6 Желтоқсан 2013, 03:21
Сақыпжамал апай, біздің редакциямызға қош келдіңіз. Біздің оқырмандарымыз Сізді өлең өлкесіндегі ақындарымыздың қатарынан таниды. Сізді бүгін редакциямызға өнегелі өмірі жайлы кеңірек әңгімелейді, жас ұрпаққа тәлімі мол тәрбиелі ұлағатын айтады деген ниетпен шақырып отырмыз. Әуелі өзіңіздің балалық шағыңызға саяхат жасасақ?
Мен Жетіқоңыр жерінің «Күлік» деген .қыстағында дүниеге келіппін. Менің әкем – Өксекбай Ақжолұлы, осы жердегі «Қаратүзген» деген қыстақты өмірінің соңына дейін мекен еткен. Баққаны ғұмырының соңына дейін мал болсада, әкем менің қолма – қол сөз қарастыра қоятын ақындығы бар, күмбірлетіп домбыра шертіп, күңірентіп қобыз тарта білетін өнері мен қатар аса әңгімешіл, көне хисса-дастандарды жатқа соғатын, арабша сауаты бар, аласапыран кезеңдердің әр-түрлі оқиғаларын, көз алдыға елестете тұрып, айта білетін, қадірлі де қасиетті адам болды. Жаңа ақындығы бар деп айтып едім ғой, өтірік болмасын төрт жол өлеңін сөзім куә етейін! Екі жеңгем қатар босанып, екеуі де ұл туып, кейіннен өсіп, ойнай бастағанда, әкем екеуін алдына алып отырып, былай деп әзілдейтін:
«Баламның бірі – мықыр,
Бірі-тықыр.
О құдайым бергеніңе,
Мыңда бір шүкір» - деген екен. Ия, айтса айтқандай, бір немересі мойыны жоқ топ-толық та, екіншісі қағылез, басында шашы жоқ, тықыр болатын. Ал, қазақтың қара қобызын, жиде ағашының тамырынан ойып, шауып, жонып отырып, өзі жасап алып тартатын. «Ерке атанның суға кеткен» - деген бір ескі күйді осы қобызына салып отырып аңырататын жарықтық!
Анам – Ақиянбек қызы Балкен ( Руы – Шағатай) Есенқабыл – Есенбек – Қос батырдың ұрпағы болатын. Ағайын – туысқа, ел –жұртқа қадірлі, қолы ашық, еңбекқор, көздей асты көлдей ете білетін. Үй – ішін де, үсті – басын да, қылау түсірмей жақсы күтіп ұстайтын. Бар екен деп ешқандай да асты ысырап етпейтін, өсек сөзге жаны қас, қасқайтып тұрып бетке айтатын, ер мінезді еді. Және де міне осындай, өнегелі де өнерлі, қонақжай да қарапайым адамдардың балалары болған соңба екен, үлкен апайым Ағайшадан бастап, ағаларым – Мұқатай, Шоқан, Қали өзімнің алдымдағы апайларым – Тыныштық, Камал, сіңілдерім – Баян, Бақыт, Гүлнәр, Бану, Гүлмира, Құралай бәрі де өнерге жақын болды. Жасөспірім қыз кезімде, шындығына өзім куә болған мынау бір оқиға, әлі күнгедейін есімнен кетпейді. Осының әсері ме екен, есіме түскен сайын, өз шыққан ортама деген қадір-құрметім ұлғая түссе, аяулы ата-анама деген сағынышым, ризашылық сезімдерім кеудеме сыймай, олар қазір тірілер қатарында жоқ болса да, күніне мың мәрте алғысым мен рахметімді айтқым келеді де тұрады.
Сақыпжамал апай Сіздің үйге балалық шағыңызда қазақ халқының біртуар перзенті Әлкей Марғұлан секілді дара, әні дана азамат ат басын бұрған екен. Бір әңгімеңізде осыны сөз арасында келтірген едіңіз. Артына қалдырған ұлағаты мол осы ғалымының Сіздің үйіңізге келіп түсуі жайлы айтып өтсеңіз?
Бұл 1972 жылдың, ұмытпасам, 16- шы тамызы болуы керек. Біздің үй Сарысу өзені бойындағы «Қышанбай» деп аталатын жайлауда отырған болатын. Тұп-тұра талма түстің шағындаң 4-5 машинаға мінген құдайы қонақтар, үйге сау етіп жетіп келді. Әкем бұл кезде қойды қотанға иіре сап, кіші қараша үй ішінде жастыққа қисайып демалып жатқан. Киіз үй есігі алдына жақындап, келіп тоқтаған бір машина есігі ашылып, ішінен бір ақ бас ажарлы да сұсты, сұлу да сырбаз, жігіт ағасы болып қалған, егделеу адам түсті. Арттан келіп тоқтаған машина ішінен түскен барлық адамдардың әлгә ақбасты, ажарлы кісіге, айырықша құрмет көрсететіндері байқалып – ақ тұр. Арттағы көліктен түскен адамдарын соңынан ерітіп, тура үлкен ақ боз киіз үйге қарай беттеді. Бұл кезде әкем де, анам да апыл-ғұпыл далаға шығып, қонақтарды досып тұрған болатын. Әкеме жетер – жетпесте, әлгі ақбас кісі бірінші болып, «ассалаумағалейкум, қария» деп сәлем берді. Оған жалғаса қасындағы ер-азаматтардың бәрі де, жапа-тармағай осы сәлемді сан мәрте қайталап өтті. Менің бір таңқалғаным, ер-азаматтермен қатар қыз-қырқынның да көп болуы еді. Кейіннен білдік, қыз-қырқын, жігіт-желеңнің бәрі студенттер екен ғой. Әкем де «уағалейкумассалам» деп олардың сәлемін алып, «Төрлетіңіздер! Мейман болыңыздыздар!, «қайдан жүрсіздер?», «кім боласыздыр?» деп сұрамаймын, қонақ асы дегенде, қазақтың-қазаққа деген бөлінбейтін еншісі бар, «әй, кемпір, балалар қайда шай қоя беріңдер, қонақтар күн ыстық сусап келген болар» деп, ақ боз йге қарай бірінші болып аяңдай берді. Ақ боз үйдің сықырлауық, сәнді жарма есігі де ашылып, қонақтар өздерінің дәрежесіне байланысты тиесілі орындарына жайғасты. Сансыз көздер үй ішін ойнама тінтіп, қарап өтті. Ақбас адамның әдемі шырайынан сүйсінгендей бір нышан байқалды. Кең маңдайынан кемеңгер ақылдың иесі екені көрініп тұрған Уақит есімді кісі, сәл отырыстан соң, былай деп сөз бастады.:
«Қария, естуіңіз бар шығар, мынау төрде төбедей болып отырған, қадірлі де құрметті кісіміз –Әлкей Хақанұлы Марғұлан!». Көне сырлардың көзін ашушы, академик, ғалым, тарихшы, өлкетанушы, жастар тұрмақ, жасамыстардың да ұлағат беруші ұстазы археологиялық экспедиция құрамының басшысы. Ал, мынау қыз-жігіттер – болашақ өлкетанушы студент жастар. Бұдан арғы сөзді Әлкей аға Марғұланның өзіне беремін» деп, ақ бас кісіге құрмет ете қарады. Әлкей—Марғұлан! Таң – тамаша қалғаным сонша, газет, кітап, журналдардан ғана көретін аңыз адамды бетпе-бет, көзбен көрудің өзі жас жанымды тебіренте толқытып, сөздерін ести түссек екен, өздерін көре түссем екен деген ессіз құмарлық, кісімен – кісі болып отырудың өзі ұят екенін ойлатпай отырған орнымнан тұрғызбай, жіпсіз байлап тастаған еді. Ойға түскен жерімнің, оқыс басымды көтеріп алған сәтте, жанағы Әлкей Марғұлан деп таныстырған кісі, әкеме қарай отырып, былай деп сөйлеп жатыр екен: «Қария, біздер ғылыми сапарлармен қазақ даласының түпкір-түпкірлерінің бәрін де қалдырмай сүзіп, былайша айтқанда кезіп жүретін адамдармыз. Қасымдағы жолдастарым - Қарағанды, Шымкент, тағы да басқа үлкен қалаларда, үлкен, жоғарғы оқу орындарында дәріс беретін, ұстаздар, ғалымдар. Жастарды қасымызға ерітіп жүрген себебіміз, қазақ даласының көне ескерткіш, балбалдарын көзбен көріп, жәдігерлеріне зер салып, өздерінен кейінгі ұрпақтарға қаз-қалпындажеткізе білетін, білімді, біздердің ізімізді әрмен қарай жалғайтын ұлағатты ұстаздар болсын деген мақсат. Сапарда жүргенімізге бірнеше күн болды. Кеңгір мен Сарысу – екі өзен бойындағы, «Қышанбай», «Жартас», «Қабылбайдың қыстағы» , «Болған - Ана», «Талмас әулие», «Аманбай батыр күмбезді тамы», «Қауқай», «Нартайдың қара суы», «Қара-Жар», міне осы жерлердің бәріндеде болдық, мезгілі келгенде бәрінің де тарихын баспа сөз бен кітап беттерінен оқитын боласыздар» -, деп сөзін аяқтады.
Сақыпжамал апай, Сіздің отбасыңызға әлкей Марғұланның қонақ болып келуі кездесойық жағдайма әлде... ?
Мұны енді Әлкей Марғұланның мына сөзінен-ақ байқайсыз ғой деймін: «Бір байқағаным осы екі өзен бойында, жайлауда отырған ел аса көп, баршылық екен. Үнемі сары далада сарылып жүре берген соң ба екен, ежелден еншісі бөлінбеген қазақтың бір кең, келісті киіз үйіне түсіп, мейман болып, аяқ-қолымызды жазып алсақ па деп ойлап едік. Өкінішке орай екі өзен бойы толып отырған елді мекеннен ондай, ойымыздағы үй таба алмай дағдарыңқырап келе жатқанда, алыстан осы мына сіздің алты қанат ақ боз ордаңыз көзімізге оттай басылды. Әуелі, ақ сағымға оранып, ақша бұлтша ауада қалықтап тұрған, сиқырлы бір ақ күмбез бе деп те қалдық. Жақындай келе кәдімгі қазақтың жұмыртқадай ақ, жұмақтай жайлы, тұрған тұрқы, үйдің сырты мінсіз сұлулығы, долай көрген киіз үйлерден мүлдем бөлек, ерекше жаратылған, аппақ, ақ киіз үйі екенін байқадық. Қасымдағы серіктеріме: Не де болса, осы үйге ат басын тіреп, мейман болып соға кетейік. Мен бір нәрсе білсем, осы үйдің адамдары жаман адамдар болуы мүмкін емес. Нағыз қонақ күте білетін, байлық тұнып бақ қонған, өнерлі, өнегелі, адамдар екенін бармай жатып-ақ сезетін сияқтымын» деп сөзін сөзін түйді. Сол сәтте әкеме қарап: «Қария, бұдан арғысын енді сіз өзіңіз айтыңыз» деді. Әкем болса екі бетінің ұшына қан жүгіріп, қара торы жүзі нұрлана түсіп, қонағына асқан мейірім, ризашылығымен қарап: «Қам жемеңдер қонақтарым, осы бүгін қолда барым сендердікі, қандай мал түрін жегілерің келеді, соны атаңдар, дәулетім мен сәулетім, өздеріңдей күніне он қонақ келсе де жетеді» - дегенде үй ішіне бір түрлі жылылық жүгіріп, келген қонақтар да, үйдегі басқа адамдар да бір-бірімен шүйіркелесе сөйлесіп, күлісіп, қуанып та қалған. Әкемнің қонақжайлық мезіретіне Әлкей Марғұлан былай деп жауап берді: «Отағасы, қойда бағылан тұрғанда, басқа малдың етін жеп не қыламыз, текке тауыспаған соң ысырап болады ғой. Басқа малдың еті қазір уыз кезі, бағылан – ақ соя беріңіздер» - деді. Анам мен әкем Камал шәйді тыста жүгіріп, қайнатып – ақ үлгерген болуы керек, екеуі де шәй жабдығын жасау үшін ішке енді. Қонақтар қолдарын шайып, орындарына қайта отырысты. Шай жақсы – ақ ішіліп, жиналған мезетте, қонақтар тысқа шығып желпініп, көбісі өзен жағына қарай беттеді. Үй төрінде әкем, Әлкей Марғұлан және бір екі кісі қалды. Сәлден соң Әлкей Марғұлан әкеме былай деді: «Отағасы бағыланды өзім соямын деп әуре болмаңыз, менің мына қасыма еріп жүрген серіктерімнің бәрі де бесаспап, сегіз қырлы, бір сырлы адамдар, бағыланды өздері-ақ сойып, қазанға салып пісіреді. Бәйбішеңіз бен қызыңыз тек қана керек жарақ заттарды тауып беріп, көз қырларын анда-санда бір сала салып жүрсе болды» - деді. Бұл кезде күн тас төбеден едәуір ауып кеткен болатын. Ия, Әлкей Марғұланның айтқанындай болдыда. Қонақ күткеннің, ішіп-жегеннің бәрін тізіп айта берсем, тыңдарманды жалықтырып алармын деп, қорыққанымнан әңгіменің негізгі-негізгісін айтқым келіп отыр. Жайшылық уақытта, кеш бола сала ұйқыға кететін біздер, сол түні көрер таңды көзімізбен атырдық.
Ғажап ғалым адаммен дастархан басында отырып, әңгімесін тыңдаудың өзі керемет әсер сыйлаған болар?
Иә, кереметтей әсерге бөлендік. Қонақтар таң атқанша концерт қойды. Домбыра да тартылды, ән де айтылды. Сиқырлы ойындар да көрсетілді. Ұлы адамның қасында, ұлағатты жандар жүретінін, мен жас болсам да, сол жолы анық сездім. Жарқырап шайдай боп ашылып, тамыздың тәтті таңы да атты. Сары даланың сағымы қайта шығып, уақыттан қалып қоймайыншы дегендей, қыр үстімен құлдырай жөнелді. Сусаған сынапқа да ұқсайтынын қайтерсің! Сиырларды өріске ұзатып сап, үйге қарай асыға аяңдап келе жатқан анам көрінді. Ал Камал әпкем болса, қол-аяғына қылау жұғар емес, ұшып-қонып, зыр жүгіріп, самауырын қойып, жаны қалмай, қызмет етіп-ақ жүр. Ақыры, не керек, кәрі жасымызды әңгімеге сусындатып, өнерлеріне тәнті етіп, кетпестей көрінген, сұлу қыз, сәнқой жігіттер, ғажайып ғалым адамдар, ауылдан өз жөндеріне аттанар сәтте келіп жетті. Бір күн, бір түн әңгімелесіп, талай тарихи оқиғалардың сыр пернелерін басып, бір-біріне бауыр баса қалған әкем мен Әлкей Марғұлан, бірін-бірі қимай отырғандай көрінді маған. Дегенмен, қонақтар асыға қоймады. Әкем мен Әлкей Мағұланды, анамды әпкем мен сіңілдерімнің бәрін де фотоаппаратпен суретке түсірді. Алты қанат ақ боз үйді, ішінен де сыртынан да, суретке түсіріп, кейіннен почта арқылы беріп жіберетіндерін айтты. Үй ішіне қайта келіп, шашақты, әдемі, қызыл-жасыл, үкіге ұқсайтын желбауларды, күмбезі көкке тиердей асқақтап тұрған қып-қызыл, шаңырақ, уық, кереге, сықырлауық оюлы киіз үйдің жарма есігін, арабы кілем, бітпес-алаша, оюлы ши, бәрін-бәрін қайта-қайта суретке түсірді. Ия, қонақтар аттанар сәт, енді тіптен таянды. Әкем кәрі көздері жасаурай отырып, Әлкей Марғұланға былай деп айтқанын естідім: «Азаматым – Әлкей, Марғұлан-інім, ат басын менің үйіме әдейі бұрып, қадірлі қонағым болғандарыңа ризамын! Қалжыраған кәрі денеме қуат құйылғандай сезініп отырмын. Қолыңды қақпаймын, көңілінде сұрар бұйымтайың болса айта отыр»-деді. Әлкей Марғұлан әкеме ризашылық көзбен қарап, отырды да «Ешқандай да бұйымтайым жоқ отағасы, жандарыңыз қалмай күтіп, жақсы танысымызға айналдыңыздар, жылда келген сайын Алла жазса соғып, бір бағыланыңыздан жеп тұрармыз, қайта бұйымтайларыңыз болса, өздеріңіз айтыңыздар, осы қазақта «Қонақ кәде » деген ырым бар ғой деп қуақылана жымиды. Бұрын ойлап қойды ма, әлде есіне біреу салды ма екен білмеймін, анам Әлкей Марғұланға мынадай өтініш жасады: «Адасып айтсам, алдын-ала кешірім өтінемін, дегенмен де бала қамын ойламас ана болмайды ғой. Кешеден бері өздеріңізге қызмет түрлерін жасап, жарғақ құлағы жастыққа тимей зыр жүгіріп жүрген қызым Камал биыл ғана оныншыны бітіріп еді. Жоғары оқу орнына түскісі келеді. Сабаққа алғыр, мектепті 4 пен 5 – ке бітірген қыз еді. Үлкен қалада жүрсіз, осы балама ғана, бір, азын-аулақ көмегіңіз бар ма тиетін, жақсы адамнан шарапат болар ма екен деп, әдейі айтып жатқаным гой, реті келмесе, айтқан сөзімді ауыр ала көрмеңіз » - деп, өзі айтып, өзі ақталып абыржи қалған әрекетіне, әйтеуір оң жауап алып барып тынды. «Қызыңыз болайын деп турған қыз екен. Ризамыз балаңызға, мұндай балаларға көмектесуге болады, мен бір кісіге хат жазып берем, соны қызыңыз сол кісінің қолына, жоғалып алмай тұралап тұрып табыс етсін, ешкімнің тура айтсам, бөгде біреудің қолында кететіндей болмасын»- деп, хатты жазып, үш бұрыштап бүктеп, анамның қолына ұстатты. Анам ол қағазды құранды ұстағандай қасиеттеп, қадірлеп тұрып, аяды да, қонақтардың көзінше, іргеде тұрған оюлы, сәнді, қызыл сандықтың түп жағына салып, ауызын кілттеп қойды. Қайта – қайта рахмет айтты. Әлкей Марғұлан аға бастаған археологиялық экспедиция құрамы тағы да, қазақтың елді, елсіз даласына қарай бет алды. Артында, бір түн ойын сауыққа бөленген «Қышанбай жайлауы», алты қанат ақ боз үй және біздер қол бұлғап қала бердік! Міне, мен өмірімде бірінші де соңғы рет Әлкей Марғұлан ағаны осылай көріп, осылай шығарып салғанмын! Аңыз адаммен жүздесу – мен үшін ұмтылмас әсер болды.
Әлкей Марғұлан секілді ғалым келіп қонған шаңырақта бір киенің бары анық. Қазақ жақсыны жарым ырысқа санаған. Әсері мен тағылымы мол әңгімеңізге рахмет!
Нұрсерік ЖОЛБАРЫС