22 Қараша 2013, 06:15
Төртінші, мүйіздері алтын, аяқтары мыс ғажайып сұлу, желдей жүйткитін Артемида құдайдың бұғысын егістік алқаптарын таптап кеткендігі үшін аяғынан жарақаттап, ұстап алып, Микеныға Эврисфейге әкеліп береді. Бесінші, адамдарды аямай, азу тістерімен жарып өлтіретін Эриманф қабанын қалың қарға айдап тығып ұстап алады. Бірақ осы сапарында Геракл ауыр қайғыға душар болады. Себебі ол досы кентавр Хиронды лерн айдаһарының өтіне малынған жебесімен атып алады. Геракл салған жарақаттан жазылмайтынын білген Хирон азап шекпес үшін өз еркімен Аид патшалығына аттанады. Алтыншы, Элида патшасы Авгийдің табын-табын малы: аппақ аяқты үш жүз бұқа, қып-қызыл екі жүз бұқа, аққудай аппақ он екі бұқа, жұлдыздай жарқыраған бір бұқа мекендеген, өмірі тазаланбаған мал қорасын бір күнде тазалап береді. Геракл қораның екі қабырғасын құлатып, Алфей және Пеней өзендерінің арнасын бұрып әкеліп, қораның ішімен ағызып жібереді. Сөйтіп қатты ағыспен бір-ақ күнде қораны тазалап береді де, қабырғасын қайта тұрғызады. Жетінші, Крит аралына барып, Посейдон құдайға құрбандыққа шалынуға тиіс, бірақ құтырған бұқаны ұстап алып, бас үйретіп, Микеныға алып келеді. Сегізінші, Диомед патшаның ғажайып сұлу, күшті, тек темір тұсау ғана салынатын, тек адам етімен ғана қоректенетін аттарын ұстап әкеледі. Бірақ бұл сапарында да Геракл үлкен трагедияға тап болады. Оның жанында жүрген Гермес баласы Абдерді Диомед аттары шайнап тастайды. Геракл оның құрметіне Абдер атты қала салдырады. Тоғызыншы, амазонкалар – жаугерші-әйелдер еліне барып, амазонкалар патшасы Ипполитаға соғыс құдайы Арестің өзі сыйға тартқан белдікті Эврисфейдің қызы Адметаға әкеліп береді. Оныншы, үш кеуделі, үш басты, алты қол, алты аяқты Герионның сиырларын Эврисфейге әкелу жолында сұмдық қиын соғысты басынан кешіріп, Герионды Афина-Палладаның көмегі арқылы жеңеді. Бұл сиырларды әкелуде Геракл көптеген қиындықтарға тап болады: екі басты Орфо төбетін өлтіріп, Эвритион алыппен айқасады; табыннан қашып, Сицилияға барып, Посейдон баласы Эрикс табынына қосылған бір сиырды алу үшін оны қимай, бергісі келмеген Эрикс патшаны қысып өлтіреді; сиырлардың бәрін әйел құдай Гера құтыртып жіберіп, құтырған сиырлар жан-жаққа қашып, Геракл оларды Фракияға жеткенде ғана жинап алады. Он бірінші, жер асты Аид патшалығының күзетушісі үш басты, мойнында ирелеңдеген жыланы бар, құйрығы айдаһардың басымен аяқталатын қорқынышты төбет Керберді алып келеді. Осы сапарында, яғни тас түнек қараңғы Аид патшалығында Геракл Аидтың әйелі Персефонаны ұрлап, жер бетіне шығарғысы келгені үшін жазаланған Тесей батырды құтқарып алады және Мелеагр патшаның аруағын кездестіріп, оның өтініші бойынша артында жетім қалған жалғыз қарындасы Деянираны өз қамқорлығына алып, оған үйленуге уәде береді. Он екінші, ең қиын, ең соңғы ерлігі – алып иықтарымен бүкіл көк аспанды көтеріп тұрған ұлы титан Атластың бағынан оның қыздары Гесперидалар алтын ағашта өсіріп отырған үш алтын алманы әкеп берді. Гесперидалар алмаларын алу үшін Геракл бүкіл Азия мен Еуропаны шарлап, теңіз ақсақалы көріпкел Нерейді үлкен қиындықпен қолға түсіріп, оны байлап тастап, Атлас бағының қайда орналасқанын біліп алды; сонсоң Посейдон мен Геядан жаралған батыр Антейді буындырып өлтіреді; ұйқтап жатқан уақытында аяқ-қолын байлап тастап, өзін Зевс құдайдың құрметіне құрбандыққа шалмақ болған Египеттің қатігез патшасы Бусирис пен оның баласы Амфидамантты өлтіреді; Атлас алмаларды әкелемін дегенше Атластың орнына тұрып, ауыр көк аспанды арқалап тұрады. Бұған қатты қиналып, аспан салмағынан белі бүгіліп, бүкіл денесін тер жауып кетеді, бұлшық еттері бұлтиып ісіп кетеді. Бірақ Афина-Паллада оған көп көмек көрсетеді. Осылайша, Геракл Эврисфейдің он екі тапсырмасын үлкен абыроймен орындап, оған қызмет етуден босайды. Бірақ әрине, кекшіл Гера мұнымен Гераклды жазалауын тоқтатпайды, мұнан кейін де ол басынан небір ауыр қасіреттерді өткізеді.
kk.wikipedia.org