21 Қараша 2013, 05:33
Қазіргі кезде Қазақстан қаламгерлерінің бір тобы өз шығармаларын орыс тілінде жазып жүргенін мәдениеттердің жақындасу процесінің белгісі деп қараймыз. Осы қатарда ауызға алдымен ілінетін - көрнекті жазушы, публицист, қоғам қайраткері, көптеген қызғылықты повестер мен романдардың авторы Әнуар Әлімжанов. Оның таңдаулы шығармалары тек қазақ әдебиетінің ғана емес, көп ұлтты совет әдебиетінің де дамуына елеулі үлес қосып келеді. Ә.Әлімжанов туындылары елімізден тысқары жерлерде де кеңінен мәлім. Бұған мысалға автордың «Махамбеттің жебесі» романы неміс, француз, чех, словак, мадьяр, жапон, монғол тілдеріне аударылып басылғанын айтсақ та жеткілікті. Мұның өзі қазақ жазушысының шығармалары әлемдік әдебиет қазынасына қосылғандығын сипаттаса керек.
Ә.Әлімжановтың жазушылық тағдырының бірсыпыра ғибратты өзгешеліктері бар. Қаламгерлік сапарын елуінші жылдардың орта шенінде газет қызметінде бастаған автордың бүгінде атағын әлем таныған жазушылар санатына қосылуының сырын іздесек, бірнеше мәселені екшеп көрсеткен болар едік.
Соның бірі - Ә.Әлімжановтың кейде газет тапсырмасымен, қайсы кезде СССР Жазушылар одағының жолдамасымен көп елдерді аралап, олардың өмірімен, мәдениетімен, тарихымен танысуға мүмкіндік алуы. Ол журналшы сипатында азаттық оты алаулаған Азияның, оянған Африканың, Европа мен алыс Американың бірталай мемлекетінде сапар шегеді, өз әсерлерін қолжазба, очерк, публицистикасында баян етеді. Ә.Әлімжановтың бүл туындылары қазақ әдебиетін шет ел тақырыбымен байытқан еді. Азия, Африка халықтарының арғы-бергі тарихындағы елеулі оқиғалар мен есімдер туралы жүйелі қалам тербеу кейіннен жазушының творчестволық өмірбаянындағы зор ерекшелікке айналды...
Келе-келе осы тақырыптар жазушыны табиғи түрде өз елінің де өткеніне көз салғызды. Оның «Күнге бет алған керуен», «Көгілдір таулар», «Отырардан жеткен сый» секілді татымды туындылары дәл осы мәселеге арналған. Автор бұл шығармаларында кең ойлайтын, парасаты биік, қызығулары мол, отаншыл мінезді Асқар, Жомарт сынды алдыңғы қатарлы замандастар бейнесін жасады. Бұл бейнелер өздерінің соны ойларымен, маңызды іс-әрекеттерімен қазақ әдебиетіне қосылған жаңалық болды.
Халықтың өткен өмірінің диалектикасын іздеу, оны бүгінгі озық ойлы замандастың көзімен бағалау Ә.Әлімжановты күрделі тарихи романдар жазуға алып келген. Қазірде бүкіл советтік әдебиетіміздің айтулы туындыларының қатарына қосылған «Махамбеттің жебесі», «Жаушы», «¥стаздың оралуы» романдарының әрқайсысы зор іздешстщ, ұзақ еңбектің нәтижесі болып туғанын көреміз. Ә.Әлімжановтың творчествосында әрбір белес болып табылатын бұл шығармаларға қысқаша тоқталмастан бұрын, осылардың бәріне ортақ кейбір өрнектерге көңіл аударуымыз ләзім.
Жазушы тарих материалын жеке жалаң пайдаланбайды. Оған өткеннің әңгімелері елдің бұрынғы шындығын қайта елестетіп көрсету үшін қажет. Ол көне заманның жақсылығы мен жамандығын бүгінгі қауымға биік дүниетаным тұрғысынан талғап таныстырады. Одан соң автор тарихтың ұшы-қиыры жоқ фактілер нөпірінен ел тағдырына із қалдырған ең елеулілерін, ілгершіл мәні бар қымбаттарын ғана екшеп алады, қазіргі адамның санасын, рухын байытарлық құбылыстарды іріктейді. Ақырында, ол қазақ тарихының оқиғаларын әлемдік дамудың, әлеуметтік, таптық қайшылықтары мен тартыстардың жалпы заңдылығынан жырақ алып қарамайды. Басқаша айтқанда, жазушы шығармаларында қайталанбас ұлттық өрнектермен қатар, күллі адамзат тарихына ортақ үндестіктер қоса қамтылады. Ә.Әлімжанов кітаптарының жаһандық арнада өз оқушысын тауып, олардың игілігіне айналып отыруының бас себебі осында.
Ә.Әлімжановтың қазақ тарихының мәселелеріне арналган романдарында халқымызды замандар бойында алуан сәтсіздіктер мен қорлықтарға душар етіп келген қырсық -елдің алтыбақан алауыздығы, ауылшылдық, рушылдық дерті екені зор қуатпен таңбаланады. Махамбет сынды батыр әрі ақынды дегеніне жеткізбей, арманда елтіргеннің де түп себебі санасы елдік биікке көтерілмеген, ұсақ, дүниеқоңыз пысықтардың пасық мінез, пиғылына қатысты екені көрінеді.
Суреткердің қырағылығы - әдеби қаһарман етіп алған ақын Махамбеттің өмірінде орын теппесе де, болуы мүмкін іс-әрекеттерді оның рухына, табиғатына сыйымды етіп алғандығы. Қаһарманды осылайша саналы түрде сомдап, бүкілхалықтық бірлік пен татулықтың жаршысы етіп көрсету сарыны - шығарманың басты сипаты. «Махамбеттің жебесін» қадірлі мүлік қатарына апаратын ізгі идеяның бірі - осы.
Бірлік, ынтымақ мәселесі «Жаушы» романында да алғы кезекке шыққан. Автор XVIII ғасырдың алғашқы жартысында қазақ елінің Жоңғар басқыншыларының астам зорлығына кіріптар болуының да себептері халықтың басы бірікпей, тозғындап жүруіне, хандардың дарынсыздығына, «Бас-басына би болған» әкімсымақ, мықтысымақтардың көбейіп кеткендігіне байланысты екенін орынды әңгімелейді. Романда ел басына түскен алмағайып ауыр күндерде әлгіндей сырт сәулеті ғана бар, іші нәрсіз басшылардың азаттық үшін күресті ұйымдастыруға мүлде дәрменсіз екендігі ашық бейнеленген. Қоғамның тірегі де, сәні де қарапайым бұқара халық екенін ұтымды көрсете алуы - «Жаушы» романының тартымды тұстарының бірі.
«Жаушы» романының тәрбиелік, танытқыштық мәні -өткенінің аса күрделі оқиғаларын шыншылдықпен қайта елестетіп, жұрттың алауыздығы - сор, бірлігі - жеңіс екендігін тарих тәжірибесімен тамаша дәлелдеп, талғам сабағын тартуында, ар-намыс жолында жан аямаған ардагер ерлердің нұрлы бейнесін жасауында.
«Ұстаздың оралуы» романында Ә.Әлімжанов сонау X ғасырда өмір кешкен кемеңгер жерлес ғалымымыз, кезінде «Шығыстың екінші ұстазы» атанған Әбунасыр әл-Фарабидің ғибратты өмірін сөз етеді. Адамдықтың, жақсылықтың мәңгілік жауы - надандық тұманын сейілту үшін, жамағатшылыққа ең адал, таза даму, көркею жолын іздеп, ақиқатпен, біліммен қаруландыру үшін өмір бойы еңбектенген, өз басының тыныштығы мен бақытын осы мақсатқа құрбан еткен, ғажайып ғалым әл-Фарабидің өшпес онегесін айту әрі ауыр, әрі құрметті міндет еді. Бір халықтың емес, барша халықтың алдына білім шырағын жаққан, артына таусылмас мол рухани байлық қалдырған әл-Фарабидің жарқын тұлғасы романда үлгі аларлық болып шыққан.
«Ұстаздың оралуы» өзінщ тақырыбы, жанры және идеялық көркемдік шешімдері жағынан бүкіл совет әдебиетіндегі салдарлы туындылар легіне қосылады.
Бұл көрсетілгеңдерден Ә.Әлімжановтың қазақ әдебиетіне өз тақырыбымен, өзіндік мұрат биігімен келгені, осы қасиеттерімен ол көркемдік дамуымызға сонылық қосқаны танылса керек. Бейнелеп сөйлесек, қазақ елінің өткендегі тағдыры, шытырман жолы, қуаныштары мен өкініштері жазушының бас тақырыбына айналған деуге болады. Туған елдің өткендегі бұралаң жолдарын бүкіл аумағымен алып көрсету, ол кұбылыстарды әлемдік даму зандылықтары мұнарасынан қарап бағалау қаламгерге мол творчестволық еркіндік, шабытына ұшқыр қанат, мақсатына мәнділік берген. Мұның бәрі оның қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын, өзіне ғана тән дара да сара соқпақ табуына, әрбір шығармасында-ақ отандастар ойын нәрлендірерлік тың шешім іздеуіне жәрдемдеседі.
Ә.Әлімжановтың коғамдық қызметі де жазушылық тәжірибесімен сабақтас. Ол соңғы он шақты жыл ішінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші секретары бола жүріп, Азия, Африка жазушылары ынтымағы жұмысына қызу ат салысты. Осы қос құрлық қаламгерлерінің бірлесуіне бағытталған бастамалар мен нақты іс-әрекеттерді ұйымдастырушылардың бірі болды. 1973 жылы Алматыда өткен Азия, Африка жазушыларының конференциясына бастан-аяқ жетекшілік етушінің бірі Ә.Әлімжанов екені әмбеге белгілі. Ол халықаралық прогресшіл жазушылар ынтымағын күшейтуге көзделген елеулі шаралардың, жиындардың бел ортасында жүргенін байқамау мүмкін емес. Бұл күнде жер шары жазушы жұртшылығы Ә.Әлімжановты халықаралық әдеби қозғалыстың танылған, ысылған қайраткерлерінің бірі деп санайды. Ол Азия және Африка жазушыларымен байланыстың советтік комитеті председателінің орынбасары, әрі СССР Жазушылар одағы басқармасының секретары.
Біз жазушының публицистикалық мақалаларының да өте актуальды болып отыратынын айтуымыз керек. Ежелгі қазақ қаласы Отырар, энциклопедияшы ғалым әл-Фараби мұрасы басқа да бағалы ескерткіштер, ертеден келе жатқан диқаншылық мәдениеті жайында оның өткір, батыл пайымдаулары халқымыздың рухани бейнесін басқа елдерге неғұрлым әділ түсіндіруге көмектеседі.
Жазушының Туындылары әр кезде-ақ жұртшылық ілтипатына ілініп, тиісті бағасын алып отырған. Мәселен, оған «Күнге бет алған керуен» повесі үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді, ал «Когілдір таулар» кітабы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. «Отырардан жеткен сый» және Азия, Африка елдеріне арналған басқа да шығармалары үшін қаламгерге Дж. Неру атындағы сыйлық берілгені де белгілі.
Әнуар Әлімжанов өзінің елу жылдық мүшел тойына творчестволық қуаты толысқан, суреткерлік һәм қоғамдық тәжірибесі молыққан, кемелденген шағында келіп отыр. Оның ойы терең, бітімі шебер туындылар жаратуына, өнерін өсіріп жаңа биікке котерілуіне, халықтың адал перзенті ретінде әлем жұртшылығы алдында өкілдік алып сөйлеуіне, тарихымыздың тыңдарын көтеріп, дәуірдің зәру сұрауларына орай көркемдік жауап айтуына мүмкіндігі мол.
1980