Мерейлі махаббат

19 Қараша 2013, 10:26

    Күндер сынаптай сырғиды, айлар ағын судай ырғиды, жылдар жымын білдірмей жылжиды. Осылайша өмір озады, адам тозады. Көмір қара шашың ағарып, алма бетіңді әжім іздері шимайлайды. Ұлың ержетіп, үйіңе келін түсіреді. Қызың бойжетіп, басқа шаңырақтың шамын жағады. Немере, жиендер дүниеге келіп, шаршай бастаған жүрегіңді елжіретіп, өмірге құштарлығыңды арттыра түседі. Құдай қосқан қосағыңның көңілі отау үйлерге бөлініп, сыртқақпай бола бастайсың. Ықылым заманнан осылай болған, осылай бола береді де.             Сырт көзге кейде сайқымазақтау көрінсем де, неше түрлі ойлар мені уысынан шығарып көрген емес. Бұл, сірә, қаламгерлік кәсібімнің әсерінен болар. Сәл нәрседен шаттанамын, сәл нәрседен сылқ түсемін. Қайғыны көп көрген жүйкем жұқарып қалса керек.             Нұрлыбай ағамыздың зайыбы Роза жеңгеміздің қайтыс болғаны туралы хабар жеткен бойда Әбухан тума екеуміз Тасқала бағытына жолға шықтық. Көз ауруынан зардап шегіп жүрсе де, Әбес шыдай алмай, «Нивасының» рулін ұстады. Ол рулевой, мен штурман дегендей. Ілдәлдәлап жүріп келеміз.             Ойы бар болғыр тағы да шырмап алып, жадымды елу жыл кейінге ала жөнелді.             1957 жылдың жазынан күзіне қараған тұста қазіргісі Оян ауылы, сол кезде Сталин атындағы ұжымдық шаруашылықтың орталық мекен-жайы Мартыново ауылында талшыбықтай солқылдаған, қою қасты, қойкөзді бір бойжеткен пайда болды. Ауылдағы медпунктке меңгеруші болып тағайындалған жас маман Роза Қинауқызы Сәтиева еді ол.             1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыстың зардаптарынан арыла қоймаған кез болатын. Ел ішінде әртүрлі ауру-сырқау барырақ еді. Өрттей лап еткелі тұрған жұқпалы аурулар да етек алған тұс болатын. Көмекке өте зәру Жұмасейіт аға сияқты соғыс мүгедектері де болды сол кезде. Мұның сыртында жүкті әйелдер мен жас нәрестелерге қатысты іс-шаралар қат-қабат баспалап жататын. Ферма орталықтары мен жазда жайлаудағы, қыста қыстаудағы халықты қамту да медпункт меңгерушісінің міндетіне жататын. Қысқасы, 18 жастағы жас қыз үшін атқаратын жұмыс күрделі де қомақты еді. Ол тұста көлік таңдайтын жағдай бар ма? Ат арба, түйе арба, бензовоз, водовоз, ДТ, «Беларусь»-татып жүре беретін кез ғой.             Жас маман Роза Қинауқызы сыннан сүрінбей өтіп, қысқа мерзім ішінде медпункт жұмысын жақсы жолға қойып, аудан бойынша алдыңғы орындардың біріне шығарды.             Роза біз оқитын мектепке келуге де уақыт тауып, зіңгіттей жігіттер мен түртіп қалсаң, балықтай шоршып түсетін бойжеткендердің денсаулығын тексеретін. Әскерге баруға асығып жүрген Нәбидолла белуардан жалаңаштанып, бұлшық еттерін ойнатып, біраз әбігерленіп қалатын ондайда.             Ел-жұрт Розаға разы болды. «Жас қыздың бақытын қай жігіт ашады екен» деген сөздер айтылуы заңды құбылыс еді. Розаның жұдырықтай жүрегі Нұрлыбай ағамызды қалады. Нұрес денесі сыптай, кескіні тау халықтарына ұқсаңқырайтын, ажары сыртқа теуіп, бакенбарды (жақ жүндері) мен мұрты үйлесіп тұратын жап-жас жігіт болатын.             1959 жылы Қамен ағамыз бен Хадиша жеңгеміз сол кездегі жағдайға қарай әдемі той жасағаны күні бүгінге дейін есімде. Той қонағы болмасақ та, Нәбидолланың үйінде Сағынгерей күй тартып, қалғанымыз өлең айтып, өзімізше сауық құрған едік.             Роза адал жар, ибалы келін, салауатты азаматша бола білді. Жоқ, ол көрінгенге құрақ ұшып, елпілдеп-желпілдеп тұрмайтын. Адамды сынап алып, бәсін беретін жан еді. Біздер, қайынінілері оны апамыздай сыйладық. Артық-ауыс әзілге бармайтынбыз. Түптеп келгенде, ол бізбен жастас, бастас дегендей, қатарымыз еді.             Розаның алдында Хапиза, Кенжеғаным, Сәбилә, Хадиша, Нәбирә, Қымбат, Орынша, Гүлшара, т.б. жеңгелеріміз болды. Ағаларымыз бізден он бес, жиырма, отыз жастай үлкен болғандықтан, бұл жеңгелерімізді анамыздай көретінбіз. Өр мінез Әбухан болмаса, басқаларымыз оларға батырып ештеңе айта алмаушы едік. Міне, Роза да Хапиза, Сәбилә, Гүлшара абысындары жатқан зиратқа, мәңгілік мекеніне жол тартпақ.             Өмірге екі ұл, үш қыз келді. Олар ержетіп-бойжеткен кезде Роза айықпас дертке шалдығып, он екі жыл бойы ауырды. Бұл күтушісін бір минут та бос қалдырмайтын беті қатты науқас болатын. Ауру адамның қасына бір сағат отырып көріңізші. Он екі жыл! Бәкизә, Айғаным келіндердің еңбегін бағалау керек. Десек те, негізгі салмақ Нұреске түскенін ел біледі. Нұрес азаматтық ерлік жасады. Розасын бір минут та көзінен таса қалдырған жоқ. Неке жерде емес, көкте, жаратқанның алдында қиылады деген көнеден қалған сөз бар. Орысша, қателеспесем, «Брак совершается в небесах» дейтін сияқты еді. Яғни, құдайдың қалауымен болады бәрі де дегенді білдірсе керек. Сауда да, ауруда да, байлықта да, кедейлікте де бір-бірімізді тастамаймыз, махаббатымызға адал боламыз деп жас жұбайлар ант берген ғой бұрынғы замандарда. Міне, ата-бабаларымыз ұстанған қағидаларды Нұрлыбай Зинәліұлы бұлжытпай орындады. Ол он екі жыл бойы тағдыр талқысына төтеп берді! Бұл жас ұрпаққа сабақ, үлгі деп ойлаймын.             Роза Қинауқызын соңғы сапарға шығарып салу рәсімінде сөз алған ауыл әкімі Бауыржан Имашев, Сағынтай Темірбек, Қадырхан Хайыров марқұмның еңбек жолын, ие болған марапаттарын жақсы айтты. Ал қаралы аста Хисмет Бейсембаев, Орынғали Боранбаев, Хамит Әжібаев, тағы басқалары кейінгі буынға жан азығы боларлықтай ой айтты келіп, жұбайлық өмірдің үлгісін Нұрес пен Розадай көрсете біліңдер деген тұжырымды ортаға тастады.             Нұрлыбай Зинәліұлы мен Роза Қинауқызының мерейлі махаббаты маған қатты әсер етіп, төмендегі үш шумақ өлеңді өмірге әкелуге себеп болды. Өмір көші бара жатыр алға асып, Бір керуенге екіншісі жалғасып. Қарттық келер, көзді ашып-жұмғанша, Көмір қара шашыңды аппақ қар басып. Мүмкін, жарың жас кезгідей болмайды, (Тіршілігің басқа жырды толғайды). Десектағы, жылдар бойы нәр берген, Махаббаттың шын сезімі солмайды.  Жүрсеңдағы ертелі-кеш сабылып, Қу тірліктің билігіне бағынып, Ей, жігіттер, бір-біріңе қонақсың, Тірісінде қосағыңның жанын ұқ! Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

    Күндер сынаптай сырғиды, айлар ағын судай ырғиды, жылдар жымын білдірмей жылжиды. Осылайша өмір озады, адам тозады. Көмір қара шашың ағарып, алма бетіңді әжім іздері шимайлайды. Ұлың ержетіп, үйіңе келін түсіреді. Қызың бойжетіп, басқа шаңырақтың шамын жағады. Немере, жиендер дүниеге келіп, шаршай бастаған жүрегіңді елжіретіп, өмірге құштарлығыңды арттыра түседі. Құдай қосқан қосағыңның көңілі отау үйлерге бөлініп, сыртқақпай бола бастайсың. Ықылым заманнан осылай болған, осылай бола береді де.

            Сырт көзге кейде сайқымазақтау көрінсем де, неше түрлі ойлар мені уысынан шығарып көрген емес. Бұл, сірә, қаламгерлік кәсібімнің әсерінен болар. Сәл нәрседен шаттанамын, сәл нәрседен сылқ түсемін. Қайғыны көп көрген жүйкем жұқарып қалса керек.

            Нұрлыбай ағамыздың зайыбы Роза жеңгеміздің қайтыс болғаны туралы хабар жеткен бойда Әбухан тума екеуміз Тасқала бағытына жолға шықтық. Көз ауруынан зардап шегіп жүрсе де, Әбес шыдай алмай, «Нивасының» рулін ұстады. Ол рулевой, мен штурман дегендей. Ілдәлдәлап жүріп келеміз.

            Ойы бар болғыр тағы да шырмап алып, жадымды елу жыл кейінге ала жөнелді.

            1957 жылдың жазынан күзіне қараған тұста қазіргісі Оян ауылы, сол кезде Сталин атындағы ұжымдық шаруашылықтың орталық мекен-жайы Мартыново ауылында талшыбықтай солқылдаған, қою қасты, қойкөзді бір бойжеткен пайда болды. Ауылдағы медпунктке меңгеруші болып тағайындалған жас маман Роза Қинауқызы Сәтиева еді ол.

            1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыстың зардаптарынан арыла қоймаған кез болатын. Ел ішінде әртүрлі ауру-сырқау барырақ еді. Өрттей лап еткелі тұрған жұқпалы аурулар да етек алған тұс болатын. Көмекке өте зәру Жұмасейіт аға сияқты соғыс мүгедектері де болды сол кезде. Мұның сыртында жүкті әйелдер мен жас нәрестелерге қатысты іс-шаралар қат-қабат баспалап жататын. Ферма орталықтары мен жазда жайлаудағы, қыста қыстаудағы халықты қамту да медпункт меңгерушісінің міндетіне жататын. Қысқасы, 18 жастағы жас қыз үшін атқаратын жұмыс күрделі де қомақты еді. Ол тұста көлік таңдайтын жағдай бар ма? Ат арба, түйе арба, бензовоз, водовоз, ДТ, «Беларусь»-татып жүре беретін кез ғой.

            Жас маман Роза Қинауқызы сыннан сүрінбей өтіп, қысқа мерзім ішінде медпункт жұмысын жақсы жолға қойып, аудан бойынша алдыңғы орындардың біріне шығарды.

            Роза біз оқитын мектепке келуге де уақыт тауып, зіңгіттей жігіттер мен түртіп қалсаң, балықтай шоршып түсетін бойжеткендердің денсаулығын тексеретін. Әскерге баруға асығып жүрген Нәбидолла белуардан жалаңаштанып, бұлшық еттерін ойнатып, біраз әбігерленіп қалатын ондайда.

            Ел-жұрт Розаға разы болды. «Жас қыздың бақытын қай жігіт ашады екен» деген сөздер айтылуы заңды құбылыс еді. Розаның жұдырықтай жүрегі Нұрлыбай ағамызды қалады. Нұрес денесі сыптай, кескіні тау халықтарына ұқсаңқырайтын, ажары сыртқа теуіп, бакенбарды (жақ жүндері) мен мұрты үйлесіп тұратын жап-жас жігіт болатын.

            1959 жылы Қамен ағамыз бен Хадиша жеңгеміз сол кездегі жағдайға қарай әдемі той жасағаны күні бүгінге дейін есімде. Той қонағы болмасақ та, Нәбидолланың үйінде Сағынгерей күй тартып, қалғанымыз өлең айтып, өзімізше сауық құрған едік.

            Роза адал жар, ибалы келін, салауатты азаматша бола білді. Жоқ, ол көрінгенге құрақ ұшып, елпілдеп-желпілдеп тұрмайтын. Адамды сынап алып, бәсін беретін жан еді. Біздер, қайынінілері оны апамыздай сыйладық. Артық-ауыс әзілге бармайтынбыз. Түптеп келгенде, ол бізбен жастас, бастас дегендей, қатарымыз еді.

            Розаның алдында Хапиза, Кенжеғаным, Сәбилә, Хадиша, Нәбирә, Қымбат, Орынша, Гүлшара, т.б. жеңгелеріміз болды. Ағаларымыз бізден он бес, жиырма, отыз жастай үлкен болғандықтан, бұл жеңгелерімізді анамыздай көретінбіз. Өр мінез Әбухан болмаса, басқаларымыз оларға батырып ештеңе айта алмаушы едік. Міне, Роза да Хапиза, Сәбилә, Гүлшара абысындары жатқан зиратқа, мәңгілік мекеніне жол тартпақ.

            Өмірге екі ұл, үш қыз келді. Олар ержетіп-бойжеткен кезде Роза айықпас дертке шалдығып, он екі жыл бойы ауырды. Бұл күтушісін бір минут та бос қалдырмайтын беті қатты науқас болатын. Ауру адамның қасына бір сағат отырып көріңізші. Он екі жыл! Бәкизә, Айғаным келіндердің еңбегін бағалау керек. Десек те, негізгі салмақ Нұреске түскенін ел біледі. Нұрес азаматтық ерлік жасады. Розасын бір минут та көзінен таса қалдырған жоқ. Неке жерде емес, көкте, жаратқанның алдында қиылады деген көнеден қалған сөз бар. Орысша, қателеспесем, «Брак совершается в небесах» дейтін сияқты еді. Яғни, құдайдың қалауымен болады бәрі де дегенді білдірсе керек. Сауда да, ауруда да, байлықта да, кедейлікте де бір-бірімізді тастамаймыз, махаббатымызға адал боламыз деп жас жұбайлар ант берген ғой бұрынғы замандарда. Міне, ата-бабаларымыз ұстанған қағидаларды Нұрлыбай Зинәліұлы бұлжытпай орындады. Ол он екі жыл бойы тағдыр талқысына төтеп берді! Бұл жас ұрпаққа сабақ, үлгі деп ойлаймын.

            Роза Қинауқызын соңғы сапарға шығарып салу рәсімінде сөз алған ауыл әкімі Бауыржан Имашев, Сағынтай Темірбек, Қадырхан Хайыров марқұмның еңбек жолын, ие болған марапаттарын жақсы айтты. Ал қаралы аста Хисмет Бейсембаев, Орынғали Боранбаев, Хамит Әжібаев, тағы басқалары кейінгі буынға жан азығы боларлықтай ой айтты келіп, жұбайлық өмірдің үлгісін Нұрес пен Розадай көрсете біліңдер деген тұжырымды ортаға тастады.

            Нұрлыбай Зинәліұлы мен Роза Қинауқызының мерейлі махаббаты маған қатты әсер етіп, төмендегі үш шумақ өлеңді өмірге әкелуге себеп болды.

Өмір көші бара жатыр алға асып,

Бір керуенге екіншісі жалғасып.

Қарттық келер, көзді ашып-жұмғанша,

Көмір қара шашыңды аппақ қар басып.

Мүмкін, жарың жас кезгідей болмайды,

(Тіршілігің басқа жырды толғайды).

Десектағы, жылдар бойы нәр берген,

Махаббаттың шын сезімі солмайды. 

Жүрсеңдағы ертелі-кеш сабылып,

Қу тірліктің билігіне бағынып,

Ей, жігіттер, бір-біріңе қонақсың,

Тірісінде қосағыңның жанын ұқ!

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: