Ақ жауын

21 Қараша 2013, 09:07

Ауыл тыныш, әр жерде терезеден оттар біртіндеп өшеді.Терек бүрлері ай жарығында інілінер-білінбес қана құбылады. Кейде жел жұлқынып, үй төбелерінің қамысын бір нәрсені іздегендей қабыратады. Иттің ұйқысырап самарқау үргені және тау жақтан судың ба, әлде мотордың ба даусы естіледі... Қыстаққа қарай аяқтарын тез басып, қараңғыда екі кісі келе жатыр. Міне, олар тоқтады. -        Мен енді өзім... Рахмет,- деген қыздың үні шықты. -        Тағы азырақ ұзатып салайын, иттер талап тастар,- деді еркек даусы. -        Мен иттерден... қорықпаймын... -        Солай болса да... -        Қой, Қасымжан, сменаға кешігесің, рахмет, бара бер енді... -        Үлгеремін, әлі уақыт бар,- деп Қасымжан шырпы шақты. Шырпының шалқи жанған оты орамал тартқан қызды және дермантиннен тігілген спорт күртешелі, сағатын үңіліп қарап жатқан жас жігітті аз уақыт қана жарық қылды. -        О, Сақыш, әлі аттай екі жарым сағат бар! - деді Қасымжан. -        Керегі жоқ, Қасымжан, мен өтінемін... Сен кешігесің. Оның үстіне біреу көріп қойса, сөз болады... Мен сондай қорқып тұрмын... Түрі апам ауырып қалған ғой, болмаса мені шақыртпас еді. Тегін емес әйтеуір... -        Қиын десеңші. Ол ауырып жатқанда жалғыз тастау жарамайды. Бірақ сен көп уайымдама, ептеп жәрдем береміз... -        Мүмкін, онда бригададан кетуге тура келер,- деді Саадат жай ғана. Қасымжан шошып кетті. -        Ол не дегенің? - деді де, сөзін аяқтамастан үндемей қалды. Олар тағы да біраз тұрды, онан соң екеуі екі жаққа: Саадат кешені байлап, үйіне қарай жүргенде, Қасымжан тауға қарай әрлеген жолмен кетті. -        Саадат, хабар бер... мен күтем... -        Мақұл,- деп Саадат тамағын қысыңқырап сыбырлады. Ол сәл ұзай түсіп, артына бұрылып қарады. Қасымжан көрінбейді. Қараңғы. Саадат үйіне асықты. Ол үйіне жақындаған сайын, адымын тездетіп, ақырында жүгірді. Қыздың жүрегі тулап, дүрс-дүрс соғады. Бірінен-бірі қорқынышты қандай да бір ойлар оның артынан өкшелеп қуып келе жатқандай. Көзі ішіне кетіп, төсекте жатқан анасы елестейді оған. «Ала, айналайын апа, садағаң кетейін, апа!» -деп айқайлауға аз-ақ қалып келеді Саадат. Алда дарбаза қарауытып көрінді. Дуалдың бұрышынан қараңдаған бір нәрсе бөлініп, Саадатқа қарай жүрді. Ол - қыздың шешесі еді. -        Саламатсың ба? -        Апа, не болды? -        Осы қараңғы түнде жалғыз жүрсің бе, кіммен келдің? -        Өзім,- деп Саадат жалған айтып жіберді. Зейнеп апай шошынғандай қолын сермеп: -        Әй, ботам, ол нең?..- деді. -        Жоқ, апа, мен жолшыбай бір арбаға мініп келдім,-деді абайсызда жалған айтып жібергенін дереу түсіне қойған Саадат, сөзін жөндеп. Зейнеп апай қызын құшақтап жылап жіберді. -        Сарғайып өлер болдым, жолға қарай-қарай екі көзім төрт болды... Мен құриын, айналайын... Сені шақыртарын шақыртып алып, түн түсіп кетті, сен болсаң әлі жоқсың... Не болды, жолда бір нәрсе болды ма деп, енді... өзім жүргелі тұр едім... Құдайға шүкір, жүрегім енді орнына түсті... -        Саған не болған, апа, өткен аптада ғана көріскен жоқ па едік? Саадат трактор бригадасында прицепщик болып істегендіктен, көбіне далада жүреді. Оның үйге әр келгені Зейнеп апай үшін үлкен бір той. Ол сонша сағынады, үйіне келген қызынан жалғыз адым кеткісі келмейді. Екеуі бірге от жағады. Бірі қамыр илесе, екіншісі қазандағы сорпаны сапырады. Саадат сиыр сауса, шешесі жанында тұрып, сиырға жем даярлайды. Қойшы, әйтеуір, екеуінің сол сәттегі сөзі таусылмайды. Колхозда да, трактор бригадасында да жаңалықтар көп емес пе. Саадат суға кеткенде Зейнеп апай есіктің алдына шығып қызы қашан ұзап кеткенше, көз алмай қарап тұрады. Ол бір нәрсені ойлағандай басын шайқап, таңырқап тамсанады, кейде терең күрсініп қояды. Қызының лезде бөйжетіп қалғанына шешесінің сенгісі келмейді. Зейнеп апайдың іші елжіреп, Саадаттың толық сымбатты денесіне көз жібереді. Күміс білезік салған жұмыр қолымен Саадат апайды жеңіл көтереді. Саадаттың өзі байқамай, керіліп жүргені де келісімді. Көйлектің көкірекшесін торситып тұрған тәсі-жасырғысы келгендей, жай ғана бір қалыппен дем алады. «Қызым, көзімнің нұры, бәлекетіңді алып кетейін» деген сөздер ананың аузынан сонда өзінен-өзі шығып кетеді. Бүгін қызы да, шешесі де ерекше қуанышты, біріне-бірі әбден риза. Бірақ шешесінің бекер шақыртпағанын, сөзсіз бір нәрсе айтарын Саадат сезіп жүрді. Ол шынында да солай еді. Зейнеп апай бұл іске көптен бері қамданып жүрген. Кейінгі күндерде Саадатта қандай да бір жаңа мінездер пайда бола бастады. Ана үшін Саадат бұрынғыдай ең жақын, ең қымбатты және ең сүйкімді адам. Бірақ, кей сәттерде ғана Саадаттың мінезіне түсіне алмайды. Әсіресе осы өткен қыстан бері қызы тіпті өзгеріп кетті. Қар жаңа кеткен. Көктемнің алғашқы күндерінің бірінде Саадат аптығып үйге жүгіріп келді. -        Апа,- деді ол есік алдынан айқайлап,- комсомол бригадасы келді! -        Қандай бригада? -        Ой, білмейсің бе, МТС-тің комсомол бригадасы. Олар жаңа жерге келді. Мен өзім де көрдім, апа, олар диірменнің жанынан машина, тракторларымен өтті. Өздерімен бірге соқаларды, сеялкаларды алып бара жатыр...«Сонша неге бүлінді? - деп ойлап, Зейнеп апай аң-таң қалды да,- келсе келеді де, оның несі бар!» - деді. Ал енді қызы болса, өзін тоқтата алмай, сөзін әрі жалғастыра түсті. -        Олардың қай жерді айдайтынын мен білемін, апа. Осы жерде жақын. Төкей ағам айтпады ма, биыл «Ескі көшкүні» қалдырмай айдайды екен!..Осы сөздерден кейін көп ұзамай Саадат МТС-ке прицепщик болып кіруге шешесінен рұқсат сұрады. Зейнеп апай қызының үйден алыстауын жақтырған жоқ, бірақ, Саадат өз айтқанынан қайтпай, тұрып алды.-        Биыл прицепщик боламын, онан кейін тракторист боламын, бізді оқытады екен... Мен сөзімнен қайта алмаймын, комсомол жиналысында уәде бердім, өзім қаладым бұл мамандықты,- деп бір жағы зіл тастап, бір жағы шешесін еркелете жалынды... Қызының зіліне де, жалынғанына да Зейнеп апай көнбейтін еді, бірақ қайнағасы Төкей Саадатты жақтады. -        Сен жастардың жолын бөгеме, олардың да білгені бар, бара берсін,- деп ол Зейнепке ақыл айтты. Саадат кетті, ал шешесі болса, кеп кешікпей-ақ өкіне бастады. Саадат енді тек қана шешесінің өзіне емес, басқа біреулерге, қандай да бір ағыны қатты күшке тиісті болып қалғанын Зейнеп апай іштей сезінді. Ол күш қызды күннен-күнге өзіне тартып, ақыры алып кетпесін деген қобалжу туды оның жүрегінде. «Қызым, қолымнан ұшырған құсым»,- деп, Зейнеп апай оқшауда жылап алатын. Қыз анасына суыған жоқ. Бірақ неге Саадат шешесінің өзінен ақылды, көпті білген болып көрінеді? Не үшін ол шешесін жас бала сияқты аяғандай болады? Неге ана білмеген, адам түсінбеген, Саадаттың өзіне ғана белгілі істері бар? Айта берсе, Саадат не үшін анаға қайырымды және неге ол мұңайып қарайды? Не үшін Саадат шешесін сондай сағынып үйіне келеді де, таң елең-алаңда қайта бригадаға кетуге асығады? Ана осыларға қайран қалады. Кейде Саадат салауатты,жұмыс жөнінде ақыл айта сөйлейді, кейде оны біреу алмастырып қойғандай, күліп, шаттанып, шешесіне шексіз еркелеп, есін шығарады, кейде қарасаң жетім бота сияқты көзін тұман шалып, үндемей бір нүктеге қадала қарап отырады. -        Әй, Саадат, жұмысың қалай, үнай ма? - деп Зейнеп апай сынап та көрді,- Бригадада қандай адамдар бар? Онда Саадат: «Өте ұнайды!» - деп дайын жауапты бере салып, онан кейін бригадада адамдардың алыс қалалардан келгенін, олардың машина тетіктерін бес саусағындай білетінін, кейбіреулердің сол машиналарды заводта өз қолымен жасағанын айтып беретін. Олар да Саадаттай жастар екен. «Мен де сондай болсам, ә!» дегендей Саадаттың көзі жайнай түсіп, онан кейін тағы толып жатқан жайлар жөнінде, комсомол жиналысы, өтірік ауырып қалып қабырға газетіне түскен тракторист жөнінде айтып беретін. Осының бәрін тыңдап отырған Зейнеп апай, бірін түсінсе, бірін шала түсінеді. Шай ішіліп бітті. Саадат дастарқанды жинады да, шыны аяқтарын жуып, текшеге апарып қойды. Зейнеп апай орнынан тұрмай, киіздің үстінде үндемей ойда отыр. -        Бері келші, қызым, отыршы жаныма,- деп ол жанын көрсетті. «Міне, енді айтады!» - дегендей Саадаттың жүрегі дір ете қалды. -        Сенімен бүгін сөйлесейін деп едім... -        Айтыңыз, апа, құлағым сізде... Зейнеп апай неден бастасам екен деп, көпке дейін ойланып, онан кейін салыңқы қабағын жай көтеріп, қызына қарады. -          Саадат, сен менің жалғыз баламсың, сенен басқа ешкімім жоқ. Ұлым да, қызым да сенсің. Мына мен осы иентамда жалғыз қалдым, бұған не дейсің? - Ананың көзіне жас іркілді,- Жұмыста жүргенде елемеймін, үйге келсем, ішім пысып, жалғыздықтан жанымды қоярга жер таппаймын... Қайдасың, не істеп жүрсің, аурусың ба, саусың ба... құдай білсін... Тегі жұмысың қыздың жұмысы емес қой...Соқаның үстіне мініп алып, иен далада жүрген қыз балаға лайық па? Қой, айналайын, оны таста. Анаң бар, үйің бар, қайтып кел... Колхозда да жұмыс толып жатыр,- деді. Зейнеп апай көзін алақанымен сүртіп, ауыр күрсінді де, үңдемей қалды. Ананың ойы неде екенін осы сөздерден-ақ түсінуге болатын еді, бірақ шешесінің айтайын деген ең негізгі түйінін бүгіп қалғанын Саадат сезді. -        Қыздардан жалғыз мен бе екен?- деді Саадат,- МТС- те қыздар толып жатыр, біздің ауылдан да бар... Еркектерден кем істеп жүрген жоқпыз. Менім; үшін жұмысты тастап кетуім керек? » -        Сен өзіңді олармен теңеме, құдайдың қаһары! - деп, Зейнеп апайдың ашуы бірден келе қалды,- Олар бір әке, бір шешеден жалғыз ба екен? Олардың үйлерінде толып жатқан адамдары бар. Мен болсам, мен... жесірмін. «Жесірмін» деген сөзді қыз анасының аузынан бұдан бұрын есіткен жоқ еді. Саадат басын жоғары көтергенде, денесі дір ете қалды. Еттен арылып, семген ана төсі, сәл ақ аралас сирек шашы, жанары сене бастаған көзі: «Саадат, бақытты бол, сен үшін мен құрбан!» - деп тұрған сияқты болды. Саадат шешесін құшақтап алып, бауырына қатты қысты. Ананың тілін алмай қою мүмкін емес еді. Саадат жалынып, жалбарына бастады. -        Айналайын апа, мейлі, сенің айтқаның-ақ болсын. Бірақ сен де азырақ шыдашы. Жақында жазғы қос бітеді, мен содан қайтып келейін... Аз ғана қалды, апа, күте тұр...Зейнеп апай түрегеліп бара жатып, неге екені белгісіз,ойланып қалды. Саадаттың орнынан ақырын тұрып, аяғының ұшымен терезе жаққа етіп кеткенін шешесі байқап қалды. Айдың терезеден түскен күміс нұры қыздың басына, иығына тегілді. Саадат шешесі жаққа бұрылып қарағанда, ұзын кірпіктерінің арасынан оның танадай көздерінің қарашығы жалт етті. Ол жайымен терезенің алдына шығып тізесін құшақтап, сол жерде қозғалмай отырып қалды. Саадат бір нәрсені ойлағандай мұңға батып, шашын бір өреді де, бір таратады. «Бұл неге ұйықтамайды? - ананың жүрегі сыздап, үсті-үстіне соғады,- Ол неге қарайды? Нені тыңдап отыр?» -деген сұрауға Зейнеп апай жауап іздеп әуре.Саадат болса, әйнекке қадалып, тау жаққа қарайды. Ол жерде әлсін-әлсін я арғы беттен, я бергі беттен трактор фарларының оттары көрініп қалады. Трактордың гүрілдеген даусын Саадат ұйып тындайды. Ол дүріл біресе жақындап,тракторлар әудем жерде жүргендей сезіледі, біресе алыстап, көпке дейін үзіліп, онан кейін қайтадан күшейеді. «И, Саадат тракторды тыңдап отыр екен!» - дейді Зейнеп апай өзіне. Сол азамат оның ойына кенет бір нәрсе түсе қалды. Осы гүрілге ол өзі де әр кез құлақ салады емес пе. Гүріл анаға да өте жағады, өйткені Саадат үйде жоқта ол бір өзінше сауық. Не, қызының терезеде отырғаны жөн емес. Ананың жүрегі қысылады. Өйткені Саадаттың ойы қазір бұл жерде емес, сонау қос басында екенін, таудан естілген гүрілді Саадат музыка сияқты ұйып тындап отырғанын Зейнеп апай біліп жатты. Алыстағы фарлардың оттарына қарап, Саадат біреуге ішінен сыбырлағандай болады. «Білем, Қасымжан, сенде де қазір ұйқы жоқ... Көзіңді ауыл жақтан айырмай, қолыңды рычагтан алмайсың... Бірақ, мені аз болса да есіңе аласың ба? Әй, Қасымжан, Қасымжан...» Соқалардың тістері шымды жердің астын қия кесіп, толқын сияқты бірінен соң бірін аударып тастап жатқанын, Саадат қазір өзі істеп жүргендей, көз алдында көріп тұрды.Қопарылған тыңның үстінен бу көтеріліп, дымқыл иіс келеді. Айдаудың аяғындағы қайырылыс жерде, Саадат соқаның рычагін тез төмен басады. Топыраққа үйкеліп, айнадай жылтыраған соқа тістері жоғары көтерілгенде, Қасымжан тракторын бұрып жатып, артына қарап, «қалайсың» дегендей Саадатқа жымиып күледі. - Айда, Қасымжан, айдай бер! Біз бүгін бірінші орынды аламыз, айда! - дейді Саадат, трактор даусының арасынан айқайлап. Сонда Қасымжан тракторын қайтадан бороздаға салып, газ береді... «Қасымжан, сенімен істеген қандай қуанышты! Сен деген де мен бәріне әзірмін, сен үшін қайда болса да барамын!» - дейді Саадат ішінен...Мазасы кеткен Зейнеп апай, қызына не дерін білмей, шыдамай күрсініп де, екінші жамбасына аударылды. Мұны сезіп қалған Саадат селк етіп, ғажайып көріністен айырылды. Ол көпке дейін шешесіне қарап отырып, бұрынғыдай сыр бермей, қайта келіп төсегіне жатты. Бірақ қыз да, шеше де ұйықтаған жоқ. Әрқайсысының басында өз ойлары.Зейнеп апай: «Қызым бойжетіп қалды, енді мұның келешегін ойлау керек. Өзіміздің ауылдан бір жігіт табылса, жақсы болар еді. Басқа жерге кеткеннен гөрі, не дегенмен, өз ауылымызда болса, қол үзбей қатынап тұрмай ма. Ал, енді жалғыз бас біреу табылса, бала қылып үйге кіргізіп алсам, онда тіпті тамаша болады!» - деп ойлайды. Несін  айтасың, ананың көптен бері көңіліне үялаған тілегі осы. Қыз білмейді, ана болса өған берерін де кептен қамдап жүр, түскиіз, көрпелер бар. Енді шымылдыққа ғана жібек алу керек... Жоқ, жоқ, Зейнеп апай қызынан ешқашан ажырамайды, ондай ойлар қорқынышты, ондай ойларды ол маңына жуытпайды... Саадат болса, сол уақытта жас тракторист Қасымжан туралы ойлап жатты. Саадатқа «жынды қыз» деп кім айтпасын. Ә дегенде осы Қасымжанғ ашуланып, бұртиып, сырт беріп жүрмеді ме ол. Екеуі бір агрегатта істейтін еді. Тракторын тоқтатқан сайын, Қасымжан келіп: - Сен шаршаған жоқсың ба, Саадат? Түсіп, әрі-бері жүріп, қан таратсаң,- дегенде, Саадат ішінен ызаланып ашуланатын. «Бұл несі екен, мені бала көрема өзі? Қан таратса,өзі-ақ тарата бермей ме?» Бір күні Қасымжан әдейі үндемей қойды. Онда да Саадат ішінен ашуланып ызаланды: «Бұл неге менің жайымды сұрамайды? Әлде ренжіді ме? Әлде мені жақтырмай қалды ма?» Бір күні ол екеуі шыңдардың ең биігіне шықты. Саадат мұны еш уақытта ұмытпақ емес. Осы құзға шықсаң да шығасың, шықпасаң да шығасың,- деп оларды қинаған біреу болсайшы. Олар намыс таластырғандай жолсыз қияға тырмысып өрмелей берді. Күлетұғын кісі жоқ, жас балалардан бетер, сонда бір-бірінен жасырып, екеуі бірдей жолда қорқынышты жерлер көбірек ұшыраса екен деп тілеген. Өйткені, сонда олар бір-бірімізге жәрдемді көбірек көрсетер едік деп ойлады. Олар шөпке шыққанда жан-жақта ешбір адам жоқ кезде ғана айтатын сыры сондай жұмбақ сөзді бір-біріне білдірмек болған. Жалғыз сен үшін ғана деп жүректе сақтап келе жатқан сырды біреуі де онда батып айта алмады. Кейін төмен түсіп бара жатқанда ғана, тастың үстінен тайып кеткен Саадатты Қасымжан қапсыра құшақтап, ернінен өпкенде, аспандағы бұлттар Саадаттың көзіне көше жөнелгендей болды... Бұл жөлы Саадат ашуланған жоқ, ызаланған да жоқ... Бұрын бастан өтпеген, жаңа бақыттың рахаты әне бойын билеп, жүректің басында шоқтай ысып еріген сезім қызды теңселтті... Саадат Қасымжанның көзінен көз алмай қарағанда жігіт сол бал-бұл жанған терең көздердің ішіне түсіп кетуге даяр тұрғандай көрінді. Шалқая ашылған есіктің босағасына сүйеніп, Зейнеп апай манадан бері үйінің ішіне қарап тұр. Оның сол бір орында тапжылмай тұрғанында қандай да бір терең қайғы бар еді. Кім біледі, әлде ол табалдырықтан аттауға қорқа ма, үй ішінде оны бір қорқынышты нәрсе күтіп тұрғандай, әлде бір орынды өй табылып, сол ой оны бір жерге қадап тастадыма, я болмаса таудан келген гүрілге құлақ түріп тұр ма... Жоқ, олай емес. Зейнеп апай суға барғанда, «Саадат кетті, Саадат күйеуге тиді», - деген сөзді жаңа ғана есітіп келді.Үй ауқатты еді, бірақ қызы болмаған соң, ана үшін оның бәрі бір тиын. Егер қазір ішінен «ба-а-а!» деген айқай шықса, онда ол иен даладағыдай ешкім есітпеген, ешкімнің ісі жоқ, жападан-жалғыз жаңғырық болып қалады.Сөйткенше болған жоқ, Зейнеп апай үйіне Төкейдің келіні Жидегүл келді. Ол ештеңені байқамай, еш нәрсемен ісі жоқ: «Зейнеп апа!» - деп үй иесін шақырды. Зейнеп апай мас кісіше теңселіп, жай бұрылып қарады да, кенет басын жұлып алып, Жидегүлді омыраулап айқайлады: -        Сорым қайнады! Сорым қайнады! Қыз деген осы емес пе? Құдай мендей сорлы қатынға ұл бермеді... Қызым еркек бала болып туса, өз ұясын тастар ма еді... 0, ойбай, ұлым маған келін алып келіп, менің үйім де жұртты күндей үбірлі-шүбірлі болмас па еді... Қыз қонақ, бүгін өз үйінде, ертең басқа біреудің үйінде... Жидегүл сасқанынан артына шегіне берді. Әдетте жуас, мейірімді Зейнеп апай, аш арыстандай атылып, айбатына кісі шыдағысыз. Осы кішкентай, қартаң әйел, қазір үлкен бір тауды қолына көтеріп, жерге тастаса, быт-шыты шығып кеткендей. -        Өлтірді мені, Саадат өлтірді! - деп Зейнеп апай жазықсыз Жидегүлге тағы да жұлқынып, айқайлай берді,- Елі жоқ, жұрты жоқ, азып кеткен немеге қашып кетті деген не сұмдық, не сұмдық. 0, жаратқан, көзімнің нұрынан айрылдым. Ол қызымды кісі білмес жаққа алып кетіп, баламды көрмей мен өлемін! -        Ол нең, жеңеше, қызың осы жерде жақын ғой, онан да ұзақ өмір тіле...- деп Жидегүл бір нәрсе айтайын деген де, Зейнеп апай оны: -        Сен сөйлеме! - деп зекіді де, онан бетер байбалам салды.- Сендер де менің ырысыма сор болдындар... Саадатты МТС-ке бар, үйрен, үйрен деп түрткілеген сенің атаң -Төкей. Мені құдай ұрып, оны еркек демедім бе, қайнағам демедім бе, болмаса қызды үйден шығаратын ба едім! Бар, Төкейге айт, інісінің аруағын сыйласа, намысы бар еркек болса, Саадатты қайта алып келсін, қызымды қолыма тигіз- сін... Саадат келсін, келмесе мен оған ана емеспін... Екінші жүзін көрмеймін. Неге қарайсың, кет қазір, жоғалт қараңды, бар... Сол күні Зейнепті шақырып кел деп Төкей әйелін жіберді. Төкей арық, киімін күтін, таза киетін шал еді. Ол киіздің үстіндегі көрпеде шегедей болып отыр. Қабағы қатыңқы. Жаныңда оның үй іші орын алған. Үйдің іші ыстық, қазанда ет қайнап жатқан. Самауырын болса, әлде қашан қайнап болған. -        Қо-о-ош, мен бәрін есіттім,- деді Төкей салмақпен шайды Зейнеп апайға ұсынып қатып.- Есітіп, сенен қатты ұялып отырмын. Егерде Саадат иттік қылса, мен қазір атқа қонамын да, шашынан дырылдатып сүйретіп әкелемін,-шалдың көзі қаһарлана түсті,- Бірақ мен олай істемеймін. «Ескі қошкүдегі» жерлер ондай адамдарды көптен аңсап күткен... Мен сені алдамаймын да, Зейнеп, бірақ бір нәрсені есіңе жай салып қояйын,- Текей насыбайын аузына салып, онан кейін ойланғандай жай ғана бурыл сақал, мұртын сипап қойды,- Қазір «Ескі қошкүдегі» тың көтеріліп, жердің бәрі айдалып жатыр. Бір кездерде, өзің білесің, біз осыны істей алмай қоймадық па. Онда бізге шұрайлы жер қайда, байлардың тапсыруымен осы «Ескі көшкүдегі» келіп тірелдік. Кісінің қолы тимеген жердің ең құдай қарғағаны осы «Ескі көшкүдегі» еді. Қайнағаң болсам да, ұялмай айтайын, сен, Зейнеп, менің інімді ұнатып қалып, сол жылы осы «Ескі кошкүдегі» бірге қашып келмедің бе? Осы жерде қанша бейнет көрмедік біз? Сондағылар есіңде ме? Тыңнан арық қазып, онан кейін «Айдаһар тастың» жанынан сәл арықтың ішімен су көтерілмей қоймады ма... Еңбектің бәрі күйіп кетті... Сонда, Зейнеп, сенжыладың, сен емес, еркектер біз... - Даусының қарлық қағын білдірмейің дегендей, Төкей киізді қайырып, насыбайын түкірмек болып, қақырынды.-- Алақандай жерге де өліміз жетпеді. Бізге көп те жер керек емес еді. Онда біз аштан өлместің қамын ойлап жүретінбіз. Қазір болса «Ескі кешкүдегі» біздің балалар кірісті. Олар не істегенін сен барып көрші. Әй, Зейнеп, сенің қыз, күйеуің тек бастарының қамы үшін жүрген жоқ ол жерде, олар егін айдап, елді баққан адамдар... Жас кезіңде сен жігіттің артынан кетіп, барлық қиыншылықты мойныңа арттың, ал сенің қызың неге осы заманда өз сүйгенімен бірге кете алмайды? А?..Зейнеп апай томсарған күйі үндемей, еш нәрсемен ісі жоқ адамдай отыра берді. -        Қой, Зейнеп, сен Саадатқа өкпелеме. Азып-тозып жүрген немеге тиіпті депсің, ол сөзіңді қайтып ал, әбден қадірлі жігіт екен ол. Аты - Қасымжан. Бригаданың озық тракторисі. Қалада ата-анасы да бар көрінеді, жақсы кісілер деседі. Саадат сені тастамайды. Ол өндай қыз емес... Жексенбіде сенің үйіңе келеді екен, оларды бәріміз күтіп аламыз. Өзің болсаң салтқа орай, барарсың, ол бірінші егінін жинап алсын, жаңа салынған үйіне кірсін...Төкей қарттың айтқанын төкпей-шашпай тындап отырған Зейнеп апай, өзі бір де жауап қайтармады. Төкейдің үйіндегілері оның дұрыс, я бұрыс дегенін біле алмай қойды. Төкей Зейнепті қораға алып шықты. Далада жаңбыр бүркіп жауып тұр. Таулар да, тал-теректер де, алыстағы үйлер де көрінбейді, бәрін де су тәрізді бозамық тұман қымтаған.Төкей төңірекке көз жіберді де, жақтырмай күңк етті. -        Құдай-ой, тіпті аспанда сау жер қалмапты ғой. Ақ жауын келді, енді екі-үш күнге көз аштырмайды десеңші...-    Ақ жауын дейсіз бе? - деді Зейнеп апай күмілжіп.-Ақ жауын ба,- деді де, сұрауына жауап күтпей үйіне қарай жүріп кетті. Терезені жаңбыр тамшылары дамылсыз ұрып тұр, үйдің іші, бір де жан тұрмағандай, жым-жырт. Зейнеп апай бүрісіп бұрышта отыр. -        Ақ жауын! - деп сыбырлап, өз үнін өзі ұғады. Жолда келе жатқанда Зейнеп апай өткен-кеткенді ойлап, «Төкей дұрыс айтты. Төкей әділ айтты!» - деген байламға келді. Солай, Саадаттікі жөн, оған өкпелеуге болмайды. Бірақ, иен үйдің табалдырығын аттағанда, иығы түсіп, өзегі өртеніп, ол бұрынғыдан да ауыр жалғыздықтың азабын тартты. Іске қолы бармай, оған әлдене жетпеғендей болып тұрды. Бір уақытта не жетпегенін өзі тапқандай болды: бүгін трактордың күндегі гүрілдеген даусы естілмейді. Қазір Зейнеп апайдың жүрегі сыздап, тынымсыздана бастады. Тракторлардың үні шықпайды. «Ақ жауын жауып тұр. Ол екі-үш күнге дейін басылмаса, даладағы менің балаларымның күні не болады? Шатырларынан су өтіп, жылынып, ыстық бірдеңе қайнатуға отын жоқ болса, ә, бишара балаларым! - деп анашын ниетімен жастарға жаны ашыды,- Не болса да жексенбі тезірек келсе екен, айналайындарды көрсем екен!» Зейнеп апай жексенбіге қанша қалды екен деп есептеп көрді. Төрт күн! О, Зейнеп апай үшін қандай көп! Төрт күн қашан өтеді? Саадат пен Қасымжанды ол қазір көргісі келсе ше? Бірақ, амал бар ма, күту керек. Зейнеп апай тағы азырақ отырды да, орнынан тұрып, сандықтан ақ кездемені алып, еркекке кең көйлек пішті. Даладан тезек алып келіп, от жақты. Үйдің іші жылынып, береке кіргендей болды. Қазандағы ет піскенше, Зейнеп апай қол машинамен көйлекті тігіп те бітірді. Ол көйлекті жазып көрді де, өзінің ісмерлігіне риза болғандай, көңілдене түсті. Ананың от лебіне қызарған жүзі, жас кездеріндегідей нұрлана терледі. Ол үлкен тойға дайындалғандай болды. Шынында да оның тойы үлкен еді. Зейнеп апай қазір «Ескі қошкүдегі» бригадаға бармақ болды. Бәрін әзірлеп біткен- ңен кейін, ол Саадатқа деп алып қойған үлкен гүлді шәліні жаңағы көйлекпен қоса қоржынының бір жағына салды, екінші жағын ет пен бауырсаққа толтырды. Енді жүргелі тұрғанда ол бір нәрсеге бегеліп қалды. Өйткені, өзін-өзі сыйлаған қайын ене күйеуінін үйіне шақыртпай барып қалса, жараса ма? Мақұл, Төкей күзде барамыз деді. Жо-оқ, күзге дейін ана шыдай алмайды, Оған көп уақыт бар. Саадат пен Қасымжан болса жексенбіде келеді екен. Оған дейін төрт күн бар! Жо-оқ, бұған да ана шыдамайды. Олай болса, Зейнеп апай қазір барып, балаларын қазір көргісі келеді. «Ескі қошкүдегі» не болып жатыр? Төкейдің айтқандары шын ба  екен, оны да ананың білгісі келеді. «Ии, сорың құрығыр, баяғы Зейнеп ақ жауында, жанына ерткен ешкім де жоқ, қыз, күйеуіне кетіп бара жатыр! - деп жұрт күлсе ше? Мейлі, күлгендер күле берсін, мен барамын. Қазір барамын!» Зейнеп апай дереу шайы көйлегін, жаңа галош, мәсісін, жаңа шапанын киіп, қоржынды иығына салып, ерінен қалған үлкен шекпенді жамылды да, үйінен шықты. Далада ақ жауын еді. * * * «Ескі қошкүнің» өзен жағасын қуалай кеткен таулары жауын арасынан болар-болмас қана көрінеді. Алатауға жетіп барып, алдына тізе бүгіп, басын иіп тұрған сияқты. Ортада аққан үлкен өзен жаңбыр жауғандықтан әбден тасыған. МТС жаңа салынған көпірдің жанында. Жағадағы тастардың бауырына су шалп-шалп тиіп, көбік шашқан тілімен жалап, оның жансыздығына өкінгендей, қайтадан кейін сергіліп, бедірейген тастарға асыла көмеді де, көпірдің астына қайта тығылғандай болады. Оршеленген жаңбырдың астында бір әйел айдаған жердің шетімен салт келе жатты. Төкейдің айтқандары шын екен. Көтерілген тыңның ұшы-қиыры жоқ. Үлкен арықтар тартылған. Кейбір жерде себілген бидай қылтиып шығып та қалыпты. Не, «Ескі кошкүдегі» адам танығысыз. Зейнептердің баяғыда кетпенмен еккен, дән бермеген алақандай жері осы жазда қоса айдалып кетіпті. Баяғы су ақпай қойған арықтың ізі жоғалып, оның орнына жаңа арық пайда болған. Ілгеріде су жібермеген «Айдаһар тас» аспанға ұшыпты. Алдында биік жар көрінді. «Ескі кошкүднгі» деп аталған жер дәл осы еді. Елдің айтуына қарағанда, баяғы кезде жер сілкініп, осы жердің бір тұмсығы көшіп, Асан деген бишараны там-жайымен басып қалған деседі. Ақ жауынның торсияқты шымылдығы арасынан қорқынышты жүзінде қансол жоқ Асанның сүлдесі Зейнеп апайдың көз алдына келе қалды. Айналада жан жоқ. Ақ жауын тынбай жауып тұр. - Түрің құрысын! - деп жіберді Асанды елестетіп, шошынған Зейнеп апай. Ол атына қамшы басты. Әріде даладағы шатырлар көрінді. Ана шатырларға жақындаған сайын жастардың аккордеонға қосылып шырқаған әні анық естіле бастады. Не, жастар ән салып жатыр, олардың ішінде анаға таныс Саадаттың дауысы естіліп жатқандай болды. Зейнеп апай атының басын тартып тұра қалды да, айналаға көз тастап жылап жіберді. Бірақ бұрын қайғырып жылаған болса, бұл жолы балаларының еңбегіне мақтанып, қуанғаннан, ана шатырдағы жастардың үні қуатына қуат қосып жатқанға сүйсініп жылады. О, алтын ананың жүрегі-ай! Қыргыздан аударған Қалжан Нұрмаханов Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Ауыл тыныш, әр жерде терезеден оттар біртіндеп өшеді.Терек бүрлері ай жарығында інілінер-білінбес қана құбылады. Кейде жел жұлқынып, үй төбелерінің қамысын бір нәрсені іздегендей қабыратады. Иттің ұйқысырап самарқау үргені және тау жақтан судың ба, әлде мотордың ба даусы естіледі... Қыстаққа қарай аяқтарын тез басып, қараңғыда екі кісі келе жатыр. Міне, олар тоқтады.

-        Мен енді өзім... Рахмет,- деген қыздың үні шықты.

-        Тағы азырақ ұзатып салайын, иттер талап тастар,- деді еркек даусы.

-        Мен иттерден... қорықпаймын...

-        Солай болса да...

-        Қой, Қасымжан, сменаға кешігесің, рахмет, бара бер енді...

-        Үлгеремін, әлі уақыт бар,- деп Қасымжан шырпы шақты. Шырпының шалқи жанған оты орамал тартқан қызды және дермантиннен тігілген спорт күртешелі, сағатын үңіліп қарап жатқан жас жігітті аз уақыт қана жарық қылды.

-        О, Сақыш, әлі аттай екі жарым сағат бар! - деді Қасымжан.

-        Керегі жоқ, Қасымжан, мен өтінемін... Сен кешігесің. Оның үстіне біреу көріп қойса, сөз болады... Мен сондай қорқып тұрмын... Түрі апам ауырып қалған ғой, болмаса мені шақыртпас еді. Тегін емес әйтеуір...

-        Қиын десеңші. Ол ауырып жатқанда жалғыз тастау жарамайды. Бірақ сен көп уайымдама, ептеп жәрдем береміз...

-        Мүмкін, онда бригададан кетуге тура келер,- деді Саадат жай ғана. Қасымжан шошып кетті.

-        Ол не дегенің? - деді де, сөзін аяқтамастан үндемей қалды. Олар тағы да біраз тұрды, онан соң екеуі екі жаққа:

Саадат кешені байлап, үйіне қарай жүргенде, Қасымжан тауға қарай әрлеген жолмен кетті.

-        Саадат, хабар бер... мен күтем...

-        Мақұл,- деп Саадат тамағын қысыңқырап сыбырлады. Ол сәл ұзай түсіп, артына бұрылып қарады. Қасымжан көрінбейді. Қараңғы. Саадат үйіне асықты. Ол үйіне жақындаған сайын, адымын тездетіп, ақырында жүгірді. Қыздың жүрегі тулап, дүрс-дүрс соғады. Бірінен-бірі қорқынышты қандай да бір ойлар оның артынан өкшелеп қуып келе жатқандай. Көзі ішіне кетіп, төсекте жатқан анасы елестейді оған. «Ала, айналайын апа, садағаң кетейін, апа!» -деп айқайлауға аз-ақ қалып келеді Саадат. Алда дарбаза қарауытып көрінді. Дуалдың бұрышынан қараңдаған бір нәрсе бөлініп, Саадатқа қарай жүрді. Ол - қыздың шешесі еді.

-        Саламатсың ба?

-        Апа, не болды?

-        Осы қараңғы түнде жалғыз жүрсің бе, кіммен келдің?

-        Өзім,- деп Саадат жалған айтып жіберді.

Зейнеп апай шошынғандай қолын сермеп:

-        Әй, ботам, ол нең?..- деді.

-        Жоқ, апа, мен жолшыбай бір арбаға мініп келдім,-деді абайсызда жалған айтып жібергенін дереу түсіне қойған Саадат, сөзін жөндеп. Зейнеп апай қызын құшақтап жылап жіберді.

-        Сарғайып өлер болдым, жолға қарай-қарай екі көзім төрт болды... Мен құриын, айналайын... Сені шақыртарын шақыртып алып, түн түсіп кетті, сен болсаң әлі жоқсың... Не болды, жолда бір нәрсе болды ма деп, енді... өзім жүргелі тұр едім... Құдайға шүкір, жүрегім енді орнына түсті...

-        Саған не болған, апа, өткен аптада ғана көріскен жоқ па едік? Саадат трактор бригадасында прицепщик болып істегендіктен, көбіне далада жүреді. Оның үйге әр келгені Зейнеп апай үшін үлкен бір той. Ол сонша сағынады, үйіне келген қызынан жалғыз адым кеткісі келмейді. Екеуі бірге от жағады. Бірі қамыр илесе, екіншісі қазандағы сорпаны сапырады. Саадат сиыр сауса, шешесі жанында тұрып, сиырға жем даярлайды. Қойшы, әйтеуір, екеуінің сол сәттегі сөзі таусылмайды. Колхозда да, трактор бригадасында да жаңалықтар көп емес пе. Саадат суға кеткенде Зейнеп апай есіктің алдына шығып қызы қашан ұзап кеткенше, көз алмай қарап тұрады. Ол бір нәрсені ойлағандай басын шайқап, таңырқап тамсанады, кейде терең күрсініп қояды. Қызының лезде бөйжетіп қалғанына шешесінің сенгісі келмейді. Зейнеп апайдың іші елжіреп, Саадаттың толық сымбатты денесіне көз жібереді. Күміс білезік салған жұмыр қолымен Саадат апайды жеңіл көтереді. Саадаттың өзі байқамай, керіліп жүргені де келісімді. Көйлектің көкірекшесін торситып тұрған тәсі-жасырғысы келгендей, жай ғана бір қалыппен дем алады. «Қызым, көзімнің нұры, бәлекетіңді алып кетейін» деген сөздер ананың аузынан сонда өзінен-өзі шығып кетеді. Бүгін қызы да, шешесі де ерекше қуанышты, біріне-бірі әбден риза. Бірақ шешесінің бекер шақыртпағанын, сөзсіз бір нәрсе айтарын Саадат сезіп жүрді. Ол шынында да солай еді. Зейнеп апай бұл іске көптен бері қамданып жүрген. Кейінгі күндерде Саадатта қандай да бір жаңа мінездер пайда бола бастады. Ана үшін Саадат бұрынғыдай ең жақын, ең қымбатты және ең сүйкімді адам. Бірақ, кей сәттерде ғана Саадаттың мінезіне түсіне алмайды. Әсіресе осы өткен қыстан бері қызы тіпті өзгеріп кетті. Қар жаңа кеткен. Көктемнің алғашқы күндерінің бірінде Саадат аптығып үйге жүгіріп келді.

-        Апа,- деді ол есік алдынан айқайлап,- комсомол бригадасы келді!

-        Қандай бригада?

-        Ой, білмейсің бе, МТС-тің комсомол бригадасы. Олар жаңа жерге келді. Мен өзім де көрдім, апа, олар диірменнің жанынан машина, тракторларымен өтті. Өздерімен бірге соқаларды, сеялкаларды алып бара жатыр...«Сонша неге бүлінді? - деп ойлап, Зейнеп апай аң-таң қалды да,- келсе келеді де, оның несі бар!» - деді. Ал енді қызы болса, өзін тоқтата алмай, сөзін әрі жалғастыра түсті.

-        Олардың қай жерді айдайтынын мен білемін, апа. Осы жерде жақын. Төкей ағам айтпады ма, биыл «Ескі көшкүні» қалдырмай айдайды екен!..Осы сөздерден кейін көп ұзамай Саадат МТС-ке прицепщик болып кіруге шешесінен рұқсат сұрады. Зейнеп апай қызының үйден алыстауын жақтырған жоқ, бірақ, Саадат өз айтқанынан қайтпай, тұрып алды.-        Биыл прицепщик боламын, онан кейін тракторист боламын, бізді оқытады екен... Мен сөзімнен қайта алмаймын, комсомол жиналысында уәде бердім, өзім қаладым

бұл мамандықты,- деп бір жағы зіл тастап, бір жағы шешесін еркелете жалынды... Қызының зіліне де, жалынғанына да Зейнеп апай көнбейтін еді, бірақ қайнағасы Төкей Саадатты жақтады.

-        Сен жастардың жолын бөгеме, олардың да білгені бар, бара берсін,- деп ол Зейнепке ақыл айтты.

Саадат кетті, ал шешесі болса, кеп кешікпей-ақ өкіне бастады. Саадат енді тек қана шешесінің өзіне емес, басқа біреулерге, қандай да бір ағыны қатты күшке тиісті болып қалғанын Зейнеп апай іштей сезінді. Ол күш қызды күннен-күнге өзіне тартып, ақыры алып кетпесін деген қобалжу туды оның жүрегінде. «Қызым, қолымнан ұшырған құсым»,- деп, Зейнеп апай оқшауда жылап алатын. Қыз анасына суыған жоқ. Бірақ неге Саадат шешесінің өзінен ақылды, көпті білген болып көрінеді? Не үшін ол шешесін жас бала сияқты аяғандай болады? Неге ана білмеген, адам түсінбеген, Саадаттың өзіне ғана белгілі істері бар? Айта берсе, Саадат не үшін анаға қайырымды және неге ол мұңайып қарайды? Не үшін Саадат шешесін сондай сағынып үйіне келеді де, таң елең-алаңда қайта бригадаға кетуге асығады? Ана осыларға қайран қалады. Кейде Саадат салауатты,жұмыс жөнінде ақыл айта сөйлейді, кейде оны біреу алмастырып қойғандай, күліп, шаттанып, шешесіне шексіз еркелеп, есін шығарады, кейде қарасаң жетім бота сияқты көзін тұман шалып, үндемей бір нүктеге қадала қарап отырады.

-        Әй, Саадат, жұмысың қалай, үнай ма? - деп Зейнеп апай сынап та көрді,- Бригадада қандай адамдар бар? Онда Саадат: «Өте ұнайды!» - деп дайын жауапты бере салып, онан кейін бригадада адамдардың алыс қалалардан келгенін, олардың машина тетіктерін бес саусағындай білетінін, кейбіреулердің сол машиналарды заводта өз қолымен жасағанын айтып беретін. Олар да Саадаттай жастар екен. «Мен де сондай болсам, ә!» дегендей Саадаттың көзі жайнай түсіп, онан кейін тағы толып жатқан жайлар жөнінде, комсомол жиналысы, өтірік ауырып қалып қабырға газетіне түскен тракторист жөнінде айтып беретін. Осының бәрін тыңдап отырған Зейнеп апай, бірін түсінсе, бірін шала түсінеді. Шай ішіліп бітті. Саадат дастарқанды жинады да, шыны аяқтарын жуып, текшеге апарып қойды. Зейнеп апай орнынан тұрмай, киіздің үстінде үндемей ойда отыр.

-        Бері келші, қызым, отыршы жаныма,- деп ол жанын көрсетті. «Міне, енді айтады!» - дегендей Саадаттың жүрегі дір ете қалды.

-        Сенімен бүгін сөйлесейін деп едім...

-        Айтыңыз, апа, құлағым сізде... Зейнеп апай неден бастасам екен деп, көпке дейін ойланып, онан кейін салыңқы қабағын жай көтеріп, қызына қарады. -          Саадат, сен менің жалғыз баламсың, сенен басқа ешкімім жоқ. Ұлым да, қызым да сенсің. Мына мен осы иентамда жалғыз қалдым, бұған не дейсің? - Ананың көзіне жас іркілді,- Жұмыста жүргенде елемеймін, үйге келсем, ішім пысып, жалғыздықтан жанымды қоярга жер таппаймын... Қайдасың, не істеп жүрсің, аурусың ба, саусың ба... құдай білсін... Тегі жұмысың қыздың жұмысы емес қой...Соқаның үстіне мініп алып, иен далада жүрген қыз балаға лайық па? Қой, айналайын, оны таста. Анаң бар, үйің бар, қайтып кел... Колхозда да жұмыс толып жатыр,- деді. Зейнеп апай көзін алақанымен сүртіп, ауыр күрсінді де, үңдемей қалды. Ананың ойы неде екенін осы сөздерден-ақ түсінуге болатын еді, бірақ шешесінің айтайын деген ең негізгі түйінін бүгіп қалғанын Саадат сезді.

-        Қыздардан жалғыз мен бе екен?- деді Саадат,- МТС- те қыздар толып жатыр, біздің ауылдан да бар... Еркектерден кем істеп жүрген жоқпыз. Менім; үшін жұмысты тастап кетуім керек? »

-        Сен өзіңді олармен теңеме, құдайдың қаһары! - деп, Зейнеп апайдың ашуы бірден келе қалды,- Олар бір әке, бір шешеден жалғыз ба екен? Олардың үйлерінде толып жатқан адамдары бар. Мен болсам, мен... жесірмін. «Жесірмін» деген сөзді қыз анасының аузынан бұдан бұрын есіткен жоқ еді. Саадат басын жоғары көтергенде, денесі дір ете қалды. Еттен арылып, семген ана төсі, сәл ақ аралас сирек шашы, жанары сене бастаған көзі: «Саадат, бақытты бол, сен үшін мен құрбан!» - деп тұрған сияқты болды. Саадат шешесін құшақтап алып, бауырына қатты қысты. Ананың тілін алмай қою мүмкін емес еді. Саадат жалынып, жалбарына бастады.

-        Айналайын апа, мейлі, сенің айтқаның-ақ болсын. Бірақ сен де азырақ шыдашы. Жақында жазғы қос бітеді, мен содан қайтып келейін... Аз ғана қалды, апа, күте тұр...Зейнеп апай түрегеліп бара жатып, неге екені белгісіз,ойланып қалды. Саадаттың орнынан ақырын тұрып, аяғының ұшымен терезе жаққа етіп кеткенін шешесі байқап қалды. Айдың терезеден түскен күміс нұры қыздың басына, иығына тегілді. Саадат шешесі жаққа бұрылып қарағанда, ұзын кірпіктерінің арасынан оның танадай көздерінің қарашығы жалт етті. Ол жайымен терезенің алдына шығып тізесін құшақтап, сол жерде қозғалмай отырып қалды. Саадат бір нәрсені ойлағандай мұңға батып, шашын бір өреді де, бір таратады. «Бұл неге ұйықтамайды? - ананың жүрегі сыздап, үсті-үстіне соғады,- Ол неге қарайды? Нені тыңдап отыр?» -деген сұрауға Зейнеп апай жауап іздеп әуре.Саадат болса, әйнекке қадалып, тау жаққа қарайды. Ол жерде әлсін-әлсін я арғы беттен, я бергі беттен трактор фарларының оттары көрініп қалады. Трактордың гүрілдеген даусын Саадат ұйып тындайды. Ол дүріл біресе жақындап,тракторлар әудем жерде жүргендей сезіледі, біресе алыстап, көпке дейін үзіліп, онан кейін қайтадан күшейеді. «И, Саадат тракторды тыңдап отыр екен!» - дейді Зейнеп апай өзіне. Сол азамат оның ойына кенет бір нәрсе түсе қалды. Осы гүрілге ол өзі де әр кез құлақ салады емес пе.

Гүріл анаға да өте жағады, өйткені Саадат үйде жоқта ол бір өзінше сауық. Не, қызының терезеде отырғаны жөн емес. Ананың жүрегі қысылады. Өйткені Саадаттың ойы қазір бұл жерде емес, сонау қос басында екенін, таудан естілген гүрілді Саадат музыка сияқты ұйып тындап отырғанын Зейнеп апай біліп жатты.

Алыстағы фарлардың оттарына қарап, Саадат біреуге ішінен сыбырлағандай болады. «Білем, Қасымжан, сенде де қазір ұйқы жоқ... Көзіңді ауыл жақтан айырмай, қолыңды рычагтан алмайсың... Бірақ, мені аз болса да есіңе аласың ба? Әй, Қасымжан, Қасымжан...» Соқалардың тістері шымды жердің астын қия кесіп, толқын сияқты бірінен соң бірін аударып тастап жатқанын, Саадат қазір өзі істеп жүргендей, көз алдында көріп тұрды.Қопарылған тыңның үстінен бу көтеріліп, дымқыл иіс келеді. Айдаудың аяғындағы қайырылыс жерде, Саадат соқаның рычагін тез төмен басады. Топыраққа үйкеліп, айнадай жылтыраған соқа тістері жоғары көтерілгенде, Қасымжан тракторын бұрып жатып, артына қарап, «қалайсың» дегендей Саадатқа жымиып күледі.

- Айда, Қасымжан, айдай бер! Біз бүгін бірінші орынды аламыз, айда! - дейді Саадат, трактор даусының арасынан айқайлап. Сонда Қасымжан тракторын қайтадан бороздаға салып, газ береді... «Қасымжан, сенімен істеген қандай қуанышты! Сен деген де мен бәріне әзірмін, сен үшін қайда болса да барамын!» -

дейді Саадат ішінен...Мазасы кеткен Зейнеп апай, қызына не дерін білмей, шыдамай күрсініп де, екінші жамбасына аударылды. Мұны сезіп қалған Саадат селк етіп, ғажайып көріністен айырылды. Ол көпке дейін шешесіне қарап отырып, бұрынғыдай сыр бермей, қайта келіп төсегіне жатты. Бірақ қыз да, шеше де ұйықтаған жоқ. Әрқайсысының басында өз ойлары.Зейнеп апай: «Қызым бойжетіп қалды, енді мұның келешегін ойлау керек. Өзіміздің ауылдан бір жігіт табылса, жақсы болар еді. Басқа жерге кеткеннен гөрі, не дегенмен, өз ауылымызда болса, қол үзбей қатынап тұрмай ма. Ал, енді жалғыз бас біреу табылса, бала қылып үйге кіргізіп алсам, онда тіпті тамаша болады!» - деп ойлайды. Несін  айтасың, ананың көптен бері көңіліне үялаған тілегі осы. Қыз білмейді, ана болса өған берерін де кептен қамдап жүр, түскиіз, көрпелер бар. Енді шымылдыққа ғана жібек алу керек... Жоқ, жоқ, Зейнеп апай қызынан ешқашан ажырамайды, ондай ойлар қорқынышты, ондай ойларды ол маңына жуытпайды... Саадат болса, сол уақытта жас тракторист Қасымжан туралы ойлап жатты. Саадатқа «жынды қыз» деп кім айтпасын. Ә дегенде осы Қасымжанғ ашуланып, бұртиып, сырт беріп жүрмеді ме ол. Екеуі бір агрегатта істейтін еді. Тракторын тоқтатқан сайын, Қасымжан келіп:

- Сен шаршаған жоқсың ба, Саадат? Түсіп, әрі-бері жүріп, қан таратсаң,- дегенде, Саадат ішінен ызаланып ашуланатын. «Бұл несі екен, мені бала көрема өзі? Қан таратса,өзі-ақ тарата бермей ме?» Бір күні Қасымжан әдейі үндемей қойды. Онда да Саадат ішінен ашуланып ызаланды: «Бұл неге менің жайымды сұрамайды? Әлде ренжіді ме? Әлде мені жақтырмай қалды ма?» Бір күні ол екеуі шыңдардың ең биігіне шықты. Саадат мұны еш уақытта ұмытпақ емес. Осы құзға шықсаң да шығасың, шықпасаң да шығасың,- деп оларды қинаған біреу болсайшы. Олар намыс таластырғандай жолсыз қияға тырмысып өрмелей берді. Күлетұғын кісі жоқ, жас балалардан бетер, сонда бір-бірінен жасырып, екеуі бірдей жолда қорқынышты жерлер көбірек ұшыраса екен деп тілеген. Өйткені, сонда олар бір-бірімізге жәрдемді көбірек көрсетер едік деп ойлады. Олар шөпке шыққанда жан-жақта ешбір адам жоқ кезде ғана айтатын сыры сондай жұмбақ сөзді бір-біріне білдірмек болған. Жалғыз сен үшін ғана деп жүректе сақтап келе жатқан сырды біреуі де онда батып айта алмады. Кейін төмен түсіп бара жатқанда ғана, тастың үстінен тайып кеткен Саадатты Қасымжан қапсыра құшақтап, ернінен өпкенде, аспандағы бұлттар Саадаттың көзіне көше жөнелгендей болды... Бұл жөлы Саадат ашуланған жоқ, ызаланған да жоқ... Бұрын бастан өтпеген, жаңа бақыттың рахаты әне бойын билеп, жүректің басында шоқтай ысып еріген сезім қызды теңселтті... Саадат Қасымжанның көзінен көз алмай қарағанда жігіт сол бал-бұл жанған терең көздердің ішіне түсіп кетуге даяр тұрғандай көрінді. Шалқая ашылған есіктің босағасына сүйеніп, Зейнеп апай манадан бері үйінің ішіне қарап тұр. Оның сол бір орында тапжылмай тұрғанында қандай да бір терең қайғы бар еді. Кім біледі, әлде ол табалдырықтан аттауға қорқа ма, үй ішінде оны бір қорқынышты нәрсе күтіп тұрғандай, әлде бір орынды өй табылып, сол ой оны бір жерге қадап тастадыма, я болмаса таудан келген гүрілге құлақ түріп тұр ма... Жоқ, олай емес. Зейнеп апай суға барғанда, «Саадат кетті, Саадат күйеуге тиді», - деген сөзді жаңа ғана есітіп келді.Үй ауқатты еді, бірақ қызы болмаған соң, ана үшін оның бәрі бір тиын. Егер қазір ішінен «ба-а-а!» деген айқай шықса, онда ол иен даладағыдай ешкім есітпеген, ешкімнің ісі жоқ, жападан-жалғыз жаңғырық болып қалады.Сөйткенше болған жоқ, Зейнеп апай үйіне Төкейдің келіні Жидегүл келді. Ол ештеңені байқамай, еш нәрсемен ісі жоқ: «Зейнеп апа!» - деп үй иесін шақырды. Зейнеп апай мас кісіше теңселіп, жай бұрылып қарады да, кенет басын жұлып алып, Жидегүлді омыраулап айқайлады:

-        Сорым қайнады! Сорым қайнады! Қыз деген осы емес пе? Құдай мендей сорлы қатынға ұл бермеді... Қызым еркек бала болып туса, өз ұясын тастар ма еді... 0, ойбай, ұлым маған келін алып келіп, менің үйім де жұртты күндей үбірлі-шүбірлі болмас па еді... Қыз қонақ, бүгін өз үйінде, ертең басқа біреудің үйінде...

Жидегүл сасқанынан артына шегіне берді. Әдетте жуас, мейірімді Зейнеп апай, аш арыстандай атылып, айбатына кісі шыдағысыз. Осы кішкентай, қартаң әйел, қазір үлкен бір тауды қолына көтеріп, жерге тастаса, быт-шыты шығып кеткендей.

-        Өлтірді мені, Саадат өлтірді! - деп Зейнеп апай жазықсыз Жидегүлге тағы да жұлқынып, айқайлай берді,- Елі жоқ, жұрты жоқ, азып кеткен немеге қашып кетті деген не сұмдық, не сұмдық. 0, жаратқан, көзімнің нұрынан айрылдым. Ол қызымды кісі білмес жаққа алып кетіп, баламды көрмей мен өлемін!

-        Ол нең, жеңеше, қызың осы жерде жақын ғой, онан да ұзақ өмір тіле...- деп Жидегүл бір нәрсе айтайын деген де, Зейнеп апай оны:

-        Сен сөйлеме! - деп зекіді де, онан бетер байбалам салды.- Сендер де менің ырысыма сор болдындар... Саадатты МТС-ке бар, үйрен, үйрен деп түрткілеген сенің атаң -Төкей. Мені құдай ұрып, оны еркек демедім бе, қайнағам демедім бе, болмаса қызды үйден шығаратын ба едім! Бар, Төкейге айт, інісінің аруағын сыйласа, намысы бар еркек болса, Саадатты қайта алып келсін, қызымды қолыма тигіз-

сін... Саадат келсін, келмесе мен оған ана емеспін... Екінші жүзін көрмеймін. Неге қарайсың, кет қазір, жоғалт қараңды, бар... Сол күні Зейнепті шақырып кел деп Төкей әйелін жіберді. Төкей арық, киімін күтін, таза киетін шал еді. Ол киіздің үстіндегі көрпеде шегедей болып отыр. Қабағы қатыңқы. Жаныңда оның үй іші орын алған. Үйдің іші ыстық, қазанда ет қайнап жатқан. Самауырын болса, әлде қашан қайнап болған.

-        Қо-о-ош, мен бәрін есіттім,- деді Төкей салмақпен шайды Зейнеп апайға ұсынып қатып.- Есітіп, сенен қатты ұялып отырмын. Егерде Саадат иттік қылса, мен қазір атқа қонамын да, шашынан дырылдатып сүйретіп әкелемін,-шалдың көзі қаһарлана түсті,- Бірақ мен олай істемеймін. «Ескі қошкүдегі» жерлер ондай адамдарды көптен аңсап күткен... Мен сені алдамаймын да, Зейнеп, бірақ бір нәрсені есіңе жай салып қояйын,- Текей насыбайын аузына салып, онан кейін ойланғандай жай ғана бурыл сақал, мұртын сипап қойды,- Қазір «Ескі қошкүдегі» тың көтеріліп, жердің бәрі айдалып жатыр. Бір кездерде, өзің білесің, біз

осыны істей алмай қоймадық па. Онда бізге шұрайлы жер қайда, байлардың тапсыруымен осы «Ескі көшкүдегі» келіп тірелдік. Кісінің қолы тимеген жердің ең құдай қарғағаны осы «Ескі көшкүдегі» еді. Қайнағаң болсам да, ұялмай айтайын, сен, Зейнеп, менің інімді ұнатып қалып, сол жылы осы «Ескі кошкүдегі» бірге қашып келмедің бе? Осы жерде қанша бейнет көрмедік біз? Сондағылар есіңде ме? Тыңнан арық қазып, онан кейін «Айдаһар тастың» жанынан сәл арықтың ішімен су көтерілмей қоймады ма... Еңбектің бәрі күйіп кетті... Сонда, Зейнеп, сенжыладың, сен емес, еркектер біз...

- Даусының қарлық қағын білдірмейің дегендей, Төкей киізді қайырып, насыбайын түкірмек болып, қақырынды.-- Алақандай жерге де өліміз жетпеді. Бізге көп те жер керек емес еді. Онда біз аштан өлместің қамын ойлап жүретінбіз. Қазір болса «Ескі кешкүдегі» біздің балалар кірісті. Олар не істегенін

сен барып көрші. Әй, Зейнеп, сенің қыз, күйеуің тек бастарының қамы үшін жүрген жоқ ол жерде, олар егін айдап, елді баққан адамдар... Жас кезіңде сен жігіттің артынан кетіп, барлық қиыншылықты мойныңа арттың, ал сенің қызың неге осы заманда өз сүйгенімен бірге кете алмайды? А?..Зейнеп апай томсарған күйі үндемей, еш нәрсемен ісі жоқ адамдай отыра берді.

-        Қой, Зейнеп, сен Саадатқа өкпелеме. Азып-тозып жүрген немеге тиіпті депсің, ол сөзіңді қайтып ал, әбден қадірлі жігіт екен ол. Аты - Қасымжан. Бригаданың озық тракторисі. Қалада ата-анасы да бар көрінеді, жақсы кісілер деседі. Саадат сені тастамайды. Ол өндай қыз емес... Жексенбіде сенің үйіңе келеді екен, оларды бәріміз күтіп аламыз. Өзің болсаң салтқа орай, барарсың, ол бірінші егінін жинап алсын, жаңа салынған үйіне кірсін...Төкей қарттың айтқанын төкпей-шашпай тындап отырған Зейнеп апай, өзі бір де жауап қайтармады. Төкейдің үйіндегілері оның дұрыс, я бұрыс дегенін біле алмай қойды. Төкей Зейнепті қораға алып шықты. Далада жаңбыр бүркіп жауып тұр. Таулар да, тал-теректер де, алыстағы үйлер де көрінбейді, бәрін де су тәрізді бозамық тұман қымтаған.Төкей төңірекке көз жіберді де, жақтырмай күңк етті.

-        Құдай-ой, тіпті аспанда сау жер қалмапты ғой. Ақ жауын келді, енді екі-үш күнге көз аштырмайды десеңші...-    Ақ жауын дейсіз бе? - деді Зейнеп апай күмілжіп.-Ақ жауын ба,- деді де, сұрауына жауап күтпей үйіне қарай жүріп кетті. Терезені жаңбыр тамшылары дамылсыз ұрып тұр, үйдің іші, бір де жан тұрмағандай, жым-жырт. Зейнеп апай бүрісіп бұрышта отыр. -        Ақ жауын! - деп сыбырлап, өз үнін өзі ұғады. Жолда келе жатқанда Зейнеп апай өткен-кеткенді ойлап, «Төкей дұрыс айтты. Төкей әділ айтты!» - деген байламға келді. Солай, Саадаттікі жөн, оған өкпелеуге болмайды. Бірақ, иен үйдің табалдырығын аттағанда, иығы түсіп, өзегі өртеніп, ол бұрынғыдан да ауыр жалғыздықтың азабын тартты. Іске қолы бармай, оған әлдене жетпеғендей болып тұрды. Бір уақытта не жетпегенін өзі тапқандай болды: бүгін трактордың күндегі гүрілдеген даусы естілмейді. Қазір Зейнеп апайдың жүрегі сыздап, тынымсыздана бастады. Тракторлардың үні шықпайды. «Ақ жауын жауып тұр. Ол екі-үш күнге дейін басылмаса, даладағы менің балаларымның күні не болады? Шатырларынан су өтіп, жылынып, ыстық бірдеңе қайнатуға отын жоқ болса, ә, бишара балаларым! - деп анашын ниетімен жастарға жаны ашыды,- Не болса да жексенбі

тезірек келсе екен, айналайындарды көрсем екен!» Зейнеп апай жексенбіге қанша қалды екен деп есептеп

көрді. Төрт күн! О, Зейнеп апай үшін қандай көп! Төрт күн қашан өтеді? Саадат пен Қасымжанды ол қазір көргісі келсе ше? Бірақ, амал бар ма, күту керек. Зейнеп апай тағы азырақ отырды да, орнынан тұрып, сандықтан ақ кездемені алып, еркекке кең көйлек пішті. Даладан тезек алып келіп, от жақты. Үйдің іші жылынып, береке кіргендей болды. Қазандағы ет піскенше, Зейнеп апай қол машинамен көйлекті тігіп те бітірді. Ол көйлекті жазып көрді де, өзінің ісмерлігіне риза болғандай, көңілдене түсті. Ананың от лебіне қызарған жүзі, жас кездеріндегідей нұрлана терледі. Ол үлкен тойға дайындалғандай болды. Шынында да оның тойы үлкен еді. Зейнеп апай қазір «Ескі қошкүдегі» бригадаға бармақ болды. Бәрін әзірлеп біткен-

ңен кейін, ол Саадатқа деп алып қойған үлкен гүлді шәліні жаңағы көйлекпен қоса қоржынының бір жағына салды, екінші жағын ет пен бауырсаққа толтырды. Енді жүргелі тұрғанда ол бір нәрсеге бегеліп қалды. Өйткені, өзін-өзі сыйлаған қайын ене күйеуінін үйіне шақыртпай барып қалса, жараса ма? Мақұл, Төкей күзде барамыз деді. Жо-оқ, күзге дейін ана шыдай алмайды, Оған көп уақыт бар. Саадат пен Қасымжан болса жексенбіде келеді екен. Оған дейін төрт күн бар! Жо-оқ, бұған да ана шыдамайды. Олай болса, Зейнеп апай қазір барып, балаларын қазір көргісі келеді. «Ескі қошкүдегі» не болып жатыр? Төкейдің айтқандары шын ба  екен, оны да ананың білгісі келеді. «Ии, сорың құрығыр, баяғы Зейнеп ақ жауында, жанына ерткен ешкім де жоқ, қыз, күйеуіне кетіп бара жатыр! - деп жұрт күлсе ше? Мейлі, күлгендер күле берсін, мен барамын. Қазір барамын!» Зейнеп апай дереу шайы көйлегін, жаңа галош, мәсісін, жаңа шапанын киіп, қоржынды иығына салып, ерінен қалған үлкен шекпенді жамылды да, үйінен шықты. Далада ақ жауын еді.

* * *

«Ескі қошкүнің» өзен жағасын қуалай кеткен таулары жауын арасынан болар-болмас қана көрінеді. Алатауға жетіп барып, алдына тізе бүгіп, басын иіп тұрған сияқты. Ортада аққан үлкен өзен жаңбыр жауғандықтан әбден тасыған. МТС жаңа салынған көпірдің жанында. Жағадағы тастардың бауырына су шалп-шалп тиіп, көбік шашқан тілімен жалап, оның жансыздығына өкінгендей, қайтадан кейін сергіліп, бедірейген тастарға асыла көмеді де, көпірдің астына қайта тығылғандай болады. Оршеленген жаңбырдың астында бір әйел айдаған жердің шетімен салт келе жатты. Төкейдің айтқандары шын екен. Көтерілген тыңның ұшы-қиыры жоқ. Үлкен арықтар тартылған. Кейбір жерде себілген бидай қылтиып шығып та қалыпты. Не, «Ескі кошкүдегі» адам танығысыз. Зейнептердің баяғыда кетпенмен еккен, дән бермеген алақандай жері осы жазда қоса айдалып кетіпті. Баяғы су ақпай қойған арықтың ізі жоғалып, оның орнына жаңа арық пайда болған. Ілгеріде су жібермеген «Айдаһар тас» аспанға ұшыпты. Алдында биік жар көрінді. «Ескі кошкүднгі» деп аталған жер дәл осы еді. Елдің айтуына қарағанда, баяғы кезде жер сілкініп, осы жердің бір тұмсығы көшіп, Асан деген бишараны там-жайымен басып қалған деседі. Ақ жауынның торсияқты шымылдығы арасынан қорқынышты жүзінде қансол жоқ Асанның сүлдесі Зейнеп апайдың көз алдына келе қалды. Айналада жан жоқ. Ақ жауын тынбай жауып тұр.

- Түрің құрысын! - деп жіберді Асанды елестетіп, шошынған Зейнеп апай. Ол атына қамшы басты. Әріде даладағы шатырлар көрінді. Ана шатырларға жақындаған сайын жастардың аккордеонға қосылып шырқаған әні анық естіле бастады. Не, жастар ән салып жатыр, олардың ішінде анаға таныс Саадаттың дауысы естіліп жатқандай болды. Зейнеп апай атының басын тартып тұра қалды да, айналаға көз тастап жылап жіберді. Бірақ бұрын қайғырып жылаған болса, бұл жолы балаларының еңбегіне мақтанып, қуанғаннан, ана шатырдағы жастардың үні қуатына қуат қосып жатқанға сүйсініп жылады. О, алтын ананың жүрегі-ай!

Қыргыздан аударған Қалжан Нұрмаханов

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: