19 Қараша 2013, 11:48
(Қаз-қалпында)
…Ойда жоқ жердегі ұшырасу деп осындайды айтса керек. Троллейбус есігінің табалдырығында. Мен сыртқа шығып келе жатқам. Ентелеп ішке кірген ол күлімдеген қалпы кері түсті. Бір-бірімізді көрмегелі талай жыл. Шамасы, ширек ғасыр. Әй, қайдам одан да көптеу ме?! Заматында басыма жетіп келгені: “Дәл өзі. Аты кім еді, ә?..”.
Түс әлеті. Алматының шіліңгір шілдесі жер-көкті шыжғырып тұр. Бір жақсысы, аялдамада жүргіншілер аз. Самбырлай ілгері адымдаған жүзтаныс ағай адамдардың аяғынан шеткерірек оқшауланып барды да, қапсыра құшақтап, қолымды ұзақ қысып жібермеді.
– Тура осы маңда жолықтырам деп кім ойлапты. Үш ұйықтасам түсіме кірмейтін жай. Халдарың қалай, айналайын. Бала-шаға аман- есен бе? Көрмегелі, кездеспегелі біраз болды-ау. Бір шаһарда тұрсақ та жиырма жылдан астам уақыт жүздеспеу деген сұмдық қой.
– Иә! Мына ТЮЗ-ге келгенмін, ертең болатын “Пай-пай, жас жұбайларға!” билет ала салайын деген едім. – Таңырқай аңырған дидарынан жанарымды аудармаған қалпы. – Өзіңіздің денсаулығыңыз жақсы ма? Мен де сізді жоғалтып алып… Алаңдап жүруші ем…
Жік-жапар боп, асты-үстіме түскен танысымның есімі есіме түссейші. “Бәке десем бе? Жоқ, Сәкең бе еді?..”. Шынымен-ақ ұмытыппын. Айдай анығы – кемінде алты-жеті жас үлкендігі бар. “Аға дей берейін. Қателеспеспін…”.
– Жанат-ау, сен мені мүлдем ұмытып қалмаған шығарсың. Темірғали ағаңмын ғой. Қазір пенсиядамын. Заманның түзу кезінде ертерек ілініп кеттім емес пе. Күндіз-түні кемпірдің жанындамын, әйтеуір. Екі-үш немерем қолда… Әуелде үйде қол қусырып қарап отырмай, күзет-мүзетте тиіп-қашып жұмыс істеген болдым. Азын-аулақ зейнетақы шай-шақпыттан артылмайды. О жағын өзің де сезесің. Сөйткенмен жанды күткенге не жетсін. Кәні, бері қарай жүр. Егер асықпасаң, ана-у-у Аманкелдінің түбіне барып отырайық. У-шудан алысырақта…
Темірғали аға ылдым-жылдым жол бастаған. Сұңғақ бойы әжептәуір шөгіңкі шалынған-ды. Томпақ бүйрек беті де суалыңқы. Баяғыдағы қозы қарыны, тіпті ішіне жабысып қалғандай. Әбден ағарған сақал-мұрты ғана бәз қалпында. Өңіне ерекше шырай беріп тұрар осы келтелеу, дөңгеленте қойылған сақал-мұрты болмаса, оны танымас та едім. Алғаш танысқанымда өте пысық, аса ұшқалақ, өркөкірек көрінген архитектор жігітті онша ұнатпағаным рас. Жалған желжуан ба деп те ойлағам. Жоқ. Келе-келе мен оны жыға тани бастадым. “Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше”. Санкт-Петербургтегі Репин атындағы көркем-сурет академиясын бітіріпті. Казгипрогорда – жобалау институтында, жетекші архитектордың оң қолы көрінеді. Мұның бәрін кейінірек өз аузынан естіп, білдім. Айтпақшы қайда, қалай танысқанымды айтпаппын ғой. Сон-ау-у бір жылдары №12 қазақ орта мектебінің жанынан арнайы ашылған сурет үйірмесі іспетті изостудия жұмыс істей бастады. Үйірмеден үлкендеу. Алдын-ала өткізілген байқаудан іріктелген, сурет салуға икемі бар қабілетті де, дарынды балалар қылқалам өнерінің қыры мен сырын меңгеруге құлшына кіріскен-ді. Сыннан сүрінбей өткендер сапында әлгі архитектордың тұлымшағы желбіреген қызы да бар. Балғын суретшілердің ұзын саны – жиырмадан аспас. Осылардың арасына біздің ұл, кемпір-шалдың ауылдан келген тұңғыш немересі, төртінші сыныпта оқитын Фараби де топ ете түскен. Дәріс жүргізе бастаған Бейсен ағаларының айтуына қарағанда: “Фарабидің қиялы бай, ойын түрлі-түсті бояулармен шебер жеткізе біледі. Ендігі жерде өздеріңіз жіті қадағалап, суретке қажетті керек-жарақтарын қымбатсынбай дер кезінде тауып беріңіздер. Бояу мен қарындаштың түр-түрі, әрқилы форматтағы қатырма қағаз. Әп дегеннен тездетіп сатып алып беретін дүниелеріңіз – этюдник. Табылса даңғарадай үлкенін емес, шағындау орташалауын. Онсыз болмайды. Біраздан соң қала сыртына шығамыз. Табиғат аясында өткізілетін пленер сабақтарына этюдниксіз баруға болмайды”.
Міне, қызық! Әлгі суретшілер мойындарына асып жүретін ағаш шабадан, яғни этюднигіңіз оңайлықпен қолға түспейтін дефицит боп шықты. Бүкіл Алматыда жоқ. Астанадан таппаған қат дүние Талдықорған мен Қызылордадан қайдан табыла қойсын. Атасы мен әжесіне, нағашыларына бізге білдірмей ұлдың өзі де хат жазып жіберіпті. Амал жоқ, Мәскеу мен Ленинградқа қатынаған тамыр-таныстарға тапсырып жүріп, бір шабаданға зорға дегенде қол жеткізгеніміз бар…
Осының бәрінен хабардар Темірғали аға өткен-кеткенді тәптіштеп сұрап жатыр, сұрап жатыр.
– Балаларыңның бәрі аяқтанған болар. Фарабиің суретшілік жолын қуа алды ма? Өзің қайда жүрсің? Сол баяғы газетте ме? Ойлап отырсам соңғы кездескенімізге де ширек ғасырдан асыпты.
– Біраз болды. Менің де шамалауымша жиырма жеті-жиырма сегіз жыл. Ұмытпасам, сіз бір жолыққанымызда Қарағандыға ма, әлде Жезқазғанға ма қызмет ауыстыратын ойыңызды айтқан секілдісіз. Со жаққа көшіп кеткен-ау деп жүрдім көпке шейін. Өмір – өзен. Біздің бастан да талай жайлар өтті ғой. Бір сүрініп, бір тұрып… Шүкір! Новосібірге офицерлік курсқа барам деп көзіме екі мәрте операция жасаттым. Әскери комиссариаттың салдыр-салақтығынан. Шаш ал десе, бас алатын қызыл империяның әпербақан қылығын менен гөрі өзіңіз жақсы білесіз. Дәрігерлік комиссиядан өткізбей, табан астында, бір күннің ішінде Қазвоенкомат пен ЦК-ның тиісті бөлімі әлдебір шенеуніктің орнына айдап жіберді емес пе. Өз жайымды білетін мен әуелде жөн-жосығын айтып, бұлтақтап қарсылық білдіргеніме бұлар қарамады. Құлақ асқысы келмеген «дөкейлер» зіркілдесін. “Партноменклатурада тұрасыз, давай ендеше, қызыл билетіңізді өткізіңіз!” деп қорқытты. О заманда артық-мартық қиқалақтау қайда-а? Партиядан шығарып, көзіңді көгертіп, тентіретіп жібереді. Бүгінгідей бостан дәуірдің қадірін бағалаған жөн…
– Иә, қылышынан қан тамып тұрған кез екен ғой. Біз оны қайдан білейік. Советтік жымысқы әрекеттің, сұрқия саясаттың сергелдеңін бір кісідей-ақ кештім, – деді сәл мұңая төменшіктеген Темекең. Үнсіз аяғының ұшымен жер тырнағыштаған кейпі біраз отырған. Сонда ғана барып көз қиығым шалып қалды. Маңдайы шынжыр табан трактордың ізіндей, шимай-шимай. Сойдақ-сойдақ, тым терең әжімдер – тағдыр тауқыметінің таңбасындай көрінген. – Дұрыс айтасың, осы жерде ешқандай жобаларымды қабылдата алмадым. Домбыра бейнесіндегі көп қабатты тұрғын үйдің макеті ұлтшыл атандырып, талай жерде таяқ жедім. Содан үлкен үміт жетектеп Жезқазғандағы жобалау институтына кеттім. Жаңа орта жатырқамай қарсы алды. Жанкештіліктің арқасында кеншілер сарайының жобасын өткізіп, архитектурадағы фантазиямды енді жүзеге асырамын ба деп жүргенімде облыс тарап кетті. Сонымен бірге менің де ой-қиялымның шылпарасы шықты. Жақсы басталған ісім аяқталмай, орта жолда қалды. Алматыға қайтып оралдым. Әйтеуір, отбасымды қозғамаған едім. Әйтпесе, далада тентіреп қалатын түрім бар. Барлық жерде жаппай қысқарту. Бұрынғы жұмыс істеген жерімнің есігінен де сығалатпады. “Қайда барсаң – Қорқыттың көрі”. Өзіңе бәрі аян. «Ұлы держава» атанған кеңестің шаңырағы шайқалған елең-алаң тұста есеңгіреп қалдық емес пе. Нәпақа тауып отырғандардың дені базар жағалап босып кетті. Өйтіп-бүйтіп ескі досымның күшімен бір мектепке сурет пәнінің мұғалімі боп орналастым. Әупірімдеп жүріп пенсияға сол мектептен шықтым. Бірімізді-біріміз іздейтін шама болды ма, тіпті?! Енді-енді маңайымызға бажайлай қарай бастаған сықылдымыз. Е, өздерің қазір Астанада екенсіңдер ғой. Жақсы. Көңіл – көрген жерде. Орнында бар оңалар. Ең бастысы, заман тыныш болғай… Бала-шағаның бақытына бөленіп, қызығын көрген жанда арман жоқ шығар, сірә?!
Ол ұзақ сөйлеген. Ынты-шынтымен, бар ықыласымен әңгіме өрбіткен оның сөзін бөлмедім. Қатты байсал тартқандай. Сөзі де салмақты. Туған ел, туған жер, туған тіл, туған өнер төңірегінде шыр-пыры шығып, тамағы қарлыққанша айтысып, пікірталас көрігін қайнататын бір кездегі намысшыл жігітті танымай қалғаным жасырын емес. Тұла бойында нағыз қазақтың қаны ойнаған, өткір де отты жанарлары пәстеу. Бір кездегі ұлтшыл да, ұлтжанды Темірғалидың жұқанағы да аңғарылмайды. Қайта, керісінше. Боркемік. Күмілжі. Тұнжыр. Оның жүзіне қараған сайын көңілім құлази түсетіндей. Өршіл рухының осыншалықты жаншылып қалғанына қайранмын.
– Балаларыңыз өз беттерінше бір-бір үй болған шығар, – дедім қылаусыз оймен.
– Бауырым, бағанадан бері мыжып отырған жұмыс, қызмет дегендерің жәй әншейін нәрсе екен. Мына бізді жерге қаратып, тұралатып кеткен ұл-қыздарымның әрекеттері мен қылықтарын ешқашан кешіре де, ақтай да алмаймын. Әйтеуір, қырық жыл отасқан шүйкедей кемпірдің көңілі үшін бәріне де көндім. Әйтпесе… Бүйтіп қара бет боп жер басып жүрмес ем. Балаларыма жұрт қатарлы тәрбие, білім бердік. Шет жағасын өзің жақсы білесің. «Не ішем, не кием» дегізбей, алақанымызға салып, шама-шарқымызша аялап-ақ өсірген секілді едік. Өзгелердің бойынан байқаған оғаш мінездерге шыдамай күйіп-пісетін жаман ағаңның қазіргі халін ешкімнің басына бермесін. Дұшпаныма тілемеймін, қарағым. Балаларым үмітімді ақтамады. Әлгі суретші бола ма деген үлкен қызым инязда оқып жүріп, бір негрге күйеуге шығып кетті. Алжир ме, Ангола ма? Шешесі көрген сықылды, бірге оқыпты-мыс. Үйге жолатпай жібердім. “Шіріген бір жұмыртқа”. Онысы аз дегендей кенже еркеміз қыз құрып кеткендей, кәріске үйленді емес пе?! Мына іргедегі Үштөбенің кәрісі. Анасы неміс көрінеді. Өз қолыңды өзің кесе алмайсың. Біраз жыл араласпадық. Ағайын-туыстың, жақын-жұрағаттың бетіне қарай алмай қалдық. Елге күліп, елді сөгіп отырушы едім бұрынырақта. Бәрі бекер екен. Не өлі, не тірі емес күй кешіп жүргенімізде, ортаншы ұл өзіміздің қаракөзге үйленді. Қазір екі немереміз бар. Құда-құдағиымыз көрші подьезден боп шықты. Құдайдың мұнысына да тәубе! – Соңғы уәжі кекесіндеу, кекірек естілген. – Солай, бауырым. Біздің жағдай осы. Несіне бүгежектейін, несіне жасырайын. Басқа салғанды көреді екенсің. Іштей егілесің, езілесің. Дәрмен жоқ. Тек сасық намыс жібермейді. Шыдаймыз да…
– ? ..
Ләм-мим ауыз ашпадым. Не демекпін?
Қалың тұманды сейілткен де Темкеңнің өзі. Күңгірт көңілді сәулелендірген сөздері құлақ түбінде жаңғырады.
– Өмірдің сыйлар қызығы мен шыжығы көп-ақ. Көру керек, көну керек. Күйеу баламыз – негр, келініміз – кәріс, ал құдағиымыз – неміс, біздің алдымызда тағы не күтіп тұрғанын бір Алладан басқа ешкім білмейді. Тағдыр амандықпен жолықтырсын әрдайым.
Біз бір-бірімізді қимай қоштастық.
Көңіл құлазытқан күтпеген кездесудің шырмауынан арыла алмаған мен ежелгі танысымды көз ұшымен ұзатып салдым. Жүрегім алай-дүлей…
Жанат ЕЛШІБЕК