22 Қараша 2013, 09:00
Жетінші ерлік: Крит бұқасы
Гректердің құрлығында жабайы аңдар мен қаһарлы құбыжықтар қалмады. Бәрін Геракл жойып тауысты. Ал Эврисфей теңіздің ортасында орналасқан Крит аралына барып, ол жерден Микенаға Посейдонның бұқасын алып келуді тапсырды. Теңіздер құдайы бұл бұқаны құрбандыққа шалу үшін Миносқа тарту еткен болатын. Алайда Миносқа бұқа қатты ұнап қалды. Сондықтан пенделер ішіндегі айлакерлердің бірі саналатын Минос өзінің басқа бұқасын сойып, ал құрбандыққа арналған бұқаны табынына қосып қойды. Бұны біліп қалған Посейдон әлгі жануарға құтырма ауруын жіберді. Бүкіл аралмен жүгіріп жүріп, бұқа егістіктерді таптады, мал үйірлерін бытырата қуды, адамдарды өлтірді. Эврисфей Гераклдың бұқаға әлі жететініне сенімді болса да, оны құрлықпен емес, су арқылы қалайша тірілей алып келетініне күмәнді болды. “Қандай кемеші өзінің қайығына құтырған бұқасы бар жолаушыны мінгізуші еді?!” – деп ойлаған Эврисфей қастана күлді.
Геракл жаңа бұйрықты байсалдылықпен тыңдады, өйткені егер Посейдон бұқаға құтырма ауруын жіберсе, теңіздер құдайының назары сүйікті жануарынан тайғанын білдіретіндігін ұқты.
Ешбір жан иесі жануарға жебенің ұшар қашықтығынан да жақын баруға бата алмады, ал Геракл оған қарсы батыл жүрді. Оның қасына барып мүйізінен ұстады да күшті басын жерге тұқыртты. Алапат күш иесін сезген бұқа көніп, момын бола қалды. Криттіктер сонда да бұқадан қорқып, Гераклге тезірек аралдан кетуін өтінді. Геракл бұқаға отырып, теңіз арқылы айдады. Батырға мойынсұнған жануар оны үстінен теңіз тұңғұйығына аударып тастауға еш әрекет жасамады. Бұқа қара жердің үстінде де көнгіштігінен жаңылмай, Микенаға келгенде мал тұрағына кіргізуге қарсылық танытпады.
Бірнеше түн бойы ұйықтамаған Геракл демалуға кетті. Ол ұйқыдан оянғанда бұқа орнында болмады. Түрінен өлердей қорыққан Эврисфей оны босатып жіберуді бұйырды.
Аудармасын жасаған: Ернар Бекен
Гераклдың 9,10,11,12 ерліктері
Тоғызыншы, амазонкалар – жаугерші-әйелдер еліне барып, амазонкалар патшасы Ипполитаға соғыс құдайы Арестің өзі сыйға тартқан белдікті Эврисфейдің қызы Адметаға әкеліп береді. Оныншы, үш кеуделі, үш басты, алты қол, алты аяқты Герионның сиырларын Эврисфейге әкелу жолында сұмдық қиын соғысты басынан кешіріп, Герионды Афина-Палладаның көмегі арқылы жеңеді. Бұл сиырларды әкелуде Геракл көптеген қиындықтарға тап болады: екі басты Орфо төбетін өлтіріп, Эвритион алыппен айқасады; табыннан қашып, Сицилияға барып, Посейдон баласы Эрикс табынына қосылған бір сиырды алу үшін оны қимай, бергісі келмеген Эрикс патшаны қысып өлтіреді; сиырлардың бәрін әйел құдай Гера құтыртып жіберіп, құтырған сиырлар жан-жаққа қашып, Геракл оларды Фракияға жеткенде ғана жинап алады. Он бірінші, жер асты Аид патшалығының күзетушісі үш басты, мойнында ирелеңдеген жыланы бар, құйрығы айдаһардың басымен аяқталатын қорқынышты төбет Керберді алып келеді. Осы сапарында, яғни тас түнек қараңғы Аид патшалығында Геракл Аидтың әйелі Персефонаны ұрлап, жер бетіне шығарғысы келгені үшін жазаланған Тесей батырды құтқарып алады және Мелеагр патшаның аруағын кездестіріп, оның өтініші бойынша артында жетім қалған жалғыз қарындасы Деянираны өз қамқорлығына алып, оған үйленуге уәде береді. Он екінші, ең қиын, ең соңғы ерлігі – алып иықтарымен бүкіл көк аспанды көтеріп тұрған ұлы титан Атластың бағынан оның қыздары Гесперидалар алтын ағашта өсіріп отырған үш алтын алманы әкеп берді. Гесперидалар алмаларын алу үшін Геракл бүкіл Азия мен Еуропаны шарлап, теңіз ақсақалы көріпкел Нерейді үлкен қиындықпен қолға түсіріп, оны байлап тастап, Атлас бағының қайда орналасқанын біліп алды; сонсоң Посейдон мен Геядан жаралған батыр Антейді буындырып өлтіреді; ұйқтап жатқан уақытында аяқ-қолын байлап тастап, өзін Зевс құдайдың құрметіне құрбандыққа шалмақ болған Египеттің қатігез патшасы Бусирис пен оның баласы Амфидамантты өлтіреді; Атлас алмаларды әкелемін дегенше Атластың орнына тұрып, ауыр көк аспанды арқалап тұрады. Бұған қатты қиналып, аспан салмағынан белі бүгіліп, бүкіл денесін тер жауып кетеді, бұлшық еттері бұлтиып ісіп кетеді. Бірақ Афина-Паллада оған көп көмек көрсетеді. Осылайша, Геракл Эврисфейдің он екі тапсырмасын үлкен абыроймен орындап, оған қызмет етуден босайды. Бірақ әрине, кекшіл Гера мұнымен Гераклды жазалауын тоқтатпайды, мұнан кейін де ол басынан небір ауыр қасіреттерді өткізеді.
kk.wikipedia.org