Қанатты сөз орамды ой мен қарымды қаламнан туады

19 Қараша 2013, 10:28

     Талантты жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мұқадес Есламғалиұлының фәниден бақиға көшкеніне де бес жылдай уақыт өткен екен-ау. Сыныптай сырғыған күндер деген осы! Ол ортамызда болса, бұл күндері пайғамбар жасына жетіп, аңыз кеудесінен ақтара сыр төгіп, соларды көпшілік іздеп жүріп оқитын туындыларға айналдырып, жарқ-жұрқ етіп жүрер еді. Не шара!             Мұқадеспен Орал пединститутында қатарлас оқыдық. Бір жатақханада, көрші бөлмелерде тұрдық. Мен өлеңмен, ол прозамен, қазір Махамбет атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің доценті болып студенттерге дәріс оқып жүрген белгілі әдебиетші Серікқали Шарабасов сынмен «ауырды». Жазғандарымызды басқа ешкімге білдіртпей, үшеуара оқып-талқылайтынбыз. Серікқали бізді аямайды. Уақытының көбін кітапханаларда өткізетін ол бізден классиктерше жазуды талап етеді. Мұқадестің «Аққу сазы» деп аталған тұңғыш кітабы үшеуара пікірталас нәтижесінде дүниеге келіп, оқырмандарға сапар шеккен болатын-ды.             Досымыз Алматыға қоныс аударуды сөз ете бастады. «Қайнап жатқан қара қазанға күмп бересің, дайындығың бар ма?» дейміз оны алысқа жіберуге қимай. «Әдеби ортаға бір жетсем, өзімді-өзім қамшылаймын ғой» дейді ол көзілдірігінің арғы жағындағы қос жанары шоқтай жайнап. Содан Мұқадес Мұхсинасын қолтықтап, бір-екі перзентін ертіп, 1979 жылы Алматы асты ғой. Сөйтіп, оның бұқаралық ақпарат құралдары, баспалар мен Жазушылар одағы аппаратындағы тынымсыз тірлігі басталды. Күндіз кеңсе қызметінде болып, түні бойы өз жазбаларымен шұғылданып, анабір жылдары Мұқадес сылыныңқырап қалып еді. Бұл оның тың туындыларды қолға алып, әдеби ортаға өзін танытуға талпынған тұсы болатын. Алғашқы кітабы жарық көргеннен кейін көп ұзамай-ақ, «Екінші тыныс», «Қайырлы түн», «Екі басқа дүние» әңгімелер мен повестер жинақтары дүниеге келді. Аталған кітаптарға енген туындылардың некен-саяғы тарихи тақырыптарға арналса, негізгісі, өзіміз өмір сүріп отырған ортадағы оқиғаларды арқау етті. Мұқадес бір-біріне ұқсай бермейтін кейіпкерлердің тұтас галлериясын жасады. Әсіресе зиялы қауым есебінде жүрген «зиянды қауым өкілдерінің» бетпердесін сыпыруға талпынды. Жазушының әңгімелері мен повестері қысқалығымен ерекшеленеді. Ол аз сөзге көп ой сыйғызуға, айтарын ишара, тұспалмен беруге тырысады.             Әңгіме, повестер жазып, қаламы біраз төселген Мұқадес прозаның күрделі жанры - романға баруды мақсат тұтты. Бұл орайда оған еңбек жолын алғашқыда мұғалім болып бастап, кейін журналистік мамандыққа ауысқаны септігін тигізді. Сырым Датұлы туып-өскен өңірдің перзенті болғандықтан, Мұқадес Есламғалиұлы көне аңыз-әңгімелерге, шешендік сөздерге жастайынан мейлінше қанықты. Сырым батырдың өзін көрмегенмен, оның ұрпақтары Салық, Омарлармен замандас болғандардың қартайған бала-немерелерімен әңгіме-дүкен құрды. Исатай, Махамбет, Құрманғазылардың іздері сайрап жатқан қасиетті Нарын өңірін ұзындай да, ендей де шарлап, аңыз кеуде ақсақалдардан сыр суыртпақтады. Содан алған әсерлері шығармаларынан көрініс тапты.             Мұқадес Есламғалиұлының «Толқын мен ағын», «Өз жүрегіңе үңіл», «Тұман ішіндегі көш» романдары әдебиетшілер қауымы мен қарапайым оқырмандар тарапынан жоғары бағаланды. Жазушыға «Тұман ішіндегі көш» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.             «Қаламгердің ең жақсы кітабы - жазылмаған кітабы» деген сөзді жиі естіп жүрміз. Шынында да солай ма? Кейінгі туындыларымен салыстырғанда, Мұхтар Әуезов шығармашылығының шыңы «Абай жолы» емес пе? Әбдіжамал Нұрпейісовтің соңғы туындыларының шоқтығы биік. Алайда, Әбекеңнің бас кітабы «Қан мен тер» ғой.             Мұқадес Есламғалиұлы да бас кітабын жазып кетті. Ол - «Әйтеке би» тарихи-философиялық диалогиясы (2003 жыл).             Төле, Қазыбек, Әйтеке (Айтық) билер қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған тұлғалар екені баршаға аян. Әрі көсем, әрі шешен осынау данышпандар туралы біз не білеміз? Өмірбаяндарынан үзік-үзік хабардармыз. Шешендік сөздерін баспасөз, кітап беттерінен оқып жүрміз. Одан ары ше? Беймәлім дүние. Тұмшаланған тұман.             Ойдан шығарып, Балтабайды бас кейіпкер жасап, оның Күнсұлуға ғашықтығын баяндап, әдемі роман жазып шығу кәнігі қаламгердің қолынан әбден келеді. Ал Әйтеке би сияқты тұрлаулы тұлға туралы шығарма жазу дегеніңіз... Мұқадес Есламғалиұлы тәуекелге барды. Есерліктен емес, естіліктен барды. Бұл романға ұзақ дайындалды. Көп ізденді. Әйтеке би жүріп өткен жолдарды сүзіп шықты. Самарқанға сапар шекті, Бұқарада болды, Хиуада ат шалдырды. Әуелі «Әйтеке би» атты ғұмырнамалық кітабын шығарды. Мұқадес Әйтеке би туралы роман жазуды отыз жасынан ойластырып, елу екі жасында, 1998 жылы кірісіп, 2003 жылы кітап етіп шығарды. Жұрттың қалай қарайтынын, қалай ойлайтынын білмеймін, өз басым «Әйтеке би» романын қазақ әдебиетіне қосылған қомақты үлес деп есептеймін. Дәл осылай ойлайтындар аз болмаса керек.             Орал қаласында Мұқадес Есламғалиұлын еске алу шаралары өткізілді. Жазушы оқыған Махамбет атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университеті мен Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында оздырылған әдемі әдеби кештерде «Әйтеке би» романына өте жоғары баға берілді. Әдебиетші-ғалым Серікқали Шарабасов шығарманы «жіліктеп-мүшелеп», Әйтеке бидің әдеби бейнесі бұған дейін жазылған елеулі тарихи романдардағы басты кейіпкерлермен барабар деген ой тастады.             Өмірі ат үстінде өткен Әйтеке бидің сыртқы жаудан гөрі, қазақтың өз ішіндегі алауыздықты тізгіндеу жолындағы көрегендік іс-әрекеттері дәл бүгінгі күннің талабынан туғандай әсер қалдырады. Тәуке ханның сол тізесін басып отырған Әйтеке би қарашаның қамын ойлады. Бас-басына бір ұлысты билеп-төстеп, қара халықты құлақкесті құлындай көрген сұлтан, төрелерді айбарымен бұқтырып, ықтырып ұстады. Қазақ жасақтарына бас қолбасшы қарадан болсын деуі - осының айғағы.             Әйтеке би - дипломат. Ол өзбектің зымиян хан, әмір, бектерін тұқыртып, өз дегенін істетіп отырды.             Әйтеке - батыр, қолбасшы. Жоңғардың әккі ханы Қалдан - қазаққа көп қасірет әкелген адам. Романда ол Қалдан Бошақты деген атқа ие. Иә, осы хан бір түмен мұздай қаруланған әскермен Әйтеке би иелігіндегі аумаққа ойда жоқта баса-көктеп кіреді. Қазақтар төрт мың жарым-бес мыңдай сыпайларды әрең құрап үлгереді. Көбі көйлекшең, қарулары құрық-сырық сияқтылар. Қалданның әскерінде - сауыт киген самсаған ақмылтықтылар. Зеңбірегі тағы бар. Сөз жоқ, жоңғарлар таптап кететіндей...             Қалдан Бошақты Тәуке хан болмаған соң, Әйтеке биді арнап жекпе-жекке шақырады. Жазушының осы сәтті суреттеуі мүмкін біреулерге белгілі жайттай көрінер. Өмірде дәл осылай болған да шығар, болмаған да шығар. Қалай десек те, автор Әйтеке би аруағының асқақтауын, Қалдан ханның құты қашуын өте нанымды суреттейді.             Бір-біріне құрық бойы жақын келген би мен хан қатты-қатты сөйлесіп тұрады. Түлен түртіп, Қалдан хан Әйтеке биге әуелі астындағы атын, сосын өзін сынаттырады.             Әйтеке би: «Атыңның не сынайтыны бар! Үлкен түгел, бала айтып берер еді. Атың жүйрік. Қырға да, ойға да бірдей. Күні-түні жортсаң, бүйір қақпайтын нағыз қамбарқасқаның өзі дерлік. Айыбы қырық сідіктен жаралған. Айғыр қойсаң, артында асыл тұқым қалмас еді. Енесі - маңғұл төкпе. Атасы - арғымақ. Ол да ақалтеке шатыс болса керек. Не енесінің, не атасының, не өзінің есекке телінгені тағы бар. Таза арғымақ қоңыраудай күңгірлеп кісінер-ді. Ал сенің атың жаңа ішін тартып, үсті-үстіне азынады. Өйтіп есек қышқырады. Өзің секілді түбінде бір шатағы бар...»             Расында да Қалдан ханның жекпе-жекке мініп шыққан атының бейнетке төзімді болады деп есекке телінгені ақиқат еді. Мұны сұңғыла би біліп қояды.             Әйтеке би енді ханның өзін сынауға кіріседі. Әйтеке би: «Жуылмас кінәң атыңда емес, қара басыңда. Сенің қара басың ғана хан. Арғы аталарың тексіз құл. Енді тыңда! Әкең Батыр хан деп жүрмісің? Батыр төрт қатын алғанда соқыр қыз туғыза алмаған. Сені шешең есігіндегі құл қытайдан туған. Сенің бар сының - осы».             Бұл да бұлтартпас шындық болатын. Әрі көсем, әрі батыр, әрі шешен Әйтеке би осылайша Қалдан ханның тауын шағып, беделін түсіріп, құтын қашырып, ат басын кейін бұруға мәжбүр етіпті.             Жазушы Мұқадес Есламғалиұлының «Әйтеке би» романы - шымыр жазылған дүние. Үйдегі Әйтеке, түздегі Әйтеке, жаудағы Әйтеке, даудағы Әйтеке, бәрі-бәрі боямасыз, табиғи тұрғыда суреттеліп, осынау ұлы тұлға туралы ұрпақтар ұғымында қалыптасқан түсінік-түйсікпен үндесіп жатады.             Романның тілі өте шұрайлы. Біздің кезімізде ұмыт болған, ал бабаларымыз жиі қолданған сөздер мен тіркестер орнымен кестеленген. Шығармада Әйтеке би айтыпты деген нақыл, қанатты сөздер тоқымаға алтын жіп тіндегендей, ерекше өңге ие болып тұрады. Жазушы Мұқадес Есламғалиұлы Әйтеке биді сөйлетіп отырып, өзі де шын шешенге айналып кетеді.             Мақаламды «Қанатты сөз орамды ой мен қарымды қаламнан туады» деп жайдан-жай атағаным жоқ. Екі кітаптан тұратын «Әйтеке би» романындағы бас кейіпкердің, автордың өзінің, сондай-ақ халық қолданған басқа да қанатты сөздерді толықтай емес, қысқаша түрде келтіре кетейін.             ... «Қарын тойса - ой шабан», «Көшкені - сайран, қонғаны - мейрам», «Тілін жасырып, тісін көрсетті», «Шағын халық - шамшыл», «Білектің шешпегенін білік шешеді», «Жаманнан жақсы туса нанбас деген, жақсыдан жаман туса оңбас деген», «Тәңір бермегенді кәуір бермес», «Алланың сүйгені - азан, көптің сүйгені - қазан», «Бір сөзі нұсқа, бір сөзі қысқа», «Елді қорқытып басқарма, оқытып басқар», «Төре тұқымы кекшіл де, текшіл де», «Бірін діндесім едің деп, бірін ділдесім едің деп», «Суымыз да, нуымыз да ортақ», «Елі иесіз, әруағы киесіз», «Башқұрт - бауырым, татар - тәуірім», «Білекке білек, тілекке тілек қосамын деп», «Көлеңкеде өскен ит күнге де үреді», «Хиуа - сатқынға сая, қарақшыға ұя», «Жау келгенде елдің панасы, дау келгенде ердің данасы», «Аңғал ерді сайқал аздырады», «Тай күнәні тәуба жуады», «Қазақ асын берсе де, ішін бермейтінге сенбейді», «Қытығына тисең, құмырсқа да шағады», «Адал достық - өміріңе нұсқа, амал достықтың ғұмыры қысқа», «Абыройсыз басшыдан, абыройлы қосшы артық», «Ерді көркем көрсеткен - өнер-білім, санасы. Атаны артық көрсеткен - ақылды туған баласы», «Батыр кешіксе - қуан, би кешіксе - сұран», «Жыланның уы тісінде, жаманның уы тілінде», «Басқа тепсек - өл, артқа тепсек - көн дегендей», «Ел шетіне шықпасам, жаудың менде несі бар, ала жібін аттамасам, даудың менде несі бар», «Өрге шыққанмен, төрге шыға алмайды», «Ері бұға берсе, елі ығып кетер», «Ел шарасыз болмас, ер жарасыз болмас», «Аталы адамның аруағы алдында жүреді», «Қатадан емес, батадан туған», «Кексіз кісіде кие болмайды», «Ақымақтық - біреуге мәулет, ақылдылық - біреуге нәубет», «Мал баққанға да бітеді, оңды-солды шашқанға да бітеді», «Періштеден де бес мін табылады», «Халық - құдайдан бір жасы кіші құдірет», «Бидің қадірі дау барда, батырдың қадірі жау барда», «Қазақтың елі кенелсін, төлі теңелсін деп», «Әрі бұрған бетте бедер де, бедел де қалмайды», «Ағайынын ағаламай, жатты жағалаған - тексіз», «Балықтың күні көлімен, бидің күні елімен», «Адам өмірі өзгенікі, ажал ғана өзінікі», «Шала піскен астың асқазанға залалы көп, шала айтылған сөздің дос-жаранға залалы көп», «Білгенін бүккен данадан, білгенін айтқан бала артық», «Ер қартайса да, ой қартаймайды», «Қуысып келген қаскөйді туыстырып таратқан» ...             Жоғарыда айтып өткеніміздей, қанатты сөздерді ықшамдап қана тердік. Ана тіліміздің мәртебесін бабалар кезіндегі дәрежеге көтеру үшін біз «Әйтеке би» романы сияқты ойға азық туындыларды іздеп жүріп оқуымыз керек.             Жазушы Мұқадес Есламғалиұлының екінші өмірі басталды. Оның мәнді мұрасы халқына қызмет ете береді деп сенемін. Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

     Талантты жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мұқадес Есламғалиұлының фәниден бақиға көшкеніне де бес жылдай уақыт өткен екен-ау. Сыныптай сырғыған күндер деген осы! Ол ортамызда болса, бұл күндері пайғамбар жасына жетіп, аңыз кеудесінен ақтара сыр төгіп, соларды көпшілік іздеп жүріп оқитын туындыларға айналдырып, жарқ-жұрқ етіп жүрер еді. Не шара!

            Мұқадеспен Орал пединститутында қатарлас оқыдық. Бір жатақханада, көрші бөлмелерде тұрдық. Мен өлеңмен, ол прозамен, қазір Махамбет атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің доценті болып студенттерге дәріс оқып жүрген белгілі әдебиетші Серікқали Шарабасов сынмен «ауырды». Жазғандарымызды басқа ешкімге білдіртпей, үшеуара оқып-талқылайтынбыз. Серікқали бізді аямайды. Уақытының көбін кітапханаларда өткізетін ол бізден классиктерше жазуды талап етеді. Мұқадестің «Аққу сазы» деп аталған тұңғыш кітабы үшеуара пікірталас нәтижесінде дүниеге келіп, оқырмандарға сапар шеккен болатын-ды.

            Досымыз Алматыға қоныс аударуды сөз ете бастады. «Қайнап жатқан қара қазанға күмп бересің, дайындығың бар ма?» дейміз оны алысқа жіберуге қимай. «Әдеби ортаға бір жетсем, өзімді-өзім қамшылаймын ғой» дейді ол көзілдірігінің арғы жағындағы қос жанары шоқтай жайнап. Содан Мұқадес Мұхсинасын қолтықтап, бір-екі перзентін ертіп, 1979 жылы Алматы асты ғой. Сөйтіп, оның бұқаралық ақпарат құралдары, баспалар мен Жазушылар одағы аппаратындағы тынымсыз тірлігі басталды. Күндіз кеңсе қызметінде болып, түні бойы өз жазбаларымен шұғылданып, анабір жылдары Мұқадес сылыныңқырап қалып еді. Бұл оның тың туындыларды қолға алып, әдеби ортаға өзін танытуға талпынған тұсы болатын. Алғашқы кітабы жарық көргеннен кейін көп ұзамай-ақ, «Екінші тыныс», «Қайырлы түн», «Екі басқа дүние» әңгімелер мен повестер жинақтары дүниеге келді. Аталған кітаптарға енген туындылардың некен-саяғы тарихи тақырыптарға арналса, негізгісі, өзіміз өмір сүріп отырған ортадағы оқиғаларды арқау етті. Мұқадес бір-біріне ұқсай бермейтін кейіпкерлердің тұтас галлериясын жасады. Әсіресе зиялы қауым есебінде жүрген «зиянды қауым өкілдерінің» бетпердесін сыпыруға талпынды. Жазушының әңгімелері мен повестері қысқалығымен ерекшеленеді. Ол аз сөзге көп ой сыйғызуға, айтарын ишара, тұспалмен беруге тырысады.

            Әңгіме, повестер жазып, қаламы біраз төселген Мұқадес прозаның күрделі жанры - романға баруды мақсат тұтты. Бұл орайда оған еңбек жолын алғашқыда мұғалім болып бастап, кейін журналистік мамандыққа ауысқаны септігін тигізді. Сырым Датұлы туып-өскен өңірдің перзенті болғандықтан, Мұқадес Есламғалиұлы көне аңыз-әңгімелерге, шешендік сөздерге жастайынан мейлінше қанықты. Сырым батырдың өзін көрмегенмен, оның ұрпақтары Салық, Омарлармен замандас болғандардың қартайған бала-немерелерімен әңгіме-дүкен құрды. Исатай, Махамбет, Құрманғазылардың іздері сайрап жатқан қасиетті Нарын өңірін ұзындай да, ендей де шарлап, аңыз кеуде ақсақалдардан сыр суыртпақтады. Содан алған әсерлері шығармаларынан көрініс тапты.

            Мұқадес Есламғалиұлының «Толқын мен ағын», «Өз жүрегіңе үңіл», «Тұман ішіндегі көш» романдары әдебиетшілер қауымы мен қарапайым оқырмандар тарапынан жоғары бағаланды. Жазушыға «Тұман ішіндегі көш» кітабы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.

            «Қаламгердің ең жақсы кітабы - жазылмаған кітабы» деген сөзді жиі естіп жүрміз. Шынында да солай ма? Кейінгі туындыларымен салыстырғанда, Мұхтар Әуезов шығармашылығының шыңы «Абай жолы» емес пе? Әбдіжамал Нұрпейісовтің соңғы туындыларының шоқтығы биік. Алайда, Әбекеңнің бас кітабы «Қан мен тер» ғой.

            Мұқадес Есламғалиұлы да бас кітабын жазып кетті. Ол - «Әйтеке би» тарихи-философиялық диалогиясы (2003 жыл).

            Төле, Қазыбек, Әйтеке (Айтық) билер қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған тұлғалар екені баршаға аян. Әрі көсем, әрі шешен осынау данышпандар туралы біз не білеміз? Өмірбаяндарынан үзік-үзік хабардармыз. Шешендік сөздерін баспасөз, кітап беттерінен оқып жүрміз. Одан ары ше? Беймәлім дүние. Тұмшаланған тұман.

            Ойдан шығарып, Балтабайды бас кейіпкер жасап, оның Күнсұлуға ғашықтығын баяндап, әдемі роман жазып шығу кәнігі қаламгердің қолынан әбден келеді. Ал Әйтеке би сияқты тұрлаулы тұлға туралы шығарма жазу дегеніңіз... Мұқадес Есламғалиұлы тәуекелге барды. Есерліктен емес, естіліктен барды. Бұл романға ұзақ дайындалды. Көп ізденді. Әйтеке би жүріп өткен жолдарды сүзіп шықты. Самарқанға сапар шекті, Бұқарада болды, Хиуада ат шалдырды. Әуелі «Әйтеке би» атты ғұмырнамалық кітабын шығарды. Мұқадес Әйтеке би туралы роман жазуды отыз жасынан ойластырып, елу екі жасында, 1998 жылы кірісіп, 2003 жылы кітап етіп шығарды. Жұрттың қалай қарайтынын, қалай ойлайтынын білмеймін, өз басым «Әйтеке би» романын қазақ әдебиетіне қосылған қомақты үлес деп есептеймін. Дәл осылай ойлайтындар аз болмаса керек.

            Орал қаласында Мұқадес Есламғалиұлын еске алу шаралары өткізілді. Жазушы оқыған Махамбет атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университеті мен Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында оздырылған әдемі әдеби кештерде «Әйтеке би» романына өте жоғары баға берілді. Әдебиетші-ғалым Серікқали Шарабасов шығарманы «жіліктеп-мүшелеп», Әйтеке бидің әдеби бейнесі бұған дейін жазылған елеулі тарихи романдардағы басты кейіпкерлермен барабар деген ой тастады.

            Өмірі ат үстінде өткен Әйтеке бидің сыртқы жаудан гөрі, қазақтың өз ішіндегі алауыздықты тізгіндеу жолындағы көрегендік іс-әрекеттері дәл бүгінгі күннің талабынан туғандай әсер қалдырады. Тәуке ханның сол тізесін басып отырған Әйтеке би қарашаның қамын ойлады. Бас-басына бір ұлысты билеп-төстеп, қара халықты құлақкесті құлындай көрген сұлтан, төрелерді айбарымен бұқтырып, ықтырып ұстады. Қазақ жасақтарына бас қолбасшы қарадан болсын деуі - осының айғағы.

            Әйтеке би - дипломат. Ол өзбектің зымиян хан, әмір, бектерін тұқыртып, өз дегенін істетіп отырды.

            Әйтеке - батыр, қолбасшы. Жоңғардың әккі ханы Қалдан - қазаққа көп қасірет әкелген адам. Романда ол Қалдан Бошақты деген атқа ие. Иә, осы хан бір түмен мұздай қаруланған әскермен Әйтеке би иелігіндегі аумаққа ойда жоқта баса-көктеп кіреді. Қазақтар төрт мың жарым-бес мыңдай сыпайларды әрең құрап үлгереді. Көбі көйлекшең, қарулары құрық-сырық сияқтылар. Қалданның әскерінде - сауыт киген самсаған ақмылтықтылар. Зеңбірегі тағы бар. Сөз жоқ, жоңғарлар таптап кететіндей...

            Қалдан Бошақты Тәуке хан болмаған соң, Әйтеке биді арнап жекпе-жекке шақырады. Жазушының осы сәтті суреттеуі мүмкін біреулерге белгілі жайттай көрінер. Өмірде дәл осылай болған да шығар, болмаған да шығар. Қалай десек те, автор Әйтеке би аруағының асқақтауын, Қалдан ханның құты қашуын өте нанымды суреттейді.

            Бір-біріне құрық бойы жақын келген би мен хан қатты-қатты сөйлесіп тұрады. Түлен түртіп, Қалдан хан Әйтеке биге әуелі астындағы атын, сосын өзін сынаттырады.

            Әйтеке би: «Атыңның не сынайтыны бар! Үлкен түгел, бала айтып берер еді. Атың жүйрік. Қырға да, ойға да бірдей. Күні-түні жортсаң, бүйір қақпайтын нағыз қамбарқасқаның өзі дерлік. Айыбы қырық сідіктен жаралған. Айғыр қойсаң, артында асыл тұқым қалмас еді. Енесі - маңғұл төкпе. Атасы - арғымақ. Ол да ақалтеке шатыс болса керек. Не енесінің, не атасының, не өзінің есекке телінгені тағы бар. Таза арғымақ қоңыраудай күңгірлеп кісінер-ді. Ал сенің атың жаңа ішін тартып, үсті-үстіне азынады. Өйтіп есек қышқырады. Өзің секілді түбінде бір шатағы бар...»

            Расында да Қалдан ханның жекпе-жекке мініп шыққан атының бейнетке төзімді болады деп есекке телінгені ақиқат еді. Мұны сұңғыла би біліп қояды.

            Әйтеке би енді ханның өзін сынауға кіріседі. Әйтеке би: «Жуылмас кінәң атыңда емес, қара басыңда. Сенің қара басың ғана хан. Арғы аталарың тексіз құл. Енді тыңда! Әкең Батыр хан деп жүрмісің? Батыр төрт қатын алғанда соқыр қыз туғыза алмаған. Сені шешең есігіндегі құл қытайдан туған. Сенің бар сының - осы».

            Бұл да бұлтартпас шындық болатын. Әрі көсем, әрі батыр, әрі шешен Әйтеке би осылайша Қалдан ханның тауын шағып, беделін түсіріп, құтын қашырып, ат басын кейін бұруға мәжбүр етіпті.

            Жазушы Мұқадес Есламғалиұлының «Әйтеке би» романы - шымыр жазылған дүние. Үйдегі Әйтеке, түздегі Әйтеке, жаудағы Әйтеке, даудағы Әйтеке, бәрі-бәрі боямасыз, табиғи тұрғыда суреттеліп, осынау ұлы тұлға туралы ұрпақтар ұғымында қалыптасқан түсінік-түйсікпен үндесіп жатады.

            Романның тілі өте шұрайлы. Біздің кезімізде ұмыт болған, ал бабаларымыз жиі қолданған сөздер мен тіркестер орнымен кестеленген. Шығармада Әйтеке би айтыпты деген нақыл, қанатты сөздер тоқымаға алтын жіп тіндегендей, ерекше өңге ие болып тұрады. Жазушы Мұқадес Есламғалиұлы Әйтеке биді сөйлетіп отырып, өзі де шын шешенге айналып кетеді.

            Мақаламды «Қанатты сөз орамды ой мен қарымды қаламнан туады» деп жайдан-жай атағаным жоқ. Екі кітаптан тұратын «Әйтеке би» романындағы бас кейіпкердің, автордың өзінің, сондай-ақ халық қолданған басқа да қанатты сөздерді толықтай емес, қысқаша түрде келтіре кетейін.

            ... «Қарын тойса - ой шабан», «Көшкені - сайран, қонғаны - мейрам», «Тілін жасырып, тісін көрсетті», «Шағын халық - шамшыл», «Білектің шешпегенін білік шешеді», «Жаманнан жақсы туса нанбас деген, жақсыдан жаман туса оңбас деген», «Тәңір бермегенді кәуір бермес», «Алланың сүйгені - азан, көптің сүйгені - қазан», «Бір сөзі нұсқа, бір сөзі қысқа», «Елді қорқытып басқарма, оқытып басқар», «Төре тұқымы кекшіл де, текшіл де», «Бірін діндесім едің деп, бірін ділдесім едің деп», «Суымыз да, нуымыз да ортақ», «Елі иесіз, әруағы киесіз», «Башқұрт - бауырым, татар - тәуірім», «Білекке білек, тілекке тілек қосамын деп», «Көлеңкеде өскен ит күнге де үреді», «Хиуа - сатқынға сая, қарақшыға ұя», «Жау келгенде елдің панасы, дау келгенде ердің данасы», «Аңғал ерді сайқал аздырады», «Тай күнәні тәуба жуады», «Қазақ асын берсе де, ішін бермейтінге сенбейді», «Қытығына тисең, құмырсқа да шағады», «Адал достық - өміріңе нұсқа, амал достықтың ғұмыры қысқа», «Абыройсыз басшыдан, абыройлы қосшы артық», «Ерді көркем көрсеткен - өнер-білім, санасы. Атаны артық көрсеткен - ақылды туған баласы», «Батыр кешіксе - қуан, би кешіксе - сұран», «Жыланның уы тісінде, жаманның уы тілінде», «Басқа тепсек - өл, артқа тепсек - көн дегендей», «Ел шетіне шықпасам, жаудың менде несі бар, ала жібін аттамасам, даудың менде несі бар», «Өрге шыққанмен, төрге шыға алмайды», «Ері бұға берсе, елі ығып кетер», «Ел шарасыз болмас, ер жарасыз болмас», «Аталы адамның аруағы алдында жүреді», «Қатадан емес, батадан туған», «Кексіз кісіде кие болмайды», «Ақымақтық - біреуге мәулет, ақылдылық - біреуге нәубет», «Мал баққанға да бітеді, оңды-солды шашқанға да бітеді», «Періштеден де бес мін табылады», «Халық - құдайдан бір жасы кіші құдірет», «Бидің қадірі дау барда, батырдың қадірі жау барда», «Қазақтың елі кенелсін, төлі теңелсін деп», «Әрі бұрған бетте бедер де, бедел де қалмайды», «Ағайынын ағаламай, жатты жағалаған - тексіз», «Балықтың күні көлімен, бидің күні елімен», «Адам өмірі өзгенікі, ажал ғана өзінікі», «Шала піскен астың асқазанға залалы көп, шала айтылған сөздің дос-жаранға залалы көп», «Білгенін бүккен данадан, білгенін айтқан бала артық», «Ер қартайса да, ой қартаймайды», «Қуысып келген қаскөйді туыстырып таратқан» ...

            Жоғарыда айтып өткеніміздей, қанатты сөздерді ықшамдап қана тердік. Ана тіліміздің мәртебесін бабалар кезіндегі дәрежеге көтеру үшін біз «Әйтеке би» романы сияқты ойға азық туындыларды іздеп жүріп оқуымыз керек.

            Жазушы Мұқадес Есламғалиұлының екінші өмірі басталды. Оның мәнді мұрасы халқына қызмет ете береді деп сенемін.

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: