21 Қараша 2013, 09:26
...Бұл- 1970 жылдың 29 желтоқсаны күні болатын. Онда Жәнібек ауданының орталығы- Жәнібек кентінде Т. Жароков атындағы орта мектепте оқып жүрген кезім. Мектепте сол жылы тоғызыншы сынып үшеу болса, соның «а»-сында оқимын. Заман тамаша, көңіл-күй жоғары. «Қалай өмір сүремін? Не ішіп, не жеймін?» деген ой жоқ. Адамдардың да ниеті-түзу, пиғылы-ақ болатын... Дәл сол күні Қайрат, Ұзынкөл, Ақоба, Күйгенкөл ауылдарынан келіп оқитын және жатып өмір сүретін кеңшараралық интернатта жаңа жыл кеші өтетін болды. Соған біздер, «үй балалары» да шақырылдық. Жалпы онда оқушылар «интернат» және «үй балалары» болып екіге бөлінді.Көңіліміз алып-ұшқан балғын шақ, ойын-сауықтан қашамыз ба?! Кешкі сағат сегіз болар-болмастан жетіп бардық.... |
Жаңа жылдық кеш өте қызықты өтіп, маған ерекше ұнады.Әрине, концерт қойған оқушылардың өздері. Қазіргідей екінің бірінің қолында жүретін микрофон атымен болмаса (ал фонограмма дегенді көрмек түгілі, естігеніміз де жоқ) да, дос-құрдастардың шырқап салған әндеріне құшырлана қол соқтық. Әсіресе, Бәкөн Мақсотов (сыныптасым) пен Сансызбай Өтебәлиев (қазір өмірде бар-жоғын білмеймін) гитарамен ән салып, сол кездегі танымал «Детство уходит от нас» (оңғардың әні) және «Удивительная жизнь» (әзірбайжан әні) әндерді орындап, бәрімізді риза етті. Өзге де ән-билер көңілімізден шықты.
Түнгі 12-де үйге оралған соң, қуанышты көңіл-күйдің әсерімен көпке дейін көз ілгенім жоқ. Ал ертеңіне отыра қалып, көргенімді қағаз бетіне түсірдім. Алғашқы мақалама...
Әрине, бұған дейін мақала жазбадым десем, өтірікші болар едім. Жаздым ғой бұрқыратып. Әсіресе республикалық «Қазақстан пионері» газетіне. Алайда бірде-біреуі жарияланған жоқ. Үнемі сол басылымнан «Осындай тақырыптағы мақалалар тым көп болғандықтан...» деген ресми жауаптар келе бергесін, қолымды бір сілтегенмін. Қызық қой өзі, адам баласы?! Жәнібек аудандық «Октябрь туы» газетінің бар екенін білсем де, соны ойыма алмасам керек...
Тап қазіргідей көз алдымда, 30 желтоқсанның таңы. Жыл аяғы болса да, сарышұнақ аяз атымен жоқ, жер еріп, айнала ақ су, көк мұз. Мектепте сабақ жоқ, асықпай аяңдап, аудандық газеттің редакциясына келдім. Шағын үйде орналасқан редакцияның (қазір орны да қалған жоқ) іші жылы әрі құрғақ. Ішке имене кіріп (бірінші келуім ғой), редактордың бөлмесіне енсем, орнында болмай шықты. Соған іргелес екінші бөлмеде екі адам отыр екен. Кейін білсем, олар Шайдолла Өтемісов пен Уәли Ғаббасов (қазір екеуі де марқұм) екен. Амандық-саулық сұрасқасын, келген бұйымтайымды айттым. Шәкең (Шәйдолла ағай- редактордың орынбасары) марқұм ұсынған мақаламды алып, асықпай оқыды. Сонан соң, маған бұрылып: - Әй, бәрекелді! Бір ұшқын бар екен! Жақсы болды, мерекелік нөмір шығып жатқан! Ал өзің енді жазып тұр! Бізге осындай қолқанат боларлық жас тілшілер қажет,- деді. Қуанып кеттім. «Сау болыңыз!» деп шығып кетіп, үйге қалай жеткенімді білмеппін...
1971 жылдың 1 қаңтары күні «Октябрь туының» (бүгінгі «Шұғыла») жаңажылдық нөмірі шықты. Сол күні үйге келген (поштаның жұмысында үзіліс болған емес) газеттің ішіндегі «Қызықты өтті» атты мақалам көзіме оттай басылды. Оқушы дәптерінің екі бетін толтыра жазған мақаламның қысқарып басылғанына да көңіл аударғаным жоқ. Ең бастысы- жарияланды ғой, әйтеуір.
Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы