31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске түсіру күні Аштық туралы қырғыздан естідім...

21 Қараша 2013, 09:22

Шыны керек, қазақ ұлтының өткен ғасырдағы басынан кешірген сұмдық қайғы-қасіреті туралы өзге ұлт өкілінің аузынан естігенің қиын екен. Сенеріңді де, сенбесіңді де білмейсің. Сенейін десең, сол кезде пышақтың қырындай болып шыққан, аптасына бір рет қана оқытылатын «Қазақ КСРО тарихында» бәрі «керемет», бәрі «тамаша». Қазақ халқы тек социализмнің арқасында ғана мүлдем құрып кетуден аман қалыпты-мыс. Сенбейін десең, шындықтың түсі- суық, дәмі- ащы. Сонымен...   ... 1979 жылы 17 наурыздан 11 сәуірге дейін, Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласындағы «Көгілдір Ыстықкөл» атты санаторийінде әрі емделіп, әрі демалғаным бар. Сол кездің өзінде Бүкілодақтық мәнге ие санаторийдің тамашалығын суреттеуге тіл жетпейді. Табиғатының өзі жұмақтан кем емес. Суы мөп-мөлдір көл, мұнартқан тау шыңдары, сыңсыған орман ағаштары... Санаторияның 500 орындық асханасы болды. Бір үстелде төрт адам тамақтанамыз. Қырғыздың қарт-кемпірі, мен және Тәшкеннен келген орыс майор. Қауқылдасатын көбіне үшеуіміз. Майор жылдам тамағын ішеді де, тайып тұрады. Шалдың есімі- Камчыбек, кемпірі- Алтынай болса керек. Олар қырғыз тілінде сөйлейді, мен қазақша үн қатамын. Әйтеуір, бір-бірімізді еркін түсінеміз. Есімде қалғаны: «чоң», «эле» және басқа сөздері... Қазір қайдам, сол жылдары қырғыздардың қазақтарға ықыласы ерекше.Тіпті қырғыздың жерінде қазақтар көп тұрады екен. Ежелден ауылы-аралас, қойы-қоралас, бауырлас халықтар үшін бұл таңсық та болмас. Тек... Бірде ас үстінде сұрай салғанмын:- Сіздерде қазақтар көп. Сірә, діні бір, түбі ортақ, тілі жақын болғасын, қоныс аударған-ау, шамасы,- дедім. Маған қарап, ойланып отырған қырғыз қария қазақ тілінде : - Аштық оларды айдап келді,- деп, кенеттен қойып қалды. Үн-түнсіз, иегін кемсеңдетіп отырған кемпірі де оған таңдана қарады. Ақсақал аузынан орынсыз сөз шығып кеткендей, абдырап қалды.Мен де таңданып, - Ақсақал, тарихта олай деп айтылмаған ғой,- дедім. - Тарихты менен сұра,- деді де, әлгі қырғыздың шалы орыс майорға бір қарап, орнынан тұрып кетті. Кейін білсек, ана майор аздап өзбекше білгендіктен, әңгімемізді анда-санда тыңдайтын көрінеді... Арада екі-үш күн өтті. Көлдің жағасында бір топ қазақ жігіттері қайыққа кезекке тұрған  едік (сол жылдары қайықты есіп, көл жағалауында жарты сағат серуендеу 50 тиын тұрады). Жағада орындықта, кемпірінсіз саяқ отырған ол мені көріп, қасына шақырды. Жанына жетіп бардым.- Уақытың бар ма? Әңгіме тыңдайсың ба?- деді. - Бар. Құлағым сізде,- - Онда, құлақ сал. Тек менен естігеніңді екінің біріне айта көрме.Ұмытпасам, 1930 жыл болуы керек. Бұдан бұрын қазақ қырында түрлі көтерілістер болып, боорларымыздың басына күн туғанын еміс-еміс естігенбіз. Көктем шыға, таудың арғы жағындағы қазақ ауылдарын жаппай аштық жайлап, адамдардың қырылып жатқаны туралы суыт хабар жетті. Бізде сендердегідей жүгенсіздік атымен болған жоқ. Қит етсе, адамдарымыз тау асып, Қытайға қашады. Бір күні ауыл ақсақалдары ер-азаматтар мен жігіт-бозбалаларды жинап : «Баяғыдан қазақпен тума елміз. Олар қырылып жатқанда, қимылсыз отырғанымыз жөн болмас. Жасырын барып, тірі қалғандарын осында жеткізейік» деді. Айтылды-болды. Түн қараңғылығын пайдаланып, жақын жердегі екі қазақ айылына жеттік. Ондағы көргенімді сен сұрама, мен айтпаймын. Байғұстар  орнынан да тұра алмайды. Содан  о дүниелік болғандарын жедел жерлеп, тірі қалғандарын арқалап, атқа, есекке салып, тау асырдық. Кейбіреулері жете алмай, жолда жан тәсілім етті. Екі ауылдан отыз-қырық ер -азаматы, қатын-қалашы, жігіт-қызы бар қазақтарды әкелдік. Келгеннен кейін де, аштық өтіп кеткен балалардың көбі жан тапсырды. Аш адамға бірден тойып ,тамақ ішуге болмайды екен. Талайлар қазандағы ет пісер-піспестен, асқа жабысып, күйіп қала жаздады. Ұрлап ішіп, тамақ өзегіне түсіп кеткендердің талайын көрдім...- деді де, қария кемсеңдеп барып, көзіне жас алды... Содан кейін әңгімеміз жалғасқан жоқ. Қырғыз қариялар санаулы күндерден кейін, емделу мерзімі біткен соң, үйлеріне аттанды... Рас, 1964 жылы қазан айында Н. С. Хрущевті тағынан алып тастағанда, үлкен нағашымыз Әпен Текебаевтың өкінгені есімде. Қарындасы, жас ұстаз :- Дұрыс болған. Сталинді қоймай жамандап еді. Өзіне керегі сол,-дегенде, нағашымыз ( соғыс ардагері, фельдшер) - Сталин құрысын!  1928- 1930 жылдары қанша қазақты аштан өлтірді. Хрущев әйтеуір ешкімді атып, қырып-жойған жоқ,- деп, ашуланған. Әрі қарай әңгіме өз-өзінен тына қалды. Онда тоғыз жастағы баламыз, аштық деген ұғымның өзін түсінбек түгілі, сөздің мағынасына да парқымыз жете қоймайтын. Біз есейгенше, нағашымыз да өмірден озды. Міне, сол әңгіме мен қырғыз шалының баяндауын салыстыра отырып, сонау жылдары ұлтымыздың тарихында естен кетпес бір сойқанның болып өткенін сездік. Ал оның қайғылы ақиқатына арада оншақты жыл өткен соң барып, көзіміз жетті... Неге екені белгісіз, біздің тарихи жадымыз тым шолақ. Ұлтымыздың айтулы күндеріне келгенде немесе құны сұраусыз кеткен боздақтарды еске түсіру, азалауға қатысты енжарлығымыз, сүлесоқтығымыз басым. Әншейінде Эстониядағы соғыс кезінен қалған ескерткіштердің орынын ауыстырып жатқанда, депутаттарымыз өре тұра келіп, өздерінің «алаңдаушылығын» білдіреді. Егеменді елдің ішкі ісіне араласады. Ресейдің қақ төрінде - Мәскеу қаласында жүгенсіз тақырбастардың қолынан жазықсыз қазақ қызы ажал тауып жатса, біздің парламент үнсіз қалады. Сонда ол бауырымыздың сұрауы жоқ па? «Адам құқығы жолындағы жалынды күрескер»( «Жас қазақтың» берген сипаттамасы) А. Жовтис мырза тіпті ұлтымыздағы тағдырында терең ізін қалдырған осы апаттың болғандығына күмән(!) келтіріп жатса да, тағы да тіліміз байланып қалады. Неге? ... Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Шыны керек, қазақ ұлтының өткен ғасырдағы басынан кешірген сұмдық қайғы-қасіреті туралы өзге ұлт өкілінің аузынан естігенің қиын екен. Сенеріңді де, сенбесіңді де білмейсің. Сенейін десең, сол кезде пышақтың қырындай болып шыққан, аптасына бір рет қана оқытылатын «Қазақ КСРО тарихында» бәрі «керемет», бәрі «тамаша». Қазақ халқы тек социализмнің арқасында ғана мүлдем құрып кетуден аман қалыпты-мыс. Сенбейін десең, шындықтың түсі- суық, дәмі- ащы. Сонымен...  

... 1979 жылы 17 наурыздан 11 сәуірге дейін, Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласындағы «Көгілдір Ыстықкөл» атты санаторийінде әрі емделіп, әрі демалғаным бар. Сол кездің өзінде Бүкілодақтық мәнге ие санаторийдің тамашалығын суреттеуге тіл жетпейді. Табиғатының өзі жұмақтан кем емес. Суы мөп-мөлдір көл, мұнартқан тау шыңдары, сыңсыған орман ағаштары...

Санаторияның 500 орындық асханасы болды. Бір үстелде төрт адам тамақтанамыз. Қырғыздың қарт-кемпірі, мен және Тәшкеннен келген орыс майор. Қауқылдасатын көбіне үшеуіміз. Майор жылдам тамағын ішеді де, тайып тұрады. Шалдың есімі- Камчыбек, кемпірі- Алтынай болса керек. Олар қырғыз тілінде сөйлейді, мен қазақша үн қатамын. Әйтеуір, бір-бірімізді еркін түсінеміз. Есімде қалғаны: «чоң», «эле» және басқа сөздері...

Қазір қайдам, сол жылдары қырғыздардың қазақтарға ықыласы ерекше.Тіпті қырғыздың жерінде қазақтар көп тұрады екен. Ежелден ауылы-аралас, қойы-қоралас, бауырлас халықтар үшін бұл таңсық та болмас. Тек...

Бірде ас үстінде сұрай салғанмын:- Сіздерде қазақтар көп. Сірә, діні бір, түбі ортақ, тілі жақын болғасын, қоныс аударған-ау, шамасы,- дедім. Маған қарап, ойланып отырған қырғыз қария қазақ тілінде : - Аштық оларды айдап келді,- деп, кенеттен қойып қалды. Үн-түнсіз, иегін кемсеңдетіп отырған кемпірі де оған таңдана қарады.

Ақсақал аузынан орынсыз сөз шығып кеткендей, абдырап қалды.Мен де таңданып, - Ақсақал, тарихта олай деп айтылмаған ғой,- дедім. - Тарихты менен сұра,- деді де, әлгі қырғыздың шалы орыс майорға бір қарап, орнынан тұрып кетті. Кейін білсек, ана майор аздап өзбекше білгендіктен, әңгімемізді анда-санда тыңдайтын көрінеді...

Арада екі-үш күн өтті. Көлдің жағасында бір топ қазақ жігіттері қайыққа кезекке тұрған  едік (сол жылдары қайықты есіп, көл жағалауында жарты сағат серуендеу 50 тиын тұрады). Жағада орындықта, кемпірінсіз саяқ отырған ол мені көріп, қасына шақырды. Жанына жетіп бардым.- Уақытың бар ма? Әңгіме тыңдайсың ба?- деді.

- Бар. Құлағым сізде,-

- Онда, құлақ сал. Тек менен естігеніңді екінің біріне айта көрме.Ұмытпасам, 1930 жыл болуы керек. Бұдан бұрын қазақ қырында түрлі көтерілістер болып, боорларымыздың басына күн туғанын еміс-еміс естігенбіз. Көктем шыға, таудың арғы жағындағы қазақ ауылдарын жаппай аштық жайлап, адамдардың қырылып жатқаны туралы суыт хабар жетті. Бізде сендердегідей жүгенсіздік атымен болған жоқ. Қит етсе, адамдарымыз тау асып, Қытайға қашады. Бір күні ауыл ақсақалдары ер-азаматтар мен жігіт-бозбалаларды жинап : «Баяғыдан қазақпен тума елміз. Олар қырылып жатқанда, қимылсыз отырғанымыз жөн болмас. Жасырын барып, тірі қалғандарын осында жеткізейік» деді. Айтылды-болды. Түн қараңғылығын пайдаланып, жақын жердегі екі қазақ айылына жеттік. Ондағы көргенімді сен сұрама, мен айтпаймын. Байғұстар  орнынан да тұра алмайды. Содан  о дүниелік болғандарын жедел жерлеп, тірі қалғандарын арқалап, атқа, есекке салып, тау асырдық. Кейбіреулері жете алмай, жолда жан тәсілім етті. Екі ауылдан отыз-қырық ер -азаматы, қатын-қалашы, жігіт-қызы бар қазақтарды әкелдік. Келгеннен кейін де, аштық өтіп кеткен балалардың көбі жан тапсырды. Аш адамға бірден тойып ,тамақ ішуге болмайды екен. Талайлар қазандағы ет пісер-піспестен, асқа жабысып, күйіп қала жаздады. Ұрлап ішіп, тамақ өзегіне түсіп кеткендердің талайын көрдім...- деді де, қария кемсеңдеп барып, көзіне жас алды...

Содан кейін әңгімеміз жалғасқан жоқ. Қырғыз қариялар санаулы күндерден кейін, емделу мерзімі біткен соң, үйлеріне аттанды...

Рас, 1964 жылы қазан айында Н. С. Хрущевті тағынан алып тастағанда, үлкен нағашымыз Әпен Текебаевтың өкінгені есімде. Қарындасы, жас ұстаз :- Дұрыс болған. Сталинді қоймай жамандап еді. Өзіне керегі сол,-дегенде, нағашымыз ( соғыс ардагері, фельдшер) - Сталин құрысын!  1928- 1930 жылдары қанша қазақты аштан өлтірді. Хрущев әйтеуір ешкімді атып, қырып-жойған жоқ,- деп, ашуланған. Әрі қарай әңгіме өз-өзінен тына қалды. Онда тоғыз жастағы баламыз, аштық деген ұғымның өзін түсінбек түгілі, сөздің мағынасына да парқымыз жете қоймайтын. Біз есейгенше, нағашымыз да өмірден озды. Міне, сол әңгіме мен қырғыз шалының баяндауын салыстыра отырып, сонау жылдары ұлтымыздың тарихында естен кетпес бір сойқанның болып өткенін сездік. Ал оның қайғылы ақиқатына арада оншақты жыл өткен соң барып, көзіміз жетті...

Неге екені белгісіз, біздің тарихи жадымыз тым шолақ. Ұлтымыздың айтулы күндеріне келгенде немесе құны сұраусыз кеткен боздақтарды еске түсіру, азалауға қатысты енжарлығымыз, сүлесоқтығымыз басым. Әншейінде Эстониядағы соғыс кезінен қалған ескерткіштердің орынын ауыстырып жатқанда, депутаттарымыз өре тұра келіп, өздерінің «алаңдаушылығын» білдіреді. Егеменді елдің ішкі ісіне араласады. Ресейдің қақ төрінде - Мәскеу қаласында жүгенсіз тақырбастардың қолынан жазықсыз қазақ қызы ажал тауып жатса, біздің парламент үнсіз қалады. Сонда ол бауырымыздың сұрауы жоқ па? «Адам құқығы жолындағы жалынды күрескер»( «Жас қазақтың» берген сипаттамасы) А. Жовтис мырза тіпті ұлтымыздағы тағдырында терең ізін қалдырған осы апаттың болғандығына күмән(!) келтіріп жатса да, тағы да тіліміз байланып қалады. Неге? ...

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: