22 Қараша 2013, 05:55
Гесиод (шамамен б.з.б. VІІІ-VІІғғ.) — көне грек ақыны. «Теогония» (құдайлардың шығуы) және «Еңбектер мен күндер» аталатын поэмалардың авторы. «Теогонияда» тіршіліктің бастауын іздеуге талпынған. Гесиод – дидактикалық поэзияның негізін салушы. Гесиод шамамен алғанда б.з.б. VІІІ-VІІ ғасырларда өмір сүрген ежелгі грек ақыны. Гесиод – антика дәуірінің анық белгілі болған алғашқы тарихи тұлғасы деуге болады.
Оның есімі бізге толық сақталған «Еңбектер мен күндер» және «Теогония» атты поэмаларымен танымал. Осы аталған екі поэма б.з.б. VІІ-VІ ғғ. грек әдебиетіндегі дидактикалық және генеологиялық жаңа бағыттың негізін салды. Гесиодтың туған жылы және дүниеден өткен жылдары белгісіз. Антикалық эпиграммалардың бірі – «дана Гомердің отаны болуға жеті қала таласты» деп басталады, яғни бүкілеуропалық әдебиеттің көшбасшысы болып есептелетін Гомердің отаны болуға жеті қала, ал кей деректерде он қала таласады. Гесиодтың дүниеге келген жері жөнінде ешқандай талас жоқ. Ол өз әкесінің Эгей теңізі жағалуында, Лесбос аралының оңтүстік-шығысында орналасқан эолийлық Ким қаласында дүниеге келгендігін «Еңбектер мен күндерде» жазып қалдырған. Гесиод Кіші Азиядағы Кимде, нақтырақ айтқанда, Эолида деген жерде дүниеге келген. Әкесі саудамен айналысқан. Бірақ, бар мүлкінен айрылғаннан кейін Грекияға көшіп, Беотия деген жерде орналасқан Аскра елді мекеніне қоныстанады. Бұл Геликон тауының етегіне орналасқан қысы суық, жазы қатты ыстық, шаруашылыққа қолайсыздау жер болатын. Жастайынан қиындықты, жоқшылықты көп көрген Гесиод ауыр жұмыс пен кедейліктің не екенін біліп өседі. Әкесінің қазасынан жолы болмай, үнемі сәтсіздіктерге ұшырап жүреді. Себебі, әкесі қайтыс болғаннан кейін артында қалған жер иелігін Гесиодтың туған бауыры Перс тартып алады. Бұл жайға Гесиод қарсы болып, келіспеушілік білдіргенімен, Перс сот мүшелерінің аузын алып, істі өз пайдасына шешкізеді. Сөйтіп, Гесиод тақыр кедей болып қалады. Мұнан кейінгі ағайындылардың қарым-қатынасы белгісіз. Бірақ Гесиодтың «Еңбектер мен күндер» поэмасында өз бауырын адал еңбек етуге, жақсылыққа шақыруын зерттеушілер екі ағайынды жігіттің татуласқандығы деп түсіндіреді. «Еңбектер мен күндер» – біздің заманымызға дейін жеткен гректің дидактикалық (уағыздаушылық) поэмасының жалғыз үлгісі. Ол ақынның бауыры Персті тәрбиелеу үшін жазылған дүниедей болып көрінеді. Бірақ, бұл адресатқа қарата сөйлеу – тек дидактикалық дәстүрдің ерекшелігі болып табылады. Шын мәнінде поэма қалың бұқараға бағытталған болатын.
Көптеген ғалымдар пікіріне сүйенсек, Гесиодтың «Еңбектер мен күндер» поэмасының сюжеті ақынның өз өмірімен тығыз байланысты. Гесиодтың өмірі мен шығармашылығы және ондағы қазақы сарындар. «Айт» журналы, 2006, №2, 17-21б. Туындыда ақынның Перс есімді бауырымен арасындағы қарым-қатынасы жырланады. Әкесінен қалған мұраны бөліскенде Перс оны сазға отырғызып кеткен болатын. Бірақ, бар уақытын сауық-сайранмен, көңіл көтерумен өткізген Перс аз күнде барынан айрылып, кешірім сұрап Гесиодқа келеді. Бізге жеткен деректер поэманың Гесиодтың өз қолымен жазылған, төлтумасы екендігін айтады. Шығарманы басқаша «Адал еңбек» деп те атайды. Себебі, поэмада Перске арналған: «Жұмыс істеуден шаршама, ақылсыз Перс!», «бір жұмысты бітірсең, басқасына кіріс!» деген сөздер жиі кездесіп отырды. Ақын айтайын деген ойын поэмада алуан түрлі тәсілдермен жеткізеді. Оның негізгі мақсаты – бұқара халыққа адал еңбектің арқасында ғана игілікке қол жеткізуге болатындығын дәлелдеу болады. Ол өмірдің игілігін тек еңбек арқылы ғана иеленуге болды деп сенді. Адам баласы ерінбей, көп еңбектену қажет деп білді, себебі бұл ауыр жұмысты Прометейдің әрекеті үшін Зевстің жіберген жазасы деп түсінді. Гесиод шығармаларының уағыздаушылық, тәрбиелік бағытта жазылуын зерттеуші М.Иманғазинов ақын өмір сүрген заман талабы деп түсіндіреді. «Қоғам мен заман талабы бірге өрістесе, ертеде айтылып жүрген эпикалық шығармаларға тек адам тәрбиесіне қажетті материал есебінде қарайтын кезең туындағанда, мифологиялық шығармалар екінші қатардан орын алған кезең Гесиодтың заманында да болған. Архаикалық кезеңде мифтік шығармалардың көтеретін аса ауыр салмағының бір бөлігі, бұл – ру-тайпалық одақтардың пайдасына шешілу мақсатында, өз ата-бабаларының тегі сонау тәңірие-құдайлардан бастау алатындығын таныту, елге мойындату еді. Енді бұл үрдістің бірте-бірте әлсіреп, саналы қоғам қалайда өзінің ата-бабасына жүгінуден гөрі, тіршілік қамын күйттеп, еңбек арқылы өмір сүруді көздеген кезеңде, мифологиялық ой-санадан арыла бастайды. Міне, осы тұста тәрбие-дидактикалық әдеби шығармаға қажеттілік туындағанда, Гесиод өзінің дидактикалық шығармасын жазды». Гесиод шығармаларын талдап, түйіндей келе, зерттеуші В.Н.Ярхо: «шындығында оның поэмалары Гомер поэмалары секілді батырлық эпосқа жатпайды, дидактикалық (уағыздаушылық, үйретуші) поэмалар болып табылады. Ал дидактикалық поэмалар үшін сюжеттің бірізді болуы немесе оқиғаның жүйелі дамуы міндетті емес, бірақ өлең өлшемі (гексаметр), тілі, лексикалық тәсілдері көп жағдайда сол қалпында қала береді» деп қорытады.
kk.wikipedia.org