21 Қараша 2013, 09:38
Өзгелер былай тұрсын, өзіміздегі баспасөз құралдары жарытып жазбайтын Иран Ислам Республикасы біздің оқырман үшін беймәлім ел. Әрине, еліміздегі орыстілді ақпарат құралдары үшін «адамның құқықтары аяусыз тапталған», «ядролық бағдарламасымен әлемге қатер төндіріп отырған мемлекет-мыс» т.с.с. Шынында да Иран тап сондай «құбыжық па»?!... ...Жоқ, жоқ және жоқ. Орыс жазушысы Дмитрий Жуковтың «Иран орыс адамның көзімен» атты ақиқатқа толы кітабына сілтеме жасасақ, аятолла Хомейнидің талап етуімен осы елдің Ата заңына мынадай бап енгізіліпті : «Ел көсемінің (яғни өзінің), Президенттің, оның орынбасарларының, министрлердің және олардың жұбайлары мен балаларының жеке меншігі аталған тұлғалар қызмет атқарғанға дейін және аяқталғаннан кейін заңсыз көбеймеуі үшін сот билігі басшысының тексеруінен өтеді». Ал мұндай бап басқа әлемнің бірде-бір мемлекетінің Ата заңында жоқ және болған да емес... Жаңа тұрпатты мемлекет құрған аятолла Хомейни халқымен бірге көтерілістен кейінгі ауыр жылдарды және иран-ирак соғысын (1980-1988) бастан өткеріп, әрі қарай жасампаз өмірдің негізін қалап кетті. |
Иә, қасиетті Құран-Кәрім мен шариғатқа негізделген елдің заңдары қатал да әділ. Иә, бұл елде жемқорлар мен кісі өлтірушілердің, әйел зорлағандар мен парақорлардың құқықтары «қорғалмайды». Оларға берілетін жаза біреу - өлім және ол дереу орындалады. Пара беруші мен алушыға, есірткі сатушы мен алушыға да қолданылар жаза сол. Заң да бар, оның орындалуы да қатқыл бақылауда.
Енді нақты дәйектерге кезек берелік. Елді ерінбей аралаған Д. Жуковтың айтуынша, онда ең жаңа электронды техникамен жасақталған университеттердің саны жыл сайын өсіп отырады. Техника, технология, компьютерлендіру, дәл ғылымдар ирандықтар тарапынан ерекше құрметке және сұранысқа ие. Жастардың басым көпшілігі біздегідей тілмәш, заңгер емес, инженер, дәрігер, мұғалім, өзге техникалық мамандықтарға құштар. Студенттердің жартысына жуығы-бойжеткендер мен келіншектер(«әйелді кемсітеді» дейтін Батыстың жаласына не айтасыз?!). 1,5 млн.жастар жоғары оқу орындарында білім алуда. Зейнеткерлердің өмірінің ұзақтығы Ресей және Қазақстанмен салыстырғанда, 10 жылға артық. Кімде- кім 20 жыл бойы үздіксіз еңбек етсе, бұрынғы жалақысының 80 пайызын құрайтын зейнетақы алуға және онан кейін де адал қызметпен айналысуға құқы бар. Иранда нан арзан, ал бір литр бензиннің құны (ішкі тұтыну үшін!) бізше 4-5 теңге. Бір батон нанның құны да сондай. Оның бәріне қыруар мемлекеттік дотация бөлінген. «Ойбай, мұнайға баймыз, астығымыз мол!» деп, жар салатын бізде қалай?...
Иран әскери жағынан да қуатты ел. Жалпы саны 545600 адамды құрайтын әскерден басқа, қатарында 125000 сарбазы бар «Ислам төңкерісінің қорғаушылары» корпусы ел тыныштығының күзетінде тұр. Ресей мен Қытайдың зымырандарымен қаруланған, өзге әскери техникасы да күшті Иран кез келген басқыншыға оңай шағылатын «жаңғақ» емес. Халқының 90 пайызын шииттер құрайтын елдің адамдары имам Хомейнидің еңбегі, нұсқауы және басшылығымен құрылған мемлекетті қорғауға сақадай сай әзір.
АҚШ пен Батыс Иранға, қала берді күллі мұсылман әлеміне неге өш? Мұсылман әлемінің ислами имандылыққа адалдығы, Батыстық жиіркенішті «құндылықтарды» қабылдамауы мен мойындамауынан. Әйтпесе, олар көне парсы елінің ешкімге «жаулық сағынып» отырмағанын жақсы біледі...
Өмір бойы с.ғ.с. Мұхаммад пайғамбарды үлгі етіп өткен (өзі де соның ұрпағынан саналады) және дінге адалдық, имандылық қағидаларынан бірде бір рет аттамаған аятолла Хомейни осылай өзінің соңына өміріне дән риза ұлтын, қуатты да өркендеген мемлекетті қалдырды...
Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы