанағаттандырмады. Себебі, бұл сауал өмірдің мәңгі әрі заңды жалғасын табатын сауалы.

     Өмірге осы сауалды ән етіп қалдырған Жақсыгелді 1949 жылы құс жолындай созылған Жарық-Жезқазған теміржолы бойындағы Теректінің 70-ші разьезінде дүниеге келді. Әкесі Уәли теміржол бойының шебері болып еңбек етіп, анасы Ақбала үй тіршілігімен айналысқан өз шаруасы өзінде болған қарапайым жандар еді. Тағдыры ауыр басталып, Жақсыгелдінің айлығында «берсен жаныңды, таласып түріңді, көздесем көзіңді аламын» деп келетін аты өшкір «әулие» ауруы бас салды. Іңгәлаған дауысымен ата-анаға қуаныш сыйлағаннан басқа жазығы жоқ сәбиеге осыдан артық қасірет болмады. Баланың бойына дарып кеткен «әулие» ауруы жас сәбиді мүлдем қимылсыз сұлатып тастады. Көздеп келіп көзінен айырған да осы ауру еді. Адам бойына дендеп келген сәтінде үш түрлі мақсат қойып, соның біреуіне жететін «әулие» дегеніне жетіп тынды. Мұнысы аздай-ақ, Жақсыгелдіге сегіз айлық болған сәтте анасы Ақбала жарық дүниемен қоштасты. Жалғанның жазмышынан бейхабар сәби келер күннің көрсетер қасіретін қараңғы түнек күйінде қарсы алып, күн артынан күн өткізген күйінде бесікте тербеліп күтіп жатты. Жақсыгелдінің бесігін енді ана орнын басқан Дәріжан шешесі тербетті. Әкесі Уәли Жақсыгелдінің анасы Ақбала қайтыс болған соң ағайынның жесірі Дәріжанмен бас қосты. Сүйеніші отағасы қайтыс болып, құндақтағы қызы Гүлбанумен қалған еді. Енді қызымен арасы небәрі 7 айдай ғана болатын сәби, Жақсыгелдіні де бауыр басып, тәрбиелеуге көшті.  Мейірім мен балаға деген шексіз махаббаттың шуағын анасы Дәріжан Жақсыгелдіге аямады. Барынша төкті мейірімді. Соның шуағымен шомылдырды. Арада бес жыл өткенде Жақсыгелдінің ізін ілестіре дүниеге Бақтыгелдіні әкелді.

     Бойына ауыртпалықтың қамытын ілген әкесі Уәли, баласының жарық дүниені көруінен үмітті еді. Жетелеп жүріп, Мәскеудегі атақты окулист дәрігер Филатовтың қабылдауына алып барды. Жақысгелдіні жан-жақты қарап шыққан профессор Филатов: «Бұл баланың көзінің көруі мыңнан бір болатын жағдай. Оның өзіне де кепілдік жоқ. Бірақ баланың бойында ерекше қабілет бар. Болашақта таңдандыратын композитор болуы мүмкін. Мамандарымыздың болжамы осы» деп көзін емдеу мүмкін болмаса да әкенің жігерін жерге жықпады. Профессор Филатов бастаған мамандардың болжамы айдай келді. Қатарластары секілді асық ойнайтын жасқа келгенде, Жақсыгелдінің бойында музыкаға деген қабілеттің бары айдан анық білінді. Қарындасы Гүлбануды ертіп, көрші үйдегі орыстың балалайкасымен орысша түрліше ән салуды бастады. Кешке үйдегі домбыраның дүбірінен құдіретті сезініп, дарынын аша түсті. Жақсыгелді аспапта ойнап, Гүлбану ән салатын. Баланың армандары өздерінше бір ән қанатында жүргендей сезіндіретін. Солай болды да. Жақсыгелді осы талабынан қанаттанып, ән көгіне қалықтады. Есімі сол көкті шарлап кетті. Қарағандыдағы арнайы мектепте оқып жүргенде, каникул уақытында Теректідегі әке-шешесінің үйіне келіп, өзі қатарластарын жинап, ән салып, домбыра, балалайка тартуды үйрететін. Құрдастарына ән үйретіп, қарындасы Гүлбануға «брайле жазуын» үйретті. Қағаз бетіндегі бедерді сипап отыру оқу әдісі еді. Бұл үшін адам саусағы өте жоғары сезімталдықты талап етеді. Мұнымен қоймай, Гүлбануға «Тарабарский язык» атты әріптердің орынын ауыстыра отырып сөйлейтін тілді де үйретті. Сондағы мақсаты, Қарағандыда жүріп «брайле жазуымен» жазған хатын әке-шешесіне Гүлбану оқып беріп, жауабында сол жазумен жазса екен деген тілегі еді. Тілегі орындалып, жасынан үйренуге құштар Гүлбану, бұл жазуды тез меңгеріп алды. Ауылмен екі ортаға Жақсыгелді осылай байланыс орнатты. Ал, «Тарабарский язык» деп аталатын тілді үйретудегі мақсаты, үнемі жетелеп жүретін адамы Гүлбану болғандықтан, көпті ортасында айтқысы келмегенін осы тілде айтатын. Мұны да меңгерген Гүлбану Жақсыгелдінің бауыры ғана емес, нағыз сенімді көмекшісіне айналды. Жаз сайын Теректінің кешін көңілді ететін Жақсыгелдінің ерекше сезімталдығы, үйренуге деген құштарлығымен қатар, тез меңгеріп алатын қабілетін, ауылдықтар да оңай байқады. Теректідегі мектепке келіп концерт беретін. Үйірмелердің жұмысын жандандырып, ауыл өнерпаздарын музыкаға бейімдейтін. Қарындасы Гүлбану Жезқазғандағы құрылыс техникумында оқып жүріп, бұл кештен қалыспаушы еді. Себебі, құрылыс техникумындағы қазақ топтарының өнер секциясын басқаратын Гүлбану үшін ел алдында концерт беру қызықты көрінетін. Жас қыздың алғырттығы мен білімге деген құштарлығы бір нәрсеге келгенде ғана тосылып қалатын. Ол зағип ағасының Қарағандыдағы арнайы мектепті бітіргеннен кейінгі тағдыры еді. Жанына әбден батты ма, әлде бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ дегенге жаны күйзелді ме, өзі оқып жүрген құрылыс техникумының директоры Апеевтен көмек сұрап, техникумдағы өнер ұжымына жұмысқа алуын өтінді. Тағдырдың тауқіметін ерте бастан тартқан жанға Апеевтің көңілі босап, жұмысқа швейцар етіп алып, бірақ өнер ұжымына жетекшілік жасатты. Зағип болмағанда қатарластары секілді студент болар шағында студенттерге жетекшілік жасап, өнерпаздарды басқарып жүрген Жақсыгелді үшін бұдан артық қуаныш болмады. Оның үстіне жатақханадан орын да берілді. Өнерге құштар, өзіне тәнті болар жастар арасынан жақын достар тауып, жан дүниесінің күйзелісін осылай жеңе білді. Достарының арасынан Әбдуахит пен Оспан секілді нар жүгін арқалайтындай азаматқа тән ажары бар достары, Жақсыгелдінің сенімді серігі, айнымас досына айналды. Жетелеп жүріп, концертке алып келеді. Жатақханадағы бөлмесіне алып барады. Жақсыгелдінің айтқанын қағаз бетіне түсіріп, ойын кітапқа естелік етіп енгізеді. Әбдуахит пен Оспанның қатарын Қошан, Сәлімжан, Болат, Ахмедия, Әукеш секілді бойынан әнге деген құштарлығы сезілген достары толықтырды. Оқу ордасындағы қыздар жағы да қарап қалған жоқ, Айткүл мен Жұмакүл де осы өнерлі топқа келіп қосылды. Енді барлығы жүріп, үлкен бір шығармашылық топқа айналды. Қалалық, ауданаралық концерттерге қатысып, жүлдені өзгенің қанжығасына байлатпай-ақ қойды. Осыны көрген қалалық телестудияның басшысы Александр Александрович өнерлі ұжымды өзіне тартып, үлкен бір ансамбльдің дүниеге келуіне септігін тигізді. Жалынды жастардың жанарынан үкілі үмітпен атақты «Қарагөз» ансамблі осылайша дүниеге келді. Алғашқы концертін Абайдың «Қарагөз» әнімен ашқан ансамбльдің атағы Жезқазған аймағына ғана емес, Республика жұртшылығының қошеметіне ие болды. Репертуарына Шәмші Қалдаяқовтың, қазақ, орыс халықтарының әндерін енгізіп, көрермен жанына ерекше күй сыйлаған «Қарагөз» ансамблінің ән қоржыны, Жақсыгелдінің әндерімен де толықты. Ән қанатында жүріп, Жақсыгелдінің алғаш дүниеге әкелген әні «Неге солай?» еді. Тылсым құдіреттің күшімен Баян есімді қызға махаббатын сезіне жүріп, әке-шешісіне сол қызға үйленгісі келетінін айтты. Жездесі Сәруарға бастатып, қызды айттыруға Теректінің тұсындағы 66 разьезге жібереді. Үйге келген адамдардың мән жайын білген қыздың анасы, азарда-безер болып, қызын бермейтінін айтып, құдалықты кері қайтарды. Салысы суға кетіп, үйге оралған жездесі Сәруардың жүректі жұлардай хабарын естіген Жақсыгелді өмірге «Неге солай?» әнін әкелді. Қасіретке, махаббаттың алдамшы сезімге құралатынын, болмаса, бір кедергінің алдан тосып тұратынын алдыңа әкелгендей көрініс беретін туындыны жазған сазгердің кешкен қайғысын еш қиындықсыз түсінесін. 

    Жүрек түбіне бойлап, көңілінді еріксіз елітетін бір әні – «Ана туралы баллада» еді. Ең алғашқы орындаушысы, әнші Люция Төлешова осы әнді сахнаға алып шыққанда еңіремеген жас-кәрі болмады.  Бұл әнді Жақсыгелді 1967 жылы жазған болатын. Әнді жазуына досы, сазгер Болат Есмұхановтың «Сағыныш» атты әні себеп болды. Отан алдындағы борышын өтеп жүрген балаң жігіттің анаға деген сағынышы арқау болатын бұл ән «Ана туралы балладаны» дүниеге алып келді. Ән бойынан қазақ аналаларының нағыз портретін көруге болады. Ананың ел басына қатер төнген сәттегі жарын қан майданға шығарып салып, өзі ауылдағы шаңырақты шайқалтпай, берекесін кетірмей, баласын қанаттандырып, жеткізе білген асыл бейнесін осы ән ерекше суреттеді. Ән жалпы қазақ аналарының ана ретіндегі ғана емес, ерлік пен рухқа толы  қасиетін көрсетуге жазылған. Ақ сүтінің парызы өтелмейтін, бойы үміт пен жігерге толы Анаға Жақсыгелдінің қойған мәңгілік ескерткіші осы – «Ана туралы баллада».

     Жақсыгелдінің қазақ сахарасына қойған ендігі ескерткіші ол мына бір әні. Сыр мен Сібірдің, Алтай мен Атыраудың арасын мекен еткен ерке жануар бар. Жүрісі шаң ілестірмейтін, көзі қарақаттай, даланы топталып кесіп өте бергенде сахара теңізінде алтын кеме жүзіп өткендей әсер қалдыратын, қазақ киелі санаған жануар ол киік. Лағын құралай деп атайды. Киелі санайтыны сонша, мамырдың бастапқы күндері болатын қара суыққа осы құралайдың атын беріп, қазақ оны «құралайдың желі» деп атайды. Дәл осы сәтте киіктер лағын өргізіп, өздерімен бірге ертеді. Ерте жүріп, Сарысу алқабына, Ұлытау өңіріне жетеді. Керемет көрініс! Жаратқан Иемнің Адам баласы тамашалап, сүйінуді, сұлулықты үйренсін деп жаратқан көрінісі. Бірақ пенделікке салынып, сұлулыққа қараудың орнына, сұлулықты жаралауға жақын адамзат осы жануардың жанын қиюға әсте құмар болды. Есепсіз, қажетіне қарамастан осы жануарды қырып, ең соңында осы Жақсыгелдінің әнімен ғана көзге елестетін халге жеттік. Дала баласының даланы кезген жез қанат, күміс бауыр киікке қойған мәңгілік ескерткіші осы «Жезкиік» әні. Жыл сайын мамыр туғанда осы ән қазақ даласына еркелеп, жосылтып, құйқылжытып өтеді. Оны біріміз сезсек, біріміз сезбейміз. Сезу үшін құралайдың желінде Арқаға келіңіз. Оны аңсаған кездеріңізде, бір өзіңіз кең далаға симай кетесіз. Қайтарыңызда бұл даланы қимай кетесіз. Себебі бұл даланы мамыр келген сайын желмен бірге Жақсыгелдінің жезкиікке арнаған ән әуезі кезіп жүреді.

     Қазақ ән өнерінің көгіне көтерілген Жақсыгелдінің қай әнін алсаңызда осындай өр рухты, терең тебіреністі, жанның жарасын емдейтін сұлу сазды әуенге тап боласыз. Оның барлық әндері құрғақ ауызбен айта салып жүрген «алтын қордан» ғана емес, әр қазақтың жүрегінен табылады. Оның сазын түсініп, жанының жағасында жүріп, әндеріне сөз жазған Кәкімбек Салықов, Тұманбай Молдағалиев, Аманжол Шамкенов, Нұрәсила Бәрменбаева, Шынболат Ділдебаев, Сайлаухан Нәкенов секілді заманының қайталанбас есімдері Жақсыгелдінің бойына қуат бітіріп, сазгер есімін биікке көтере түсті. Бәрінің де бағасын халық берді. Халық бұл есімдерді жүрек түкпіріне енгізді.

      Жақсыгелді «Қарагөз» ансамблінің қысқа болған ғұмырын қайта жалғады. Небәрі үш-ақ жылдай өмір сүрген ансамбльдің орнына дала мен қаланы ән болып кезген  «Жезкиік» ансамблі, 1974 жылы дүниеге келді. Мұның ізінше «Байқоңыр», «Ой, тамаша», «Ән көңілдің ажары», Жәйрем кентінде «Сарыарқа», Сәтбаев қаласында «Арман» атты вокальды ансамбльдер жарыққа шықты. Бұл топтардың  жетекшісі де Жақсыгелді болатын. Әр аймақта әр түрлі атпен отау көтерген ансамбльдерді біріктіретін де осы Жақсыгелдінің есімі. Сол кездегі облыстың орталығы Жезқазғанда жиналып, концерт беріп, тыңдарманын рухани демеп тастайтын өнер ұжымдары, бірқатар есімдердің жұлдызын жақты. Атақты Ахат Байбосынов, Ахмедия Есмұханов, Болат Есмұханов, Береке Көшенов, Ғалым Мұхамедин, Әлия Айтжанова, Роза Байбосынова, Қыдырәлі Болмановты ән көкжиегіне көтерді. Жақсының шапағатын көрген бұл есімдер қазіргі кезде Жақсыгелді әндерінің орындаушысы ғана емес, насихатшысы, жоқтаушысына айналды. Бәрі де ұстазға, досқа, әріптеске деген зор құрметтен туған шексіз ілтипаттың баға жетпес жемісі.

    Жақсыгелдінің талантына қазақ жұрты ғана емес, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Монғолия елдерімен қатар, Еуропаның Литва, Германия, Исландия халқы қошемет көрсетті. Оның әндерінің орындаушылары Бағдат Сәмединова, Роза Рымбаева, Нұрғали Нүсіпжанов, өз тыңдарманын Жақсыгелді әндерімен құлақ құрышын қандырып келеді. Бұл тізімді бүгінгі күні Лұқпан Жолдасов, Бейбіт Сейдуалиева, Айша Байбосынова секілді жұлдыздарымыз жалғастыруда.

       Артында осындай өшпес мұра, үзілмейтін  ән желісін, достықтың берік үлгісін қалдырған Жақсыгелдінің бір әні «Өмірге болды ма ешкім мендей ғашық» деп аталады екен. Сарғайған қағазға үңіліп отырмын. Сөзін Сайлаухан Нәкенов жазыпты. Таспаға Қуандық Стамбакиев жазып алмаса, тірісінде бағасын білмейтін, білсекте бергіміз келмейтін пендешілігімзге ах ұрып қалар едік. Сан соғып қалатын себебіміз, әннің сөзі жазылған парақтың шетіндегі «Жақсыгелдінің соңғы әні» деген жазуға көзім түсті. Көңілге де ауыр түсті. Сарғайған қағаз менің кейіпкерімнің енді ән жазбайтынынан хабардар етіп тұрғандай. Әннің сөзіндегі «Жанарым – түн менің, Жарқылдап күлмедім. Жұртымның арқасы, Жарқырап жүргенім» дей келе, «Сәулесі санамда, Ғажап қой далам да. Ғашық болып өтейін, Мен мынау ғаламға» деген сөздері бар. Сазгердің сазды жанын сөзбен Сайлаухан ағамыз барынша жеткізіпті. Әрі қарай «Жеткенше қоңыр қаздай дауысым саған, Өткенше дүниеден ән салайын» деп жаны тебіреніп, көңіл сарайын ашады. Тылсым құдірет сездіргеніме осы әннің сазы да, сөзі де қоштасу. Өмір заңының соңғысы - қоштасуды Жақсыгелді осылай сазбен мойындады. Жұртының жүзін, басқан ізін, жалғанның сахнасын көре алмай Жақсыгелдінің жүрегі осылайша ән болып үзілді. Денесі туған жері Теректіге мәңгіге табысталды.  Рухы  ән болып көкке көтерілді. Теректідегі ақ күмбез Арқа жеріне мамырда киік келген сайын «Жезкиікті» күмбірлетіп жатқандай, әсермен рухына, талантына, қасиетіне еріксіз бас иеміз. 

 

 

Нұрсерік  ЖОЛБАРЫС

 

Бөлісу: