22 Қараша 2013, 06:15
Оған Гермес семсер, Гефест алтын сауыт жасап берсе, Аполлон садақ пен жебе сыйлады. Ер жеткен соң Геракл Фивы патшасы Креонтты Орхомен патшасы Эргиннің алым-салығынан құтқарып, керісінше, орхомендіктер фивылықтарға екі есе артық салық төлейтін болды. Гераклдың бұл ерлігіне риза болған Креонт патша өз қызы Мегараны қосып, құдайлар Геракл мен Мегараға үш ұл сыйлайды. Сөйтіп олар бақытты ғұмыр кешіп жатады. Бірақ олардың бұл бақытын көре алмаған Гера құдай болды. Ол Зевс баласының бақытын көп көріп, оған сұмдық ауру жібереді. Ақыл-есінен айрылып, жынды болып қалған Геракл өз балаларын да, інісі Ификлдың балаларын да ұрып, өлтіріп қояды. Есін жиған сәтте өзінің істеген сұмдықтарына шыдай алмай, Аполлон патшаға барады. Аполлон Гераклға өз отаны Тиринфке барып, Сфенел баласы Эврисфейге он екі жыл қызмет етіп, он екі ерлік жасаса ғана, Гера құдайдың қаһары мен барлық ауыртпалықтардан құтылатындығын айтады. Геракл Тиринфке келгенде, оны көріп зәресі ұшқан шала туған, қорқақ, әлжуаз, аурушаң Эврисфей өзі баруға жүрегі шыдамай, өз тапсырмаларын шабарман Копрей арқылы айтып отырды. Әр тапсырмасын орындап, оның куәларын алып келген сайын Эврисфей қорыққанынан бозарып, үрейлене қарап, бірде қашып кетсе, бірде Гераклдың аяғына жығылып жалбарынып, бірде құмыраның ішіне тығылып қалып отырды. Қалай дегенде де ол Гераклдың керемет күш иесі екенін түсінді. Гераклдың әрбір ерлігі өліммен бетпе-бет келетін ауыр да азапты болды. Бірақ осы қиындықтың бәріне төтеп беріп, Геракл Эврисфейдің он екі тапсырмасын орындап шықты. Бірінші, Тифон мен Ехидна жаратқан, Немей қаласының маңын мекендеп, әбден ойран салған үлкен арыстанды буындырып өлтіріп, өлігін иығына салып арқалап алып келеді. Екінші, немей арыстаны секілді Тифон мен Ехиднадан жаралған, жылан денелі, тоғыз айдаһар басты, Лерн қаласының маңын мекендеп, малдың бәрін жалмап біткен, тоғыз басының біреуі ешқашан өлмейтін Лерн айдаһарын өлтіріп, мәңгі өлмейтін басын жерге көміп, үстін жартаспен бастырып тастайды. Ал денесін қақ жарып, өтін суырып алады да, айдаһардың улы өтіне жебесін батырып алады. Осыдан бастап Гераклдың жебесі тиген адам мәңгілік жазылмайтын болады. Үшінші ерлігі, адамға да, малға да шабуыл жасап, тыныштық бермей, қатты қола қауырсындарын жебе сияқты көктен лақтырып, мыс тырнақтарымен және тұмсықтарымен қырып отырған, Стимфал қаласының маңын мекендеген құстарды Афина-Паллада берген екі тимпанды даңғырлата соғып қорқытып, ұшқан құстарды садақпен атып өлтіріп отырды.
kk.wikipedia.org