22 Қараша 2013, 09:12
Жұдырықтасу техникасы
Бекзат рингте тек жұдырықпен ғана емес, ақылмен де жұмыс істейтін боксшылардың қатарынан. Әсіресе аяқпен қимылдауда ерекше белсенділік танытқан. Сидней рингіндегі қарсыласы Джеффри Матебула: «Бекзаттың аяғы мықты екен, жорға жүрісті боксшы есімді алды. Осы жігіт финалға ілігеді» деп дөп басып айтыпты. Жаттығу кезінде аяғына 3-4 келілік қорғасын байлап алып жүгіреді екен. Аяғына ауыр тас байлап алғандығына қарамастан, құрамадағы әріптестерінің үнемі алдын орап кететін. Бокс мамандары мен жанкүйерлер Бекзаттың бокстасу техникасы қазақтың даңқты боксшысы, Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаевқа ұқсайтынын ерекше атап өтті. 2000 жылдың 31 желтоқсаны күні сағат 23-45-те Шымкент қаласының маңындағы Темірлан бекетінде Бекзат Саттарханов жол апатына ұшырап, қайтыс болды.
Сидней Олимпиадасындағы жеңісі үшін президент Нұрсұлтан Назарбаев Бекзат Саттархановқа І дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті. Тарихта Бекзат «Барыс» орденінің тұңғыш иегері ретінде де қалды.
Бекзатты еске алу шаралары
Бүгінде Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы ықшамаудан мен спорт кешені бар. Алматы қаласында көшеге Бекзат Саттарханов аты берілді. 2002 жылдан бастап бокстан Бекзат Саттархановты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир өтеді. 2005 жылы спорт журналисі Қыдырбек Рысбекұлы «Бекзат» атты кітап жазды. 2006 жылы «Қазығұрт»баспасынан спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы мен баспагер Темірғали Көпбаев құрастырған «Бекзат» фотоальбомы жарық көрді. Фотоальбом «Дара Бекзат», «Бала Бекзат»,«Мәңгілік Бекзат» деген үш бөлімнен тұрады. 2009 жылы режиссер Сатыбалды Текеев «Бекзат» атты деректі фильм түсіріп, тұсауын кесті. Бұл фильм кейін «Құлагер» жүлдесін жеңіп алды. Фильм тек «Еларна» арнасынан көрсетілген. Әнші композитор Гүлнұр Өмірбаева «Бекзат» әнін дүниеге әкелді. Бұл ән 2002 жылы өткен «Азия дауысы» фестивалінің «Қазақ әндері» бәйгесінде «Алтын домбыра» жүлдесін жеңіп алды. 2011 жылдың мамыр айында Бекзат Саттархановтың қабірі басындағы жүлделердің көшірмесі ұрланып кетті. Бекзат жүлделерінің көшірмесі бағалы металдан жасалғанын біліп, қолды қылған күдіктілер әлі ұсталған жоқ.
Қызықтар
Бекзат Сидней Олимпиадасының финалына боксшы Ермахан Ыбырайымовтың спорттық жейдесін киіп шыққан. Бір деректер бойынша, ол бокстағы бетке ұстар ағасының жейдесін ырымдап киіпті. Екінші бір дерекке сүйенсек, оның өз жейдесінде жарнама жазылғандықтан, ұйымдастырушылар өз жейдесін киюге рұқсат бермеген.
Бекзат жаттығу жұмыстарынан кейін тез арада қалыпқа келетіндігімен ерекшеленген. 2000 жылдың маусымында Тайландта жаттығып жүргенде тай елінің дәрігерлері қатты таңғалады. Себебі, 33 минут жүгіріп келген Бекзат Саттархановтың жүрек соғысы 3-4 минутта қалпына келеді екен. Бекзаттың бұл ерекше қасиетін бапкерлер Тұрсынғали Еділов, Александр Апачинский, Анатолий Визирякин мен құраманың дәрігері Юсуп Шамузов қана біледі екен.
Бекзаттың бойында бала күнінен бері байқалатын бір қасиет болған. Ол өзін жеңген боксшыдан міндетті түрде есе қайтаруды мақсат тұтады екен. 1995 жылы облыстық жарыстардың бірінде Данияр есімді баладан жеңілген Бекзат кезекті сайыста қарсыласын соққының астында қалдырған. Ал Аргентинада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында ол украиналық Сервин Сүлейменовтан жеңіліп қалады. Сервиннен жеңілгеніне қатты намыстанған ол "алдағы уақытта оны міндетті түрде жеңемін" деп бапкерлеріне сөз беріпті. Айтқандай-ақ, Ресейде өткен ТМД елдерінің боксшылары қатысқан халықаралық бокс бәсекесінде Сервин Сулеймановтың тізесін дірілдетеді. Осы жекпе жекте Бекзаттың оң қолы ісіп, бармақ сүйегі шығып кеткен. Ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділов Бекзаттың бокс қолғабын күшпен тартып шешкен кезде, қолғапқа қан толып қалғанын көреді. Намысқой Бекзат бармақ сүйегі шығып кетсе де, шыдамдылық танытып, жеңіске жеткен.
Бекзаттың Бекзат есімді інісі өсіп келе жатыр. Ата-анасы Бекзатты мәңгі есте қалдыру мақсатында немерелерінің біріне Бекзат есімін берген.
Бекзат Сейілханұлы Саттарханов шаршы алаңда 143 жекпе-жек өткізіп, оның 132-сінде жеңіске жеткен.