21 Қараша 2013, 05:43
Совет жазушылары бұрын ешбір қаламгердің сыбағасына тимеген тың материалды көрсетуге тиісті болды. Адамзаттың көркемдік дамуында асулар болып табылған романтизм, сыншыл реализм тәрізді тәсілдер қанша құдіретті болғанымен, социалистік шындықты суреттеуге толық үйлесіп кете алмады. «Совет әдебиетінің көркемдік методы қандай болу керек?» - деген сұрау төңірегінде жиырмасыншы жылдарда қанша ізденістер, қисындар орын тепкені де мәселенің күрделілігін дәлелдейді. Социалистік реализм бұрынғы көркемдік тәсілдердің ең өміршең белгілерін қабылдай отырып, оларды жаңа коммунистік дүниетаныммен байланыстыруы қажет еді. Аршындап алға басқан заманның қарқынын елестету, әрі өмірдің қайшылықтары мен кездейсоқтығын аттап өтпей, ақиқат шығарма жасау екі есе ауыр міндет болатын.
Дәуірдің нақтылы болмысын жете тану, соның ішкі заңдылықтарын, терең философиясын түсіну, қысқасы шығармаға оқиға таңдау кезшде үлкен творчестволық проблема болды. Бұл арада революциядан бұрынғы қандай айтулы шығарманың да «моделі жарамайтын» еді. Сол себептен де әрбір нағыз суреткер өзіне дейін «қалам тимеген» тыңды көтерді, шын мағынасында жаңашыл болды. Советтік шындықты бейнелеу міндеті - көркем әдебиеттегі революциямен барабар еді. Ендігі жерде шығарманың кейіпкері де, композициялық, сюжеттік құрылысы да, елеулі өзгерістерге ұшырады. Әсіресе каһарман, тартыс таңдау мәселесі оңай алдырмайтын қамал сияқты көрінетін.
Ғ.Мұстафин шығармаларының қаһармандары - социалистік құрылысты орнатып, бекітіп жатқан жаңа сипаттағы адамдар. Сол адамдардың бойында тұнып жатқан аңсарларды көрсету, мұны өмірдің объективтік қозғалысына сәйкес алу жөнінде жазушының ересен ірі қадамдар жасағанына қайран қалмасқа болмайды. Бүгінде бәрімізге мейлінше танымал көрінетін сол туындылардың табиғатына тоқталатын болсақ, ғибрат аларлық, тереңдеп үңілерлік көп жайларға кездесеміз. Ол шығармалардың әрқайсысының көтерген идеялық-көркемдік жүгі, бөлек-бөлек болғанымен, солардың жасалуындағы кейбір ортақ заңдылықтарды да аңғарамыз. Жазушының көркемдік методындағы өзіне ғана тән айшықтар мен нақыштар себебін саралап алмай, оның қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегінің сыры мен сипатына көз жеткізе алмас едік. Әрбір суреткер социалистік реализм әдебиеті деген кең ұғымның ауқымында еңбек ететіні анық. Бірақ әрбір әншінің дауыс ырғағы мен қуаты өзгеше болатыны секілді қаламгердің де өзіне оңтайлы әдістері мен амалдары бар. Демек, жеке шығармаларға жасалатын шолу мен талдау бізді суреткер даралығын сөз етуге апаруға тиіс.