21 Қараша 2013, 09:23
«Прикаспийская коммуна» газетінің нөмірлерінің бірінде мен Мәтен қожа әулие және оны мәйітіне тәу ету туралы оқыдым. 1977 жылы мен де оның мәйіті орналасқан жерде болғанмын. Онда №12 3 «Д» бұрғылау мұнарасын орнату қолға алынған еді.
Тамыз айында Мәтенқожа алаңына төрт адам келдік. Өзімізбен бірге вагон, қойма, бульдозер және КП-25 кранын алып келдік. Мақсатымыз- көліктерден аспаптар мен бөлшектерді түсіріп, олардың тұтастығын қадағалау. Вагонға мен және краншы, ал қоймаға бульдозерист пен монтажник орналасты. Қонып шығып, ертеңіне болашақ бұрғылау орнынан бір километрдей қашықтықта орналасқан бөлімше тұрғындарымен танысуға бардық. Сөйлестік. Бізге олар бұдан бұрын да осында мұнара орнатушылар мен бұрғылаушылардың талайының келіп-кеткенін айтты. Бірақ әулие Мәтен қожа өзінің мәйітінің төңірегін мазалағанды «қаламайды» және кез келген жұмысқа «кедергі жасайтын» көрінеді...
Ертеңмен мұнара орнатушылар бұрғылау мұнарасын көтеріп, түстікке кеткенде, жанынан кеңшардың бір тракторы өткен.Тракторшы жерде жатқан, бірақ беркітіле қоймаған, ұзындығы 50-60 метр және диаметрі 18 мм тростарды көреді. Трос шаруашылыққа аса қажет. Біреуін алғысы келіпті. Трактордың артына тіркеген де, алға жүрген. Алайда тракторшы тростың екінші жағының мұнараның төбесіне ілінгенін білмеді. Мұнара құлап түсті. Қайтадан жаңасын әкелуге тура келді. Құрастырып, бұрғылай бастағанбыз, тап сол сәтте су бұрқағы аспанға атылды. Мұнара мен аспаптарды жедел түрде басқа жаққа көшіруге тура келді.Үлгірдік, себебі мұнара тұрған жерде әп-сәтте су толы үлкен алаңқай пайда болыпты. - Олай болса, енді сақтаныңдар!-деді сол сәтте бізге соққан жергілікті малшы қоштасып жатып... Вагон мен қойма бір-бірінен 70 метрдей қашықтықта орналасқан-ды. Түн сайын белгісіз біреу не вагонды, не қойманы тарсылдатып ұра бастады.Алғашқыда біз не болғанын білгіміз келіп, сыртқа шауып шықтық. Бірақ ешкімді де, ештеңені де көре алмадық. Ал тарсыл жалғаса берді. Тамыздың түндері онсыз да ұзақ, енді сыртқа жалғыз-жарым шықпайтын болдық. Бізге кассир ақша әкелгенде, оған және жүргізушіге көрген-білгенімізді айттық. Олар сенген жоқ. Ақша алғасын, біз жүргізушіден жақын жердегі ауылдан барып, азық-түлік әкелуін сұрадық. Қас қарая бастағанда, ол кері оралды. Кассир жолға жиналған еді, кенет ақша салынған портфельдің жоқтығын айтты.- Ал сендер сенбеп едіңдер, міне, көздерің жетті ме?!- деді бульдозерист. Біз жағылған алаудың жанында отырып, ақша алғаннан кейін кімнің қайда барғанын сұрай бастадық. Ешкімнің де ұрлыққа қатысы жоқ екен. Бірақ портфель қайда кетті? Біраз басымызды қатырғасын, көңілімізге мынадай ой келді: мүмкін, жүргізуші жолда түсіріп алған шығар? Оның ізімен кері жүрдік. Портфель табыла кетті. Сөйтсе, оны кассир көліктің аяқ басқышына қойған да, кейін ұмытып кеткен, содан жолда түсіп қалған...
Содан кейін монтажниктер келе бастады. Біз оларға мұқият және сақ болуды ескерттік. Бірақ бәрібір, кез келгені оқыс жағдайға ұшырамай қалған емес. Дәнекерлеуші электрге қатты соғылса, электрик 6 метрлік биіктіктен құлап, әупіріммен аман қалды. Ағаш шеберлерінің бір тобы (олар насос сарайының төбесін салып жатқан) жерге құлап түсті. Қайдан жұлынғаны белгісіз, сол сарайдың төбесінен ұшып түскен тақтай иығыма келіп соғылды. Мұнараға шығып көрмеген краншы да оқыс жарақат алды...
Бұрғылау орнын әйтеуір, қалай-солай құрастырдық Бұрғылаушылардың бригадасы келді. Біз басымыздан кешіргеніміз және әулие Мәтен қожа туралы әңгімеледік. Олар әңгімемізді мұқият тыңдады, алайда бір помбур (бұрғылаушының көмекшісі) күліп, былай деді:- Мұның бәрі түкке тұрмайды. Өлі әулие не істей алады?!-
Ертеңіне ол жұмысқа шықты. Қазан айы, жауын сіркіреп тұр, помбур үстіне брезент жабу киіп алған. Кенет жұмыс істеп тұрған ротор жабудың етегін өзіне іле кетті. Бұрғылаушы роторды айырып болғанша, помбурдың мылжа-мылжасы шықты. Ақыры есін жимаған күйі ауруханада көз жұмыпты...
1980 жылдың ақпанында біз бұрғылау мұнарасын бұзып алуға келдік. Асықпай және сақтана жұмыс істедік. Мұнараны арбаларға тиеп, тракторларға тіркеп, қозғалуға бет алдық. Әлгілер тұрған орнынан қозғалмады. Күні бойы тростарды ауыстырып, тракторларды ерсілі- қарсылы қозғауға тура келді. Ал мұнара тіпті орнынан қозғалар емес. Екінші күні «К-700», тракторы мен «КрАЗ» және «МАЗ» көліктерін іске қосқанда да, жағдай өзгерген жоқ. Тіпті көліктің астынан қар мен мұзды қазып шығарғанда да септігі болмады. Ақыры біреу былай деді: -Қане, жұмысты тастап, бәріміз әулие Мәтен қожаның мәйітіне барып қайталық. Өзінің басыбайлы мекенінен бізді аман-есен шығарып жіберуін сұрасақ қайтеді?!- Айтылды-болды. Ақша жинап, қатарымызға тек оның құдіретіне күмәнсіз сенетіндерді ғана іріктеп алдық Келесі күні бір тартқаннан-ақ, мұнара орнынан қозғала жөнелді де, еш жерде кідірген жоқ.
Қауырт жұмыстарды тынымсыз атқарып жүргенде, сәуір айы басталды. Бір күні тракторлар құрал-саймандарды тасып жүрген, жанымыздағы Ойыл өзені жағасынан шығып, айналаны су басып қалды.Тракторшылар мен монтажниктер бәрін тастап, вахталық көлікпен құрғақтау жерге баруға мәжбүр болды. Біз ескі орындағы аралшықта қалып қойдық. Көліктер бізге қарай бұзып-жарып өте алмады, ал келуге тиіс тікұшақ шұғыл Ақтөбеге ұшып кетіпті. Азық-түлігіміз бітіп, шағын электростансамыз істен шықты. Соның салдарынан рация арқылы басшылықпен байланысқа шығуды да ұмытуға тура келді. Құтқарар тікұшақтан әлі хабар жоқ. 1 мамырға екі күн қалды. Амал жоқ, тағы да әулие Мәтен қожадан сауға сұрауға тура келді. Ақшамызды жинап, төртеуіміз мәйітке аттандық...
Келесі күні таңғы сағат сегізде алыстан тікұшақтың гүрілі құлағымызға шалынды. Оның соңымыздан келе жатқанына сену де қиын еді. Тіпті басқармадан тап осындай қолайсыз шақта бұрғылау алаңына тікұшақтың ұшып келуі бұрын-соңды болмаған-ды. Әдетте ол түсте не түстен кейін келетін. Ал қазір тікұшақ бізді іздеп келе жатыр. Бұрғылау мұнарасы болмаған соң, ұшқыштарға су ортасындағы сан түрлі аралшықтардан адамдарды іздеп табу да оңайға түспеді. Жан дәрмен 1 мамырға арналған қызыл тулар мен ұрандарды алып шығып, вагонның үстіне көтеріліп, ерсілі-қарсылы бұлғадық. Олар да жазбай тапты. Күндізгі сағат он бірге таман бәріміз әуежайда, кейін қаламызда болдық...
Осындай бір «оқиғалар». Ойдан шығарылмаған. Демек, әлі де бізге белгісіз құпиялар бар екен...
В. Тарасевич.
«Прикаспийская коммуна» газеті, (Атырау), 1995 жыл,
30 наурыз.»
Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы