Аида

19 Қараша 2013, 11:13

        Дастарқан басында жалғыз өзі қалыпты. Тағы жалғыз өзі, жалғыз... Сол мүсәпір, қалпы жардай биік денесімен еңкілдеп келіп жылағысы келген «Апыр-ау, не болып кетті! He болып барады бұл дүние...» Төлен орнынан жын ұрғандай атып тұрды. Атып тұрды да, сол... сол баяғы зират жаққа қымбатты бір дүниесін ұмыт еткендей, ентелеп жүгіре жөнелді. «Қарашығым-ау, боташым-ау!» - деді, жалынышты бір үнмен ентігіп келе жатып. Кеудесін кернеген көп сұрақты өзіне-езі жаудырып келеді. «Неліктен! Heгe өйттің!.. Кімнің кінәсі!». Тағы да жалғыз, тағы да мола басы. Тамағын қарлықтырып, сыз иісі шыққан жас төмпешікке қарап, тағы да жанарына жас үйіріп: «Жамбасыңнан сыз өтіп, жалғыз өзің жатырсың-ау, құлыным!» - деді. Сосын көзіндегі жасты балаша жұдырығымен сүртіп, еңкілдеп келіп, жас қабірдің басына тізе бүкті.    - Ағатай, «Шапибайды» айтыңызшы! - Аида нағашы ағасына етінішпен қарады. Ол мынау өмірден ақ көңіл, адал ниетті адамды іздеп тапқан болса, ол - өзінің ағатайы. Ол мынау заманыньщ ақыны, серісі деп әлдекімге көз салып, қызыққан болса, ол да өзінің ағатайы. Еркелеймін, мойнына асылып, иығына отырамын деп желіксе, сол қылықты көтеретін де мынау дастарқан басын әлі босатпай, қызу қалпы еш жанға, тірі пендеге риза болмай тыжырынып, алысқа, сонау алыс бір түкпірге үңіле қарап ойланып қалған ағатайы, жан ағасы.  - Аида бала, ақылды бала. Аида бала... Кел, келе ғой. Екеуміз қосылып ән салайық. Қане, қосылшы... Әуен... Талып жеткен нәзік бір әуен алыстан сыңсып шығады. Апыр-ау, неткен жігіт, неткен қыз. Ағатайы салған жаңағы әуен бар дүниені мүлгітіп, тұндырып барады. Тереңнен шыққан мұңлы әуен сөйлетіп жатыр, сөйлеп те жатыр. Міне... міне... Дегенде Шапибай-ау, Шапибай-ау, Атымды талға байлап келдім жаяу, Атымды талға байлап келсем жаяу, Шапи қыз отыр екен ұйқылы-ояу.         Ағатайы дастарқан басында домбыраны төгілте тартып отыр. Әуелеген әдемі қоңыр дауыс домбыра үнімен бірге қосылып, Аиданың көз алдына керілген сүлу, ерке қыз Шапибайды елестетті. Сосын... сосын анау ұяң жігіт. Кібіртіктеп, қыз алдында амалсыз қалған ғашық жігіт. Ха, лә ли... ли... ли... ли  И... и... арман-ай.          Көзіне жас толған Аида жүрегін әлдекім кескілеп жатқандай әдемі қастары дір-дір етіп, жаны қиналып ойға кетті. Ал, ағатайы қояр емес. Үн шарықтап, әуелеп кетті, алысқа кетті. «Қайран ағатай, сенің тілегің  орындалса екен. Сен арманыңа жетсең екен, жаным ағатай». Көзін жұмып, ән салған қалпы Төлен ағатайы теңселіп жылап отырғандай көрінді. Сосын саусақтарымен қағып-қағып, сыбырлатып келіп, аяқтай бергенде жаңағы алыстан аңсаған әдемі сағыныш әуен де, көзіне елес берген әдемі сурет те ғайып болды. Тек құлағына талып естілген манағы әуен Аида жүрегінің сәби сезімі мен әппақ көңілінде қимас бір әсер қалдырды. Төлен ағатайы ақындығына, серілігіне салып, той тойлап, ел қыдырып кетсе-ақ болды, ағасын және оның «Шәпибай» әнін зарығып, елегізіп бұл күтіп жүретін.    - Түн ортасы болды-ау деймін, ә! Сенің сабағыңды қаратпай жаман ағаң, ақылсыз ағаң, ішкіш нағашың кедергі болды-ау, ә, Аида-бала!    - Жоқ-жоқ, нағашы аға. Ертең бізді қойлы ауылға көмекке апарады. Сондықтан... - Дастарқан шетіне тізесін бүгіп, шәй демдеп отырған жиен қарындасының дөп-дөңгелек, мойылдай көзіне қарады. Одан ауысып аппақ кең келісті маңдайына қарады.Сосын іштей елжіреп, кіп-кішкентай панасыз қалған еліктің жетім лағын елестетеді. «Айналайыным, бақытты бол, Аидажан. Деміңді ала ғой, тынық!» - деді күрсініп. Аида қыз тау баурайындағы кішкене үйдің терезесінен аспанға ұзақ сұқтана қарады. Сонау, ұп-ұсақ күлдей шашылған сап-сары жүлдыздарға көз салды. - Қандай алыс... Мұның өз арман-тілегі де сондай алыста, дәл осы жер мен көктің қашықтығындай. Көрпесін қымтай түсіп, қабағын шытты. Көз алдына Төлен ағасы елестеді. Үлкен-кішінің бәрі де ақын Төлен деп жік-жапарболып, сый-құрметін аямай жүрсе де өзіне өзі көңілі толмай жүретін жаны жүдеу ағатайын аяды. Әсіресе масаңдау қалпында ұзақ сөйлеп «Аһ» ұрып отырып алады. «Менің орным Алматы. Мен ақынмын. Және мен- күшті ақынмын. Мен өлемін. Мен ақындығымнан өлемін», - дейді тілі күрмеліп: «Әй, сен ұлы ақынсың. Болды. Жат, енді», - деп күңкілдеген қара келіншекке: «Сен мені түсінбейсің. Сен түсінгің келсе де, түсіне алмайсың», - деп ақырып қалады. Сосын әлдекім өзін шақырғандай жиналып, далаға шығып кетеді. Бірде, Төлен ағасы Мұқағалидың ескерткішінің алдына барып, бетпе-бет қарап, сөйлеп тұр екен. «Сені бір ақын түсінген болса, мендей-ақ түсінер. Ұлылығынан айналдым, Мұқа. Сөйлеші, неге үндемейсің! Өлеңіңді оқышы», - дейді тасқа теңселіп. Сосын ұзақ үнсіздіктен кейін тіл қатты: - «Рақмет. Өзіңнен осылай бір сыр тартсам сарайым ашылып қалады. Уақыт тапсам, ертең де келемін, Мұқа. Кешіре көр, мазаңды әбден алдым-ау, ий! Ертең өзің ешқайда кетіп қалмасаң, осында күт, осы жерде күт. Дәл осылай тапжылмай күт». Сонда тағы да Аида қыз жүгіріп барып:  - Ағатай, жүрші, саған не болған! - деген. Төлен қабағын шытып, Аидаға алара қарады. - Немене, ербеңдеп түн ішінде... Ақымақсың, Аида сен, ақымақсың. Сенде ми жоқ, жұрттың барлығы ақылды, тек сен ғана ақымақсың. Ал, мен ұлымын. Ұлы акынмын. Ұлы ақынмын, ұқтың ба! - Ұқтым! - Көзі жасаураған қалпы сондай бір аянышпен ағатайына жан ұшыра қарады. - Жүріңізші үйге!   Қалғып бара жатқан қыз құлағына жаңағы ағатайы серпіле тартып, сүйсіне салған «Шәпибай-ау» келеді. Астындағы атын бұтаға ұрлана байлап, жүрексінген жігіт-аға мен керілген ерке-сұлу ақылды Шапи-қыз елестейді. Сол бір ғашық жігіт те көз алдында мен мұндалап тұрып алды. Ынтығып жүріп, сүйгеніне ән шығарыпты. Сол нәзік ән, жаннан шығып, елге тарап кете беріпті де, халық әніне айналыпты. Әнді шығарған кім! Белгісіз. Мәңгі атаусыз қалса да, әйтеуір, Шапи қызды тарихта қалдырыпты. Ән де, сезім де, сүйсініс те Шапи қызға бағышталған ғой, әне, тыңдашы... тыңдап көрші...          Төлен тізесіне жұққан қара топырақты сүртпестен, кештің қарайған шағында ауылға қарай аяңдап келеді. Жанынан қымбат, нәзік Аидасы, түсінігі мол бүлдіршіндей жиен қарындасын қара жерге мәңгілікке тапсырып, еңсесін әрең сүйретіп, әйтеуір, келе жатыр. Енді бұл жүрегі өрекпіп, бір ойдан бір ойға көшті. Мектепті бітіруге бір жарым жыл қалғанда бүкіл жастығың мен қызығыңнан жерідің! Heгe тіршілікке, өмірге қызықпадың, Аида-бала-ау!.. Сенің мұның не! Мынауың не қылғаның... Сені біреу ренжіткен ғой. Сен өз бойыңның адалдығындай деп қабылдаған мынау сұрғылт тіршіліктен, опасыз тірліктен безінгенсің-ау. Өмірге ынтық, балапан армандарың мол емес пе еді. Ал енді бізді ұлардай шулатып, қара жерді құшақтап, оның суық бауырынан жылылық іздеп, тып-тыныш жатысың мынау. Былтыр мен саған: «Жазда көбелек қуып, бұрынғыдай неге ойнамайсың? - дегеніме, сен: «Ағатайым да қызық», - деп мәз болып, ақ маржандай тістеріңді көрсетіп рахаттана күлгеніңде өзім қысылып қалып едім. Сен сонда ыңылдап «Шәпибай-ау» әнін айттың. Сосын, мен жаиыма қарап тұра алушы ма едім, «әкелші, домбыраны», - дедім үйдегі қара қатынға. Екеуміз... екеуміз ғана ағалы-қарындасты болып ән салдық, Аида бала-ау, мен сенің нәзік жүрегіңді, жаныңның тұңғиық тереңдігін іштей сезінуші едім. Бірақ - «Әй, бұл не біледі. Әлі бала емес пе?» деп көңіл қоймағаным рас. Соным қателік болды-ау. Тым құрыса өзім азырақ сөйлеп, сені...Сенің діріл билеген жұмсақ, назды сөзіңді тыңдасамшы...        Иә тұра-тұр... Айтпақшы, сен өзгеріп жүрдің... Бұрынғыдай емес, томаға-тұйық болып, көз алдымда реңіңді мұң шалып, жүдеп жүрдің-ау осы. Бірақ бұл көрініс те алыс емес, сол қайтыс болар түніңнің алды ғана еді-ау деймін. Әйтеуір, Алматыдан Нияз ақын айтысқа келгенде, сен осы сондай қатты куандың. Ол екеуміз сайысда түсіп, мен жеңіп, ол жеңілгенін мойындап, маған өзінің үкілі домбырасын ұсынып жатқанда, сенің бота көздеріңнен ақ бұршақтай дөңгелеп, ағыл-тегіл жас ағып, егіліп тұрғаныңды көрдім. Шақырып алып, қолыңнан сүйдім де, мына мені қаншалық жақсы көрсең, анау, Нияз ағаңды да дәл мендей қабылда. Ау, Нияз, естіп тұрмысың дедім. Сен алақаныңмен көзіңді сүртіп тұрып, Ниязға қарағансың. Міне, оған да алты айдың жүзі болды». Ойы әр саққа бір жүгіріп, Аида өлімінің жұмбақ шешімін, түсініксіз келісімін таба алмай, қалжырап басын көтерді. Үйінің қақпасына жақындай бергенде, кеудесіне запыран зар толды. - Аиданың әлі жетісі бар, Төлен. Өзіңе-өзің бекем бол, қарағым. Сосын, жас қабірдің басына таң қылаң бермей, күн көрінбей баратын еді, атам қазақ. Ал, кешке дейін отырып алу аруаққа да ауыр болады. Дәл қарсы алдына отырып алып, сампылдап ақыл соққан молда шалға Төленнің жыны келді. - Сол сіз айтқан аруаққа менің сол жерде қонғаным жеңіл ме деймін! Мұның мына сөзінен шошынып, үрейлене, үрке қараған молдаға жаны ашыды ма, әлгі қаталдығына кешірім сұрағандай: - Шаршағандықтан шыққан далбаса сөз ғой, жаңағым... - дей бергенде, осыны күткендей: - Алла разы болсын балам! - деп қара сұр шал жылдам тіл қайырды да, кейкиіп жүріп кетті. Жиналмаған кең дастарқанның шетін шұқылап үнсіз отырып қалып еді, келіншегі таяу келіп: - Төлен, Нияз келе жатқан көрінеді. Оған хабар да бермеппіз ғой! Ұят болды-ау, не айтамыз! - деді. - Өлімде ұят болушы ма еді! Келсе, келе жатқан шығар. Ниязға есік ашық қой!   Төлен тұншығып зорға сөйледі. Көз алдына Аидасы келіп тұра қалды да өзімен бірге қосылып, «Шапибай қызды» салды. «Апыр-ау, қарғатайым-ау, сәбиім-ау, Шапи қыздың мұңын сен түсініп, бөлісіп жүріпсің-ау, Аида бала!..» - деп күбірледі. Демі дірілдеген жас қыз Нияз жатқан үйдің есігін ақырын ашқан болатын. Ондағы ойы мына кісіге рақмет айтып, ризалығын білдіру, ағатайының көңілін көтерген осы жанға таза ниетпен алғыс айтып қана тез шығу. Бірақ... Тізерлеп, отыра берген қыздың әдемі қимылы сырт көзге оқыс әсер етті. Жүрегі құрғыр шым етіп барып, Нияз басын жастықтан жұлып алды. Жұп-жұқа ақшыл түсті шыт көйлектен қыздың нәзік денесін ап-айқын аңғарды. Қонақтың мына ұятсыз көзқарасынан, тұла бойын тінте түскен сұғанақ пиғылынан қыз денесі дір етіп, сескеніп қалды. Аида орнынан жылдам жиналып, шығып бара жатқанда:    - Тәлен қайда кетті екен? - деген конақтың даусына амалсыз бұрылған болатын. Қыздың төңкерілген әдемі көзі мұның өзін енді менсінбей, мұқатып кеткендей сезінді. Оның әдемілігіне, қылығына кызықты. Бірақ, құдай-ау, тоғызыншы бітірген сары ауыз балапан ғой әлі... Апталатып жатып алғаны Төленді емес, Аиданы қимағаны. Жас қызды осы сәулетті жастық шағынан қызғанды. Одан әрі шарықтап, бірге оқитын бозбалалардан қызғанды. Сөйтіп, ғашық болды. Ғашық болдым деп ойлады. Сол қызғаныш үдеп келіп, ағатайы Төленнің өзінен қызғанды. Сонан соң-ақ, түйтіксіз көңіл алабұртып, аттанар күннің түнінде Аида жатқан бөлменің алдына жетіп барды. Жетіп барды да, қыз жатқан бөлменің есігін итеріп қалып ашып жіберді. Бұл сонда, өзінше, бар күшімді салып, қатты аштым-ау деген. Бірақ қыз оянбапты. Сұлу бейнесіне ай сәулесі түсіп, керіліп жатыр екен. Тек, жанына сумаң етіп әлдекім жетіп келгенін сезгенде қыз ұйқылы-ояу айқай салмақ болған. Көзін ашып алып, Ниязды көрді. Ниязды көрді де, албырттығына жеңдіріп:  - А-а, Нияз аға... Сіз бе? Мұнда неғып жүрсіз? - деген.   - Саған келдім. Өзіңе келдім емес пе, Аида-жан! - деп төніп келе жатқан ағатайының жолдасына қыз не айтарын білмей көрпесіне тығыла түсті. Бала жүрек лүп-лүп етіп, ұйқылы-ояу еш нәрсеге ойлануға дес бергізбеді. «Мына мені қаншалық жақсы көрсең, анау Нияз ағаңды да дәл мендей қабылда», - деген ағатайының сөзі құлағына келген. - Сені сүйемін деп ентелеген жабайы қылыққа Аида балапан: - Рас па? - деп қалды. - Рас па?.. Шынымен бе?..«Сүйемін» деген сөзді алғаш естіген кіп-кішкентай ыз-жүрек сеніп, сүйсініп тыңдады. Сосын іштей масаттанып: «Қандай жақсы, иә. Біреу сені сүйемін деп шындығын жасырмай, түн ішінде жаныңа келіп, ақтарылып, сыбырлап тұр», - деп те алданып қалды. Мынау, қарсы алдында мүләйімсіп, мүсәпір хал танытқан әумесерді аяды. Соны аяған қалпы, өзінің көрпесін ашты. Найзағай жарқ-жұрқ етіп, түнімен жаңбыр селдей құйғандікі ме, таңға жақынғы дала дел-сал болып, шаршап сұлап жатты.«Нияз келді», - деген дауысқа Төлен елең етіп, орнынан көтеріле бергені сол еді, басы айналып, көзі қарауытты. Нияздың: «Біржолата келдім. Біржолата Аиданың қасында болу үшін келдім, Төлен», - деген сөздерін ести алмады.    Төлен есеңгіреп, тағы да далаға шықты. Күйбеңдеген ауыл тіршілігі де басылып, тау жақтан ақырын самал лебі келеді. Кеш қарайып, іңір уағы болса-ақ Хан Тәңірі алыстан көрініп, суық бір күй танытады. Мұның көзі ауыл шетіндегі сирек зираттарға түсті. Сосын аяғын жылдам-жылдам басып Аиданы жерлеген тұсқа жақындай берді. «Құдай-ау, тағы да отыр ғой. Осы мен жынданған шығармын. Мынау тапжылар емес қой, тапжылар емес». Төлен жауырынынан шыққан суық тердің жотасынан төмен қарай жосылып жатқанын сезді. Қатты үрейленгені ме, жаны қысылып, қиналып кетті. Жас қабірдің басында екі құлағын қайшылап, қайдан келгені беймәлім аппақ бір көжек отыр! Тікірейіп, қадалғаи қалпы, тапжылар түрі жоқ. Қандай хайуанат болса дағы адам баласын көргенде селт етіп, қозғалып, зып беріп қашып тұратыны болушы еді ғой. Мынау, тіпті шатынаған қып-қызыл көздерін оқтай қадап алып, жүрегіңді зырқ еткізеді. Екінші күні «Тәйт, кет!» деп дауыс көтеріп еді, қозғалмады. Сосын жанына жетіп баруға дәті бармады, өзі кері қарай шегіншектей берген. «Бәлкім, осы қоян емес шығар. Менің көзіме көрінген бір бәлекет пе?» - деп те ойлаған. Ойын осылай деп жорып тұрғанда, мынау сүреңсіз сорайған зираттар жын ұрғандай көрініп, атып тұрып зыта жөнелген. Ал бүгін Ниязды ертіп жас қабір басына таяған тұста:  - Нияз, Алланың әмірі, мына ақ көжек Аиданы жерлегеннен бері осылай шоқиып отырғаны, - деді де, бұл жолы жанына жақындады. Сосын оның жасаураған үркек көздеріне қарады. Үңіле беріп, бір түрлі іші елжіреп, алақанымен аппақ жүнін сипап көріп еді, денесі жып-жылы екен. Ақ көжек те сүйсініп барып, көзін жұмды да селт етіп, қайта ашты. Ниязға сол сәт ақ көжек емес, мына отырған Аида қыздың бейнесі сияқтанды. Ол да сонда дір-дір етіп, бота көздерінен жас парлап, көзін ақырын жұмбап па еді. «Нияз аға, ендігі күнім, ендігі әмірім не болады?» - деп таң алдында осы ақ көжек құсап төсек үстінде шоқиып отырып егіліп жыламап па еді. Сондағы мұның: «Келемін, сен үшін келемін», - дегеніне сеніп, еміренбеп пе еді. Жападан-жалғыз мола басында отырудан әбден зерікті ме, әлде, мына екеудің кетіп бара жатқанына өзінше көрсеткен қарсылығы ма, ақ көжек тұмсығымен топырақты иіскеп, бір түрлі жабайы дауыс шығарды. Төлен мен Нияз соңдарына қарасты. Ақ көжек жаңағы монтиған қалыптан айырылыпты. Екеуінің қайсысына шапқалы тұрғаны белгісіз, көзі шатынап қадалып қалыпты.    - Ойпыр-ау, мынау не сұмдық! - дегенінше монтиған ақ көжек, екі құлағын қайшылаған бойы, Ниязға қадалған қалпы ысқырынып айбат шеккендей болды. Мола басына жалғыз келіп жүретін Төленді мынау жанындағы адамнан қызғанды ма, әлде осы екеуінен де зират басын қорығысы келді ме, «енді жоламаңдар, кетіндер» дегендей күжірейіп алыпты. Нияз, өзімен-өзі алысып, құр сүлдері келеді. Көзі жасаурап алыста қалып бара жатқан молаға қайта-қайта көз салады. Мұнысы мәңгілік, біржола Аида қызбен қоштасқаны болар, қимағаны болар.        Ертеңінде таң қылаң бере, Нияз Алматыға жиналды да, Төлен оны үнсіз шығарып салды. Сонда Төлен онсыз да айналып тұрған басы мең-зең болып, аузына сөз түсіре алмай, құлағы тас керең болып бітіп, құзға құлап бара жатқандай болған. Сол қалпы орнында серейіп ұзақ тұрып қалыпты. Нияз мінген автобустың шаңы басылған шақта сумаң етіп Төленге бір ой келді. Сол ойдың құйрығынан бұл да тас қылып ұстап алып, жібермей тұр. «Иә, иә, сезбеппін ғой! Енді ұктым, енді ғана сездім, мен әумесер өлімнің, арсыз өлімнің себебін таптым, таптым. Білемін!» Бұл кезде, күн дөңгелене көтеріліп, жер-кекті қызыл қанға бір малып алғандай, алыста күңірейген Хан Тәңірімен аймаласа бастапты. Сол сәт зират жақтан желмен бірге шуылдап: «Ағатай, сен ақынсың. Мен сенің жапа шеккен мұңлы жаныңмын, қиялыңда жүрген ақындығыңның белгісімін!» - деген қыз үні естілгендей болды. Төлен зират басына қайта барды. Жас қабірдің үстінде дір-дір етіп отырған ақ көжекке айқай салды. - Кет, кет, ойбай! Сен қоян емес, қоянның бейнесіндегі басқа бір... - Денесі дір-дір етті. - Кет, кет... Ақ көжек қозғалмады, тіпті селт етпеді. Үрей билеген денесі онан сайын тітіркеніп, Төлен қолына түскен қатқылдау топырақты жіберіп қалды. Ақ көжектің бүйірі солқ етті де, орнынан сәл козғалып, қайта жайланып отырғандай болды! «Қоян екен, мынау қоянның көжегі ғой! - деп жаны ашып сыбыр-сыбыр етті. -Аруағыңнан айналайын Аида, қабіріңнің басына келіп те тынышыңды алдым-ау!».         Тағы да дастарқан басы. Тағы да дастарқан басында жалғыз өзі. Жалғыз... Сол мүсәпір қалпы, жардай биік денесімен еңкілдеп келіп жылап отыр, егіліп отыр. Тағы да қызу. Әлгі бір «Шапибай қызды» тыңдайтын қаршадай жиені бұл жолы ақын көзіне елес болап қана алыстан қол бұлғаған.    Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

        Дастарқан басында жалғыз өзі қалыпты. Тағы жалғыз өзі, жалғыз... Сол мүсәпір, қалпы жардай биік денесімен еңкілдеп келіп жылағысы келген «Апыр-ау, не болып кетті! He болып барады бұл дүние...» Төлен орнынан жын ұрғандай атып тұрды. Атып тұрды да, сол... сол баяғы зират жаққа қымбатты бір дүниесін ұмыт еткендей, ентелеп жүгіре жөнелді. «Қарашығым-ау, боташым-ау!» - деді, жалынышты бір үнмен ентігіп келе жатып. Кеудесін кернеген көп сұрақты өзіне-езі жаудырып келеді. «Неліктен! Heгe өйттің!.. Кімнің кінәсі!». Тағы да жалғыз, тағы да мола басы. Тамағын қарлықтырып, сыз иісі шыққан жас төмпешікке қарап, тағы да жанарына жас үйіріп: «Жамбасыңнан сыз өтіп, жалғыз өзің жатырсың-ау, құлыным!» - деді. Сосын көзіндегі жасты балаша жұдырығымен сүртіп, еңкілдеп келіп, жас қабірдің басына тізе бүкті. 

  - Ағатай, «Шапибайды» айтыңызшы! - Аида нағашы ағасына етінішпен қарады. Ол мынау өмірден ақ көңіл, адал ниетті адамды іздеп тапқан болса, ол - өзінің ағатайы. Ол мынау заманыньщ ақыны, серісі деп әлдекімге көз салып, қызыққан болса, ол да өзінің ағатайы. Еркелеймін, мойнына асылып, иығына отырамын деп желіксе, сол қылықты көтеретін де мынау дастарқан басын әлі босатпай, қызу қалпы еш жанға, тірі пендеге риза болмай тыжырынып, алысқа, сонау алыс бір түкпірге үңіле қарап ойланып қалған ағатайы, жан ағасы. 

- Аида бала, ақылды бала. Аида бала... Кел, келе ғой. Екеуміз қосылып ән салайық. Қане, қосылшы... Әуен... Талып жеткен нәзік бір әуен алыстан сыңсып шығады. Апыр-ау, неткен жігіт, неткен қыз. Ағатайы салған жаңағы әуен бар дүниені мүлгітіп, тұндырып барады. Тереңнен шыққан мұңлы әуен сөйлетіп жатыр, сөйлеп те жатыр. Міне... міне...

Дегенде Шапибай-ау, Шапибай-ау,

Атымды талға байлап келдім жаяу,

Атымды талға байлап келсем жаяу,

Шапи қыз отыр екен ұйқылы-ояу.

        Ағатайы дастарқан басында домбыраны төгілте тартып отыр. Әуелеген әдемі қоңыр дауыс домбыра үнімен бірге қосылып, Аиданың көз алдына керілген сүлу, ерке қыз Шапибайды елестетті. Сосын... сосын анау ұяң жігіт. Кібіртіктеп, қыз алдында амалсыз қалған ғашық жігіт. Ха, лә ли... ли... ли... ли  И... и... арман-ай. 

        Көзіне жас толған Аида жүрегін әлдекім кескілеп жатқандай әдемі қастары дір-дір етіп, жаны қиналып ойға кетті. Ал, ағатайы қояр емес. Үн шарықтап, әуелеп кетті, алысқа кетті. «Қайран ағатай, сенің тілегің  орындалса екен. Сен арманыңа жетсең екен, жаным ағатай». Көзін жұмып, ән салған қалпы Төлен ағатайы теңселіп жылап отырғандай көрінді. Сосын саусақтарымен қағып-қағып, сыбырлатып келіп, аяқтай бергенде жаңағы алыстан аңсаған әдемі сағыныш әуен де, көзіне елес берген әдемі сурет те ғайып болды. Тек құлағына талып естілген манағы әуен Аида жүрегінің сәби сезімі мен әппақ көңілінде қимас бір әсер қалдырды. Төлен ағатайы ақындығына, серілігіне салып, той тойлап, ел қыдырып кетсе-ақ болды, ағасын және оның «Шәпибай» әнін зарығып, елегізіп бұл күтіп жүретін. 

  - Түн ортасы болды-ау деймін, ә! Сенің сабағыңды қаратпай жаман ағаң, ақылсыз ағаң, ішкіш нағашың кедергі болды-ау, ә, Аида-бала! 

  - Жоқ-жоқ, нағашы аға. Ертең бізді қойлы ауылға көмекке апарады. Сондықтан... - Дастарқан шетіне тізесін бүгіп, шәй демдеп отырған жиен қарындасының дөп-дөңгелек, мойылдай көзіне қарады. Одан ауысып аппақ кең келісті маңдайына қарады.Сосын іштей елжіреп, кіп-кішкентай панасыз қалған еліктің жетім лағын елестетеді. «Айналайыным, бақытты бол, Аидажан. Деміңді ала ғой, тынық!» - деді күрсініп. Аида қыз тау баурайындағы кішкене үйдің терезесінен аспанға ұзақ сұқтана қарады. Сонау, ұп-ұсақ күлдей шашылған сап-сары жүлдыздарға көз салды. - Қандай алыс... Мұның өз арман-тілегі де сондай алыста, дәл осы жер мен көктің қашықтығындай. Көрпесін қымтай түсіп, қабағын шытты. Көз алдына Төлен ағасы елестеді. Үлкен-кішінің бәрі де ақын Төлен деп жік-жапарболып, сый-құрметін аямай жүрсе де өзіне өзі көңілі толмай жүретін жаны жүдеу ағатайын аяды. Әсіресе масаңдау қалпында ұзақ сөйлеп «Аһ» ұрып отырып алады. «Менің орным Алматы. Мен ақынмын. Және мен- күшті ақынмын. Мен өлемін. Мен ақындығымнан өлемін», - дейді тілі күрмеліп: «Әй, сен ұлы ақынсың. Болды. Жат, енді», - деп күңкілдеген қара келіншекке: «Сен мені түсінбейсің. Сен түсінгің келсе де, түсіне алмайсың», - деп ақырып қалады. Сосын әлдекім өзін шақырғандай жиналып, далаға шығып кетеді. Бірде, Төлен ағасы Мұқағалидың ескерткішінің алдына барып, бетпе-бет қарап, сөйлеп тұр екен. «Сені бір ақын түсінген болса, мендей-ақ түсінер. Ұлылығынан айналдым, Мұқа. Сөйлеші, неге үндемейсің! Өлеңіңді оқышы», - дейді тасқа теңселіп. Сосын ұзақ үнсіздіктен кейін тіл қатты: - «Рақмет. Өзіңнен осылай бір сыр тартсам сарайым ашылып қалады. Уақыт тапсам, ертең де келемін, Мұқа. Кешіре көр, мазаңды әбден алдым-ау, ий! Ертең өзің ешқайда кетіп қалмасаң, осында күт, осы жерде күт. Дәл осылай тапжылмай күт». Сонда тағы да Аида қыз жүгіріп барып: 

- Ағатай, жүрші, саған не болған! - деген. Төлен қабағын шытып, Аидаға алара қарады.

- Немене, ербеңдеп түн ішінде... Ақымақсың, Аида сен, ақымақсың. Сенде ми жоқ, жұрттың барлығы ақылды, тек сен ғана ақымақсың. Ал, мен ұлымын. Ұлы акынмын. Ұлы ақынмын, ұқтың ба!

- Ұқтым! - Көзі жасаураған қалпы сондай бір аянышпен ағатайына жан ұшыра қарады. - Жүріңізші үйге!

  Қалғып бара жатқан қыз құлағына жаңағы ағатайы серпіле тартып, сүйсіне салған «Шәпибай-ау» келеді. Астындағы атын бұтаға ұрлана байлап, жүрексінген жігіт-аға мен керілген ерке-сұлу ақылды Шапи-қыз елестейді. Сол бір ғашық жігіт те көз алдында мен мұндалап тұрып алды. Ынтығып жүріп, сүйгеніне ән шығарыпты. Сол нәзік ән, жаннан шығып, елге тарап кете беріпті де, халық әніне айналыпты. Әнді шығарған кім! Белгісіз. Мәңгі атаусыз қалса да, әйтеуір, Шапи қызды тарихта қалдырыпты. Ән де, сезім де, сүйсініс те Шапи қызға бағышталған ғой, әне, тыңдашы... тыңдап көрші... 

        Төлен тізесіне жұққан қара топырақты сүртпестен, кештің қарайған шағында ауылға қарай аяңдап келеді. Жанынан қымбат, нәзік Аидасы, түсінігі мол бүлдіршіндей жиен қарындасын қара жерге мәңгілікке тапсырып, еңсесін әрең сүйретіп, әйтеуір, келе жатыр. Енді бұл жүрегі өрекпіп, бір ойдан бір ойға көшті. Мектепті бітіруге бір жарым жыл қалғанда бүкіл жастығың мен қызығыңнан жерідің! Heгe тіршілікке, өмірге қызықпадың, Аида-бала-ау!.. Сенің мұның не! Мынауың не қылғаның... Сені біреу ренжіткен ғой. Сен өз бойыңның адалдығындай деп қабылдаған мынау сұрғылт тіршіліктен, опасыз тірліктен безінгенсің-ау. Өмірге ынтық, балапан армандарың мол емес пе еді. Ал енді бізді ұлардай шулатып, қара жерді құшақтап, оның суық бауырынан жылылық іздеп, тып-тыныш жатысың мынау. Былтыр мен саған: «Жазда көбелек қуып, бұрынғыдай неге ойнамайсың? - дегеніме, сен: «Ағатайым да қызық», - деп мәз болып, ақ маржандай тістеріңді көрсетіп рахаттана күлгеніңде өзім қысылып қалып едім. Сен сонда ыңылдап «Шәпибай-ау» әнін айттың. Сосын, мен жаиыма қарап тұра алушы ма едім, «әкелші, домбыраны», - дедім үйдегі қара қатынға. Екеуміз... екеуміз ғана ағалы-қарындасты болып ән салдық, Аида бала-ау, мен сенің нәзік жүрегіңді, жаныңның тұңғиық тереңдігін іштей сезінуші едім. Бірақ - «Әй, бұл не біледі. Әлі бала емес пе?» деп көңіл қоймағаным рас. Соным қателік болды-ау. Тым құрыса өзім азырақ сөйлеп, сені...Сенің діріл билеген жұмсақ, назды сөзіңді тыңдасамшы... 

      Иә тұра-тұр... Айтпақшы, сен өзгеріп жүрдің... Бұрынғыдай емес, томаға-тұйық болып, көз алдымда реңіңді мұң шалып, жүдеп жүрдің-ау осы. Бірақ бұл көрініс те алыс емес, сол қайтыс болар түніңнің алды ғана еді-ау деймін. Әйтеуір, Алматыдан Нияз ақын айтысқа келгенде, сен осы сондай қатты куандың. Ол екеуміз сайысда түсіп, мен жеңіп, ол жеңілгенін мойындап, маған өзінің үкілі домбырасын ұсынып жатқанда, сенің бота көздеріңнен ақ бұршақтай дөңгелеп, ағыл-тегіл жас ағып, егіліп тұрғаныңды көрдім. Шақырып алып, қолыңнан сүйдім де, мына мені қаншалық жақсы көрсең, анау, Нияз ағаңды да дәл мендей қабылда. Ау, Нияз, естіп тұрмысың дедім. Сен алақаныңмен көзіңді сүртіп тұрып, Ниязға қарағансың. Міне, оған да алты айдың жүзі болды». Ойы әр саққа бір жүгіріп, Аида өлімінің жұмбақ шешімін, түсініксіз келісімін таба алмай, қалжырап басын көтерді. Үйінің қақпасына жақындай бергенде, кеудесіне запыран зар толды.

- Аиданың әлі жетісі бар, Төлен. Өзіңе-өзің бекем бол, қарағым. Сосын, жас қабірдің басына таң қылаң бермей, күн көрінбей баратын еді, атам қазақ. Ал, кешке дейін отырып алу аруаққа да ауыр болады. Дәл қарсы алдына отырып алып, сампылдап ақыл соққан молда шалға Төленнің жыны келді.

- Сол сіз айтқан аруаққа менің сол жерде қонғаным жеңіл ме деймін!

Мұның мына сөзінен шошынып, үрейлене, үрке қараған молдаға жаны ашыды ма, әлгі қаталдығына кешірім сұрағандай:

- Шаршағандықтан шыққан далбаса сөз ғой, жаңағым... - дей бергенде, осыны күткендей:

- Алла разы болсын балам! - деп қара сұр шал жылдам тіл қайырды да, кейкиіп жүріп кетті.

Жиналмаған кең дастарқанның шетін шұқылап үнсіз отырып қалып еді, келіншегі таяу келіп:

- Төлен, Нияз келе жатқан көрінеді. Оған хабар да бермеппіз ғой! Ұят болды-ау, не айтамыз! - деді.

- Өлімде ұят болушы ма еді! Келсе, келе жатқан шығар. Ниязға есік ашық қой!

  Төлен тұншығып зорға сөйледі. Көз алдына Аидасы келіп тұра қалды да өзімен бірге қосылып, «Шапибай қызды» салды. «Апыр-ау, қарғатайым-ау, сәбиім-ау, Шапи қыздың мұңын сен түсініп, бөлісіп жүріпсің-ау, Аида бала!..» - деп күбірледі. Демі дірілдеген жас қыз Нияз жатқан үйдің есігін ақырын ашқан болатын. Ондағы ойы мына кісіге рақмет айтып, ризалығын білдіру, ағатайының көңілін көтерген осы жанға таза ниетпен алғыс айтып қана тез шығу. Бірақ... Тізерлеп, отыра берген қыздың әдемі қимылы сырт көзге оқыс әсер етті. Жүрегі құрғыр шым етіп барып, Нияз басын жастықтан жұлып алды. Жұп-жұқа ақшыл түсті шыт көйлектен қыздың нәзік денесін ап-айқын аңғарды. Қонақтың мына ұятсыз көзқарасынан, тұла бойын тінте түскен сұғанақ пиғылынан қыз денесі дір етіп, сескеніп қалды. Аида орнынан жылдам жиналып, шығып бара жатқанда: 

  - Тәлен қайда кетті екен? - деген конақтың даусына амалсыз бұрылған болатын. Қыздың төңкерілген әдемі көзі мұның өзін енді менсінбей, мұқатып кеткендей сезінді. Оның әдемілігіне, қылығына кызықты. Бірақ, құдай-ау, тоғызыншы бітірген сары ауыз балапан ғой әлі... Апталатып жатып алғаны Төленді емес, Аиданы қимағаны. Жас қызды осы сәулетті жастық шағынан қызғанды. Одан әрі шарықтап, бірге оқитын бозбалалардан қызғанды. Сөйтіп, ғашық болды. Ғашық болдым деп ойлады. Сол қызғаныш үдеп келіп, ағатайы Төленнің өзінен қызғанды. Сонан соң-ақ, түйтіксіз көңіл алабұртып, аттанар күннің түнінде Аида жатқан бөлменің алдына жетіп барды. Жетіп барды да, қыз жатқан бөлменің есігін итеріп қалып ашып жіберді. Бұл сонда, өзінше, бар күшімді салып, қатты аштым-ау деген. Бірақ қыз оянбапты. Сұлу бейнесіне ай сәулесі түсіп, керіліп жатыр екен. Тек, жанына сумаң етіп әлдекім жетіп келгенін сезгенде қыз ұйқылы-ояу айқай салмақ болған. Көзін ашып алып, Ниязды көрді. Ниязды көрді де, албырттығына жеңдіріп: 

- А-а, Нияз аға... Сіз бе? Мұнда неғып жүрсіз? - деген.

  - Саған келдім. Өзіңе келдім емес пе, Аида-жан! - деп төніп келе жатқан ағатайының жолдасына қыз не айтарын білмей көрпесіне тығыла түсті. Бала жүрек лүп-лүп етіп, ұйқылы-ояу еш нәрсеге ойлануға дес бергізбеді. «Мына мені қаншалық жақсы көрсең, анау Нияз ағаңды да дәл мендей қабылда», - деген ағатайының сөзі құлағына келген. - Сені сүйемін деп ентелеген жабайы қылыққа Аида балапан: - Рас па? - деп қалды. - Рас па?.. Шынымен бе?..«Сүйемін» деген сөзді алғаш естіген кіп-кішкентай ыз-жүрек сеніп, сүйсініп тыңдады. Сосын іштей масаттанып: «Қандай жақсы, иә. Біреу сені сүйемін деп шындығын жасырмай, түн ішінде жаныңа келіп, ақтарылып, сыбырлап тұр», - деп те алданып қалды. Мынау, қарсы алдында мүләйімсіп, мүсәпір хал танытқан әумесерді аяды. Соны аяған қалпы, өзінің көрпесін ашты. Найзағай жарқ-жұрқ етіп, түнімен жаңбыр селдей құйғандікі ме, таңға жақынғы дала дел-сал болып, шаршап сұлап жатты.«Нияз келді», - деген дауысқа Төлен елең етіп, орнынан көтеріле бергені сол еді, басы айналып, көзі қарауытты. Нияздың: «Біржолата келдім. Біржолата Аиданың қасында болу үшін келдім, Төлен», - деген сөздерін ести алмады. 

  Төлен есеңгіреп, тағы да далаға шықты. Күйбеңдеген ауыл тіршілігі де басылып, тау жақтан ақырын самал лебі келеді. Кеш қарайып, іңір уағы болса-ақ Хан Тәңірі алыстан көрініп, суық бір күй танытады. Мұның көзі ауыл шетіндегі сирек зираттарға түсті. Сосын аяғын жылдам-жылдам басып Аиданы жерлеген тұсқа жақындай берді. «Құдай-ау, тағы да отыр ғой. Осы мен жынданған шығармын. Мынау тапжылар емес қой, тапжылар емес». Төлен жауырынынан шыққан суық тердің жотасынан төмен қарай жосылып жатқанын сезді. Қатты үрейленгені ме, жаны қысылып, қиналып кетті. Жас қабірдің басында екі құлағын қайшылап, қайдан келгені беймәлім аппақ бір көжек отыр! Тікірейіп, қадалғаи қалпы, тапжылар түрі жоқ. Қандай хайуанат болса дағы адам баласын көргенде селт етіп, қозғалып, зып беріп қашып тұратыны болушы еді ғой. Мынау, тіпті шатынаған қып-қызыл көздерін оқтай қадап алып, жүрегіңді зырқ еткізеді. Екінші күні «Тәйт, кет!» деп дауыс көтеріп еді, қозғалмады. Сосын жанына жетіп баруға дәті бармады, өзі кері қарай шегіншектей берген. «Бәлкім, осы қоян емес шығар. Менің көзіме көрінген бір бәлекет пе?» - деп те ойлаған. Ойын осылай деп жорып тұрғанда, мынау сүреңсіз сорайған зираттар жын ұрғандай көрініп, атып тұрып зыта жөнелген. Ал бүгін Ниязды ертіп жас қабір басына таяған тұста: 

- Нияз, Алланың әмірі, мына ақ көжек Аиданы жерлегеннен бері осылай шоқиып отырғаны, - деді де, бұл жолы жанына жақындады. Сосын оның жасаураған үркек көздеріне қарады. Үңіле беріп, бір түрлі іші елжіреп, алақанымен аппақ жүнін сипап көріп еді, денесі жып-жылы екен. Ақ көжек те сүйсініп барып, көзін жұмды да селт етіп, қайта ашты. Ниязға сол сәт ақ көжек емес, мына отырған Аида қыздың бейнесі сияқтанды. Ол да сонда дір-дір етіп, бота көздерінен жас парлап, көзін ақырын жұмбап па еді. «Нияз аға, ендігі күнім, ендігі әмірім не болады?» - деп таң алдында осы ақ көжек құсап төсек үстінде шоқиып отырып егіліп жыламап па еді. Сондағы мұның: «Келемін, сен үшін келемін», - дегеніне сеніп, еміренбеп пе еді. Жападан-жалғыз мола басында отырудан әбден зерікті ме, әлде, мына екеудің кетіп бара жатқанына өзінше көрсеткен қарсылығы ма, ақ көжек тұмсығымен топырақты иіскеп, бір түрлі жабайы дауыс шығарды. Төлен мен Нияз соңдарына қарасты. Ақ көжек жаңағы монтиған қалыптан айырылыпты. Екеуінің қайсысына шапқалы тұрғаны белгісіз, көзі шатынап қадалып қалыпты. 

  - Ойпыр-ау, мынау не сұмдық! - дегенінше монтиған ақ көжек, екі құлағын қайшылаған бойы, Ниязға қадалған қалпы ысқырынып айбат шеккендей болды. Мола басына жалғыз келіп жүретін Төленді мынау жанындағы адамнан қызғанды ма, әлде осы екеуінен де зират басын қорығысы келді ме, «енді жоламаңдар, кетіндер» дегендей күжірейіп алыпты. Нияз, өзімен-өзі алысып, құр сүлдері келеді. Көзі жасаурап алыста қалып бара жатқан молаға қайта-қайта көз салады. Мұнысы мәңгілік, біржола Аида қызбен қоштасқаны болар, қимағаны болар. 

      Ертеңінде таң қылаң бере, Нияз Алматыға жиналды да, Төлен оны үнсіз шығарып салды. Сонда Төлен онсыз да айналып тұрған басы мең-зең болып, аузына сөз түсіре алмай, құлағы тас керең болып бітіп, құзға құлап бара жатқандай болған. Сол қалпы орнында серейіп ұзақ тұрып қалыпты. Нияз мінген автобустың шаңы басылған шақта сумаң етіп Төленге бір ой келді. Сол ойдың құйрығынан бұл да тас қылып ұстап алып, жібермей тұр. «Иә, иә, сезбеппін ғой! Енді ұктым, енді ғана сездім, мен әумесер өлімнің, арсыз өлімнің себебін таптым, таптым. Білемін!» Бұл кезде, күн дөңгелене көтеріліп, жер-кекті қызыл қанға бір малып алғандай, алыста күңірейген Хан Тәңірімен аймаласа бастапты. Сол сәт зират жақтан желмен бірге шуылдап: «Ағатай, сен ақынсың. Мен сенің жапа шеккен мұңлы жаныңмын, қиялыңда жүрген ақындығыңның белгісімін!» - деген қыз үні естілгендей болды. Төлен зират басына қайта барды. Жас қабірдің үстінде дір-дір етіп отырған ақ көжекке айқай салды.

- Кет, кет, ойбай! Сен қоян емес, қоянның бейнесіндегі басқа бір... - Денесі дір-дір етті. - Кет, кет... Ақ көжек қозғалмады, тіпті селт етпеді. Үрей билеген денесі онан сайын тітіркеніп, Төлен қолына түскен қатқылдау топырақты жіберіп қалды. Ақ көжектің бүйірі солқ етті де, орнынан сәл козғалып, қайта жайланып отырғандай болды! «Қоян екен, мынау қоянның көжегі ғой! - деп жаны ашып сыбыр-сыбыр етті. -Аруағыңнан айналайын Аида, қабіріңнің басына келіп те тынышыңды алдым-ау!».

        Тағы да дастарқан басы. Тағы да дастарқан басында жалғыз өзі. Жалғыз... Сол мүсәпір қалпы, жардай биік денесімен еңкілдеп келіп жылап отыр, егіліп отыр. Тағы да қызу. Әлгі бір «Шапибай қызды» тыңдайтын қаршадай жиені бұл жолы ақын көзіне елес болап қана алыстан қол бұлғаған. 

 

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: