21 Қараша 2013, 09:16
Түн. Шатқал іші тастай қараңғы. Тау үстінде күл ішіндегі шоқтай, топ-топ жұлдыз көрінеді де, төменде дәл бұрынғысынша тынымсыз гүрілдеп Байдамтал жатыр. Нұрбек есіктен шыға бергенде, таудан шатқалды құлай соққан ызғырық жел бөркін жұлып түсті. Ол бөркін алып баса киді де, тез-тез өткелге беттеді. Онда тоқтап аз үнсіз тұрды да:
- Қош, сау бол, Әсия! Үндемей кетті деп ренжіме. Соның өзі дұрыс,- деді ақырын ғана. Нұрбек қорап-бесікке отырды. Асылбаймен сөйлескенде ол, өзеннің арғы бетіне өткен соң, әрі бойлай жүріп барып, шатқалға бұрылып, асудан асса, екі тәуліктен соң тас жолға шығуға болатындығын
білген. Одан әрі қалаға тікелей қатынауға болады. Нұрбек жайласып отырып алды да, шығырды айналдыра
бастады. Роликтер сықырлап, қорап-бесік орнынан жылжи жөнелді. Оны жылжыту оп-оңай болмады. Шығыр екі кісіге лайықталған болатын. Нұрбек тез-ақ шаршап қалғанын сезді. Демін ішіне тартып, қорап-бесіктің өрнеуінен төмен қарап еді, қорыққанынан көзін жұмып, шығырдың тұтқасын қатты қыса түсті. Төменде жан түршіктірер астан-кестен. Тастай қараңғыда ашқарақтана арқырап, алай-түлей болып жат-
қан асау толқын арнадан аса шапшиды. Өзен жанталаса алысып, арпалысып, түн құрсауын бұза алмай жатқан тәрізді. Нұрбек енді қайтып төмен қарамасқа бекінді, шығырды бар пәрменімен айналдыра түсті. Міне, жолдың жартысын өтіп те қалды. Қарауытып жаға да көрініп келеді. Нұрбек қаншама қалжырағанына қарамастан, дем алмай тарта берді. Енді бір күш салса, сонсын... Бірдеңе сақыр-сұқыр етті де, сынып кетті. Шығыр айналмай, қорап-бесік орнында тұрып қалды. Нұрбек орнынан тұрып роликтер арқаннан шығып кетпеді ме екен деп сипалап көріп еді, бәрі де орнында екен. Нұрбек фонарик жағып, шығырдық орады да, сылқ отыра кетті.
- Енді қайттім? - деп күрсінді. Байқаса, темір арқан оралатын белдік сынып кеткен. Бұл бір жаққа қарай айналдыра беруде болуы мүмкін. Егер құрал-сайман болса, жөндеу қиын болмас еді. Бірақ оны қайдан аласың? Қорап-бесік жындана тулап жатқан өзеннің дәл ортасында тұрып қалды. Не істеу керек?
Ауада бұлайша салақтап таң атқанша отырып қалуға болады, ал таңертең... Таңертең мұнда Әсия мен Бектемір келеді. Бұл деген ұят, масқара ғой! Көзге көрінгеннен, өлген артық. Қайткен күнде де арғы жағаға шығып, тез таю керек. Нұрбек қорап-бесікті тастап, қолымен жоғарғы бос арқаннан ұстап арғы жағаға жетуге бекінді. Ия, ия, ол солай етеді де, тек қана төменгі арқан мен жоғарғы арқанның арасы бойына тең келсін, әйтпесе ол жоғарғы арқанда салақтап қалады. Нар тәуекел, өлім біреу-ақ!.. Нұрбек орнынан тұрды да, қос қолымен арқанға жармасып, қорап-бесіктен аттап сыртқа шықты. Құлағынан өзеннің гүрілі кетпейді, сонда да ол өз жүрегінің дүрсілдеп соққанын ап-айқын естіді. Әйтеуір дес бергенде, керілген арқандардын арасы бұның бойына дегендей болып шықты. Тек қана құлап кетпей, шыдап бақса болғаны! Азғантай-ақ жер қалды - небәрі төрт-ақ метр! Сым темір жыртқан алақандары от басып алғандай дуылдап,
қан ақса да, асықпай-саспай, абайлап жылжуың керек! Міне, жағаға да жетті. Нұрбек қарғып түсіп, жерді құшақтай алды.
- Өттім! Өттім! - деп ол қуанғаннан айқайлап жіберді де, жерді иіскеп қойып, мейірлене сыбырлады: - Жер, жер! Енді мен қайда болса да жете аламын!..Нұрбек ұшып тұрды да, жүгіре жөнелді. Ол бір сәтке тоқтай қалып өткелге қарады да, сол бойда басына келген ауыр ойдан тынысы тарылып, сілейіп қатып қалды. Ештеңе бүлініп қалған жоқ сияқты, тек қана қорап-бесік өз орнынан басқа жерде жетімсіреп, өзен үстінде мұңая теңселеді. Бұл қайткенім? - деп қарлыға сыбырлады да, Нұрбек қараңғыға үңіле қараған бойы ұмтылып қалды,- Бұл қайткенім, шығырды сындырып тастап кетіп бара жатқаным қалай? Олар мені өлімнен құтқарды, емдеп жазды, ал мен рахмет айтудың орнына бүлдіріп тастап қашып барамын! Нұрбек жерге отырды да, екі қолымен басын қысып, көзін
жұмды. Ол ертең не болатынын көз алдына елестетті...Таңертең гидрологтар өткелге келеді де, қорап-бесіктің өзен ортасында тұрғанын көреді. Демек, онымен түнде біреу өтпек болған, сөйтіп бұзып кеткен. Ол кім болды екен? Өзіміздің адамдардың бәрі түгел. Ия, айтпақшы, Нұрбек қайда?.. Түсінікті болды!.. Қайтеміз, кеткен екен, жолы болсын... Бірақ калай болғанда да жұмысты бір минутке де тоқтатуға болмайды!.. Олар қорап-бесікті жағадағы шығырдың көмегімен тартып көреді. Ол орнынан қозғалмайды,
өйткені қозғағыш арқанды барабан қысып қалған. Олар өткелдің бүлініп қалғанына қатты қиналады! Мұны кім істеді? Нұрбек оңбаған!
- Мен одан еш уақытта мұндайды күткен жоқ едім! дейді Әсия ақырын ғана тістеніп.
- Ах, жолыңа жуа шыққыр, атаңа нәлет азғын туған жексұрын! Не істеп кеттің, а? - деп Асылбай күрсінеді.
- Мен ол қаңғырған итті өлтіремін? - деп жерден бір тасты ала салып Бектемір ұмтылады. Ал, содан соң, әрі қарай не болмақ? Әсия өз жұмысын ешқашан да тоқтатпайды. Бірақ казір ол не істей алады?
Жол біреу-ақ: құрал-сайманды алу керек те, қорап-бесікке арқанмен жету керек, Бұл айтарға ғана оңай, мынадай қашықтықты арқанмен жүріп өту кімге болса да екіталай, өйткені жағадан қорап-бесікке дейін отыз метрден кем емес, тайып кетсең бітті, тіл тартпай кетесің. Байдамтал кісіні лезде тасқа алып ұрады, мұндай қауіпті іске кім батып бара қояр екен? Әсия! Ол неден болса да іркіліп қалмайды, жұмысты бір
минут те тоқтатып тұрмайды!..
- Жоқ, мен оны өлімге жібере алмаймын! - Нұрбек орнынан тұрды да, кейін, өткелге қарай жүгіре жөнелді. Ол не істеп, не қоятынын, жағдайды қалай түзететінін әлі де дәл біліп болған жоқ еді, бірақ әйтеуір кетіп қала алмайтынын жақсы сезді. Нұрбек көпірге жүгіріп келді де, екі иығынан дем алып, темір бағанға ыстық маңдайын сүйеп тұра қалды. Оның басында тек бір ғана ой бар. «Не істеу керек, шығырды
қайтіп жөндеу керек? Қалай? Ешкім жауап та бермейді, үн де қатпайды. Тынымсыз өзен, Байдамтал, еш болмаса сен бірдеңе десейші! Жоқ, сен естімейсің, сені күркіреген даусың керең қып біткен!.. Не істеу керек? Бірақ, мен адаммын ғой, менің атым - Адам!.. Ендеше мен дегеніме жетуім керек, бір ақылын табуым керек!» - Таптым! - деп Нұрбек дауыстап жіберді.- Таптым!.. Ия, Нұрбек тәсілін тапты! Ол қазір арқанды бойлап өзеннен өтеді. Арғы беттен ол құрал-сайман салынған жәшік көрген. Қажет сайманды алу керек те, арқаға таңып алып, арқанмен қайтадан қорап-бесікке келу керек, оны жөндеп арғы бетке алып өту керек. Ол енді оған қайтып жоламайды, одан да басы ауған жаққа жүріп кеткені жақсы, мүмкін өзеннің төменгі жағында бір жерден өткел табылар... Ай, қазір мұның қажеті қанша, ең бастысы ол емес қой, қазір
ең бастысы - ойға алған істі жүзеге асыру, ең бастысы -Әсияның істеп жатқан үлкен жұмысына кедергі келтірмеу! - Мен айтқанымнан қайтпаймын! - деп Нұрбек нық сөйледі де, сосынғы сөзін сенімсіздеу жалғады:- Бірақ, білмеймін, күшім жетер ме екен, шыдап шыға алсам жарар еді?.. Осы жерден қорап-бесікке дейін алты-жеті метр, бұл жерден мен жаңа жүріп өттім, қазір де өтемін, бірақ, содан ары қорап-бесіктен арғы бетке дейін отыз метрдей арқанмен жүру керек! Бұл өте ұзақ жол!.. өте ұзақ! Несі бар, мен
бәріне де әзірмін, Әсия! Нұрбек бағанмен өрмелеп барып жоғарғы арқаннан ұстады. Төменгіні өз аяғымен іздеп тапты, өң аяғымен бір қадам ілгері басты, күрес басталды! Ол алғашқы қадам жасағанда, төменде тулап жатқан өзеннің салдыр-гүлдірі базар алаңында арқаннан жүретіндердің ойындары кезінде ойналатын барабанның, керней-сырнайдың дауыстары сияқты болып кетті. Нұрбек арқаннан жүретін кезбелерді тіпті бала кезінде көрген. Шалқая қарап қалған жұрттың үстінде еменнің бойындай жерде, арқан үстінде бір өзбек жүріп бара жатты. Оның қас қаққанша өліп не мертігіп қалуы мүмкін, жоқ бұл жүрек жұтқан адам аспанға қарап, дауыстап жаратқанға сыйынып келеді: «Ия, пірім, ия, Алла!» «Апа! - деп бақырып жіберген сонда Нұрбек шешесінің етегіне тығылып.- Кетейік, апа, кетейікші бұл жерден!» Ол тіпті бұл көрініске қарауға да қорықты. Ал қазір Нұрбектің өзі арқанмен жүріп келеді. Ол да биікте, ауада сондағы арқанды, темір арқанды бойлап жүріп келеді. Қорап-бесікке жеткен бойда әлсіреген Нұрбек асыла келіп ішіне түсті. Жолдың бір бөлігінен өтті. Бірақ сол болмашы жеңістің өзі қаншалықты қымбатқа түсті десеңші! Арқан ысып, сым темір жыртқан алақандары шиедей қан, бәйгеден жаңа келген аттай алқынып өкпесі кеудесіне сыймай, азар тұр. Алда әлі де жүз есе қиын, азапты, ұзақ жол жатыр. «Қайт кейін, сорың құрығыр, әлі де кеш емес, текке өліп қаласың!» - дейді ішкі ойы оған.
- Жоқ, мен не де болса, ақырына дейін шыдаймын! -деді Нұрбек дауыстап. Ол орнынан тұрып, пиджагінің астарын жыртып, қолын орап байлады. Тағы да арпалыс басталды. Тағы да алғашқы қадамнан бастап барабан соғылып, кернейлетіп қоя берді. Бұл жолы Нұрбек тез шаршай бастады. Ол қорықты да,
төмен қарамау керектігін ұмытып кетіп, абайсызда аяғының астына қарап қалды. Өзеннің асау ағысы тоқтап қалғандай басы айналып кетті, енді бір сәтте дүние шыр көбелек айна лып - тау да, түн де, өзен де - бәрі де үлкен бір иірім ішінде астан-кестені шығып, өзімен бірге Нұрбекті де ала кеткендей болды. Дегенмен, Нұрбек шыдап қалды. Ол басын көтеріп алды. Осы бір сәтті әдейі аңдып тұрғандай-ақ,
кенеттен кеудеден қатты соққан жел Нұрбекті аударып кете жаздады. Оның аяғы арқаннан тайып кетті. Тек жан дәрмен барлық күшін салып қана ол аяғын қайтадан түзеп алды. Арқасына дейін шып-шып терлеп кетті. Нұрбек басымның айналғаны басылар ма екен деп көзін жұмып алған еді, бірақ көзін ашқанда әлі де ештеңе көрмеді - бәрі де бұрынғысынша шыр көбелек айналып, жүрегі айнып кетті. Есі ауып кеткендей. Бейне бір таңғажайып елес пен сағым дүниесіне еніп кеткен. Осы жаңа дүниеде ол өз өмірін жаңадан баста-
ғандай. Өткендегісі мен қазіргісінің бәрі араласып, көз алдынан тізбек-тізбегімен өтіп жатты. Алайда ақыл-есінің сонау түкпірінде тоқтамай жүре беруім керек, жүре беруім керек, әйтпесе - өлім деген ой кетпей тұрып алды. Сондықтан ол баяу жылжи берді, тоқтап-тоқтап болса да, әйтеуір жүре берді. Ап-ащы тер бетінен сорғалап, аузына құйылды. Қолына ораған шүберек те әлдеқашан жыртылып қалды. Алақанда-
ры ісіп, саусақтары икемге келмей сіресіп қалды, ал дене ауыр, төмен тартады. «Суға құлап кетсем қайтеді? - деп те ойлады Нұрбек,- Бәрібір мен біткен адаммын, менің нем кетеді! Ал өткел ше? Оны кім жөндейді? Ертең Әсия Байдамталдың басына жете алмайды ғой. Сонда, оның халық үшін істеп жүрген ісі тоқтап қалмақ па?» Нұрбек түзеліңкіреп алды да, тағы бірнеше адым ілгері басты. «Әсия! - деді ол іштей қызға,- сен ашуланба, ренжіме, әрине, мен тең емеспін, мен қылмыстымын, қоян жүрек қашқынмын, бірақ мен сені сүйемін! Маған сен, шын айтамын, мен сені сүйемін! Ия! Тіпті өзімнен өзім жасырып келген сырымды ақтарып тұрмын!..» Өзеннің ортасына келгенде Нұрбек әрі қарай жылжудан да қалды. Қары әбден талып, еш нәрсені сезбей, аяқтары шалыныса берді. Оның үстіне, неге екені белгісіз, төменгі арқан да босап барады. Арқан қыстырылып қалған жерінен, енді міне, адам салмағына шыдамай, босап кеткен сияқты. Аяқ астындағы тіректен бірте-бірте айрылып бара жатқан Нұрбек қалтырап, демін ішіне ауыр бір тартып алды. Кеннет оны жөтел қысты. Жөтел оны мүлде булықтырып тастады. Нұрбек дем ала алмай тұншығып, кеудесін тіліп бара жатқан аурудан бүкшиіп қалды. Қан сорғалаған қолдары барған сайын әлсіреп, ал аяғының астындағы арқан барған сайын босап төмен түсе берді, түсе берді. Нұрбек екі жағына кезек шайқалып теңселіп қалды. «Ажал! Ажал!» - деп көбік атқан Байдамтал құрбандығын күтіп бұрынғыдан да құтырына түсті. Нұрбектің саусақтары жазылып бара жатты. «Ажал! Ажал!» - деп Байдамтал шыдамсыз ғана долданды.
- Су, бір жұтым су! - деп сұрады шөлдеп өліп бара жатқан Нұрбек. «Еңкейіп өзеннен су ал! Су көп, сенің шөліңді қандыруға жетеді!» - деп әлдекім оның құлағына ұрлана сыбырлағандай болды.
Нұрбек барлық күшін салып, саусақтарын қыса түсті. Сол сәтте ол қолындағы сағаттың соққанын естіді. Бұл мүмкін емес еді, бірақ солай болды. Өзеннің құлақ тұндыратын күркіреуі мен гүрілінің арасында: «тик-тик-тик!» деген бір қалыпты сыңғырлаған ашық дыбыс айқын естілді. Әрбір осы секундпен бірге өмір өтіп
бара жатты! Өмір! Адам өмірі! Ол өмір дегеннің не екенін қас пен көздің арасындай осы бір шақта танып-білгендей болды...Барлық күш-жігерін жинап басын көтеріп алды да, ол бүкіл шатқалды жаңғырықтырып салтанатпен шаттана айқай салды.
- Мен өмір сүремін! ...Жағаға жетісімен жерге құлай кеткен Нұрбек бір сағат бойы қозғалмастан, өлген адамдай серейіп жатты да қойды. Ол құрал-сайманды алып қайтадан жетер-жетпесі белгісіз еді, бірақ өйтудің қажеті болмай қалды. Қыстырылып қалған арқан босап кетті. Жағадағы шығырдың көмегімен Нұрбек қорап-бесікті өз орнына қайырып алды. Таңға жақын ол жөндеп те бітірді. Нұрбек өзенге құлап түсті де, етігімен кешіп келіп, енді ғана әбден қанғанша су ішті. Ол суды қомағайлана жұтып жатып ақырын ғана балаша күліп қойды. Бүгін ол өз өмірінде бірінші рет шын мәніндегі күрес пен жеңістің тәттілігін барынша тұшынып толық түсінді. Бұл жолы ол ерлікті өзі үшін ғана немесе даңқ үшін, жасанды ерлік көрсету үшін жасаған жоқ, үлкен арман үшін, зор мақсатты іске асыру жолында күресіп жатқан Әсия үшін жасады. «Ия, мен бақыттымын! - деді Нұрбек. -Таңертең Әсия Байдамталдың бас жағына аттанады, жол ашық, өткел жөнделді!..» Нұрбек су шайған дымқыл құмдақ қайраңның бойымен шаттана жүгірді. Ол үйге келген бойда, қарындашты ала салып, бір парақ қағазға ірі әріппен сойдақтатып жаза бастады. «Әсия, мен өзімнің келген жеріме қайта кетіп барамын. Мүмкін біз енді ешқашанда көріспеспіз, бірақ мен сені осы бір өзім көрген тамаша қалпында өмір бойы жүрегімде сақтаймын. Ашуланба, күле көрме, Әсия, сен мен үшін... Хош-сау бол, өзіңді күт... Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, мен Герценнің кітабын оқып үлгіргенім жоқ, кешір, оны өзіммен бірге алып кетіп бара жатырмын, өйткені ол сенің күрескер адам туралы ең сүйікті кітабың ғой... Менің сенімен ғайыбынан жолығуым өмірімнің ең қиын да, ең бақытты да
күні болды. Барлығына рахмет, Әсия... Сен мені көп нәрсеге үйреттің... Байдамталды жеңіп шығуыңды дүниедегінің бәрінен де артық тілейтін досың мен деп біл... Әсия, мен Байдамталдың саған бас иетініне кәміл сенемін!..»
Асылбай таңертең ерте тұрды. Аулада біраз жүріп, ат суаруға барды, оны шелекпен су құйып шомылдыра бастады. Тау сыртынан күн көтеріліп келе жатты. Асылбай шекесіне күн салып солай қарай сезіктене қарап тұр. Өзен суы шашыраған беті дір етіп, өз шелегін түсіріп алды. Асылбай Әсияның терезесіне жүгіріп келді де, бар пәрменімен тарсылдата бастады:
- Әсия, тұр тезірек, ол кетіп қалды! Еш нәрсенің байыбына бара алмаған Әсия аулаға жүгіріп шықты.
- Не боп қалды, әкей?
- Міне, анау жаққа қарашы, қызым! - деп мақтана айтты да, Асылбай қолымен ұзап бара жатқан кісіні көрсетті. Кісі асуға қарай кетіп барады,- Бұл Нұрбек қой! - деп түсіндірді Асылбай.
- Нұрбек! Нұрбек! - деп Әсия бар даусымен айқай салды. Ол жүгіріп қуып жеткісі келгендей болды, бірақ кілт тоқтап, тапжылмай тұрып қалды. Дәл бір күнде таңертең жартасқа жүгіре шығып, Байдамталдың сұлулығына таңырқап тұрғандағысындай қуанышты, бақытты, сол толқыған күйінде тұр,- Өзім де осылай боларын біліп едім! - деп күбірледі ол. Нұрбек үлкен жартасты айналып көрінбей кетті. Әсия оның аман қайтқанына қуанышты, бірақ сөйте тұра жүрегі қимайды, қиыспас сезім ет жүректі шымшылай түседі. Ол
көз жасын көрсетпеу үшін теріс айналып:
- Әке, совхоз бұл жерден қашық па - деп сұрады.
- Асудың ар жағында едәуір жер, жүре берсе жетуге әбден болады. Орысшадан аударған Баламер Сахариев
Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы