САРЫАРҚАНЫҢ ӘН ӨНЕРІНІҢ САҢЛАҒЫ немесе қазақ дәстүрлі ән өнерін дамуына зор үлес қосқан Ғалым Мұхаме

6 Желтоқсан 2013, 03:35

Адам - өз өмірінің сәулетшісі. Даралар да, қаралар да, даналар да қонақ болып өтетін мына дүниеде әркім өз өмір соқпағын өзі сомдайды. Оның мәнді де, сәнді, мағыналы да, мазмұнды болуы сол өмір иесінің қарымы мен қасиетіне байланысты. Құдіретті табиғат адами қасиеттерін мол дарытқан, Жаратқан Ием бойына өнердің киесін қондырып, қазақ әнін аспанымызда әуелете шырқаған  Ғалым Мұхамедин ағамыздың ғұмырнамасының айшықты ғибраты соның айқын белгісі. Бүгінгі күні 60 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған ағамыздың өнегелі өмірі жайлы біз де қалам тартқанды жөн көрдік. Ақындар жырға қосып, әншілер ән әуезімен тербеткен жыр арқауы – Жаңаарқа өңірінде 1952 жылы 20 мамырда дүниеге келген Ғалым аға, бала кезінен өнерге жаны құштар, талапты болып өссе керек. Ауылдағы кішігірім іс-шараларда қолына қара домбырасын алып, тыңдарманын бей-жай қалдырмайтын «әнші бала» атанған қара домалаққа елі танданысын жасыра алмайтын. «Болашақта осы бала әнші болады» деп жас – кәрісі күңкілдесіп жататын. Көптің тілегі қабыл болып, «әнші бала» өсе келе, «Әнші ағаға» айналды.  1969 жылы ауылдағы орта мектепті бітіргеннен кейін, туған ауылында қатардағы жұмысшы болып еңбек жолын бастады. Еңбек ете жүріп, әншілік өнерімен де көпшілікке танылды.  Жұмыстан қолы қалт еткенде жанына серік етері – киелі қара домбырасы еді. Домбыраның қос шегіне халықтың әндерін салып, әннің тарихында мәнерлеп әңгімелей білетін. Қолындағы домбыраның қос шегінен шыққан бірде мұңды, бірде жайдары әуез беретін қасиетіне қарап, қазақтың ән өнерінің құдіретін сезінді. Алты мыңжылдық тарихы бар бабалар мұрасы - домбыраның шығу тарихын да насихаттай жүрді. Қолына ұстаған домбырасының астыңғы ішегінен Зарлықтың жіңішке, үстіңгі ішегінен Мұңлықтың бос қоңыр дауысы шыққан аспаптың киесі мен қасиетін жас кезінен түсініп өсті. Табиғи талантын лезде-ақ көрсете білген Ғалым аға 1971 жылы Жаңаарқа аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып, ауыл еңбеккерлеріне мәдени қызмет көрсетуге белсене қатысты. Бұл оның кәсіби  өнердегі жолының бастауы еді.  Өнер жолындығы алғашқы жетістігіне 1973 жылы жетіп, Жезқазған облыстық көркемөнерпаздар байқауында жүлдегер атанды. Сол жылы республикалық эстрадалық өнер студиясына оқуға түсіп,  елімізге танымал халық әртісі Жүсіпбек Елебековтың сыныбын ойдағыдай бітіріп шықты. Атақты халық әртісі Жүсіпбек Елебековтың ең соңғы шәкірті де осы - Ғалым аға болатын.  «Соңғы шәкіртімін» деген суық сөзді жақтыртпайтын әнші қазіргі күні Ж.Елебековтен үйренгенін өзгелерге үйретіп, оның мұрасын кеңінен насихаттап жүрген жайы бар.   Өнердің биік табалдырағын аттап, ән өнерінің көгіне шалқыған, жақсылардың шапағатын көрген Ғалым аға 1975 жылы Мәдениет министрлігінің арнайы жолдамасымен Жезқазғанға келіп,  «Жезкиік» ансамбліне әнші болып қабылданып, Жезқазған облыстық филармониясының негізін қалаушылардың бірі болды. Міне, содан бері үзбей осы ұжымда үздіксіз табан аудармастан қызмет атқарып келеді. Сібірден Сырға, Алтайдан Атырауға дейінгі шартарапты алып жатқан қазақ даласын кеңінен шарлап, асқақ әнімен тыңдаушыларын сүйсіндіре сусындатты. Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Латвия, Эстония, Литва және Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалалары мен Германияда болып, өнерсүйер қауымның құрметіне бөлене отырып, қазақтың халық әндерін барынша насихаттады. Халық әндерімен қатар Тайжан, Әміре, Жақсыгелдінің әндерін Еуропа төрінде талай шырқады. Қазақ халқының музыка өнерінің асқақтығын дәлелдеп, тыңдарманын өзіне тәнті етті.          Бір басы ие болған жетістіктері де аз емес.  Республикалық, облыстық деңгейлердегі Құрмет грамоталарына ие болды. 1985 жылы жастардың республикалық «Жігер» фестивалінің, 1988 жылы республикалық Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың жүлдегері атанды. Табиғи талантының, орындаушылық шеберлігінің, әнге деген талғампаздығының арқасында елімізге кеңінен танымал болған  Ғалым Мұхамединге 1995 жылы «Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді. 1999 жылы академик Қ.И Сәтбаевтың сүйіп орындайтын әндер байқауының бірінші жүлдесінде жеңіп алған Ғалым ағамыз болатын. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойы қарсаңында  Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» және 2002 жылы Мәдениет министірлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Қаланың мәдениет саласына сіңірген жоғары еңбегі үшін 2002 жылы «Жезқазған қаласының Құрметті азаматы»  атағы беріліп,  қалалық мәдениет бөлімінің «Алтын кітабына»  есімі енгізілді. 2006 жылы Қарағанды облысы әкімінің сыйлығы « Ең үздік халық  әндерін орындағаны үшін» номинациясы бойынша мараппатталды. Бір адамға жетерлік абырой мен атақ, данқ та бар. Ғалым аға үшін осылардың ішіндегілерінің ең маңыздысы халықтың қошеметі.       Ғалым ағаның орындайтын ән қоры бай бола тұрса да, ол үнемі ізденіс үстінде. Бүгінде ұмытылған немесе сирек орындалатын әндердерін  жалықпай жинап, халқымыздың мәдени игілігіне  айналдыруда. «Қос апаның әні», «Көк айдай», «Ертөлеудің әні» және Тайжан Қалмағамбетовтің ұмыт болған әндерін халық арасынан жинап, қазақ музыкасының алтын қорына қосуы қыруар еңбегінің нәтижесі. Жақсыгелді Сейіловтың «Жезкиік» әнін домбыраға салып, радиодан  шырқаған да Ғалым аға. Өткен жылы жарық көрген күйтабағына «Жезкиік» деген атау беріп, сыртына даланы кезген киіктің суретін қоюын Жақсыгелді ағадан кейін «Жез киікке» рухани ескерткіш қоюы деп білдік.  Бүгінде домбырамен Ғалым ағаның орындауында айтылған бұл ән «Қазақ радиосының» Алтын қорында сақтаулы.      Оның ізденгіштік, ел тарихына деген құмарлығы тәрізді қасиеттері ізін басып келе жатқан шәкірттерінің бойынан табылады. Бұл іске де тәрбиелегенде өзі. Шебер орындаушы ғана емес, ұлағатты ұстаз қырынан да танылып жүрген ағамыз бүгінгі күні Жезқазған саз колледжінде домбырамен ән салу мамандығы бойынша Жүсіпбек Елебековтың дәстүрін насихаттап дәріс беруде. Дәрістерінде қазақ ән өнерінің жаңғыруына лайықты үлесін қосып келеді. Ғалым ағаның сыныбын бітіргендердің алды өнер ұжымдарында еңбек етіп, республикалық, халықаралық байқауларда өнердің биік асуларын бағындыра бастаса, енді бірнешеуі өнер ордасы Алматыда  білімдерін жалғастырып жатыр.      Ғалым аға жайлы сөз қозғағанда жары Әлия Айтжанова жайлы айтпай кету мүмкін емес. Тарихы шежіре, топырағы киелі Ақтоғай өңірінде 1952 жылы дүниеге келген Әлия апайдың бойындағы өнер Ғалым ағаның өнерімен лезде тіл табысты.  Әлия апайдың жетістігі де өз алдына бір төбе. 1975 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жастар фестивалінде лауреат атанды.  КСРО халық шаруашылығы көрмесінде қола медалін еншіледі. «Жезкиік» ансамблінде конферансье болып жүріп сахна мәдениетін терең меңгерген жан бүгінгі күні көркем сөз өнерінің шебері атанды. Облыстық Мәдениет басқармасының «Жыл конферансьесі»  деп тануының өзі Әлия апайдың өнерге деген махаббатына құрмет деп білеміз. 2002 жылы ҚР «Мәдениет қайраткері» атанып, еңбегінің лайықты марапатын алды.   Екеуін табыстарған киелі өнер өмірде де бірге болуын қалаған екен. 1977 жылы Ғалым аға мен Әлия апай  шаңырақ көтерді. Міне, содан бері 35 жыл бойы жұптары жазылмай Т.Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясында бірге еңбек етіп келеді. Әлия апай филармониядағы концерттерді ұйымдастырып, сахнаны өзі ашады. Ғалым аға сахна төрінде ән салады. Жарасымды жұп осылайша бір-біріне демеу болып, қазақ ән өнерін көкке көтеріп келеді. Өнердің айдынында, қуанышы мен мұңы қатар жүретін  өмірдің жолында  қатарласып келе жатқан Ғалым аға мен Әлия апай қол ұстасып, тағдырдың талтүсі - асқарлы 60 жасқа да келіп жетті. Жүйрік уақыттың ұшқыр қанатына кім ілесіпті?! Кеше ғана сияқты еді, Жақсыгелді, Ахат, Береке тәрізді замандастарымен бозбала күйінде осы шаңыраққа енгені.  Бүгін самайына ақ түсіп, кезекті концертіне жары Әлиямен бірге дайындалып жүр. Сахнаны қалай безендіреміз, жұртқа жаңа не ұсынамыз деген оймен екеуі кезекті концерттің деңгейін бұрынғысынан жақсырақ етуге тырысуда. Себебі, өнердің талабы, бұл ән бұрынғы әннен өзгерек болуы керек. Осыны өнерлі жұп естен шығармайды.       Қызығып-ақ қарайсың. Өмірде, өнерде, өлеңде де екеуі  бірге. Таңертеңгілік өздері негізін қалаған қарашаңырақ филармонияға қарай аяңдайды. Күні бойы дайындық жасайды. Кешқұрым халық алдында өнерлерін паш етеді. Халықтың қошеметіне бөленеді. Елдің ықыласын алып, түнгі қала Жезқазғанның жарқыраған шамдарының сәулесімен екі жұп бірін-бірі қолтықтап, үйге қарай аяңдап кетіп бара жатады. Бұл көрініс жезқазғандықтардың көз алдында қырық жыл уақыт бойы  күн сайын қайталанып келеді. Өнерсүйер қауымға да керегі осы көрініс. Себебі оларға жабықтырмайтын, жалықтырмайтын осындай ән мен әнші керек!   Нұрсерік  ЖОЛБАРЫС

Адам - өз өмірінің сәулетшісі. Даралар да, қаралар да, даналар да қонақ болып өтетін мына дүниеде әркім өз өмір соқпағын өзі сомдайды. Оның мәнді де, сәнді, мағыналы да, мазмұнды болуы сол өмір иесінің қарымы мен қасиетіне байланысты. Құдіретті табиғат адами қасиеттерін мол дарытқан, Жаратқан Ием бойына өнердің киесін қондырып, қазақ әнін аспанымызда әуелете шырқаған  Ғалым Мұхамедин ағамыздың ғұмырнамасының айшықты ғибраты соның айқын белгісі. Бүгінгі күні 60 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған ағамыздың өнегелі өмірі жайлы біз де қалам тартқанды жөн көрдік.

Ақындар жырға қосып, әншілер ән әуезімен тербеткен жыр арқауы – Жаңаарқа өңірінде 1952 жылы 20 мамырда дүниеге келген Ғалым аға, бала кезінен өнерге жаны құштар, талапты болып өссе керек. Ауылдағы кішігірім іс-шараларда қолына қара домбырасын алып, тыңдарманын бей-жай қалдырмайтын «әнші бала» атанған қара домалаққа елі танданысын жасыра алмайтын. «Болашақта осы бала әнші болады» деп жас – кәрісі күңкілдесіп жататын. Көптің тілегі қабыл болып, «әнші бала» өсе келе, «Әнші ағаға» айналды.  1969 жылы ауылдағы орта мектепті бітіргеннен кейін, туған ауылында қатардағы жұмысшы болып еңбек жолын бастады. Еңбек ете жүріп, әншілік өнерімен де көпшілікке танылды.  Жұмыстан қолы қалт еткенде жанына серік етері – киелі қара домбырасы еді. Домбыраның қос шегіне халықтың әндерін салып, әннің тарихында мәнерлеп әңгімелей білетін. Қолындағы домбыраның қос шегінен шыққан бірде мұңды, бірде жайдары әуез беретін қасиетіне қарап, қазақтың ән өнерінің құдіретін сезінді. Алты мыңжылдық тарихы бар бабалар мұрасы - домбыраның шығу тарихын да насихаттай жүрді. Қолына ұстаған домбырасының астыңғы ішегінен Зарлықтың жіңішке, үстіңгі ішегінен Мұңлықтың бос қоңыр дауысы шыққан аспаптың киесі мен қасиетін жас кезінен түсініп өсті. Табиғи талантын лезде-ақ көрсете білген Ғалым аға 1971 жылы Жаңаарқа аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып, ауыл еңбеккерлеріне мәдени қызмет көрсетуге белсене қатысты. Бұл оның кәсіби  өнердегі жолының бастауы еді.

 Өнер жолындығы алғашқы жетістігіне 1973 жылы жетіп, Жезқазған облыстық көркемөнерпаздар байқауында жүлдегер атанды. Сол жылы республикалық эстрадалық өнер студиясына оқуға түсіп,  елімізге танымал халық әртісі Жүсіпбек Елебековтың сыныбын ойдағыдай бітіріп шықты. Атақты халық әртісі Жүсіпбек Елебековтың ең соңғы шәкірті де осы - Ғалым аға болатын.  «Соңғы шәкіртімін» деген суық сөзді жақтыртпайтын әнші қазіргі күні Ж.Елебековтен үйренгенін өзгелерге үйретіп, оның мұрасын кеңінен насихаттап жүрген жайы бар.  

Өнердің биік табалдырағын аттап, ән өнерінің көгіне шалқыған, жақсылардың шапағатын көрген Ғалым аға 1975 жылы Мәдениет министрлігінің арнайы жолдамасымен Жезқазғанға келіп,  «Жезкиік» ансамбліне әнші болып қабылданып, Жезқазған облыстық филармониясының негізін қалаушылардың бірі болды. Міне, содан бері үзбей осы ұжымда үздіксіз табан аудармастан қызмет атқарып келеді. Сібірден Сырға, Алтайдан Атырауға дейінгі шартарапты алып жатқан қазақ даласын кеңінен шарлап, асқақ әнімен тыңдаушыларын сүйсіндіре сусындатты.

Өзбекстан, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Латвия, Эстония, Литва және Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалалары мен Германияда болып, өнерсүйер қауымның құрметіне бөлене отырып, қазақтың халық әндерін барынша насихаттады. Халық әндерімен қатар Тайжан, Әміре, Жақсыгелдінің әндерін Еуропа төрінде талай шырқады. Қазақ халқының музыка өнерінің асқақтығын дәлелдеп, тыңдарманын өзіне тәнті етті.   

      Бір басы ие болған жетістіктері де аз емес.  Республикалық, облыстық деңгейлердегі Құрмет грамоталарына ие болды. 1985 жылы жастардың республикалық «Жігер» фестивалінің, 1988 жылы республикалық Әміре Қашаубаев атындағы байқаудың жүлдегері атанды. Табиғи талантының, орындаушылық шеберлігінің, әнге деген талғампаздығының арқасында елімізге кеңінен танымал болған  Ғалым Мұхамединге 1995 жылы «Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді. 1999 жылы академик Қ.И Сәтбаевтың сүйіп орындайтын әндер байқауының бірінші жүлдесінде жеңіп алған Ғалым ағамыз болатын. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойы қарсаңында  Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» және 2002 жылы Мәдениет министірлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Қаланың мәдениет саласына сіңірген жоғары еңбегі үшін 2002 жылы «Жезқазған қаласының Құрметті азаматы»  атағы беріліп,  қалалық мәдениет бөлімінің «Алтын кітабына»  есімі енгізілді. 2006 жылы Қарағанды облысы әкімінің сыйлығы « Ең үздік халық  әндерін орындағаны үшін» номинациясы бойынша мараппатталды. Бір адамға жетерлік абырой мен атақ, данқ та бар. Ғалым аға үшін осылардың ішіндегілерінің ең маңыздысы халықтың қошеметі.

      Ғалым ағаның орындайтын ән қоры бай бола тұрса да, ол үнемі ізденіс үстінде. Бүгінде ұмытылған немесе сирек орындалатын әндердерін  жалықпай жинап, халқымыздың мәдени игілігіне  айналдыруда. «Қос апаның әні», «Көк айдай», «Ертөлеудің әні» және Тайжан Қалмағамбетовтің ұмыт болған әндерін халық арасынан жинап, қазақ музыкасының алтын қорына қосуы қыруар еңбегінің нәтижесі. Жақсыгелді Сейіловтың «Жезкиік» әнін домбыраға салып, радиодан  шырқаған да Ғалым аға. Өткен жылы жарық көрген күйтабағына «Жезкиік» деген атау беріп, сыртына даланы кезген киіктің суретін қоюын Жақсыгелді ағадан кейін «Жез киікке» рухани ескерткіш қоюы деп білдік.  Бүгінде домбырамен Ғалым ағаның орындауында айтылған бұл ән «Қазақ радиосының» Алтын қорында сақтаулы.

     Оның ізденгіштік, ел тарихына деген құмарлығы тәрізді қасиеттері ізін басып келе жатқан шәкірттерінің бойынан табылады. Бұл іске де тәрбиелегенде өзі. Шебер орындаушы ғана емес, ұлағатты ұстаз қырынан да танылып жүрген ағамыз бүгінгі күні Жезқазған саз колледжінде домбырамен ән салу мамандығы бойынша Жүсіпбек Елебековтың дәстүрін насихаттап дәріс беруде. Дәрістерінде қазақ ән өнерінің жаңғыруына лайықты үлесін қосып келеді. Ғалым ағаның сыныбын бітіргендердің алды өнер ұжымдарында еңбек етіп, республикалық, халықаралық байқауларда өнердің биік асуларын бағындыра бастаса, енді бірнешеуі өнер ордасы Алматыда  білімдерін жалғастырып жатыр.

     Ғалым аға жайлы сөз қозғағанда жары Әлия Айтжанова жайлы айтпай кету мүмкін емес. Тарихы шежіре, топырағы киелі Ақтоғай өңірінде 1952 жылы дүниеге келген Әлия апайдың бойындағы өнер Ғалым ағаның өнерімен лезде тіл табысты.  Әлия апайдың жетістігі де өз алдына бір төбе. 1975 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық жастар фестивалінде лауреат атанды.  КСРО халық шаруашылығы көрмесінде қола медалін еншіледі. «Жезкиік» ансамблінде конферансье болып жүріп сахна мәдениетін терең меңгерген жан бүгінгі күні көркем сөз өнерінің шебері атанды. Облыстық Мәдениет басқармасының «Жыл конферансьесі»  деп тануының өзі Әлия апайдың өнерге деген махаббатына құрмет деп білеміз. 2002 жылы ҚР «Мәдениет қайраткері» атанып, еңбегінің лайықты марапатын алды.

  Екеуін табыстарған киелі өнер өмірде де бірге болуын қалаған екен. 1977 жылы Ғалым аға мен Әлия апай  шаңырақ көтерді. Міне, содан бері 35 жыл бойы жұптары жазылмай Т.Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясында бірге еңбек етіп келеді. Әлия апай филармониядағы концерттерді ұйымдастырып, сахнаны өзі ашады. Ғалым аға сахна төрінде ән салады. Жарасымды жұп осылайша бір-біріне демеу болып, қазақ ән өнерін көкке көтеріп келеді. Өнердің айдынында, қуанышы мен мұңы қатар жүретін  өмірдің жолында  қатарласып келе жатқан Ғалым аға мен Әлия апай қол ұстасып, тағдырдың талтүсі - асқарлы 60 жасқа да келіп жетті. Жүйрік уақыттың ұшқыр қанатына кім ілесіпті?! Кеше ғана сияқты еді, Жақсыгелді, Ахат, Береке тәрізді замандастарымен бозбала күйінде осы шаңыраққа енгені.  Бүгін самайына ақ түсіп, кезекті концертіне жары Әлиямен бірге дайындалып жүр. Сахнаны қалай безендіреміз, жұртқа жаңа не ұсынамыз деген оймен екеуі кезекті концерттің деңгейін бұрынғысынан жақсырақ етуге тырысуда. Себебі, өнердің талабы, бұл ән бұрынғы әннен өзгерек болуы керек. Осыны өнерлі жұп естен шығармайды.

      Қызығып-ақ қарайсың. Өмірде, өнерде, өлеңде де екеуі  бірге. Таңертеңгілік өздері негізін қалаған қарашаңырақ филармонияға қарай аяңдайды. Күні бойы дайындық жасайды. Кешқұрым халық алдында өнерлерін паш етеді. Халықтың қошеметіне бөленеді. Елдің ықыласын алып, түнгі қала Жезқазғанның жарқыраған шамдарының сәулесімен екі жұп бірін-бірі қолтықтап, үйге қарай аяңдап кетіп бара жатады. Бұл көрініс жезқазғандықтардың көз алдында қырық жыл уақыт бойы  күн сайын қайталанып келеді. Өнерсүйер қауымға да керегі осы көрініс. Себебі оларға жабықтырмайтын, жалықтырмайтын осындай ән мен әнші керек!

 

Нұрсерік  ЖОЛБАРЫС

Бөлісу: