28 Қараша 2013, 20:12
Ахметова Жаннат Дәуренқызы
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары
Қазақтың ұлттық үй жиһазы –төсек ағаш.
Халқымыз ежелден ағаштан ою ойып түйін түйген. Этнографиялық деректерге қарағанда қазақтар күнделікті тұрмыста пайдаланатын үй жиһаздарын өте асқан шеберлікпен жасаған. Үй іші жиһаздарын көш-қон немесе отырықшылық өмір салтына бейімдеген. Әрине халық арасында бүл мүліктерді жасайтын арнайы маманданған шеберлердің болмауынан, әр шебер өзінің мүмкіндігіне қарай үй бұйымдарының қайсысын болсын жасаған. Cолардың бірі ХІХ-ХХ ғғ. қазақ арасында кең тараған ағаштан жасалатын ұлттық үй жиһазы төсек ағаш.
Ел арасында "төсек ағаш", " төсағаш", "кереует", ал кейбір көркемдік ерекшеліктеріне қарай "сырлытөсек", "күмістелген төсек", "сүйектелген төсек", "оюлы төсек" деп аталады. (Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. – Алматы: Өнер баспасы, 1987.-35б). Бетіне салынған ою-өрнек әр түрлі болғанымен, бәрінің сыртқы пішіні ұқсас. Төсек ағаш негізінен үш бөліктен тұрады екен. Төсектің басынан (жоғары және төменгі), қапталынан (алдыңғы және артқы), шабағынан тұрады. Әдетте төсекті кептірілген қатты ағаштың (қайың немесе емен) тегістеп, өңделген тақтайынан жасайды. Төсектің басы, аяқтары мен оған көлбей бекітілетін жастықша бөлігі қиюластырылып, біртұтас етіп дайындалады. Сәнді болу үшін оның бетін әр түрлі бояулармен өрнек салып сырлайды не өрнектелген бұйыммен әшекейлейді. (Шаңырақ үй тұрмысы энциклопедиясы – Алматы: Қазақ совет энциклопедиясы. 1991 ж 94 б )
Жазба деректер және музейлердегі сақталған төсек ағаштарды салыстыра келе этнографтар елімізде кездесетін төсек ағаштарды бірнеше түрге бөлген. (Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. – Алматы: Өнер баспасы, 1987.-35б). Музей қорындағы төсек ағаш Қазақстанның барлық аймағына кең тараған түрі деп айтуға болады (1-сурет). Қазіргі уақытта музейдің «Этнография» залының экспозициясында орналасқан. Төсек ағаштың көлеміне тоқталсақ, биіктігі – 50 сантиметр, көлденеңінен – 190 сантиметр, ені – 80 см. (Музейдің түсім кітабы). Төсек ағаштың екі басы тым шалқақ және жайдақ қылып жасалған. Төрт аяғы ішіне тым кіріңкі келген. Осындай әдіспен жасалған төсек ағаш белгілі этнограф Х.Арғынбаевтың айтуынша жасалу әдісіне қарай төсек ағаштың ең көне түріне жатады екен. Төсек ағаштың беткі жағы ғана ою-өрнектермен көркемделген. Бір-біріне қарама-қарсы орналасқан екі бастың арасын төсек беті біріктірген. Төсек ағаштың бетіне мінсіз бедерлі оюлар («Шетою», «Гүл» өрнектер) тым әсем жарасымды салынған. Төсек ағаштың барлық бөліктері алынбалы-салынбалы болып келген. Төсек ағаштың беті ағаштың түсіне ұқсас ақ-сары түсті бояумен боялған. Жиһаздың аса іскерлік пен қыруар еңбекпен, шынайы талғаммен жасалғаны көрініп тұр. Бұл төсек ағаш қазақтың белгілі қолөнер шебері Дәркембай Шоқпаровтың төл туындысы болып табылады.