21 Қараша 2013, 09:39
1982 жылы Оралдан келе жатып, Ресейдің Урбах стансасынан «Москва-Астрахань» пойызына отырдым. Мен кірген купеде бір шешен шал кемпірімен отыр екен. Екеуіне мұсылманша амандасқанмын, солайша іркілмей жауап берді. Біраздан соң, әлгі шал қазақша сайрай жөнелді Кемпірінде үн жоқ. Көзі көк, ақ сары, шашы жирен түсті болған соң, «Сол ұлттың адамы ғой» деп ойладым. Өзінің қазақ жерінде өсіп-өнгенін айтып болып, қария қасындағы кемпірін нұсқады : - Мынау бәйбішем - ноғайдың қызы. Сөйлесіп көрші. Бір-біріңді түсіне аласыңдар ма?!-. Бұрын ноғай атты түркі тектес халық бар екенін, олардың Кавказда тұратынын естігенім де, оқығаным да бар. Әңгімені кемпірдің өзі бастады. Сөздері жатық, пәлендей біздің тілімізден айырмашылығы жоқ. Менің сөзімді ол да түсініп отыр. Арада сүт пісірімдей уақыт өткен соң, өзім өсіп-өнген Жәнібек ауданында ноғай-қазақтардың өмір сүріп жатқанын, солардың өздеріне қатысы қандай екенін сұрадым. Серіктес кейуана сәл ойланып отырып, тіл қатты :- Мен ешқандай тарихшы да, тіпті шежіреші де емеспін. Орта мектепті де бітіргенім жоқ. Тек әжелерімізден естігенімді айтайын. |
Олар бізге туыс болып келеді. Осыдан қанша жыл бұрын екенін білмеймін, бабаларымыз Еділ мен Қобан, Дон бойын емін -еркін жайлапты. Содан орыстар бізді тықсырып, қырып-жойып қуғасын, ноғайлар үш жаққа бөлініп кетіпті. Бір бөлігі Қырым татарларына барып, бас сауғаласа керек. Түбі бір туыс халық барғандарды паналатыпты. Екінші бөлігі қазақ жағына кеткен. Сіздегі ноғайлар солардың ұрпағы сияқты. Қазақтың арасына сіңіп кеткесін, сондай атау алған шығар. Үшінші бөлігі Кавказға кетіп, шешендерге қоңсы қоныпты. Шешендерді ол кезде «абректер» деп атаған және жауынгер халық болған соң, басқыншылар тайсалған сыңайлы.Тегі мен тілі бөлек болса да, діні мұсылман шешендер бабаларымызды қанатының астына алыпты.Менің естуім солай, оның ақиқаты бір Аллаһқа аян,- деп, ноғай кемпір сөзін аяқтады.Шешен шал да қалжыңдап, үлгіріп жатыр: - Көрдің бе, кемпір, бабаларыңнан бері бізге қарыздарсыңдар?!- деп. Мен: «Ноғайлардың бәрі де осындай көк көз, ақ сары ма?» дегенімде, «Бәрі емес, бірақ басым көпшілігі» деп, жауап берді.Кейін есіме араб шежірешілерінің қыпшақтардың арасында да көк көз, ақ сары, жирен шаштылардың жиі кездесетіні туралы жазғаны есіме түсті...
Әрине, жолда ұшырасқан ноғай кемпірдің әңгімесі тап-таза тарихи дерек деуден аулақпын. Алайда тіпті әр аңыздың астарында белгілі бір тарихи шындық жатады ғой. Сондықтан кездейсоқ серіктесіміздің сыр шертуін негізсіз аңыз-әңгіме деп есептегім келмейді. Өйткені...
Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы