25 Қараша 2013, 10:18
Светлана Николаевна Подобедова (1986 жылы 25 тамыз, Иркутск облысы, Ресей) – Қазақстандық зілтемірші (ауыр атлет). Ресейден(Зима ауылынан) қоныс аударып келген спортшы. 2007 жылға дейін Ресей құрамасы сапында болған. 2007 жылы Светлана Қазақстан азаматтығын қабылдады. Екі дүркін Әлем чемпионы (2009, 2010), екі дүркін Еуропа чемпионы (2004, 2005), Қазақстан чемпионы (2010, 2011, 2012), Азия (2009) және Азия ойындары (2010) чемпионы атанған. 2011 жылы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Жұлқи көтеруде 134 кг салмақпен Әлем рекордын орнатқан. Қос сайыс бойынша 295 кг салмақтағы Әлем рекордын да Светлана Подобедова орнатқан. 2012 жылғы Лондондағы Жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы.
2007 жылы Светлана Подобедова және жаттықтырушысы Қазақстан ауыр атлетика федерациясымен келіссөз жүргізіп Қазақстан атынан қатысуға келісімін берді. Алайда Ресей ауыр атлетика федерациясы оның бұл әрекетін құптамай, Халықаралық ауыр атлетика федерациясына шағымданды. Өйткені ереже бойынша қандай да зілтемір көтеруші басқа елдің азаматтығын қабылдағаннан кейін арада екі жыл өткеннен соң ғана ресми халықаралық жарыстарға қатыса алады. Сөйтіп, ол төртжылдықтың басты жарысы Бейжің Олимпиадасынан шет қалды. 2009 жылы Подобедованың Алматыға келгеніне екі жылдан астып, ол Қазақстанның атынан сынға түсе алатын болды.
2009 жылғы Әлем чемпионатында жұлқи көтеру бойынша 130 кг бағындырып Әлем рекордын жасаса, серпе көтеру сынында 160 кг көтерiп абсалютті әлем рекордымен 2-шi орын алған Цао Лейден (Қытай) 23 кг басым түседі. Подобедова 2009 жылғы әлем чемпионы атағын тағы жеңіп алды. Сонымен бірге ол Түркияның Анталья қаласында өткен әлем чемпионатында дүниежүзілік рекордқа үш рет өзгеріс енгізді.
ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Жыл спортшысы 2012» аталымында ХХХ жазғы Лондон Олимпиадасы ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері Серік Сәпиев, Илья Ильин, Александр Винокуров, Ольга Рыпакова, Майя Манеза, Зульфия Чиншанло, Светлана Подобедова, Әділбек Ниязымбетов, Даниял Гаджиев, Марина Вольнова, Гюзель Манюрова, Иван Дычко және Ақжүрек Таңатаров жеңімпаз атанды.
«Жылдың үздік жаттықтырушысы» атағымен Алексей Ни (С.Подобедованың жеке бапкері), Виктор Ни (М.Манеза мен З.Чиншанлоның жеке бапкері), Тойшан Бектеміров (И.Ильиннің жеке бапкері), Сергей Кручин (А.Винокуровтың жеке бапкері), Сергей Алексеев (О.Рыпакованың жеке бапкері), Александр Стрельников (С.Сәпиевтің жеке бапкері), Марат Жакиев (Ә.Ниязымбетовтің жеке бапкері), Марат Тұрлыханов (Д.Гаджиевтің жеке бапкері), Берік Мыржықпаев (М.Вольнованың жеке бапкері), Сәкен Аязбеков (Г.Манюровың жеке бапкері), Владимир Шайрер (И.Дычконың жеке бапкері), Әділет Сарыбаев (А.Таңатаровтың жеке бапкері) марапатталды.