Монастырь

19 Қараша 2013, 11:16

       «Біздерде монастырь жоқ        Мен оған барар едім»                          Мұқағали       «Кешір. Сен менің өзімшілдігімді кеш. Саябыр таппай, өрекпіген соқыр сенімге тыныштық бер. Жаныма, ластанған көңіліме, бұлқынған сезіміме сабыр бер. Өзіңе тазару үшін, ақталу үшін келдім. Іштегі дертімді ұлы мейіріміңмен жаза алсаң, мүсіркеп қуат берсең, өмірім бір өзіңе мінәжәт етумен болады. Қанша ғұмыр жазсаң, сол тірлікті өзіңе ақталу үшін, тазару үшін бағыштаймын.       Кеш. Тозған жанымды ұлылығыңмен жадырат, нұрыңмен бөле. Өрекпіген үркек жүрекке тыныштығыңды тіле. Бір өзіңе ғана сенемін. Амин!       Әйел жүресінен отырған қалпы басын төмен иіп, үнсіз қалды. Сол сөт әлдекімнің ақырын келіп, иығына қол салғанын сезді. - Бейкүнә қызым менің. Жан азабынан құтылудың, тазарудың жолы - күнәнді мойындап, ағаттығыңды түсініп, тәңір иеңнен адал ниетіңмен кешірім сұрасаң мейірімді ол бәрін де кешіре біледі деген қасиетті Библияда. Монастырға келіп, мінәжәт еткеніңе бүгін елу алты күн толады. Сенің жас жаныңды мазалаған қандай қасірет? Жүресінен отырған жас әйелдің шынтағынан ұстап, орнынан тұрғызды. - Мені мұндағылар монастырдағы Үлкен-ана дейді. Әйел Үлкен-анаға көз тоқтатты. Ақшулан келбетінен солғандық танып, жанарынан суалғандық сезді. Денесі тіп-тік болғанымен іштей мүжілгендік, қажығандық байқалады. Қадалған көзі анда-санда ғана бір қағылып, қалт кетпей әйелдің жан дүниесін қазбалап, сұрап тұрғандай көрінді. - Ғажап. Жаратқан ием саған кереметтей сұлу келбет сыйлапты. Азабын емес, рақатын, ләззатын көрсін дегені болар. Тәңір сұлу, сұлулықты сыйлайды. Үлкен-ана ақырын бұрылып, көкте шаншылған Исустың бейнесіне қарады. - Ұрпағыңның азабын бір өзің ғана тартып, жаншылып тұрғаныңды көргенде, сенің нұрлы жүзің демалып, керіліп жатқандай. Адал ниетіңе жанымыз садаға. Сенің жаныңа мәңгілік тыныштық- Мәңгілік тыныштық. Үлкен-ана шоқынып тұрып тағы да сыбыр-сыбыр етті. Жанымен күйзеліп, даусын әлсіз діріл билеп, «тазару» дүғасын қайталады. Үлкен-ананың дауыс салған қоңыр үні, әрбір сөзі мүлгіген монастырь ішіне жан бітіріп, тебірентіп жіберді. Бұл жолы келіншек дұға оқылып аяқталғанша Үлкен-анадан көзін алмады. Оның алғашқы қатқыл үнімен салқын бейнесі бір сәтте өзгеріп, балбыраған өңі ғажап мейірімге ұласып, қасиетті құдай-ана Мәрияның өзіне айналып бара жатты. Сондықтан да болса керек мынау бейкүнә жас жалбарына тілек айтқан. - Мен аңсаған жан тыныштығы, мен таппай аласұрған тұнық, тап-таза тіршілік осы монастырь ғана. Мені қабыл ал! Мен тәңірдің құлы, Үлкен-ана. Үлкен-ана ашуланып жалт қарады да солғын, суық жанарын тайдырып алып кетті. Сол қалпы бұрылмастан ары қарап тұрып: - Сүйікті балам менің. Әр оқылған дұғаң - сенің жаныңның тазаруы, қасіреттің азаюы деп түсін. Азабы күшті жанның дерттен, іші күйіктен арылуы сенің жаныңның тазарғаны. Монастырь - тәңір үйі. Олай болса сені мұнда қабыл алатын мен емес, тәңір иең. Сезімің мен ойың, жүрегің мен көңілің алабұртпай, осында бет бұрып, тәуекелге түсіп келсең, сені қасиетті жерге енгізбеуге ешкімнің хақысы жоқ. Сен - тәңіріңнің адал құлы, мейірімді Исустың үмбетісің - деді. - Амин. Сіздің де жаныңызға нұр бітсін, Үлкен-ана. Үлкен-ана енді кері бұрылып әйелге қарама-қарсы тұрып, көзін тіктеп қарады. Жанары сөйлеп тұрғандай. Манағы қызғылт тартып, албыраған алау жүзі сөніп, қайта солып, қайта тартылып, қатайып үлгеріпті. «Тірлішікті талақ етіп келгенің бе бұл? Андағы көрікті жүзің мен сымдай сұлу денеңді құдіреттің силаған тән сезімінің бәрін ұмытып, жүрегіңнің дауасын монастырдан іздегенің бе? Төзімің таусылып аһ ұрып аңырап жүрмеймісің». Бірінің жанын бірі түсінетін сияқты. Екеуі де үнсіз, екеуі де бір сәт әлсірегендей болды. Үлкен-ана әйел жанарынан жалт еткен қуаныш пен жарқ еткен сезім дүниесін іздеумен алпарысып түр. Әйелдің келбетінен жұкалтаң мұңды аңғарды. Жаңағы мінәжәт еткен жас әйел езінің көз алдында тұрып бір сәт қартайып бара жатқандай болды. - Күнәсіз - деді Үлкен-ана. - Монастырға шерлі болып, қасірет шегіп келу міндет емес. Жаның мен тәніңді өзіңе қажетсіз деп тауып, қалған ғұмырым осында өтсін - деп келудің жөні бір басқа. Сен оны ойладың ба? - Енді қалған ғұмыр болса, тәңірімнің алдында ақталумен өтем, монастырда мінәжәт етіп, қызмет қылсам, деп едім. Өзім деп өрекпіген сезім тозған, айналаны қоршаған ортадан безініп болғам. Жалғыз сүйеніш пен сенім «Тазару» дұғасы ғана. Дүға оқып, иманымды айтып, шаршаған көңілге тыныштық іздедім. Әйел іштей күрсініп, ауыр дем алды. Үлкен-ана мұны ұйып тыңдап қалыпты. Тек, әйелдің екінші бір дем алысынан селт етіп оянғандай болды. - «Тыныштық» - дейді. Жүрегіңе сабыр, жаныңа тыныштық тілеймін. Иисус көрсеткен тәңір жолының адал қызметкері болайық. Үлкен-ана жылжып келіп, аса жылы мейіріммен әйелдің басындағы жамылғысын сырып, маңдайынан сүйді де, шашын иіскеді. «Жаратқанның өзі жөн көрген болар, құдайымның қалағаны, құптағаны болар. Жанымның емі - тыныштық.Үлкен-анамен бірге еріп бара жатқан әйел қолы жеткен арманға тәубе етіп, іштей сөйлеп келеді. Ақ төсін сәбиінің аузына толтыра салып, мейіріммен жымиған Марья-анаға қабырғасы ырсиып, шеге үстінде қағылған қасиетті Иисусқа кезек-кезек қарайды. Үлкен-ананың қырылдап шыққан дауысы әйелдің ойын бөліп жіберді. - Міне, қасиетті монастырь ішінде жүрсің. Мұнда жүргенде тәңірден басқаға кішіреймейсің. Ештеңеден қорқып үрейленіп, өзіңнің басқан ізіңнен өзің күдіктеніп жүрме. Дүниенің сөзі айтылмайтын, зорлық-зомбылықтан аулақ, ұрлық пен сұмдыққа араласпайтын, адам жанына бір сәт болса да тазалық силайтын осы - монастырь. Сондықтанда болар мұнда көбіне күнәдән, жан азабынан тазару үшін қалың жұрт көп келеді. Үлкен-ана қолындағы бір топ кілттің бірін жекелеп алды да сол кілтпен қуыстағы бір бөлменің есігін ашты. - Бүгін осында демалғаның жөн болар. Монастырдың астыңғы қабатын ертең аралатармын. -Рахмет. Айтқаныңыз болсын. Әйел тізесін бүгіңкіреп сәл еңкейіп Үлкен-ананың сап-салқын қолынан өтті. Алғаш түнеген күні монастырь ішінде жанға жұмсақ, дертке ем қоңыр әуен естілгендей болды. Әйел әлсін-әлсін құлақ түрді. Сол әуен әйелдің денесін өзіне елітіп, аяқ қолын жалап өткендей жылы сезім берді. Сол сезім бойына тазалық дарытқандай, жанына нұр бітіргендей іштен үзіліп жалын шықды. Жаңағы жалынмен бірге арпалысып шыққан құпия әйел күші ауаға жайылып жоқ болды. Әйел тереңнен дем алды. Ішкі дүниесі әлде-неден босап қаңырап қалғандай сезінді. Сол сезіммен Марияның сұлу мүсініне қарап шоқынды да «Тәңірге жалбарыну» дұғасын бастады. Бұл жолы әйел таңғы дұғаны тым ұзақ оқыды. Тек есік қағылып, Үлкен-ана ішке енгенде ғана соңына қарап, мойнын әрең бұрды да көзін жұмған қалпы, сүйсініп дұға жолдарын қайталай берді. - Қайырлы таң, қызым. Дұғаңның шарапаты Иисус Христостың көрген азабын жеңілдетсін, Амин. - Амин.       Монастырдың төменгі қабатына қарай түсіп келе жатып, Үлкен-ана әйелдің қолына қолын созып, қаттырақ қысып, бекем бол дегендей сыңай танытты да: - Әруақтарға бағыштап іштей дұға оқысақ болады. Ондай дұғаны білуші ме, едің? - деді. Жас әйел күбірлеп оқи бастады. Дұға біткесін екеуі де шоқынып, тәубе етті де әйел сөйлеп кетті. - Мына жердің осынша суығын-ай. Тіпті сызы сүйектен өтіп барады. Неғып сонша төменнен қазған екен? Үлкен-ананың дауысы тарғылданып қатты шықты. - Бұл - көр. Иә, сүйек жатқан көр болады. Ал көрде жылылық болушы ма еді. Көрде тірі адамның сүйегінен өтетін сыз ғана болады. Жас әйел мынау сөйлеп тұрған Үлкен-анадан көзін алмады. «Айтыңыз ілтипат қылып, ақиқатты айтыңыз» деп тұрғандай. Әйелдің жанарын жұқалтаң жас ораса керек. Әдемі көздері үлкейіп, дөңгеленіп кетіпті. - Дұғамыз қабыл болсын, онда!       Үлкен-ананың қолындағы шырақтың жарығы арқылы ғана байқаған болса керек. Екеуі қатар-қатар қойылған қабір басында тұр екен. Қараңғы түнекте әлсіз шырақ жылт-жылт етіп, құдай жолына берілген мына екеуге көңіл айтқандай болады. Әр сүйектің басына барып, үнсіз ұзақ тұрды. Үлкен-ана қайтар тұста әйелге көңіл айтқандай сыңай танытып, басын иді. Бұл да бірге құптады. Монастырь ішіне екеуі бірге көтеріліп, күнделікті мінәжәт орнына жайғасты. Үлкен-ана дұғасынан жаңылып, жиі-жиі шоқынып ұзақ жылады. Іштей тығылып, қиналып жылағандықтан болар, әлсіреп барып жер тіреді. Жас әйелге: «Маған ықылас жасап, бөлмеме жеткіз» дегендей «ым» қатты. Бұл жолы екеуі де үнсіз, екеуі де қатал.       Монастырь жарықтық мүлгіп түр, тып-тыныш. Күніне жүз шақты адам келсе де бұл үйге бәрібір тіпті ешкім бір сәт аяқ баспай қойса да сол кемеңгер, тұңғиық тіршілік. - Қайдасың! - деп іздемейді. - Жоқсың! - деп күйремейді. Мұнда билік құрған адами дауыс жоқ беймәлім бір күш қана бар. Адамзат тәңірге емес, тыныштыққа, жан тыныштығына табынатындай көрінеді. Сол тыныштық қана парасатты ой қозғап, таза ниетке бағыштағандай болады. Монастырь іші сол дана қалпында, өзгеріссіз. Тек бүгін, тәңірдің өзі нұр силап, Үлкен-анаға әр бітіріп, жас әйелді таңдандырған. Үлкен-ана шәкіртіне мейіріммен жымиып, жылдам басып жылжып келеді. Үнсіз қалып, тұңғиық ойға кеткен келбетінен айығып, жазылған сияқты. Бір-біріне қарсы жүріп, екеуі көп көріспеген жандардай құшақтасып, ұзақ тұрды. - Саған өткендегі монастарь астындағы қабірлердің сырын айтамын. Сол күні еш нәрсе сұрамай, сабыр еткеніңе ризамын. Ол қасиетті орын. Онда жатқандар нағыз христиандар. Адал Иисус үмбеттері. - Үлкен-ана бұл жолы ерекше бір үнмен жас әйелді баурап бара жатты. - Солардың қатарынан орнымды бер деп тілеймін жаратқаннан. Жалғыз тілек, монастырь қабырғасынан шығара көрмесін мені. Адамдар арасына қайта оралтып, ақыл-ойымнан шатастырып, күйкі тірлік пен қу құлқынның құлы етпесін. Монастырь маған тағдыр сыйлаған. Олай болса топырақ монастырдан бұйырсын. Кешегі қабір хақ жолына жаны мен тәнін сыйлаған, жарық дүниені өз еркімен қиып, монастырдан ажал күні жеткенше шықпай, төзе білгендер. Христианның бұл заңдылығын кез-келген қарапайым адам жүзеге асыра алмайды. Төзім мен сана діннің көп қырын мойындай бермейді. Екеуміз барған қабір қасиетті адамдардың сүйегі жатқан жер. Олар тәңір жолына еш алаңсыз түскен адал жандар. Иә, ақиқат күні жетіп, олардың жаны жәннатта жатқан болар. Әруақтарыңнан садаға кетейін. Тіршіліктің тәттілігін о дүниенің рахаты үшін айырбас еткен әулиелер олар. Бүгінінен гөрі ертеңіне алаң болған даналар олар. Әйел Үлкен-анаға аңтарыла қарады. - Өмірлерінің соңғы сәтіне дейін монастырь ішінен жыраққа шықпаған ба! Бөгде адамдармен сөйлесіп, сырласпаған ба! Туыс-туғандары келмеген бе! Үлкен-ана жаңағы ағытылып шыққан сөзінен тиылып қалды. - Сенің мына айтқандарың қарабайыр тіршіліктің қамы. Мінәжәт ету жолы бұл емес, балам. Мен сені қабылдаған күні дүниенің қызығымен қоштасып келгенсің. Жабырқаған жаныңа медет іздеп, монастырдан шықпай, елу алты күн мінәжәт қылумен болдың. Тәңірі сені қарсы алуға ұйғарды. Ендігі ғұмырың осы монастырда өтпек. Жаратқан иеңе құлдық етіп, о дүниенің жеңілділігін сұрап күн кешесің. Жас әйел Үлкен-ананың сөзін өзі аяқтады. - Жаныма тыныштық іздеп келгенмін. Тіршіліктен қол үзіп, барымды талақ етіп, өзіңнен сәуле іздеп жеткенім рас. Үлкен-ана әйелді зерттей қарады. - Менің дәм-тұзым таусылғанда монастырдағы Үлкен-ана өзің боласың. Қолыңа шырақ алып, басымызға келіп, ауық-ауық дұға оқисың. Сен монастырда қаламын деп бел шешіп келгеніңде мен таңданып едім. Тәңір иемнің ықыласы түсіп, жәрдем бергені болар деп жорығанмын. Міне, тәңір иеңнің қүдіреттілігінде еш дауа жоқ. Христиан дінінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беруін ол да жөн көреді. Тәуба! Үлкен-ана Исустың тас мүсінінің жанына барып, ұзақ телмірді. Сосын оң қолын созып, оның маңдай тұсын алақанымен аялай сипады. «Күнәлі болсам, кеш» - деді сыбырлап. Қара жамылып келе жатқан әйелдің ойына Үлкен-ананың айтып кеткен аманаты қайта-қайта орала берді. «Ойындағы көп сырды жеткізе алмады-ау» - деп өкінді. Науқас екенінде сезбеппін. Кәрілік деп түсініппін. Мінезінің қаталдығы деп жорыппын. He деген беріктік. Жаныңа тыныштық тілеймін. Өзің айтқан аманатты орындаймын. Топырағың торқа, жаның жәннәтта болсын». Әйел күнделікті дұғасын жалғастыра берді. Үлкен-ананың өтініш жасағанындай қабірінің басына барып дұға оқыды. Тіпті уақытының көбі осы монастырдың төменгі қабатындағы сүйек түскен жерде өтетін. Бұл да уақыт өткен сайын, осы жерден топырақ бұйыруын тілейтін. Бұл да үнсіз жылап, көз жасын шылайтынды тапты. Әлсіреп жүріп, жоғары жаққа әрең аяқ көтеріп монастырда кешкілік дұғаны оқитын. Көзін жұмып, дұғаға соншалық беріліп отырған әйел бір түрлі бөгеліп қалды. Саусақтары сорайып-сорайып тарамыстанып кеткеніне өкінетін сияқты. «Қартайыппын...» Әйел саусақтарын салалады. Жалт етіп, Мария-анаға қарады. Қаздың мойынындай керілген әппақ денеге көзі түсті. Сосын орнынан тұрып Мария-ананың сүйріктей саусақтарын ұстады. «А-а!.. Иә, Мария-ана ғажап», - деді. Сұлулыққа сүйсінді. Бөлмесіне келе жатып, кенет есіне Үлкен-ананың: «Жаратқан ием саған сұлу мүсін, ғажап келбет силапты. Қараса көз тояды. Тәңір сұлу, сұлулықты сүйеді» дегені оралды. Риза көңілмен, Үлкен-ананың әруағына бағыштап дұға оқыды. Әйел сезеді. Санасының түбінен құлын дауыс шырқырап мазасын алғалы қашан. Күн түнге ұласып, түн таңға ұласып айлар өтіп жылдар кетіп жатты. Бұл бесінші көктемін де монастырда қарсы алды. Сыңғырлап күлкі шықпағалы, әзілдеп қалжың естімегелі, әлдекімге бұлқан-талқан болып ренжімегелі, әлдекімді қуантпағаны қашан. Өзі талақ етіп, соңына тастап, қарамай кеткен күйкі тірішілік қызықтырып қол бұлғайды. Азғандар деп безінген адамдар ортасын жанұшыра сағынып, езіліп отыр. Жүрегі ет боп езіліп, қолқасы қан жоса тілініп жатса-дағы көз жасы шайған бет-аузын сүртіп, өзі сүйген тәңірге құл болады. Осылай іші алай-дүлей болған шақта, жаман ойдан бойын аулақ ұстап, қасиетті дұға жолдарын жиі қайталап, есі ауысып бөлмесінен шығып кететін. Сөйтіп қабір басына барып ес жинайтын. «Жалған-ай» дейтін күңіреніп. Сонда ғана Үлкен-ананың: «Бұлар әулиелер ғой. Бұлар бұ дүниенің рахатын о дүниенің тыныштығына сыйлаған жандар» - дегенін есіне алатын. Тағы да төзуге, тағы да шыдамға жеңдіріп, есеңгіреп, әлсіреп қайта оралатын. «О, жасаған-ай! Жаныма тыныштық іздеп келіп едім, жан азабына салатын түрің бар ғой сенің» - деп қалған. Әйел өзі мойындап, серт беріп келген мынау монастырь ішін бұл жолы алара қарап, шолып өтті. Жалма-жан кері бұрылып екі қолын көкке жайды. «О, Тәңір ием! Естимісің! Бір өзіңді медет етіп, тәубә қылып күн кешермін дедім. Алаяқ, алауыз адамдарыңмен бірге кіріптар ғұмыр кешпей-ақ, жан тыныштығын аңсап, өзіңе келгем. Құдіретіңді мойындап, монастырдан шықпауға ант етіп, тіршілікті тәрк еттім. Бірақ тірі адамның тіршіліктен қол үзуі - көңілге мұң, жанға дерт екенін күнәһәр мен білмеппін. Бүгін мені азды деп ұқ. Мені өз билігіңмен, ықыласыңмен босат. Жаным тозды. Ақымақ болса да, азғын болса да сол қарабайыр, ақылы жоқ, адамы көп жұртта болғым келеді. Тынымсыз, мардымсыз, жаныңды жегідей жейтін адами тірлікті аңсадым. Сол тіршіліктің қайғы-қасіретін де сағындым. О, тәңір ием! Сенемісің! Маскүнем, ақылы жоқ, санасыз күйеуімді сағынып, соның маған арналған қаһарлы таяғына арқамды тосып қабыл алған болар едім. Жаныма тиген ащы сөзін сүйсініп тыңдаған болар едім. Өзімді таяққа жығып салған жаһилімді бас салып күңсіген, лас денесін аймалап, мауқымды басар едім». Әйел қалш-қалш етіп, Мәрия-анаға жақындады. «Мен кетемін. Бүгіннен бастап, монастырь Үлкен-анасыз болады. Мені де опасыз де. Діннен безіп, Иисусты сатып кеткен күнәһар Иуда мен Скарионға, Фома мен Петрге, Иоанн мен Филипке мені де қос. Мені соларға бала. Тек адамдар арасынан орын бер. Монастырға келген алғашқы алданыш күніме қарғыс!» Әйел үнсіз қалды. Жасаураған мұңлы жанар тұнып, қалың ойға кетіпті. «Екінші бір ғұмыр берсең, Адам қадірін ештеңеге теңгермеген болар едім. Сен маған олардың қасиетін күннен-күнге арттырып барасың». Әйел жерге сүзіліп ойланған жанарын әрең көтеріп, Мария-анаға қарады. Ақырын сүйсініп көзін жұмды. Ап-анық, жұп-жұмсақ дауыс. Бәлкім Тәңір үні ме екен. Әйтеуір: «Бейкүнә қызым менің. Тәңір иеңе бәрің бірдейсің. Ешқайсысыңның артықшылығың жоқ. Біріңсіз-біріңе күн жоқ. Адам өз ортасымен ғана үндесіп, өмір кешіп, ұрпақ сүйеді. Онсыз - тұл. Тәкәппар болма! Тәкәппарлықты Тәңір сүймейді. Сол сияқты әулие болу да кім көрінгеннің қолынан келмейді». Әйел бір сәт қалғып кеткендей селт етіп, көзін ашты. Монастырь іші жап-жарық, ғажайып бір күйге бөленген. Көзі сыртқа шығатын есікке түсті. Әйел жүресінен отырып дұға оқыды. Ең соңына өзінің сөзін қосты. «Күнәмді кеш. Төзімсіздігімді кеш. Құдіретіңе ғұмырымды бағыштаймын. Бұ дүниенің ләззатынан гөрі о дүниенің рақатымен жарылқа. Өмірім монастырда, өзіңе құлшылық етумен өтеді. Оқылған әр күнгі дұғамды қабыл ал! Күнәмді кеш. Амин». Әйел шоқынды. Әлденеге алабұртқан жүйрік сезіммен асау көңілдің мойнын бұрап, ауыздықтап тастапты. Бұл жолы жанарынан жас саумаламады. Күн нұры әлсіз ғана шуақ шашқан монастырь ішіндегі кішкентай бөлмесіне еніп бара жатып: - «Емі жоқ жабырқау қалған жанымды жадырат, нұрыңа бөле!» - деді. Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

       «Біздерде монастырь жоқ

       Мен оған барар едім»

                         Мұқағали

      «Кешір. Сен менің өзімшілдігімді кеш. Саябыр таппай, өрекпіген соқыр сенімге тыныштық бер. Жаныма, ластанған көңіліме, бұлқынған сезіміме сабыр бер. Өзіңе тазару үшін, ақталу үшін келдім. Іштегі дертімді ұлы мейіріміңмен жаза алсаң, мүсіркеп қуат берсең, өмірім бір өзіңе мінәжәт етумен болады. Қанша ғұмыр жазсаң, сол тірлікті өзіңе ақталу үшін, тазару үшін бағыштаймын.

      Кеш. Тозған жанымды ұлылығыңмен жадырат, нұрыңмен бөле. Өрекпіген үркек жүрекке тыныштығыңды тіле. Бір өзіңе ғана сенемін. Амин!

      Әйел жүресінен отырған қалпы басын төмен иіп, үнсіз қалды. Сол сөт әлдекімнің ақырын келіп, иығына қол салғанын сезді.

- Бейкүнә қызым менің. Жан азабынан құтылудың, тазарудың жолы - күнәнді мойындап, ағаттығыңды түсініп, тәңір иеңнен адал ниетіңмен кешірім сұрасаң мейірімді ол бәрін де кешіре біледі деген қасиетті Библияда. Монастырға келіп, мінәжәт еткеніңе бүгін елу алты күн толады. Сенің жас жаныңды мазалаған қандай қасірет? Жүресінен отырған жас әйелдің шынтағынан ұстап, орнынан тұрғызды.

- Мені мұндағылар монастырдағы Үлкен-ана дейді.

Әйел Үлкен-анаға көз тоқтатты. Ақшулан келбетінен солғандық танып, жанарынан суалғандық сезді. Денесі тіп-тік болғанымен іштей мүжілгендік, қажығандық байқалады. Қадалған көзі анда-санда ғана бір қағылып, қалт кетпей әйелдің жан дүниесін қазбалап, сұрап тұрғандай көрінді.

- Ғажап. Жаратқан ием саған кереметтей сұлу келбет сыйлапты. Азабын емес, рақатын, ләззатын көрсін дегені болар. Тәңір сұлу, сұлулықты сыйлайды. Үлкен-ана ақырын бұрылып, көкте шаншылған Исустың бейнесіне қарады.

- Ұрпағыңның азабын бір өзің ғана тартып, жаншылып тұрғаныңды көргенде, сенің нұрлы жүзің демалып, керіліп жатқандай. Адал ниетіңе жанымыз садаға. Сенің жаныңа мәңгілік тыныштық- Мәңгілік тыныштық. Үлкен-ана шоқынып тұрып тағы да сыбыр-сыбыр етті. Жанымен күйзеліп, даусын әлсіз діріл билеп, «тазару» дүғасын қайталады. Үлкен-ананың дауыс салған қоңыр үні, әрбір сөзі мүлгіген монастырь ішіне жан бітіріп, тебірентіп жіберді. Бұл жолы келіншек дұға оқылып аяқталғанша Үлкен-анадан көзін алмады. Оның алғашқы қатқыл үнімен салқын бейнесі бір сәтте өзгеріп, балбыраған өңі ғажап мейірімге ұласып, қасиетті құдай-ана Мәрияның өзіне айналып бара жатты. Сондықтан да болса керек мынау бейкүнә жас жалбарына тілек айтқан.

- Мен аңсаған жан тыныштығы, мен таппай аласұрған тұнық, тап-таза тіршілік осы монастырь ғана. Мені қабыл ал! Мен тәңірдің құлы, Үлкен-ана. Үлкен-ана ашуланып жалт қарады да солғын, суық жанарын тайдырып алып кетті. Сол қалпы бұрылмастан ары қарап тұрып:

- Сүйікті балам менің. Әр оқылған дұғаң - сенің жаныңның тазаруы, қасіреттің азаюы деп түсін. Азабы

күшті жанның дерттен, іші күйіктен арылуы сенің жаныңның тазарғаны. Монастырь - тәңір үйі. Олай болса сені мұнда қабыл алатын мен емес, тәңір иең. Сезімің мен ойың, жүрегің мен көңілің алабұртпай, осында бет бұрып, тәуекелге түсіп келсең, сені қасиетті жерге енгізбеуге ешкімнің хақысы жоқ. Сен - тәңіріңнің адал құлы, мейірімді Исустың үмбетісің - деді. - Амин. Сіздің де жаныңызға нұр бітсін, Үлкен-ана. Үлкен-ана енді кері бұрылып әйелге қарама-қарсы тұрып, көзін тіктеп қарады. Жанары сөйлеп тұрғандай. Манағы қызғылт тартып, албыраған алау жүзі сөніп, қайта солып, қайта тартылып, қатайып үлгеріпті. «Тірлішікті талақ етіп келгенің бе бұл? Андағы көрікті жүзің мен сымдай сұлу денеңді құдіреттің силаған тән сезімінің бәрін ұмытып, жүрегіңнің дауасын монастырдан іздегенің бе? Төзімің таусылып аһ ұрып аңырап жүрмеймісің». Бірінің жанын бірі түсінетін сияқты. Екеуі де үнсіз, екеуі де бір сәт әлсірегендей болды. Үлкен-ана әйел жанарынан жалт еткен қуаныш пен жарқ еткен сезім дүниесін іздеумен алпарысып түр. Әйелдің келбетінен жұкалтаң мұңды аңғарды. Жаңағы мінәжәт еткен жас әйел езінің көз алдында тұрып бір сәт қартайып бара жатқандай болды.

- Күнәсіз - деді Үлкен-ана. - Монастырға шерлі болып, қасірет шегіп келу міндет емес. Жаның мен тәніңді өзіңе қажетсіз деп тауып, қалған ғұмырым осында өтсін - деп келудің жөні бір басқа. Сен оны ойладың ба?

- Енді қалған ғұмыр болса, тәңірімнің алдында ақталумен өтем, монастырда мінәжәт етіп, қызмет қылсам, деп едім. Өзім деп өрекпіген сезім тозған, айналаны қоршаған ортадан безініп болғам. Жалғыз сүйеніш пен сенім «Тазару» дұғасы ғана. Дүға оқып, иманымды айтып, шаршаған көңілге тыныштық іздедім. Әйел іштей күрсініп, ауыр дем алды. Үлкен-ана мұны ұйып тыңдап қалыпты. Тек, әйелдің екінші бір дем алысынан селт етіп оянғандай болды.

- «Тыныштық» - дейді. Жүрегіңе сабыр, жаныңа тыныштық тілеймін. Иисус көрсеткен тәңір жолының адал қызметкері болайық. Үлкен-ана жылжып келіп, аса жылы мейіріммен әйелдің басындағы жамылғысын сырып, маңдайынан сүйді де, шашын иіскеді. «Жаратқанның өзі жөн көрген болар, құдайымның қалағаны, құптағаны болар. Жанымның емі - тыныштық.Үлкен-анамен бірге еріп бара жатқан әйел қолы жеткен арманға тәубе етіп, іштей сөйлеп келеді. Ақ төсін сәбиінің аузына толтыра салып, мейіріммен жымиған Марья-анаға қабырғасы ырсиып, шеге үстінде қағылған қасиетті Иисусқа кезек-кезек қарайды. Үлкен-ананың қырылдап шыққан дауысы әйелдің ойын бөліп жіберді.

- Міне, қасиетті монастырь ішінде жүрсің. Мұнда жүргенде тәңірден басқаға кішіреймейсің. Ештеңеден

қорқып үрейленіп, өзіңнің басқан ізіңнен өзің күдіктеніп жүрме. Дүниенің сөзі айтылмайтын, зорлық-зомбылықтан аулақ, ұрлық пен сұмдыққа араласпайтын, адам жанына бір сәт болса да тазалық силайтын осы - монастырь. Сондықтанда болар мұнда көбіне күнәдән, жан азабынан тазару үшін қалың жұрт көп келеді. Үлкен-ана қолындағы бір топ кілттің бірін жекелеп алды да сол кілтпен қуыстағы бір бөлменің есігін ашты.

- Бүгін осында демалғаның жөн болар. Монастырдың астыңғы қабатын ертең аралатармын.

-Рахмет. Айтқаныңыз болсын.

Әйел тізесін бүгіңкіреп сәл еңкейіп Үлкен-ананың сап-салқын қолынан өтті. Алғаш түнеген күні монастырь ішінде жанға жұмсақ, дертке ем қоңыр әуен естілгендей болды. Әйел әлсін-әлсін құлақ түрді. Сол әуен әйелдің денесін өзіне елітіп, аяқ қолын жалап өткендей жылы сезім берді. Сол сезім бойына тазалық дарытқандай, жанына нұр бітіргендей іштен үзіліп жалын шықды. Жаңағы жалынмен бірге арпалысып шыққан құпия әйел күші ауаға жайылып жоқ болды. Әйел тереңнен дем алды. Ішкі дүниесі әлде-неден босап қаңырап қалғандай сезінді. Сол сезіммен Марияның сұлу мүсініне қарап шоқынды да «Тәңірге жалбарыну» дұғасын бастады. Бұл жолы әйел таңғы дұғаны тым ұзақ оқыды. Тек есік қағылып, Үлкен-ана ішке енгенде ғана соңына қарап, мойнын әрең бұрды да көзін жұмған қалпы, сүйсініп дұға жолдарын қайталай берді.

- Қайырлы таң, қызым. Дұғаңның шарапаты Иисус Христостың көрген азабын жеңілдетсін, Амин.

- Амин.

      Монастырдың төменгі қабатына қарай түсіп келе жатып, Үлкен-ана әйелдің қолына қолын созып, қаттырақ қысып, бекем бол дегендей сыңай танытты да:

- Әруақтарға бағыштап іштей дұға оқысақ болады. Ондай дұғаны білуші ме, едің? - деді. Жас әйел күбірлеп оқи бастады. Дұға біткесін екеуі де шоқынып, тәубе етті де әйел сөйлеп кетті.

- Мына жердің осынша суығын-ай. Тіпті сызы сүйектен өтіп барады. Неғып сонша төменнен қазған екен?

Үлкен-ананың дауысы тарғылданып қатты шықты.

- Бұл - көр. Иә, сүйек жатқан көр болады. Ал көрде жылылық болушы ма еді. Көрде тірі адамның сүйегінен өтетін сыз ғана болады. Жас әйел мынау сөйлеп тұрған Үлкен-анадан көзін алмады. «Айтыңыз ілтипат қылып, ақиқатты айтыңыз» деп тұрғандай. Әйелдің жанарын жұқалтаң жас ораса керек. Әдемі көздері үлкейіп, дөңгеленіп кетіпті.

- Дұғамыз қабыл болсын, онда!

      Үлкен-ананың қолындағы шырақтың жарығы арқылы ғана байқаған болса керек. Екеуі қатар-қатар қойылған қабір басында тұр екен. Қараңғы түнекте әлсіз шырақ жылт-жылт етіп, құдай жолына берілген мына екеуге көңіл айтқандай болады. Әр сүйектің басына барып, үнсіз ұзақ тұрды. Үлкен-ана қайтар тұста әйелге көңіл айтқандай сыңай танытып, басын иді. Бұл да бірге құптады. Монастырь ішіне екеуі бірге көтеріліп, күнделікті мінәжәт орнына жайғасты. Үлкен-ана дұғасынан жаңылып, жиі-жиі шоқынып ұзақ жылады. Іштей тығылып, қиналып жылағандықтан болар, әлсіреп барып жер тіреді. Жас әйелге: «Маған ықылас жасап, бөлмеме жеткіз» дегендей «ым» қатты. Бұл жолы екеуі де үнсіз, екеуі де қатал.

      Монастырь жарықтық мүлгіп түр, тып-тыныш. Күніне жүз шақты адам келсе де бұл үйге бәрібір тіпті

ешкім бір сәт аяқ баспай қойса да сол кемеңгер, тұңғиық тіршілік. - Қайдасың! - деп іздемейді. - Жоқсың! - деп күйремейді. Мұнда билік құрған адами дауыс жоқ беймәлім бір күш қана бар. Адамзат тәңірге емес, тыныштыққа, жан тыныштығына табынатындай көрінеді. Сол тыныштық қана парасатты ой қозғап, таза ниетке бағыштағандай болады. Монастырь іші сол дана қалпында, өзгеріссіз. Тек бүгін, тәңірдің өзі нұр силап, Үлкен-анаға әр бітіріп, жас әйелді таңдандырған. Үлкен-ана шәкіртіне мейіріммен жымиып, жылдам басып жылжып келеді. Үнсіз қалып, тұңғиық ойға кеткен келбетінен айығып, жазылған сияқты. Бір-біріне қарсы жүріп, екеуі көп көріспеген жандардай құшақтасып, ұзақ тұрды.

- Саған өткендегі монастарь астындағы қабірлердің сырын айтамын. Сол күні еш нәрсе сұрамай, сабыр еткеніңе ризамын. Ол қасиетті орын. Онда жатқандар нағыз христиандар. Адал Иисус үмбеттері. - Үлкен-ана бұл жолы ерекше бір үнмен жас әйелді баурап бара жатты.

- Солардың қатарынан орнымды бер деп тілеймін жаратқаннан. Жалғыз тілек, монастырь қабырғасынан шығара көрмесін мені. Адамдар арасына қайта оралтып, ақыл-ойымнан шатастырып, күйкі тірлік пен қу құлқынның құлы етпесін. Монастырь маған тағдыр сыйлаған. Олай болса топырақ монастырдан бұйырсын.

Кешегі қабір хақ жолына жаны мен тәнін сыйлаған, жарық дүниені өз еркімен қиып, монастырдан ажал күні жеткенше шықпай, төзе білгендер. Христианның бұл заңдылығын кез-келген қарапайым адам жүзеге асыра алмайды. Төзім мен сана діннің көп қырын мойындай бермейді. Екеуміз барған қабір қасиетті адамдардың сүйегі жатқан жер. Олар тәңір жолына еш алаңсыз түскен адал жандар. Иә, ақиқат күні жетіп, олардың жаны жәннатта жатқан болар. Әруақтарыңнан садаға кетейін. Тіршіліктің тәттілігін о дүниенің рахаты үшін айырбас еткен әулиелер олар. Бүгінінен гөрі ертеңіне алаң болған даналар олар. Әйел Үлкен-анаға аңтарыла қарады.

- Өмірлерінің соңғы сәтіне дейін монастырь ішінен жыраққа шықпаған ба! Бөгде адамдармен сөйлесіп, сырласпаған ба! Туыс-туғандары келмеген бе! Үлкен-ана жаңағы ағытылып шыққан сөзінен тиылып қалды.

- Сенің мына айтқандарың қарабайыр тіршіліктің қамы. Мінәжәт ету жолы бұл емес, балам. Мен сені қабылдаған күні дүниенің қызығымен қоштасып келгенсің. Жабырқаған жаныңа медет іздеп, монастырдан шықпай, елу алты күн мінәжәт қылумен болдың. Тәңірі сені қарсы алуға ұйғарды. Ендігі ғұмырың осы монастырда өтпек. Жаратқан иеңе құлдық етіп, о дүниенің жеңілділігін сұрап күн кешесің. Жас әйел Үлкен-ананың сөзін өзі аяқтады.

- Жаныма тыныштық іздеп келгенмін. Тіршіліктен қол үзіп, барымды талақ етіп, өзіңнен сәуле іздеп жеткенім рас. Үлкен-ана әйелді зерттей қарады.

- Менің дәм-тұзым таусылғанда монастырдағы Үлкен-ана өзің боласың. Қолыңа шырақ алып, басымызға келіп, ауық-ауық дұға оқисың. Сен монастырда қаламын деп бел шешіп келгеніңде мен таңданып едім. Тәңір иемнің ықыласы түсіп, жәрдем бергені болар деп жорығанмын. Міне, тәңір иеңнің қүдіреттілігінде еш дауа жоқ. Христиан дінінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беруін ол да жөн көреді. Тәуба! Үлкен-ана Исустың тас мүсінінің жанына барып, ұзақ телмірді. Сосын оң қолын созып, оның маңдай тұсын алақанымен аялай сипады. «Күнәлі болсам, кеш» - деді сыбырлап. Қара жамылып келе жатқан әйелдің ойына Үлкен-ананың айтып кеткен аманаты қайта-қайта орала берді. «Ойындағы көп сырды жеткізе алмады-ау» - деп өкінді. Науқас екенінде сезбеппін. Кәрілік деп түсініппін. Мінезінің қаталдығы деп жорыппын. He деген беріктік. Жаныңа тыныштық тілеймін. Өзің айтқан аманатты орындаймын. Топырағың торқа, жаның жәннәтта болсын». Әйел күнделікті дұғасын жалғастыра берді. Үлкен-ананың өтініш жасағанындай қабірінің басына барып дұға оқыды. Тіпті уақытының көбі осы монастырдың төменгі қабатындағы сүйек түскен жерде өтетін. Бұл да уақыт өткен сайын, осы жерден топырақ бұйыруын тілейтін. Бұл да үнсіз жылап, көз жасын шылайтынды тапты. Әлсіреп жүріп, жоғары жаққа әрең аяқ көтеріп монастырда кешкілік дұғаны оқитын.

Көзін жұмып, дұғаға соншалық беріліп отырған әйел бір түрлі бөгеліп қалды. Саусақтары сорайып-сорайып тарамыстанып кеткеніне өкінетін сияқты. «Қартайыппын...» Әйел саусақтарын салалады. Жалт етіп, Мария-анаға қарады. Қаздың мойынындай керілген әппақ денеге көзі түсті. Сосын орнынан тұрып Мария-ананың сүйріктей саусақтарын ұстады. «А-а!.. Иә, Мария-ана ғажап», - деді. Сұлулыққа сүйсінді. Бөлмесіне келе жатып, кенет есіне Үлкен-ананың: «Жаратқан ием саған сұлу мүсін, ғажап келбет силапты. Қараса көз тояды. Тәңір сұлу, сұлулықты сүйеді» дегені оралды. Риза көңілмен, Үлкен-ананың әруағына бағыштап дұға оқыды. Әйел сезеді. Санасының түбінен құлын дауыс шырқырап мазасын алғалы қашан. Күн түнге ұласып, түн таңға ұласып айлар өтіп жылдар кетіп жатты. Бұл бесінші көктемін де монастырда қарсы алды. Сыңғырлап күлкі шықпағалы, әзілдеп қалжың естімегелі, әлдекімге бұлқан-талқан болып ренжімегелі, әлдекімді қуантпағаны қашан. Өзі талақ етіп, соңына тастап, қарамай кеткен күйкі тірішілік қызықтырып қол бұлғайды. Азғандар деп безінген адамдар ортасын жанұшыра сағынып, езіліп отыр. Жүрегі ет боп езіліп, қолқасы қан жоса тілініп жатса-дағы көз жасы шайған бет-аузын сүртіп, өзі сүйген тәңірге құл болады. Осылай іші алай-дүлей болған шақта, жаман ойдан бойын аулақ ұстап, қасиетті дұға жолдарын жиі қайталап, есі ауысып бөлмесінен шығып кететін. Сөйтіп қабір басына барып ес жинайтын. «Жалған-ай» дейтін күңіреніп. Сонда ғана Үлкен-ананың: «Бұлар әулиелер ғой. Бұлар бұ дүниенің рахатын о дүниенің тыныштығына сыйлаған жандар» - дегенін есіне алатын. Тағы да төзуге, тағы да шыдамға жеңдіріп, есеңгіреп, әлсіреп қайта оралатын. «О, жасаған-ай! Жаныма тыныштық іздеп келіп едім, жан азабына салатын түрің бар ғой сенің» - деп қалған. Әйел өзі мойындап, серт беріп келген мынау монастырь ішін бұл жолы алара қарап, шолып өтті. Жалма-жан кері бұрылып екі қолын көкке жайды. «О, Тәңір ием! Естимісің! Бір өзіңді медет етіп, тәубә қылып күн кешермін дедім. Алаяқ, алауыз адамдарыңмен бірге кіріптар ғұмыр кешпей-ақ, жан тыныштығын аңсап, өзіңе келгем. Құдіретіңді мойындап, монастырдан шықпауға ант етіп, тіршілікті тәрк еттім. Бірақ тірі адамның тіршіліктен қол үзуі - көңілге мұң, жанға дерт екенін күнәһәр мен білмеппін. Бүгін мені азды деп ұқ. Мені өз билігіңмен, ықыласыңмен босат. Жаным тозды. Ақымақ болса да, азғын болса да сол қарабайыр, ақылы жоқ, адамы көп жұртта болғым келеді. Тынымсыз, мардымсыз, жаныңды жегідей жейтін адами тірлікті аңсадым. Сол тіршіліктің қайғы-қасіретін де сағындым. О, тәңір ием! Сенемісің! Маскүнем, ақылы жоқ, санасыз күйеуімді сағынып, соның маған арналған қаһарлы таяғына арқамды тосып қабыл алған болар едім. Жаныма тиген ащы сөзін сүйсініп тыңдаған болар едім. Өзімді таяққа жығып салған жаһилімді бас салып күңсіген, лас денесін аймалап, мауқымды басар едім». Әйел қалш-қалш етіп, Мәрия-анаға жақындады. «Мен кетемін. Бүгіннен бастап, монастырь Үлкен-анасыз болады. Мені де опасыз де. Діннен безіп, Иисусты сатып кеткен күнәһар Иуда мен Скарионға, Фома мен Петрге, Иоанн мен Филипке мені де қос. Мені соларға бала. Тек адамдар арасынан орын бер. Монастырға келген алғашқы алданыш күніме қарғыс!» Әйел үнсіз қалды. Жасаураған мұңлы жанар тұнып, қалың ойға кетіпті. «Екінші бір ғұмыр берсең, Адам қадірін ештеңеге теңгермеген болар едім. Сен маған олардың қасиетін күннен-күнге арттырып барасың». Әйел жерге сүзіліп ойланған жанарын әрең көтеріп, Мария-анаға қарады. Ақырын сүйсініп көзін жұмды. Ап-анық, жұп-жұмсақ дауыс. Бәлкім Тәңір үні ме екен. Әйтеуір: «Бейкүнә қызым менің. Тәңір иеңе бәрің бірдейсің. Ешқайсысыңның артықшылығың жоқ. Біріңсіз-біріңе күн жоқ. Адам өз ортасымен ғана үндесіп, өмір кешіп, ұрпақ сүйеді. Онсыз - тұл. Тәкәппар болма! Тәкәппарлықты Тәңір сүймейді. Сол сияқты әулие болу да кім көрінгеннің қолынан келмейді». Әйел бір сәт қалғып кеткендей селт етіп, көзін ашты. Монастырь іші жап-жарық, ғажайып бір күйге бөленген. Көзі сыртқа шығатын есікке түсті. Әйел жүресінен отырып дұға оқыды. Ең соңына өзінің сөзін қосты. «Күнәмді кеш. Төзімсіздігімді кеш. Құдіретіңе ғұмырымды бағыштаймын. Бұ дүниенің ләззатынан гөрі о дүниенің рақатымен жарылқа. Өмірім монастырда, өзіңе құлшылық етумен өтеді. Оқылған әр күнгі дұғамды қабыл ал! Күнәмді кеш. Амин». Әйел шоқынды. Әлденеге алабұртқан жүйрік сезіммен асау көңілдің мойнын бұрап, ауыздықтап тастапты. Бұл жолы жанарынан жас саумаламады. Күн нұры әлсіз ғана шуақ шашқан монастырь ішіндегі кішкентай бөлмесіне еніп бара жатып: - «Емі жоқ жабырқау қалған жанымды жадырат, нұрыңа бөле!» - деді.

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: