ЖАЗЫҚСЫЗ ЖАЛА ҚҰРБАНЫ

6 Желтоқсан 2013, 03:32

Әдеттегінше кешкі мезгілде жергілікті «Дидар» арнасының қорытынды жаңалықтарын көріп отырған болатынмын. Сол күнгі басты жаңалықтардың бірі – қала әкімінің тұрғындарды қабылдап, азаматтардың мұң-мұқтажымен танысып жатқандығы еді. Көріп отырған жанға әдеттегі жаңалықтардың бірі. Бірақ мені қала әкімнің қабылдауына келген зейнеткер Исатаева Шолпан Әбішқызының мәселесі қатты қызықтырды. Бұрындары да хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздеп тауып, іздестіру жұмысына машықтанып алған мен үшін айналысатын тағы бір тақырып табылғандай болды. Әкімнің қабылдауына келген Шолпан Исатаеваның Ұлы Отан соғысына аттанып, ұшты-күйлі жоқ болып, дерексіз кеткен нағашы атасы Балықпаев Асқарды іздеу үшін Ресейдің Мәскеу қаласына аттануға қала әкімінен қаржылай көмек сұрай келгені айтылды. Қала әкімі бұл мәселені шешудің жолдарын қарастыратынын ғана айтып, Шолпан Исатаеваның көңіліне демеу бергендей болды.       Хабарды ести сала қала әкімдігіне хабарласып, Шолпан Исатаеваның мекен-жайы мен байланыс телефонын беруін өтіндім. Іздестіру жұмысын да өзім мойныма алғым келетінін тағы айттым. Дереу Шолпан Исатаеваға қоңырау шалып: «Шенеуніктерге жүктеген аманатыңызды маған тапсырсаңыз екен. Мүмкіндік болса, жұмыс орныма келсеңіз. Мәселенің мән-жайына қанығу үшін әңгімелескім келеді» деп өтінішімді білдірдім. Араға көп уақыт өткізбей Шолпан апайдың өзі де жетті. Самайын ақ шалып, жоғалған жаннан үміті үзілмегені ашық жарқын бейнесінен –ақ көрініп тұр. Қолында қат-қат қағаз. Екі бумаға орап әкелген қағазда екі жанның тағдыры жатыр екен. Амандасып, танысып біліскен соң іле-шала Шолпан апай: «Балам, ақыры менің шаруамды мойныңа алады екенсің. Іздеуге көмек беремін дейсің. Мен бүгін саған екі әкемнің жоғын жоқтап келіп отырмын. Бірі нағашым Балықпаев Асқар - Ұлы Отан соғысында хабарсыз кетті. Ал екіншісі өз атам Исатаев Ғаббас – Сталиндік қуғын –сүргін құрбаны. 1938 жылы атылып кетті. Туған жері мен ұсталған жері Солтүстік Қазақстан облысының Төңкеріс ауданы. Атылған жері мен жерленген орыны туралы, қудалаудың себептері туралы мәліметтерге қол жеткізе алмай отырмын. Осы екеуіне де қол ұшыңды берсең екен», -  деп өз аманатын жүктеді.      Көп күттірмей мен де іске кірістім. Бірі Мәскеудің, бірі Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавелдың мұрағатын қарауды талап етеді. Электронды байланыс құралдары дамыған мына заманда алысты жақындатқан интернеттің көмегімен мұрағаттардың мекен-жайларын анықтап алып, байланысқа шықтым. Соғыста жоғалған Балықпаев Асқар туралы деректі іздестіруге Ресей Федерациясы Президентінің Әкімшілігінің Кеңесшісі А.Дозоров көмегін беретінін айтып, хат жолдады. Жақын арада табылып қалады деген үміт те жоқ емес. Ал, жазықсыз атылған Исатаев Ғаббастың деректері көп күттірген жоқ. Солтүстік Қазақстан облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің мұрағатынан табылған мына құжаттарға қарап, еріксіз ойға кетіп, жазықсыз құрбанның рухы алдында өзіңді кінәлідей сезінесің.       Мұрағат құжаттарына назар аударып, жазықсыз атылған жанның ісімен таныстым. Саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Исатаев Ғаббастың 2 сиыры мен 1 ат және ағаш үйі үшін «бай» атанып, атылып кеткені кімді болса да күйзелтері анық. Қазақ зиялыларының қатарына қосылып, ауыл мектебінде сабақ беріп жүрген жерінен ұсталған Исатаев Ғаббас 1897 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Төңкеріс ауданы, Социал селосында дүниеге келген екен. Жас кезінен-ақ білімге құштар жан орысша, арабша білім алған. Алған білімін елге үйретіп, ел арасындағы көзі ашық, көкірегі ояу жандардың қатарынан табылса керек. Ауылдағы босаған үйлердің бірін мектепке лайықтап, ауыл балаларын арабша, орысша хат танытып, сауатын ашқан. 1931 жылы «бай тұқымы» деген желеумен партия қатарынан шығарылады. Осы жылдардан бастап НКВД-ның қырағы көзіне іліккен Ғаббас Исатаев Сталиндік қуғындаудан тыс қалмады. Шолпан апай өзінің  әкесі Әбіштің ауызынан естіген сөзіне қарағанда атасы Ғаббас Исатаевты 1938 жылы 3 ақпан күні кешқұрым уақытта НКВД жендеттері тұтқындап алып кетсе керек. Бұл кезде Шолпан апайдың әкесі Әбіш 14 жаста, бауырлары Қалымбек 6 жаста, Хабиба 7 жаста болатын. Ал, Ғаббас Исатаевтың әйелі Жәмила небәрі 33 жастан енді асқан. Үйдегі жас ана мен 3 баласы әкесін алып кеткен жолға үмітпен қарап қалған еді.     НКВД-ның Солтүстік Қазақстан бөлімшесіне жеткізіліп, тергеуге алынған Исатаев Ғаббастың № 01132 қылмыстық ісі туралы құжаттарды қарап, сол күні ауылдан тағы 3 азаматтың тұтқындалғанын білдік. Ибраев Мұхаметжан, Кокин Игембай, Тілегенов Қалиакбар есімді тұтқындар да «бай тұқымы» деген жаламен ұсталған екен. Исатаев Ғаббас пен ұсталған өзге тұтқындарға «Тройканың» таққан ресми айыптары былай болыпты: «Ұлтшыл ұйымдар құруға ұмтылған, Үкімет пен партияның жұмысына кедергілер келтірген. Колхоз құрылысына қарсылық білдірген» деп жазған. Ал, енді осы Сот құжатында осы тағылған ресми айыптардың бір де біреуі дәлеледенбеген. Тіпті, «Тройканың» отырысының хаттамасында фактілердің дәлелдігі туралы айтылмайды. Тұтқындардың сауалнамасы мен сұрақ-жауап алынған құжатында жоғарыдағы айыптар туралы ауыз ашпайды. Небәрі 7-ақ беттен тұртын құжаттарды толық зерделеп қарап шығып, ешқандай айыптау түріндегі дәлелдер табылмады. Ең сорақысы, «Тройканың» 1938 жылдың 12 ақпанындағы шешімі бойынша тұтқындалған 4-уінде ату жазасына бұйырған. Онысымен қоймай «байлығын» тәркілеуге бұйырған. 2 сиыры мен 1 ат және ескі ағаш үйін байлық деп танып білген НКВД-ның жендеттерінің бұл ісі кімнің де болсын ашу-ызасын туғызары анық. «Қылмыстары» үшін тезірек ату жазасын орындатуды да қолған НКВД жендеттері 1938 жылдың 18 ақпаны күні түнгі сағат 01:30-да ату жазасын орындап үлгеріпті. Небәрі 15 күннің ішінде 4 адамның ғұмырын осылайша адам құрлы көрмеген НКВД атылғандардың мүрдесін өте құпия жағдайда жерлеп, ізін жасырып отырған. Жерленген жері туралы мәліметтерді қағаз бетіне түсірмеген. Сондықтан жазықсыз жанның мүрдесі жерленген жерді табу біршама қиындық келтіріп отыр. ҰҚК-нің Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің берген мәліметінше, ату жазасының орындалған жері Петропавел қаласының 20-шы шағынауданы жанындағы Есіл өзені бөгенінде орналасқан екен. Бүгінде бұл бөген қызылжарлықтар үшін «қаралы бөген» атанып кеткен. Сан мыңдаған адамның тағдыры мен үміті үзілген бұл бөген тұсына ескерткіш белгі қойып, атасы Ғаббас Исатаевтың рухына тағзым етуге Шолпан апай Алла жазса, алдағы жазда барып қайтпақшы. Артында қалған ұрпағы осылай ата рухына арнап, келелі іс жасап жатса ұрпаққа үлгі боларлық, өткенге салауат айтып, келешекке аманат етіп тұратын мәңгі белгі осы болмақ. Ең бастысы, Ғаббас Исатаевты қаралаған Кеңестік қоғамның өзі оны 1960 жылы 4 тамыздағы шешімімен ақтап шықты. Тағылған айыптардың дәлелденбеуі мен бай тұқымынан еместігі расталып, Сот шешімі оны «Сталиндік қуғын-сүргін құрбаны» деп таныды.      Сталиндік қуғын-сүргін зұламаты жайлы ақтаңдақтардың беті осылайша ашылып, біршамасы зерттеліп келеді. Жазықсыз сотталғандар мен атылғандар ақталды. Еңбектерін ел алдына ұсынды. Шолпан Исатаева тәрізді  ұрпағы бар жазықсыз жандардың есімдері қайта жаңғырды. Ең өкініштісі, жазықсыз қудаланып, олардың біздің қоғамнан шеттеліп, істері шаң басқан мұрағаттарда сақталып  жатқаны әлі де қаншама. Мұрағатта сақталмай, дерексіз кеткендерінде есеп жоқ. Тарихымыздың осы бір ауыр тұсын әлі де біз зерттеуіміз қажет. Біз өскелең ұрпақ, зұламат құрбандарын еске алып ғана қоймай, олардың кейінгі ұрпаққа қалдырған асыл мұраларын зерттеп, жарыққа шығаруға тиіспіз. Менің тақырыбыма арқау болған  Шолпан апайдың бұл аманаты келешекте де өз жалғасын таппақ. Себебі, жазықсыздарды ақтап, атылғандарын жоқтап, істерді қайта қараумызды Тәуелсіз елдің тарихы талап етеді.     Нұрсерік  ЖОЛБАРЫС  

Әдеттегінше кешкі мезгілде жергілікті «Дидар» арнасының қорытынды жаңалықтарын көріп отырған болатынмын. Сол күнгі басты жаңалықтардың бірі – қала әкімінің тұрғындарды қабылдап, азаматтардың мұң-мұқтажымен танысып жатқандығы еді. Көріп отырған жанға әдеттегі жаңалықтардың бірі. Бірақ мені қала әкімнің қабылдауына келген зейнеткер Исатаева Шолпан Әбішқызының мәселесі қатты қызықтырды. Бұрындары да хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздеп тауып, іздестіру жұмысына машықтанып алған мен үшін айналысатын тағы бір тақырып табылғандай болды. Әкімнің қабылдауына келген Шолпан Исатаеваның Ұлы Отан соғысына аттанып, ұшты-күйлі жоқ болып, дерексіз кеткен нағашы атасы Балықпаев Асқарды іздеу үшін Ресейдің Мәскеу қаласына аттануға қала әкімінен қаржылай көмек сұрай келгені айтылды. Қала әкімі бұл мәселені шешудің жолдарын қарастыратынын ғана айтып, Шолпан Исатаеваның көңіліне демеу бергендей болды.

      Хабарды ести сала қала әкімдігіне хабарласып, Шолпан Исатаеваның мекен-жайы мен байланыс телефонын беруін өтіндім. Іздестіру жұмысын да өзім мойныма алғым келетінін тағы айттым. Дереу Шолпан Исатаеваға қоңырау шалып: «Шенеуніктерге жүктеген аманатыңызды маған тапсырсаңыз екен. Мүмкіндік болса, жұмыс орныма келсеңіз. Мәселенің мән-жайына қанығу үшін әңгімелескім келеді» деп өтінішімді білдірдім. Араға көп уақыт өткізбей Шолпан апайдың өзі де жетті. Самайын ақ шалып, жоғалған жаннан үміті үзілмегені ашық жарқын бейнесінен –ақ көрініп тұр. Қолында қат-қат қағаз. Екі бумаға орап әкелген қағазда екі жанның тағдыры жатыр екен. Амандасып, танысып біліскен соң іле-шала Шолпан апай: «Балам, ақыры менің шаруамды мойныңа алады екенсің. Іздеуге көмек беремін дейсің. Мен бүгін саған екі әкемнің жоғын жоқтап келіп отырмын. Бірі нағашым Балықпаев Асқар - Ұлы Отан соғысында хабарсыз кетті. Ал екіншісі өз атам Исатаев Ғаббас – Сталиндік қуғын –сүргін құрбаны. 1938 жылы атылып кетті. Туған жері мен ұсталған жері Солтүстік Қазақстан облысының Төңкеріс ауданы. Атылған жері мен жерленген орыны туралы, қудалаудың себептері туралы мәліметтерге қол жеткізе алмай отырмын. Осы екеуіне де қол ұшыңды берсең екен», -  деп өз аманатын жүктеді.

     Көп күттірмей мен де іске кірістім. Бірі Мәскеудің, бірі Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавелдың мұрағатын қарауды талап етеді. Электронды байланыс құралдары дамыған мына заманда алысты жақындатқан интернеттің көмегімен мұрағаттардың мекен-жайларын анықтап алып, байланысқа шықтым. Соғыста жоғалған Балықпаев Асқар туралы деректі іздестіруге Ресей Федерациясы Президентінің Әкімшілігінің Кеңесшісі А.Дозоров көмегін беретінін айтып, хат жолдады. Жақын арада табылып қалады деген үміт те жоқ емес. Ал, жазықсыз атылған Исатаев Ғаббастың деректері көп күттірген жоқ. Солтүстік Қазақстан облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің мұрағатынан табылған мына құжаттарға қарап, еріксіз ойға кетіп, жазықсыз құрбанның рухы алдында өзіңді кінәлідей сезінесің.

      Мұрағат құжаттарына назар аударып, жазықсыз атылған жанның ісімен таныстым. Саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Исатаев Ғаббастың 2 сиыры мен 1 ат және ағаш үйі үшін «бай» атанып, атылып кеткені кімді болса да күйзелтері анық. Қазақ зиялыларының қатарына қосылып, ауыл мектебінде сабақ беріп жүрген жерінен ұсталған Исатаев Ғаббас 1897 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Төңкеріс ауданы, Социал селосында дүниеге келген екен. Жас кезінен-ақ білімге құштар жан орысша, арабша білім алған. Алған білімін елге үйретіп, ел арасындағы көзі ашық, көкірегі ояу жандардың қатарынан табылса керек. Ауылдағы босаған үйлердің бірін мектепке лайықтап, ауыл балаларын арабша, орысша хат танытып, сауатын ашқан. 1931 жылы «бай тұқымы» деген желеумен партия қатарынан шығарылады. Осы жылдардан бастап НКВД-ның қырағы көзіне іліккен Ғаббас Исатаев Сталиндік қуғындаудан тыс қалмады.

Шолпан апай өзінің  әкесі Әбіштің ауызынан естіген сөзіне қарағанда атасы Ғаббас Исатаевты 1938 жылы 3 ақпан күні кешқұрым уақытта НКВД жендеттері тұтқындап алып кетсе керек. Бұл кезде Шолпан апайдың әкесі Әбіш 14 жаста, бауырлары Қалымбек 6 жаста, Хабиба 7 жаста болатын. Ал, Ғаббас Исатаевтың әйелі Жәмила небәрі 33 жастан енді асқан. Үйдегі жас ана мен 3 баласы әкесін алып кеткен жолға үмітпен қарап қалған еді.

    НКВД-ның Солтүстік Қазақстан бөлімшесіне жеткізіліп, тергеуге алынған Исатаев Ғаббастың № 01132 қылмыстық ісі туралы құжаттарды қарап, сол күні ауылдан тағы 3 азаматтың тұтқындалғанын білдік. Ибраев Мұхаметжан, Кокин Игембай, Тілегенов Қалиакбар есімді тұтқындар да «бай тұқымы» деген жаламен ұсталған екен. Исатаев Ғаббас пен ұсталған өзге тұтқындарға «Тройканың» таққан ресми айыптары былай болыпты: «Ұлтшыл ұйымдар құруға ұмтылған, Үкімет пен партияның жұмысына кедергілер келтірген. Колхоз құрылысына қарсылық білдірген» деп жазған. Ал, енді осы Сот құжатында осы тағылған ресми айыптардың бір де біреуі дәлеледенбеген. Тіпті, «Тройканың» отырысының хаттамасында фактілердің дәлелдігі туралы айтылмайды. Тұтқындардың сауалнамасы мен сұрақ-жауап алынған құжатында жоғарыдағы айыптар туралы ауыз ашпайды. Небәрі 7-ақ беттен тұртын құжаттарды толық зерделеп қарап шығып, ешқандай айыптау түріндегі дәлелдер табылмады. Ең сорақысы, «Тройканың» 1938 жылдың 12 ақпанындағы шешімі бойынша тұтқындалған 4-уінде ату жазасына бұйырған. Онысымен қоймай «байлығын» тәркілеуге бұйырған. 2 сиыры мен 1 ат және ескі ағаш үйін байлық деп танып білген НКВД-ның жендеттерінің бұл ісі кімнің де болсын ашу-ызасын туғызары анық. «Қылмыстары» үшін тезірек ату жазасын орындатуды да қолған НКВД жендеттері 1938 жылдың 18 ақпаны күні түнгі сағат 01:30-да ату жазасын орындап үлгеріпті. Небәрі 15 күннің ішінде 4 адамның ғұмырын осылайша адам құрлы көрмеген НКВД атылғандардың мүрдесін өте құпия жағдайда жерлеп, ізін жасырып отырған. Жерленген жері туралы мәліметтерді қағаз бетіне түсірмеген. Сондықтан жазықсыз жанның мүрдесі жерленген жерді табу біршама қиындық келтіріп отыр. ҰҚК-нің Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің берген мәліметінше, ату жазасының орындалған жері Петропавел қаласының 20-шы шағынауданы жанындағы Есіл өзені бөгенінде орналасқан екен. Бүгінде бұл бөген қызылжарлықтар үшін «қаралы бөген» атанып кеткен. Сан мыңдаған адамның тағдыры мен үміті үзілген бұл бөген тұсына ескерткіш белгі қойып, атасы Ғаббас Исатаевтың рухына тағзым етуге Шолпан апай Алла жазса, алдағы жазда барып қайтпақшы. Артында қалған ұрпағы осылай ата рухына арнап, келелі іс жасап жатса ұрпаққа үлгі боларлық, өткенге салауат айтып, келешекке аманат етіп тұратын мәңгі белгі осы болмақ. Ең бастысы, Ғаббас Исатаевты қаралаған Кеңестік қоғамның өзі оны 1960 жылы 4 тамыздағы шешімімен ақтап шықты. Тағылған айыптардың дәлелденбеуі мен бай тұқымынан еместігі расталып, Сот шешімі оны «Сталиндік қуғын-сүргін құрбаны» деп таныды.

     Сталиндік қуғын-сүргін зұламаты жайлы ақтаңдақтардың беті осылайша ашылып, біршамасы зерттеліп келеді. Жазықсыз сотталғандар мен атылғандар ақталды. Еңбектерін ел алдына ұсынды. Шолпан Исатаева тәрізді  ұрпағы бар жазықсыз жандардың есімдері қайта жаңғырды. Ең өкініштісі, жазықсыз қудаланып, олардың біздің қоғамнан шеттеліп, істері шаң басқан мұрағаттарда сақталып  жатқаны әлі де қаншама. Мұрағатта сақталмай, дерексіз кеткендерінде есеп жоқ. Тарихымыздың осы бір ауыр тұсын әлі де біз зерттеуіміз қажет. Біз өскелең ұрпақ, зұламат құрбандарын еске алып ғана қоймай, олардың кейінгі ұрпаққа қалдырған асыл мұраларын зерттеп, жарыққа шығаруға тиіспіз. Менің тақырыбыма арқау болған  Шолпан апайдың бұл аманаты келешекте де өз жалғасын таппақ. Себебі, жазықсыздарды ақтап, атылғандарын жоқтап, істерді қайта қараумызды Тәуелсіз елдің тарихы талап етеді.

 

 

Нұрсерік  ЖОЛБАРЫС

 

Бөлісу: