1 Желтоқсан 2012, 09:16
Бүгін Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні алғаш рет тойланып отыр.
Осыдан дәл 21 жыл бұрын тұңғыш Елбасымызды сайлаған атаулы күнді атап өту үшін республикамыздың түкпір-түкпірінде түрлі іс-шара ұйымдастырылуда. Ал осынау елге мереке сыйлаған қызыл дата – Елбасы күнінің мәні мен мағынасынан өскелең ұрпағымыз қаншалықты хабардар?
Осы сұрақтың төңірегінде BNews.kz ақпараттық агенттігі Елордадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің бастауыш сынып оқушылары арасында арнайы сауалнама жүргізді. «Бала тілі – бал» демекші, «Елбасы деген кім?», «Президентті көрсең не айтар едің?» деген сұрақтарға жауап іздеген бүлдіршіндердің қызықты да риясыз әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.
4-сынып оқушысы Ғазиза Ниғматулла Елбасына өзінің жылы лебізін білдіріп, болашақта еліміздің гүлденуін тілесе, оның сыныптасы Дәлер Рамазанов Президенттің жан-жақтылығын айтып оны үлгі тұтарлық тұлға деп есептейді. Ал, Қазақстанды көркейтіп, әсем ғимарттардың көбірек салынуын қалайтын Аружан Әміржанова Президенттің артып отырған сенімін ақтап, жақсы мамандық иесі атануға уәде берді. Әлихан Бейсенбі жақсы мектептің ашылғанына алғысын білдірді.
Ал осы оқушылардың арасында болашақта «Тұңғыш Президент сияқты болуды армандайтын» Әрсен Бақтиярдың тілегі тіпті ерекше болды.
«Бізде бір бағдарлама бар «Қазақстан-2030» деген. Сол бағдарламаның мақсаты – Қазақстанды әлемнің елу ең жақсы еліне кіргізу. Мен Президентке осы бағдарламаны орындауда сәттілік тілейтін едім», - деген бар-жоғы 8 жастағы Әрсен қазақстандықтардың жақсы өмір сүруін тіледі.