Тұл

19 Қараша 2013, 11:21

       Түнімен ұйықтаған жоқ, ойына не келіп, не кетпеді. Жаны жылап, зарығып, аһ ұрып шықты, байқұс. Бұрын барын бағаламапты, жоғын жоқтапты. Жоқпын деп жүріп, барынан айырылғанын білмепті. Енді жалғыз өзі дөңбекшіп, қу тізесін құшақтап бүрісіп жатыр. Төсегіне жабысып қалғандай тұрғысы келмейді, жатқысы да жоқ. Мең-зең... Қобыраған шаштарын саусақтарымен салалап жинаған болып еді, жалбырап иығына қайта құлады. Әншейінде ашуланса дүниені бір өзі қуырып жіберетіндей бәрі осыған кіріптар болып, түнжырап қалатындай еді. Енді ашу тұрмақ қара қайғының қамытын іліп алса да мынау жарқыраған жарық дүние жылмаң-жылмаң етіп жайраң қағады. Бұл өзін азулымын, сұлумын, керекпін деп сезінетін. Сөйтсе әлсіз, қажетсіз, сұрықсыз екен. Татар пішіндес соп-солғын өңінен жылусыз, мейірімсіз жанның табы байқалады. Өзін иесіз қалған мысықтай сезінді. Әлдекімнің тобығына жабысып, паналамақ болып, жағымпазданып, ұнауға тырысатын. Теуіп жіберсе, тырнағын салып жыртқыштығы ұстап дал-дұл етпек. Бірақ мысық болмай әйел болып, опық жеп отырғаны жанына батты. Жастығын бауырына тықты да, үнсіз жылады. Көз  жасы ағыл-тегіл болмағанымен, ыршып екі түйір домалап түсті. Бәлкім ызалы жүрек жасты шығармай тұншықтырып ішке жұтқызған болар. Қызғанышы қозып, әлдекімнің алқымына қол салып, мытып, тұншықтыра түскісі келді. Ыңырсып, тағдырдың жықпыл жолынан бас тартып кеткеншектеп бағып еді, танауы тесілген тайлақтай қалай ғана әңмеңдетіп, делбеңдетіп сүйреп әкеткенін байқамай қалған сыңайлы. Ойланып қалды... Бұрын жақсы көріп, өліп-өшкен жарынан неге суынды, неге қас-дұшпанын көргендей жиырылып, тек залымдық, жамандық тіледі. Іші мұз болып қатып-семіп қалған ба? Әйел емес пе еді, нәзік емес пе еді, бұл. Жан жарасының бетін әлдекім тырнап алғандай орнынан ыршып тұрды. Сосын, емініп жинаған мол дүниесінің бірі бағалы түкті кілемнің үстіне тізерлеп отыра кетті. Өзін кінәлағысы жоқ. Бас идіріп қойған бұл тағдырға кінәлі басқа жұрт, тек бұл емес сияқты. - Кетіп тындың! - деді тұншыға сөйлеп. - Басқаны сүйгендіктен кеттім де! - деді шықшыты шытынап. - Мен тұрғанда өзгені сүюің қалай? Мені де жақсы көріп, ынтық болып, үйленбеп пе едің? - Мойнын созып, өрекпіп еді, етсіз бұғағы салбырап дір-дір етті. «Жанарың жарқ етіп, оттай лапылдап, құлпырып тұр екенсің. Басқаға кеткеніңді, маған мойын бұрмайтыныңды сонда-ақ сезгем. Жатырқай сөйлеп, жаттай қарап, суынып кеткенің көрініп тұр. Менен алыстаған сайын, басқаға жақындап, бөтенге аңсарың ауып, ойың онға бөлініп бөлектеніп тұрғаның байқалады. Осынша иландырған кім екен ол...? Жолыңа тосқауыл бола алмасымды, дәрменсіз қалғанымды мойындап, мүсәпірдің кебін киіп, қоштасып тұрмын. Шын ғашықсың, соны ұқтым. Бірақ ғашықпын деп мына мені жұртқа тастап кеткенің...» Көзі қанталап, жерден басын әрең көтерді. Басына әлдекім қорғасын құйғандай зіл-батпан. Сүйретіліп келіп қабырғаны түгел алған салтанатты айнаның алдына тірелді. Көз еті көлкілдеп тұр екен, ойып, алып тастағысы келді. Жалбыраған шаштарының арасынан құйқасы ырсиып, айғыз-айғыз жол салыпты. Өзіне-өзі зер сала қарағаны осы болар. Әлде әп-әдемі өңі, алай-дүлей соққан ішкі дүниесінің әсерінен бе, осынша сүйкімсізденгені-ай. Айна алдында тұрып жасарғысы, жаңарғысы келді. Үңірейіп калған пәтуасыз сиқына тағы үңіліп еді, ештеңе өзгермеді. Соп-солғын, сұп-сұр, көнетоз кейпі. Алғашқыда күйеуінің «Кетемін, басыма еркіндік бер» деген тілегін естігенде ішегі қатып, дарақылана күлген. Айтпаса да іштей «кімге керексің?» деген сыңар езу кекесін тұрған. «Шіркін, кете алмайсың-ау, кетсең мен де далада қалмас едім. Тіршіліктің рахатын сезіп, жолым болып, көңілімнің қалауымен тұрмыс құрып...» - деген жоспардың жылт ете түскені анық. Әйтеуір, желігіп отырып: «Иә, бар! Бар! Тек мына мол дүние менде қалсын. Бірде-бір затқа қол салма! Бәрі өзімде қалатын болсын. Дүние қалса ырыс та, бақыт та менен кетпес. Ал, сен өзің... Өзің жүре бер! Сенен тойғам, енді сенен келіп-кетер не бар дейсің. Тек, көзімнің қарашығындай сақтаған, өзім үйір болып, бауыр басқан дүние менде қалсын».       Сондағы дүниесі... Жалтырап сыр бермей, көздің жауын алып әлі тұр. Тек соңғы кезде қызы мен күйеу баласы жиі келіп көз сүзіп, қызыға берген соң «Мейлі алыңдар!» - деп еді сол күні көшіріп, мәйітке мәз болған құзғындай қаужаңдасып, тасып үлгеріпті. Дүние кімге опа берген. Мынау соңғы жиһаз... Қымбат еді, бірақ жаннан қымбат емес екенін бұл байқұс енді ұққандай. Ентелеп келіп күмістелген қобдишаның аузын ашты. Жақұт, алтын білезіктері жатыр екен. Сүзіліп қарап тұрды да: «Тұлдың маған ғана келген бе десем, сендер де жаназа шығарғандай иесіз қалғанбысың». Сырт еткізіп жып-жылдам жаба салды. Бұрын быртиған саусақтарына киіп алып, пысылдап ұзақ уақыт сылап-сипап, құбылған қымбат тастарға сүйсініп қадалатын әдетінен жаңылып қалғандай. Керісінше, өткенін сағынды, бұрынғы кедейшілігі қымбат екен. Күйеуі екеуінің тиын санап тірнектеп жүріп, балаларын өсіргені, уайымсыз қара нанды бөліп жеген бақытты күндерін елестетті. Үпір-шүпір болып, енесінің силаған жалғыз көнетоз текеметіне жантаюға таласып қалатыны... Айтпақшы, енесі... Қартайған шағында сол енеге не көрсетпеді бұл. Жалғыз ұлының амандығына шүкіршілік етіп жүретін кейуанаға есік ашпай кесел түрткені сонда басталып еді ғой. Тарылып: «дүниеме кіршік түсіреді, жинаған жиһазымды сындырып алады. Кең сарайдай мұндай үйде тұра алмайды бұл кісі. Жөн-жосықсыз көп сөйлейді. Келімді-кетімдіден ұяламын», - деп безінетіні түсті есіне. Күйеуін де көндіріп, туған анасынан алыстатып, айырмап па еді. «Ия, түлен түрткен күндерім...» ЬІрықсыз, жөнсіз күлді. Бұл оның көптен бері күлген сиқы. Өлі көзденіп, үнсіз отырса да лезде мүләйімсіп: - онда тұрған не бар, менің замандастарымның бәрі осындай болған, - деп ақтап жатты өзін-өзі. - Дегенмен себеп басқа... Отыз жыл отасқан күйеуім неге безінді? Жаттай алыстап, өзіне пана іздеп, жалғыз басын арашалап алуға неге сонша құштар болды...? Жалықты... Неден? Менің жамандығымнан ба? Жоқ, ол өзгеше өмір бастағысы келді. Бақытты болғысы келді... Сонда ол менімен тағдырлас, жұптас болғанын бақытсыздыққа балағаны ма. Мүмкін емес... - Тақ етіп, таңдайын қақты. Еңбектеп барып, жаңағы түкті жұмсақ кілемнің үстіне бүктетіліп, бүрісіп жата кетті. Екі тізесін бауырына тығып, жылағысы келіп, кемсеңдеп еді, бұрынғыдай төгіле қалатын жас та шықпады. Енді ұлығысы келді, бәлкім жоқтағысы келген болар. Жоқ! Тірі адамды, бақытты адамды жоқтау ырымда жоқ нәрсе. Жаны ұлып жатты... Тұлдығын мойындап, ыңырсып, дөңбекши берді. Біреу келіп улап кеткендей жиырылып-тартылып, аһ ұрып, жан берердей арпалысып, әрі-бері домалай берді. Өзімен-езі алысып, санадағы көп сұраққа дөп жауап таба алмай, ырылдап та, ыңырсып та көрді. Ештеңе өнбеді. Атып тұрды... Сосын әдеттегі адуын мінезіне салып, екі езуі көбіктеніп, жындана шаптығып, сөйлеп кетті. - Мен не көрмедім. Сен не көрсетпедің маған. Балаларды жеткізген - мен, тәрбиелеген - мен! Жоқшылықтың кебінін киіп жүрсем де шыдадым. Талай тастағансың... Талай көнгенмін. Оқимын! - дедің, оқыдың. Ішемін! - дедің, іштің. Кетемін! - дедің. Кеттің. Ақыры шын кеттің... Саябыр тауып, сыбырлап барған сайын дауысы бәсеңсіп жеңіле берді, жеңіле берді. - Кеткенің ғана жаныма батты. Ең азабы, ең азалысы кеткенің болды. Тірідей тастап, тұл еткенің болды. - Тоқпақтай иегі дірілдеп, кемсең-кемсең етеді. - Маған сенен басқа ешкімнің қажеті жоқ екен. Бала да бөтен екен. Сенсіз мынау жиған дүние, сүрген өмір көмескі. Өзіңсіз тіршілігім кідіріп қалғандай, мазмұнсыз екен. - Өксігін ішіне жұтты. Өмірі мойындамаған жұмбақ заңдылық мұның басын идіріп, өзіне құлдық ұрдырды. Ақша мен дүниеден басқа құлқынына ештеңе шақ келмеуші еді, енді соның бәрін құрбандыққа шалып, тек күйеуінің қайтіп келуін Алладан сұрап, жалбарынып,жылады. Өмірі кішірейіп көрмеген пақыр, иманын үйіріп, кәллимаға тілі оралып, жүрегі шын сыздап, бұ дүниенің боқ тірлігін тәркі етіп, тарылып: - Қайтшы! - деді жалынып. Қол ұстасып, үйсіз-күйсіз тас үңгірде қаңғып жүрейік, тек бақытты болып жүрейік! - деді жүрегі кеудесіне сыймай. - Қайтшы!!! Көзін төмен салды... Есін жинап, өзін-өзі қолға алмақ болып басын көтергенде, әлдекім сыртқы есікке кілтін салып ашты. Іші сезіп қуанып қалса да баяғысынша қабағын шытып алара көздеді. - Келді, күйеуім. Бәсе, кімге керек дейсің. Келді, қаңғып-қаңғып. Ешкімге керексіз болған соң жеткен екен ғой өгіздей мөңіреп. Сорлы... Кімнің кім екенін керсетермін, әлі... - Әржақтан сөмкесін әрең көтерген, жиенінің төбесі көрінді. «Қыздан туған қызыл көз...» Аузына сөз түспеді. - Иә... Сен бе едің. He болды? Сені кім шақырды? - деді жақтырмай. - Мамам мен папам: «Әжең өліп қалмасын, жанында бол. Сол үйде тұр!» - деді. - Жоқ! Әкеңе айта бар, басымдағы жалғыз үйді заңдастырып, сенің атыңа көшіре қоймақ қой. Маған өйтіп делдал болмай-ақ қойсын. Өз баласын өзі бақсын. Менімен енді ешқайсысың тұрмайсың. Құдай - жалғыз, мен - жалғыз. Әжем тұлдықты қабылдапты де. Міне... Басындағы орамалын сыпырып алды. Шашын қып-қысқа етіп кесіп тастапты. Желкесі күдірейіп, бұқаның жонындай шодырайып тұр екен. «Әжем еркек болып кетіпті» - деп ойлады жиен. Сарт еткізіп зілдей темір есікті қатты жапты да, үш жерден бекітіп кілтін салды. Сол қалпы салтанатты кең айнаның жанына тағы келді. Бұрын күйеуімен тұрып жүргенде-ақ, ел аман, жұрт тынышта шашын шонтитып кесіп тастап еді. Сонда күйеуі мұны құшақтап жатып: «Апыр-ай, көңілім толатын қылығың болмаса да алданатын әп-әдемі шашың бар еді. Енді мен байқұс мойны жұп-жуан еркекті аймалап жатқандай болам», - дегені есіне түсті. Еркек... Шындығында мына тұрысының жаман-ай. Екі сирағы делдиіп, бұтында шалбар. Жайылып кеткен бөксеге несіне шалбар кигенмін. Тартылып, тіп-тік болып қомданып тұратын иық та жоқ, балшықтан құйылғандай ырықсыз домаланып қалыпты. Салбыраған қарын тізеге қарай шөге бастаған ба? Кешегісінен гөрі бүгінгі сықпытынан түршікті. «Еркекке ұқсасам заманымның қалауы солай болды. Ішкілікке үйір болсам, жетілгенімнің, байлығымның, теңдігімнің көрінісі деп желігіп өткен шығармын. Сонымен, кімде кінә?.. - Ой, ақымақ! Ез! Ұнамаған, оғаш мінездерім үшін жазаламадың ба? Етімнен ет кесіп, тарттырмадың ба сазайымды? Тістеніп тұрып, тағы ырқ-ырқ күлді. - Иә... Мен жаһилдікке бара алармын, сенің жауыздыққа бара алмайтының белгілі. Ең үлкен шешімің мені тұл еткенің. Мұсылманшылықта мұны талақ дейді екен. - Алақанымен саның жиі-жиі сипап тұрып: - Тұл болғалы өзімді сынау мен мінеу басталған. Істеген ісіме есеп берген сайын ұтқаным шамалы. Одан әрі құлдырап ұтылып келемін. Бұрын паң едім, адам баласын менсінбей кейкиіп отыратын өркөкіректігім бар еді. Бүгін қаралымын, тұлмын. Дүние - кезек... Бүгіжектеп жұрт көзіне көрінуден қалдым. Айтпақшы, сен ғашық болған қызды көргім келіп, жазалағым келіп біраз талпындым. Ол қылығымды құдай құптамаса керек, әрекетім іске аспады... Керісінше ұтыла бердім, ұтыла бердім. Жығылдым, жеңілдім... Бәлкім, Ибраһим пайғамбарды Ажардан қызғанған Сараға ұқсап, менің де әлгі сүйген жарымның құлағын кесіп құнтитып, танауын кесіп шүнтитқым-ақ келген. Қатынның қанды кегіне жан бітірген сенің өзгеге өзегіңді үзгенің. Сол қызды сүйгенің үшін екеуіңді де лаулаған қалың отқа салып қақтағым келді. Құйқа тамырларың бас сүйектеріңе жабысып, қарайып күл болғанын көріп рахаттанғым келді. «Сүю - тазалыққа ұмтылу». Кім айтты оны саған? Тазалықтарыңды ұрайын сендердің...  Ақиқаты қайсысы? Мен мойындамай алас ұрғанмен, шындығында да Сүю - тазалыққа құштарлық па екен? Жаны да, тәні де таза адам ғана біреуді сүйе алатын шығар. Бірақ сен өзгені сүю арқылы менің лапылдап жатқан жынымды қоздырып, өшпенділігім мен дұшпандығымды арттырғаныңды білемісің?.. Енді мен тұлмын... Тұлға не істесе де жараса береді. Есепсіз жамандық жасаса да, күнәға батса да. Тұл ғой, тұл... Тұлдан кім жақсылық күткен дейсің. Тұл... Адамдықтан, қатардан шығып қалған - қатын. Жып-жылтыр алмас ұстараны қолына алды. Мығжиып тұрған сұлбасын сынай қарады да, салбыраған әукесін орып жібергісі келіп біраз тұрды. Өткір ұстараны дәл маңдайының тұсына әкеліп, құйқасын жалтыратып шашын сылып салды. О, Алла! Сонда менде о баста-ақ келіншекке тән нәзіктік, сұлулық болмағаны ма, әлде, табиғат берген мейірімнен ажырап, адасып қалған өзімнің жамандығым ба? Жұлмаланып жүріп, бәрінен айырылатындай халге жеткенім рас па?.. Әйел деген атым болмаса, бет-пішінім тура еркек іспеттес екен-ау.       Сол қалпы қолы-қолына тимей құйқасын аламайлап, шашын тақырайтып алып тастады. Айнадағы тұрпайы пішінге жақындап келіп: «Міне, нағыз тұл осындай болуы керек. Іші мен сырты сай болуы керек. Ішке біткен үрей сыртта да болғаны жөн. Жұрт көзіне көрінбей өмір сүру үшін өзіне-өзі осындай келбет жасап алуы қажет. Сонда ғана тұлдық қасіреттің, тұлдық ғұмырдың сырын түсінеді бұ жұрт. Міне, мен енді нағыз тұлмын - деді айнадағы келбетіне жылап тұрып. Сыпырылған шаш ебедейсіз құлақты одан әрі қалқитып, көңілше үрей салды. Сосын әдеттегі жындылығына салып, айнадағы тұлға көзін қысып қалды. Тұл жымың етті. Енді мына екеуі қосылып алып, дүниені бүлдірмесе жарар еді. Бір-біріне қарап тұр. Бірімен-бірі әбден танысқысы, жұптасқысы келетіндей. Бір-біріне тілін шығарды, ыржаңдасып күлді, қол алысты. Сосын әлденеден секем алғандай алақандарымен бастарын сипап көріп еді, құйқалары жұп-жұмсақ екен. Ақылы толмаған, еңбегі қатпаған сәбидің басындай төбелері салмақ түссе еріп кететіндей былқ-былқ ете ме, қалай. Тұл айнадағы құбыжыққа қарап шиқылдай күлді. Екеуі бір-біріне қолын шошайтып алып, бірін-бірі меңзеп, қостап есалаң күлкіден айырылар емес. Жынданып қалғандай бірге күліп, бірге жылап әбігер болды». Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

       Түнімен ұйықтаған жоқ, ойына не келіп, не кетпеді. Жаны жылап, зарығып, аһ ұрып шықты, байқұс. Бұрын барын бағаламапты, жоғын жоқтапты. Жоқпын деп жүріп, барынан айырылғанын білмепті. Енді жалғыз өзі дөңбекшіп, қу тізесін құшақтап бүрісіп жатыр. Төсегіне жабысып қалғандай тұрғысы келмейді, жатқысы да жоқ. Мең-зең... Қобыраған шаштарын саусақтарымен салалап жинаған болып еді, жалбырап иығына қайта құлады. Әншейінде ашуланса дүниені бір өзі қуырып жіберетіндей бәрі осыған кіріптар болып, түнжырап қалатындай еді. Енді ашу тұрмақ қара қайғының қамытын іліп алса да мынау жарқыраған жарық дүние жылмаң-жылмаң етіп жайраң қағады. Бұл өзін азулымын, сұлумын, керекпін деп сезінетін. Сөйтсе әлсіз, қажетсіз, сұрықсыз екен. Татар пішіндес соп-солғын өңінен жылусыз, мейірімсіз жанның табы байқалады. Өзін иесіз қалған мысықтай сезінді. Әлдекімнің тобығына жабысып, паналамақ болып, жағымпазданып, ұнауға тырысатын. Теуіп жіберсе, тырнағын салып жыртқыштығы ұстап дал-дұл етпек. Бірақ мысық болмай әйел болып, опық жеп отырғаны жанына батты. Жастығын бауырына тықты да, үнсіз жылады. Көз  жасы ағыл-тегіл болмағанымен, ыршып екі түйір домалап түсті. Бәлкім ызалы жүрек жасты шығармай тұншықтырып ішке жұтқызған болар. Қызғанышы қозып, әлдекімнің алқымына қол салып, мытып, тұншықтыра түскісі келді. Ыңырсып, тағдырдың жықпыл жолынан бас тартып кеткеншектеп бағып еді, танауы тесілген тайлақтай қалай ғана әңмеңдетіп, делбеңдетіп сүйреп әкеткенін байқамай қалған сыңайлы. Ойланып қалды... Бұрын жақсы көріп, өліп-өшкен жарынан неге суынды, неге қас-дұшпанын көргендей жиырылып, тек залымдық, жамандық тіледі. Іші мұз болып қатып-семіп қалған ба? Әйел емес пе еді, нәзік емес пе еді, бұл. Жан жарасының бетін әлдекім тырнап алғандай орнынан ыршып тұрды. Сосын, емініп жинаған мол дүниесінің бірі бағалы түкті кілемнің үстіне тізерлеп отыра кетті. Өзін кінәлағысы жоқ. Бас идіріп қойған бұл тағдырға кінәлі басқа жұрт, тек бұл емес сияқты.

- Кетіп тындың! - деді тұншыға сөйлеп. - Басқаны сүйгендіктен кеттім де! - деді шықшыты шытынап. - Мен тұрғанда өзгені сүюің қалай? Мені де жақсы көріп, ынтық болып, үйленбеп пе едің? - Мойнын созып, өрекпіп еді, етсіз бұғағы салбырап дір-дір етті. «Жанарың жарқ етіп, оттай лапылдап, құлпырып тұр екенсің. Басқаға кеткеніңді, маған мойын бұрмайтыныңды сонда-ақ сезгем. Жатырқай сөйлеп, жаттай қарап, суынып кеткенің көрініп тұр. Менен алыстаған сайын, басқаға жақындап, бөтенге аңсарың ауып, ойың онға бөлініп бөлектеніп тұрғаның байқалады. Осынша иландырған кім екен ол...? Жолыңа тосқауыл бола алмасымды, дәрменсіз қалғанымды мойындап, мүсәпірдің кебін киіп, қоштасып тұрмын. Шын ғашықсың, соны ұқтым. Бірақ ғашықпын деп мына мені жұртқа тастап кеткенің...» Көзі қанталап, жерден басын әрең көтерді. Басына әлдекім қорғасын құйғандай зіл-батпан. Сүйретіліп келіп қабырғаны түгел алған салтанатты айнаның алдына тірелді. Көз еті көлкілдеп тұр екен, ойып, алып тастағысы келді. Жалбыраған шаштарының арасынан құйқасы ырсиып, айғыз-айғыз жол салыпты. Өзіне-өзі зер сала қарағаны осы болар. Әлде әп-әдемі өңі, алай-дүлей соққан ішкі дүниесінің әсерінен бе, осынша сүйкімсізденгені-ай. Айна алдында тұрып жасарғысы, жаңарғысы келді. Үңірейіп калған пәтуасыз сиқына тағы үңіліп еді, ештеңе өзгермеді. Соп-солғын, сұп-сұр, көнетоз кейпі. Алғашқыда күйеуінің «Кетемін, басыма еркіндік бер» деген тілегін естігенде ішегі қатып, дарақылана күлген. Айтпаса да іштей «кімге керексің?» деген сыңар езу кекесін тұрған. «Шіркін, кете алмайсың-ау, кетсең мен де далада қалмас едім. Тіршіліктің рахатын сезіп, жолым болып, көңілімнің қалауымен тұрмыс құрып...» - деген жоспардың жылт ете түскені анық. Әйтеуір, желігіп отырып: «Иә, бар! Бар! Тек мына мол дүние менде қалсын. Бірде-бір затқа қол салма! Бәрі өзімде қалатын болсын. Дүние қалса ырыс та, бақыт та менен кетпес. Ал, сен өзің... Өзің жүре бер! Сенен тойғам, енді сенен келіп-кетер не бар дейсің. Тек, көзімнің қарашығындай сақтаған, өзім үйір болып, бауыр басқан дүние менде қалсын».

      Сондағы дүниесі... Жалтырап сыр бермей, көздің жауын алып әлі тұр. Тек соңғы кезде қызы мен күйеу баласы жиі келіп көз сүзіп, қызыға берген соң «Мейлі алыңдар!» - деп еді сол күні көшіріп, мәйітке мәз болған құзғындай қаужаңдасып, тасып үлгеріпті. Дүние кімге опа берген. Мынау соңғы жиһаз... Қымбат еді, бірақ жаннан қымбат емес екенін бұл байқұс енді ұққандай. Ентелеп келіп күмістелген қобдишаның аузын ашты. Жақұт, алтын білезіктері жатыр екен. Сүзіліп қарап тұрды да: «Тұлдың маған ғана келген бе десем, сендер де жаназа шығарғандай иесіз қалғанбысың». Сырт еткізіп жып-жылдам жаба салды. Бұрын быртиған саусақтарына киіп алып, пысылдап ұзақ уақыт сылап-сипап, құбылған қымбат тастарға сүйсініп қадалатын әдетінен жаңылып қалғандай. Керісінше, өткенін сағынды, бұрынғы кедейшілігі қымбат екен. Күйеуі екеуінің тиын санап тірнектеп жүріп, балаларын өсіргені, уайымсыз қара нанды бөліп жеген бақытты күндерін елестетті. Үпір-шүпір болып, енесінің силаған жалғыз көнетоз текеметіне жантаюға таласып қалатыны... Айтпақшы, енесі... Қартайған шағында сол енеге не көрсетпеді бұл. Жалғыз ұлының амандығына шүкіршілік етіп жүретін кейуанаға есік ашпай кесел түрткені сонда басталып еді ғой. Тарылып: «дүниеме кіршік түсіреді, жинаған жиһазымды сындырып алады. Кең сарайдай мұндай үйде тұра алмайды бұл кісі. Жөн-жосықсыз көп сөйлейді. Келімді-кетімдіден ұяламын», - деп безінетіні түсті есіне. Күйеуін де көндіріп, туған анасынан алыстатып, айырмап па еді. «Ия, түлен түрткен күндерім...» ЬІрықсыз, жөнсіз күлді. Бұл оның көптен бері күлген сиқы. Өлі көзденіп, үнсіз отырса да лезде мүләйімсіп: - онда тұрған не бар, менің замандастарымның бәрі осындай болған, - деп ақтап жатты өзін-өзі.

- Дегенмен себеп басқа... Отыз жыл отасқан күйеуім неге безінді? Жаттай алыстап, өзіне пана іздеп, жалғыз басын арашалап алуға неге сонша құштар болды...? Жалықты... Неден? Менің жамандығымнан ба? Жоқ, ол өзгеше өмір бастағысы келді. Бақытты болғысы келді... Сонда ол менімен тағдырлас, жұптас болғанын бақытсыздыққа балағаны ма. Мүмкін емес... - Тақ етіп, таңдайын қақты. Еңбектеп барып, жаңағы түкті жұмсақ кілемнің үстіне бүктетіліп, бүрісіп жата кетті. Екі тізесін бауырына тығып, жылағысы келіп, кемсеңдеп еді, бұрынғыдай төгіле қалатын жас та шықпады. Енді ұлығысы келді, бәлкім жоқтағысы келген болар. Жоқ! Тірі адамды, бақытты адамды жоқтау ырымда жоқ нәрсе. Жаны ұлып жатты... Тұлдығын мойындап, ыңырсып, дөңбекши берді. Біреу келіп улап кеткендей жиырылып-тартылып, аһ ұрып, жан берердей арпалысып, әрі-бері домалай берді. Өзімен-езі алысып, санадағы көп сұраққа дөп жауап таба алмай, ырылдап та, ыңырсып та көрді. Ештеңе өнбеді. Атып тұрды... Сосын әдеттегі адуын мінезіне салып, екі езуі көбіктеніп, жындана шаптығып, сөйлеп кетті.

- Мен не көрмедім. Сен не көрсетпедің маған. Балаларды жеткізген - мен, тәрбиелеген - мен! Жоқшылықтың кебінін киіп жүрсем де шыдадым. Талай тастағансың... Талай көнгенмін. Оқимын! - дедің, оқыдың. Ішемін! - дедің, іштің. Кетемін! - дедің. Кеттің. Ақыры шын кеттің... Саябыр тауып, сыбырлап барған сайын дауысы бәсеңсіп жеңіле берді, жеңіле берді.

- Кеткенің ғана жаныма батты. Ең азабы, ең азалысы кеткенің болды. Тірідей тастап, тұл еткенің болды.

- Тоқпақтай иегі дірілдеп, кемсең-кемсең етеді.

- Маған сенен басқа ешкімнің қажеті жоқ екен. Бала да бөтен екен. Сенсіз мынау жиған дүние, сүрген өмір көмескі. Өзіңсіз тіршілігім кідіріп қалғандай, мазмұнсыз екен. - Өксігін ішіне жұтты. Өмірі мойындамаған жұмбақ заңдылық мұның басын идіріп, өзіне құлдық ұрдырды. Ақша мен дүниеден басқа құлқынына ештеңе шақ келмеуші еді, енді соның бәрін құрбандыққа шалып, тек күйеуінің қайтіп келуін Алладан сұрап, жалбарынып,жылады. Өмірі кішірейіп көрмеген пақыр, иманын үйіріп, кәллимаға тілі оралып, жүрегі шын сыздап, бұ дүниенің боқ тірлігін тәркі етіп, тарылып: - Қайтшы! - деді жалынып. Қол ұстасып, үйсіз-күйсіз тас үңгірде қаңғып жүрейік, тек бақытты болып жүрейік! - деді жүрегі кеудесіне сыймай. - Қайтшы!!! Көзін төмен салды... Есін жинап, өзін-өзі қолға алмақ болып басын көтергенде, әлдекім сыртқы есікке кілтін салып ашты. Іші сезіп қуанып қалса да баяғысынша қабағын шытып алара көздеді.

- Келді, күйеуім. Бәсе, кімге керек дейсің. Келді, қаңғып-қаңғып. Ешкімге керексіз болған соң жеткен екен ғой өгіздей мөңіреп. Сорлы... Кімнің кім екенін керсетермін, әлі...

- Әржақтан сөмкесін әрең көтерген, жиенінің төбесі көрінді. «Қыздан туған қызыл көз...» Аузына сөз түспеді.

- Иә... Сен бе едің. He болды? Сені кім шақырды? - деді жақтырмай.

- Мамам мен папам: «Әжең өліп қалмасын, жанында бол. Сол үйде тұр!» - деді.

- Жоқ! Әкеңе айта бар, басымдағы жалғыз үйді заңдастырып, сенің атыңа көшіре қоймақ қой. Маған өйтіп делдал болмай-ақ қойсын. Өз баласын өзі бақсын. Менімен енді ешқайсысың тұрмайсың. Құдай - жалғыз, мен - жалғыз. Әжем тұлдықты қабылдапты де. Міне... Басындағы орамалын сыпырып алды. Шашын қып-қысқа етіп кесіп тастапты. Желкесі күдірейіп, бұқаның жонындай шодырайып тұр екен. «Әжем еркек болып кетіпті» - деп ойлады жиен. Сарт еткізіп зілдей темір есікті қатты жапты да, үш жерден бекітіп кілтін салды. Сол қалпы салтанатты кең айнаның жанына тағы келді. Бұрын күйеуімен тұрып жүргенде-ақ, ел аман, жұрт тынышта шашын шонтитып кесіп тастап еді. Сонда күйеуі мұны құшақтап жатып: «Апыр-ай, көңілім толатын қылығың болмаса да алданатын әп-әдемі шашың бар еді. Енді мен байқұс мойны жұп-жуан еркекті аймалап жатқандай болам», - дегені есіне түсті. Еркек... Шындығында мына тұрысының жаман-ай. Екі сирағы делдиіп, бұтында шалбар. Жайылып кеткен бөксеге несіне шалбар кигенмін. Тартылып, тіп-тік болып қомданып тұратын иық та жоқ, балшықтан құйылғандай ырықсыз домаланып қалыпты. Салбыраған қарын тізеге қарай шөге бастаған ба? Кешегісінен гөрі бүгінгі сықпытынан түршікті. «Еркекке ұқсасам заманымның қалауы солай болды. Ішкілікке үйір болсам, жетілгенімнің, байлығымның, теңдігімнің көрінісі деп желігіп өткен шығармын. Сонымен, кімде кінә?.. - Ой, ақымақ! Ез! Ұнамаған, оғаш мінездерім үшін жазаламадың ба? Етімнен ет кесіп, тарттырмадың ба сазайымды? Тістеніп тұрып, тағы ырқ-ырқ күлді. - Иә... Мен жаһилдікке бара алармын, сенің жауыздыққа бара алмайтының белгілі. Ең үлкен шешімің мені тұл еткенің. Мұсылманшылықта мұны талақ дейді екен. - Алақанымен саның жиі-жиі сипап тұрып: - Тұл болғалы өзімді сынау мен мінеу басталған. Істеген ісіме есеп берген сайын ұтқаным шамалы. Одан әрі құлдырап ұтылып келемін. Бұрын паң едім, адам баласын менсінбей кейкиіп отыратын өркөкіректігім бар еді. Бүгін қаралымын, тұлмын. Дүние - кезек... Бүгіжектеп жұрт көзіне көрінуден қалдым. Айтпақшы, сен ғашық болған қызды көргім келіп, жазалағым келіп біраз талпындым. Ол қылығымды құдай құптамаса керек, әрекетім іске аспады... Керісінше ұтыла бердім, ұтыла бердім. Жығылдым, жеңілдім... Бәлкім, Ибраһим пайғамбарды Ажардан қызғанған Сараға ұқсап, менің де әлгі сүйген жарымның құлағын кесіп құнтитып, танауын кесіп шүнтитқым-ақ келген. Қатынның қанды кегіне жан бітірген сенің өзгеге өзегіңді үзгенің. Сол қызды сүйгенің үшін екеуіңді де лаулаған қалың отқа салып қақтағым келді. Құйқа тамырларың бас сүйектеріңе жабысып, қарайып күл болғанын көріп рахаттанғым келді. «Сүю - тазалыққа ұмтылу». Кім айтты оны саған? Тазалықтарыңды ұрайын сендердің...  Ақиқаты қайсысы? Мен мойындамай алас ұрғанмен, шындығында да Сүю - тазалыққа құштарлық па екен? Жаны да, тәні де таза адам ғана біреуді сүйе алатын шығар. Бірақ сен өзгені сүю арқылы менің лапылдап жатқан жынымды қоздырып, өшпенділігім мен дұшпандығымды арттырғаныңды білемісің?.. Енді мен тұлмын... Тұлға не істесе де жараса береді. Есепсіз жамандық жасаса да, күнәға батса да. Тұл ғой, тұл... Тұлдан кім жақсылық күткен дейсің. Тұл... Адамдықтан, қатардан шығып қалған - қатын. Жып-жылтыр алмас ұстараны қолына алды. Мығжиып тұрған сұлбасын сынай қарады да, салбыраған әукесін орып жібергісі келіп біраз тұрды. Өткір ұстараны дәл маңдайының тұсына әкеліп, құйқасын жалтыратып шашын сылып салды. О, Алла! Сонда менде о баста-ақ келіншекке тән нәзіктік, сұлулық болмағаны ма, әлде, табиғат берген мейірімнен ажырап, адасып қалған өзімнің жамандығым ба? Жұлмаланып жүріп, бәрінен айырылатындай халге жеткенім рас па?.. Әйел деген атым болмаса, бет-пішінім тура еркек іспеттес екен-ау.

      Сол қалпы қолы-қолына тимей құйқасын аламайлап, шашын тақырайтып алып тастады. Айнадағы тұрпайы пішінге жақындап келіп: «Міне, нағыз тұл осындай болуы керек. Іші мен сырты сай болуы керек. Ішке біткен үрей сыртта да болғаны жөн. Жұрт көзіне көрінбей өмір сүру үшін өзіне-өзі осындай келбет жасап алуы қажет. Сонда ғана тұлдық қасіреттің, тұлдық ғұмырдың сырын түсінеді бұ жұрт. Міне, мен енді нағыз тұлмын - деді айнадағы келбетіне жылап тұрып. Сыпырылған шаш ебедейсіз құлақты одан әрі қалқитып, көңілше үрей салды. Сосын әдеттегі жындылығына салып, айнадағы тұлға көзін қысып қалды. Тұл жымың етті. Енді мына екеуі қосылып алып, дүниені бүлдірмесе жарар еді. Бір-біріне қарап тұр. Бірімен-бірі әбден танысқысы, жұптасқысы келетіндей. Бір-біріне тілін шығарды, ыржаңдасып күлді, қол алысты. Сосын әлденеден секем алғандай алақандарымен бастарын сипап көріп еді, құйқалары жұп-жұмсақ екен. Ақылы толмаған, еңбегі қатпаған сәбидің басындай төбелері салмақ түссе еріп кететіндей былқ-былқ ете ме, қалай. Тұл айнадағы құбыжыққа қарап шиқылдай күлді. Екеуі бір-біріне қолын шошайтып алып, бірін-бірі меңзеп, қостап есалаң күлкіден айырылар емес. Жынданып қалғандай бірге күліп, бірге жылап әбігер болды».

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: