Жанқожа батыр

19 Қараша 2013, 10:23

... Егінші егін егеді шекпенменен, Тұқымнан алдырмайды сепкенменен. Дәуірі Жанқожаның келгеннен соң, Егінші қала бұзды кетпенменен. Қазаққа сарт та қылды үлкендікті, Көрмедік Жәкең барда еш кемдікті. Қаласын Бабажанның бұзып алып, Қазаққа алып берді бір теңдікті.                                                (Мұсабай ақын)               Кіші жүз құрамындағы алты ата Әлім рулар бірлестігі негізінен қазіргі Ақтөбе, Қызылорда облыстарын мекендейді. Ал бұдан екі-үш ғасыр бұрын Әлімұлының бірқатар рулары сол кезде Хиуа, Қоқан, Бұхара хандықтары аталған мемлекеттермен, сондай-ақ Қарақалпақ елімен іргелес ғұмыр кешкені тарихтан белгілі жайт.             Жанқожа Нұрмұхаммедұлы (1774-1860ж.ж.) шекті руынан шыққан. Шектіден Орыс, Жақайым, Жанқылыш. Орыстан Есенәлі, одан Кішкене. Кішкенеден алтау. Солардың бірі Құттық. Құттықтан Киікбай, одан Нұрмұхаммед. Жанқожа батыр осы Нұрмұхаммедтің бел баласы болып келеді.             Шекті - қалың ру. Сыр Шектісі, Қыр Шектісі болып аталады екен. Сыр шектісі дария бойын мекендеп, егіншілік, мал шаруашылығы, саудамен айналысса, көшін сонау Қызылқұмға қарай бағыттаған қыр шектілері тек мал шаруашылығымен шұғылданып, ара-арасында сарт саудагерлерінің керуеніне кіреші болып жалданып, күндерін көрсе керек.             Жанқожаның әділеттілікті сүйетін, батырлық қасиеттері он бес жасында-ақ байқалыпты. Сол кезде Сыр бойының қазақтарын Қылыш батыр деген билейді екен. Ол шығыстан келетін керуен жолын тосып, жыл сайын олардан зекет алып тұрса керек. Саудагерлер, яғни, қожайындар сарт болғанмен, кірешілердің дені Әлімұлының адамдары еді. Жаңағы дәніккен Қылыш батыр саудагерлерден алғанын місе тұтпай, енді өз аталастары кірешілерден де «зекет» деп алым алатын болыпты. Бұл сол кездің заңына қайшы келсе керек. Бірде Қылышбайдың інісі Күйеубай алыстан арып-ашып келе жатқан кірешілерді тоқтатып, көп мал тартып алады. «Ағайынды тонағандарың қалай?» деп, үлкендер Қылышқа барса, ол құлақ аспай қояды. Он бес жасар Жанқожа кірешілер ішінде екен. Ашу-ызадан булыққан бозбала Қылышқа тап беріп, айбалтаның ұңғы жағымен періп жіберіп, бет қаратпайтын Қылыш батырды талдырып тастайды. Әрине, қазақшылықпен қарағанда, үлкен кісіге, ағайынға қол жұмсау ағаттық, тіпті күнә деуге болады. Кейде «мың асқанға, бір тосқан» керек-ақ қой.             Жанқожаның әкесі Нұрмұхаммед пен Қылыш батыр құрдас, сыйлас жандар екен. Әкесіндей адамға қол көтергені үшін Нұрмұхаммед баласын байлап алып, өлтір деп Қылышқа алып келеді. Тегін адам ел билей ме, батыр атана ма?! Қылыш батыр айыпты өзім, Жанқожаның жазығы жоқ, өлтірмеймін, батыр бол деп батамды беремін дейді. Содан бастап Жанқожа Нұрмұхаммедтің шолақ найзалы батыр баласы атанып кетеді.             Жанқожа батырдың жетпіс жылдай өмірі ат үстінде өтті. Ол біресе Хиуа, Қоқан хандарының шапқыншыларымен шайқасса, бірде қарақалпақ «ағайындардың» жорықтарына тойтарыс беру ұрыстарына басшылық жасады. Мұны бірінші майдан деңіз.             Орынбор жақтан орыстар қара шегірткедей қаптап келе жатты. Қазақ хандықтары өмір сүруін тоқтатып, отарлау саясаты кең өріс алған тұс еді бұл. Діндес елдерге келгенде аяғын аңдап басатын патшалық Ресей, бұратана халықтарға келгенде үнемі күш көрсету саясатын қолайлы көрді. Қалаған жеріне қала салып, тілеген жеріне бекіністер орната бастады. Елдің тынысы, малдың өрісі тарылды. Жанқожа батыр күреске шықты. Мұны екінші майдан деңіз.             Халық қозғалысы, ұлт азаттық көтерілісі, көрші елдермен қақтығыстар сияқты жағдаяттар қазақтың кең даласында өте көп болған ғой. Алайда, бұл бас көтерулерге бүкіл ел-жұрт қосыла бермеген. Басшы қай ата, қай рудан болса, негізінен ұранға солар ғана қосылып отырған. Жанқожа батырдың жасағында негізінен шектілер болғаны мәлім. Жұмыр басты пенде өзін ешкімнен кем санамайды ғой. Жанқожаның беделін қызғанғандар да аз болмаған сыңайлы. Ал сұлтандар жағының бірде тату, бірде қату бағыт ұстағаны да белгілі жайт.             Осылайша, Жанқожа батыр екі майданда жанкештілік көрсетуге мәжбүр болды.             Иә, алты ата Әлім Кіші жүзге кіреді. Қазіргі өлшеммен алсақ, бұл Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары, жартылай Қызылорда облысының аумағы ғой. Хандық құлады. Елдің батыс өңірі ақ патшаға бас иді. Демек, қоныс шалғайлығынан кіші жүзге қараған рулар тығыз байланыс жасай алмады. Ал Жанқожа батыр болса, аталас шектілерімен жердің шетінде, желдің өтінде жүрді. Орта жүздің ханы есебіндегі Кенесары Қасымұлы Сарыарқаны дүбірлетіп жатты. Екі батыр патша өкіметін де мойындамады, Хиуа, Қоқан, Бұхара хандықтарына да илікпеді.             Қонысы жақын болғандықтан, Жанқожа батыр Хиуамен көп қидаласты. «Бөліп ал да, билей бер» саясатын ұстанған хиуалықтар бір орталыққа бағынбаған, бытыраңқы қазақтарға шабуылды үдете түсті. Бекіністерін салып, бектерін отырғызып, тұрақты әскери қосындарын ұстады. Сөйтіп, іргедегі қазақтардың мал-мүлкін тартып алып, беті қызыл қыз-келіншектердің абыройын төкті. Бекіністегі бектер өз сарайына түн сайын жас өскін қыздарды алдырып тұруды әдетке айналдырды. Жұрт Жанқожа батырға жылап баратын болды. Ол атқа мінді.             Жанқожа батырдың жасағы Хиуа хандығының Бабажан, Бесқала, Қуаңдариядағы бекіністерін қиратады. Кенесары Қасымұлының сарбаздарымен бірлесіп, Жаңақорған, Күмісқорған, Шымқорған, Қосқорғанға шабуыл жасайды. Жанқожа батыр Кенесары Қасымұлының өтініші бойынша, қоқандықтардың Созақ бекінісін алуға қатысады. 1845 жылы Сырдарияның төменгі жағындағы бекіністерді қалпына келтіруге жіберілген екі мың адамнан тұратын Хиуа отрядын талқандайды. Сол кездің өзінде Хиуа, Қоқандықтарда ақ мылтық мол болса керек. Қазақтардың негізгі қаруы қылыш, найза, айбалта, ішінара шимылтық, садақ болыпты. От қаруға қарсы бару үшін қандай жүрек керек, ә!             Жанқожа батыр Хиуа, Қоқан хандықтарымен болған соғыстарда оңтайы келгенде, патша әскерлерінің көмегіне сүйеніп отырған. Бұл саясаткердің амалсыздықтан барған қадамы болатын.             Жанқожа батырдың қолбасылық дарынын айтпай кетуге болмайды. Қоқанның Созақ қамалын алуға мұрындық болған Кенесары Қасымұлы еді. Оның қол астында 1500 төлеңгіт болса, Жанқожа батыр 500 іріктелген жігіттермен келіпті. Хан Кене алғашқыда аз әскермен келген Жанқожаға суық қабақ танытса керек. Созақты қоршағанда Ұлы жүздің де жасағы болыпты. Иә, сол кездегі дәстүр бойынша, қазақтың үш жүзінің жасақтары үш кезекте  шабуылға шығуға тиісті болады. Сөз жоқ, бірінші жол ағаға тиесілі ғой. Жігіттер андыздап лап береді. Қамал берік, мергендер мылтықтарының түтінін бір-біріне қосып оқ жаудыруда. Қанша ұмтылса да, айқай-сүрең салса да, ұлы жүздік ағайындар қамалға маңайлай алмайды. Сөйтіп, екі жақ та тыныс алуға кіріседі. Мерт болғандар жинастырылып, жаралыларға көмек көрсетіледі. Ертеңгі кезек орта жүздікі, яғни хан Кенеге беріледі. Одан кейін соңғы кезек Жанқожа батырдікі.             Таңертең Кенесары төлеңгіттері ұрысқа дайындалып жатқанда, «Жанқожа қосыны орнында жоқ, қашып кетіпті» деген сөз тарайды. Шынында да Жанқожа батырдың жасағы ізім-қайым жоқ болып шығады. Долданған Кенесары әскерін қамалға бастайды.             Көріпкелдік қасиеттен құр емес Жанқожа батыр Қоқаннан көмекке әскер келе жатқанын сезіп, солардың жолын тосады. Айтқандай, бойы мен ені бірдей дерлік Тоған балуан бастап келе жатқан сегіз жүз әскерді бөрі тиген қойдай тоз-тоз етіп, Тоған батырды бір өзі байлап алып, Созаққа қайтып оралады. Қайтып келсе, сол баяғы көрініс. Қамал бет бақтырмай жатыр. Хан Кененің төлеңгіттері көп шығынға ұшырап, арындары басылып қалыпты. Кеш түсіп, ұрыс тоқтайды. Ертеңгі кезек кіші жүздікі. Таңертең Жанқожа батыр Төремұрат жырауды 500 серігінің алдына шығарып, жігерді жанитын жыр толғатады.             Жанқожа батыр бүкіл жасағымен лап бермейді. Жанына оншақты жігітті ертіп, неше түрлі оқыс қимылдар жасап, жауған оқты дарытпай, мылтықтың оғы қауіп төндірмейтін қамал қабырғасына жетіп, қақпаны балталап бұзып, жасағына жол ашады. Қазаққа тозақтай болған Созақ қамалы осылайша құлайды. Жанқожа батырдың аты алыстарға кетеді. Достары арқаланып, жауларының құты қашады.             Жанқожа батыр Сауран қамалын алып, қасиетті Түркістанға бағыт түзейді. Ойлап отырсаңыз, қазіргі Қазақстан аумағындағы көптеген қала, кент, сулы да нулы жерлер, мыңғырған малға өріс болған өңірлер жатқа жем болмай, атам қазақтың иелігінде қалды. Мұны Жанқожа батырдың ересен еңбегі деп қабылдау қажет.             Сол кездегі қалыптасқан дәстүр бойынша, жауласқан жақтардың әскерлері бетпе-бет келгенде, қолбасылар жекпе-жекке шыққан ғой. Жанқожа батыр бірде-бір рет жеңіліп көрмепті. Хиуа әскерін бастап келген Тықы батырды, Қоқан әскеріне көмекке келе жатқан Тоған балуанды, тағы көптеген баһадүрлерді жеңіп шығуы ел ақындары жырларында, аңызға бергісіз әңгімелерде сақталып қалыпты.             Сонымен Жанқожа батыр Орта Азия хандарын біршама тәубесіне келтіреді. Есесіне орыс экспансиясы кең өріс ала түсті. Патша үкіметінің әскері зеңбіректерін сүйретіп, мылтықтарын шошаңдатып ішке қарай сұғына түсті. Олардың соңынан қарашекпенді қоныстанушылар ағылды. Орал казактарының отбасылары байырғы қазақ кенттеріне орныға бастады. Жердің шұрайлысы, судың мөлдірі, шөптің шүйгіні келімсектерге тиесілі болды. Тілі, діні, ділі бөлек бұлар жергілікті халықты жабайы санады. Шығыс мәдениетін ұқпады. Көкіректеріне нан пісті. Сөйтіп, бірден жергілікті халықпен тұздары жараспады. Сыр бойының қазақтары қатты толқыды. Бітеу жара сыздап, намысы бар ерлерді бебеу қақтырды. Екі арада кішігірім қақтығыстар жиі орын алды. Өрістегі мал талауға түсті. Кісі өлімі көбейді. Патша өкіметінің жергілікті әкімшілігі қазақтарға қырын қарап, арыз-шағымдарына құлақ аспады.             1856 жылдың желтоқсан айында Сырдария қазақтарының отаршылдыққа қарсы көтерілісі бұрқ етті. Бұл қазақтар үшін қарулы күреске өте қолайсыз кезең еді. Ашынған халық шыдай алмады. Әлімұлының Шекті, Төртқара, басқа да рулары дүркірей көтеріліп, Жанқожа батырдың туы астына жиналды. Қарулы қосын 3 мың адамнан 5 мың адамға жетті. Жанқожа батырдың жасағы Қазалы форты мен Перовск форты (қазір Қызылорда қаласы) маңына орналасып, Сырдария шебіне шабуыл жасайды. Қазалыны қоршауға алады. Патша әкімшілігі қатты састы. Үрей биледі оларды. Халық қаһарынан сескенді. Алайда күш, қару-жарақ тең емес еді. Орыс әскерлерін соғыс стратегиясы мен тактикасы ілімдерін жетік меңгерген генералдар мен полковниктер басқарды. Көтерілісшілерді талқандауға басқа қару түрлерімен қатар, ракета қондырғылары қолданылды.             Көтеріліс жеңіліс тапты. Жазалау басталды. Сыр бойы азадан аңыраған үнге толды. Мойындағылары келмесе де, бұл көтеріліс отарлаушыларға біршама сабақ болды деп айта аламыз.             Жанқожа батырға жаратқан ие берген ғұмыр жасы тұйықталып келе жатты. Жеңіліс тапқан баһадүрдің жауы көбейді. Ауқатты, әлділер патша өкіметіне жағынуын күшейтті. Шен-шекпен алуға ұмтылды.             Жанқожа Нұрмұхаммедұлы 1860 жылы бесін намазын оқып отырған кезінде, хан Кененің туысы Елекей сұлтанның бұғып келіп атқан оғынан қаза табады. Сөйтіп, қазақтың тағы бір хас батыры опасыздықтың құрбаны болады.             Кеңестік дәуірде Жанқожа батырдың аты ауызға алынбады. Себебі, отаршылдыққа қарсы күресті. Ол туралы құжаттар құлыпталды. Ақын-жыраулардың өлең-дастандары көзден таса жерлерде сақталды. Тек соңғы он-он бес жылдың бедерінде ғана батыр туралы жазылып, айтыла бастады. Кесене, басқа да есте қалдырар орындар бой көтеріп, кітаптар шығуда.             Жанқожа батырды жаулары да мойындап, ерлігін, қолбасылық дарынын, адами қасиеттерін жоғары бағалаған. Әсіресе, орыс тарихшысы И.Аничковтың 1894 жылы жазған «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» деген очеркі оқиғалар ізі суымай тұрғандағы деректерді тілге тиек етуімен құнды.             Жанқожа батырдың есімін тірілтуде белгілі жазушы Молдахмет Қаназ үлкен еңбек сіңіруде. Ол 2008 жылы шыққан «Ел қорғаған Ер Жәкем» атты көлемді кітаптың құрастырушысы және авторларының бірі болды. Іс мұнымен тамамдалмайды деп ойлаймыз.             Сыр бойының ел-жұрты Жанқожа батырды әулие тұтып, ғажайып оқиғалар толы әңгімелер айтады.             Жанқожа батыр мен оның үзеңгілес серіктерінің қаны бекерге төгілген жоқ. Олар ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен тәуелсіздік таңын жақындатуға қомақты үлес қосты.             Батырдың аруағы алдында басымызды иеміз! Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

... Егінші егін егеді шекпенменен,

Тұқымнан алдырмайды сепкенменен.

Дәуірі Жанқожаның келгеннен соң,

Егінші қала бұзды кетпенменен.

Қазаққа сарт та қылды үлкендікті,

Көрмедік Жәкең барда еш кемдікті.

Қаласын Бабажанның бұзып алып,

Қазаққа алып берді бір теңдікті.

                                               (Мұсабай ақын)

 

            Кіші жүз құрамындағы алты ата Әлім рулар бірлестігі негізінен қазіргі Ақтөбе, Қызылорда облыстарын мекендейді. Ал бұдан екі-үш ғасыр бұрын Әлімұлының бірқатар рулары сол кезде Хиуа, Қоқан, Бұхара хандықтары аталған мемлекеттермен, сондай-ақ Қарақалпақ елімен іргелес ғұмыр кешкені тарихтан белгілі жайт.

            Жанқожа Нұрмұхаммедұлы (1774-1860ж.ж.) шекті руынан шыққан. Шектіден Орыс, Жақайым, Жанқылыш. Орыстан Есенәлі, одан Кішкене. Кішкенеден алтау. Солардың бірі Құттық. Құттықтан Киікбай, одан Нұрмұхаммед. Жанқожа батыр осы Нұрмұхаммедтің бел баласы болып келеді.

            Шекті - қалың ру. Сыр Шектісі, Қыр Шектісі болып аталады екен. Сыр шектісі дария бойын мекендеп, егіншілік, мал шаруашылығы, саудамен айналысса, көшін сонау Қызылқұмға қарай бағыттаған қыр шектілері тек мал шаруашылығымен шұғылданып, ара-арасында сарт саудагерлерінің керуеніне кіреші болып жалданып, күндерін көрсе керек.

            Жанқожаның әділеттілікті сүйетін, батырлық қасиеттері он бес жасында-ақ байқалыпты. Сол кезде Сыр бойының қазақтарын Қылыш батыр деген билейді екен. Ол шығыстан келетін керуен жолын тосып, жыл сайын олардан зекет алып тұрса керек. Саудагерлер, яғни, қожайындар сарт болғанмен, кірешілердің дені Әлімұлының адамдары еді. Жаңағы дәніккен Қылыш батыр саудагерлерден алғанын місе тұтпай, енді өз аталастары кірешілерден де «зекет» деп алым алатын болыпты. Бұл сол кездің заңына қайшы келсе керек. Бірде Қылышбайдың інісі Күйеубай алыстан арып-ашып келе жатқан кірешілерді тоқтатып, көп мал тартып алады. «Ағайынды тонағандарың қалай?» деп, үлкендер Қылышқа барса, ол құлақ аспай қояды. Он бес жасар Жанқожа кірешілер ішінде екен. Ашу-ызадан булыққан бозбала Қылышқа тап беріп, айбалтаның ұңғы жағымен періп жіберіп, бет қаратпайтын Қылыш батырды талдырып тастайды. Әрине, қазақшылықпен қарағанда, үлкен кісіге, ағайынға қол жұмсау ағаттық, тіпті күнә деуге болады. Кейде «мың асқанға, бір тосқан» керек-ақ қой.

            Жанқожаның әкесі Нұрмұхаммед пен Қылыш батыр құрдас, сыйлас жандар екен. Әкесіндей адамға қол көтергені үшін Нұрмұхаммед баласын байлап алып, өлтір деп Қылышқа алып келеді. Тегін адам ел билей ме, батыр атана ма?! Қылыш батыр айыпты өзім, Жанқожаның жазығы жоқ, өлтірмеймін, батыр бол деп батамды беремін дейді. Содан бастап Жанқожа Нұрмұхаммедтің шолақ найзалы батыр баласы атанып кетеді.

            Жанқожа батырдың жетпіс жылдай өмірі ат үстінде өтті. Ол біресе Хиуа, Қоқан хандарының шапқыншыларымен шайқасса, бірде қарақалпақ «ағайындардың» жорықтарына тойтарыс беру ұрыстарына басшылық жасады. Мұны бірінші майдан деңіз.

            Орынбор жақтан орыстар қара шегірткедей қаптап келе жатты. Қазақ хандықтары өмір сүруін тоқтатып, отарлау саясаты кең өріс алған тұс еді бұл. Діндес елдерге келгенде аяғын аңдап басатын патшалық Ресей, бұратана халықтарға келгенде үнемі күш көрсету саясатын қолайлы көрді. Қалаған жеріне қала салып, тілеген жеріне бекіністер орната бастады. Елдің тынысы, малдың өрісі тарылды. Жанқожа батыр күреске шықты. Мұны екінші майдан деңіз.

            Халық қозғалысы, ұлт азаттық көтерілісі, көрші елдермен қақтығыстар сияқты жағдаяттар қазақтың кең даласында өте көп болған ғой. Алайда, бұл бас көтерулерге бүкіл ел-жұрт қосыла бермеген. Басшы қай ата, қай рудан болса, негізінен ұранға солар ғана қосылып отырған. Жанқожа батырдың жасағында негізінен шектілер болғаны мәлім. Жұмыр басты пенде өзін ешкімнен кем санамайды ғой. Жанқожаның беделін қызғанғандар да аз болмаған сыңайлы. Ал сұлтандар жағының бірде тату, бірде қату бағыт ұстағаны да белгілі жайт.

            Осылайша, Жанқожа батыр екі майданда жанкештілік көрсетуге мәжбүр болды.

            Иә, алты ата Әлім Кіші жүзге кіреді. Қазіргі өлшеммен алсақ, бұл Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары, жартылай Қызылорда облысының аумағы ғой. Хандық құлады. Елдің батыс өңірі ақ патшаға бас иді. Демек, қоныс шалғайлығынан кіші жүзге қараған рулар тығыз байланыс жасай алмады. Ал Жанқожа батыр болса, аталас шектілерімен жердің шетінде, желдің өтінде жүрді. Орта жүздің ханы есебіндегі Кенесары Қасымұлы Сарыарқаны дүбірлетіп жатты. Екі батыр патша өкіметін де мойындамады, Хиуа, Қоқан, Бұхара хандықтарына да илікпеді.

            Қонысы жақын болғандықтан, Жанқожа батыр Хиуамен көп қидаласты. «Бөліп ал да, билей бер» саясатын ұстанған хиуалықтар бір орталыққа бағынбаған, бытыраңқы қазақтарға шабуылды үдете түсті. Бекіністерін салып, бектерін отырғызып, тұрақты әскери қосындарын ұстады. Сөйтіп, іргедегі қазақтардың мал-мүлкін тартып алып, беті қызыл қыз-келіншектердің абыройын төкті. Бекіністегі бектер өз сарайына түн сайын жас өскін қыздарды алдырып тұруды әдетке айналдырды. Жұрт Жанқожа батырға жылап баратын болды. Ол атқа мінді.

            Жанқожа батырдың жасағы Хиуа хандығының Бабажан, Бесқала, Қуаңдариядағы бекіністерін қиратады. Кенесары Қасымұлының сарбаздарымен бірлесіп, Жаңақорған, Күмісқорған, Шымқорған, Қосқорғанға шабуыл жасайды. Жанқожа батыр Кенесары Қасымұлының өтініші бойынша, қоқандықтардың Созақ бекінісін алуға қатысады. 1845 жылы Сырдарияның төменгі жағындағы бекіністерді қалпына келтіруге жіберілген екі мың адамнан тұратын Хиуа отрядын талқандайды. Сол кездің өзінде Хиуа, Қоқандықтарда ақ мылтық мол болса керек. Қазақтардың негізгі қаруы қылыш, найза, айбалта, ішінара шимылтық, садақ болыпты. От қаруға қарсы бару үшін қандай жүрек керек, ә!

            Жанқожа батыр Хиуа, Қоқан хандықтарымен болған соғыстарда оңтайы келгенде, патша әскерлерінің көмегіне сүйеніп отырған. Бұл саясаткердің амалсыздықтан барған қадамы болатын.

            Жанқожа батырдың қолбасылық дарынын айтпай кетуге болмайды. Қоқанның Созақ қамалын алуға мұрындық болған Кенесары Қасымұлы еді. Оның қол астында 1500 төлеңгіт болса, Жанқожа батыр 500 іріктелген жігіттермен келіпті. Хан Кене алғашқыда аз әскермен келген Жанқожаға суық қабақ танытса керек. Созақты қоршағанда Ұлы жүздің де жасағы болыпты. Иә, сол кездегі дәстүр бойынша, қазақтың үш жүзінің жасақтары үш кезекте  шабуылға шығуға тиісті болады. Сөз жоқ, бірінші жол ағаға тиесілі ғой. Жігіттер андыздап лап береді. Қамал берік, мергендер мылтықтарының түтінін бір-біріне қосып оқ жаудыруда. Қанша ұмтылса да, айқай-сүрең салса да, ұлы жүздік ағайындар қамалға маңайлай алмайды. Сөйтіп, екі жақ та тыныс алуға кіріседі. Мерт болғандар жинастырылып, жаралыларға көмек көрсетіледі. Ертеңгі кезек орта жүздікі, яғни хан Кенеге беріледі. Одан кейін соңғы кезек Жанқожа батырдікі.

            Таңертең Кенесары төлеңгіттері ұрысқа дайындалып жатқанда, «Жанқожа қосыны орнында жоқ, қашып кетіпті» деген сөз тарайды. Шынында да Жанқожа батырдың жасағы ізім-қайым жоқ болып шығады. Долданған Кенесары әскерін қамалға бастайды.

            Көріпкелдік қасиеттен құр емес Жанқожа батыр Қоқаннан көмекке әскер келе жатқанын сезіп, солардың жолын тосады. Айтқандай, бойы мен ені бірдей дерлік Тоған балуан бастап келе жатқан сегіз жүз әскерді бөрі тиген қойдай тоз-тоз етіп, Тоған батырды бір өзі байлап алып, Созаққа қайтып оралады. Қайтып келсе, сол баяғы көрініс. Қамал бет бақтырмай жатыр. Хан Кененің төлеңгіттері көп шығынға ұшырап, арындары басылып қалыпты. Кеш түсіп, ұрыс тоқтайды. Ертеңгі кезек кіші жүздікі. Таңертең Жанқожа батыр Төремұрат жырауды 500 серігінің алдына шығарып, жігерді жанитын жыр толғатады.

            Жанқожа батыр бүкіл жасағымен лап бермейді. Жанына оншақты жігітті ертіп, неше түрлі оқыс қимылдар жасап, жауған оқты дарытпай, мылтықтың оғы қауіп төндірмейтін қамал қабырғасына жетіп, қақпаны балталап бұзып, жасағына жол ашады. Қазаққа тозақтай болған Созақ қамалы осылайша құлайды. Жанқожа батырдың аты алыстарға кетеді. Достары арқаланып, жауларының құты қашады.

            Жанқожа батыр Сауран қамалын алып, қасиетті Түркістанға бағыт түзейді. Ойлап отырсаңыз, қазіргі Қазақстан аумағындағы көптеген қала, кент, сулы да нулы жерлер, мыңғырған малға өріс болған өңірлер жатқа жем болмай, атам қазақтың иелігінде қалды. Мұны Жанқожа батырдың ересен еңбегі деп қабылдау қажет.

            Сол кездегі қалыптасқан дәстүр бойынша, жауласқан жақтардың әскерлері бетпе-бет келгенде, қолбасылар жекпе-жекке шыққан ғой. Жанқожа батыр бірде-бір рет жеңіліп көрмепті. Хиуа әскерін бастап келген Тықы батырды, Қоқан әскеріне көмекке келе жатқан Тоған балуанды, тағы көптеген баһадүрлерді жеңіп шығуы ел ақындары жырларында, аңызға бергісіз әңгімелерде сақталып қалыпты.

            Сонымен Жанқожа батыр Орта Азия хандарын біршама тәубесіне келтіреді. Есесіне орыс экспансиясы кең өріс ала түсті. Патша үкіметінің әскері зеңбіректерін сүйретіп, мылтықтарын шошаңдатып ішке қарай сұғына түсті. Олардың соңынан қарашекпенді қоныстанушылар ағылды. Орал казактарының отбасылары байырғы қазақ кенттеріне орныға бастады. Жердің шұрайлысы, судың мөлдірі, шөптің шүйгіні келімсектерге тиесілі болды. Тілі, діні, ділі бөлек бұлар жергілікті халықты жабайы санады. Шығыс мәдениетін ұқпады. Көкіректеріне нан пісті. Сөйтіп, бірден жергілікті халықпен тұздары жараспады. Сыр бойының қазақтары қатты толқыды. Бітеу жара сыздап, намысы бар ерлерді бебеу қақтырды. Екі арада кішігірім қақтығыстар жиі орын алды. Өрістегі мал талауға түсті. Кісі өлімі көбейді. Патша өкіметінің жергілікті әкімшілігі қазақтарға қырын қарап, арыз-шағымдарына құлақ аспады.

            1856 жылдың желтоқсан айында Сырдария қазақтарының отаршылдыққа қарсы көтерілісі бұрқ етті. Бұл қазақтар үшін қарулы күреске өте қолайсыз кезең еді. Ашынған халық шыдай алмады. Әлімұлының Шекті, Төртқара, басқа да рулары дүркірей көтеріліп, Жанқожа батырдың туы астына жиналды. Қарулы қосын 3 мың адамнан 5 мың адамға жетті. Жанқожа батырдың жасағы Қазалы форты мен Перовск форты (қазір Қызылорда қаласы) маңына орналасып, Сырдария шебіне шабуыл жасайды. Қазалыны қоршауға алады. Патша әкімшілігі қатты састы. Үрей биледі оларды. Халық қаһарынан сескенді. Алайда күш, қару-жарақ тең емес еді. Орыс әскерлерін соғыс стратегиясы мен тактикасы ілімдерін жетік меңгерген генералдар мен полковниктер басқарды. Көтерілісшілерді талқандауға басқа қару түрлерімен қатар, ракета қондырғылары қолданылды.

            Көтеріліс жеңіліс тапты. Жазалау басталды. Сыр бойы азадан аңыраған үнге толды. Мойындағылары келмесе де, бұл көтеріліс отарлаушыларға біршама сабақ болды деп айта аламыз.

            Жанқожа батырға жаратқан ие берген ғұмыр жасы тұйықталып келе жатты. Жеңіліс тапқан баһадүрдің жауы көбейді. Ауқатты, әлділер патша өкіметіне жағынуын күшейтті. Шен-шекпен алуға ұмтылды.

            Жанқожа Нұрмұхаммедұлы 1860 жылы бесін намазын оқып отырған кезінде, хан Кененің туысы Елекей сұлтанның бұғып келіп атқан оғынан қаза табады. Сөйтіп, қазақтың тағы бір хас батыры опасыздықтың құрбаны болады.

            Кеңестік дәуірде Жанқожа батырдың аты ауызға алынбады. Себебі, отаршылдыққа қарсы күресті. Ол туралы құжаттар құлыпталды. Ақын-жыраулардың өлең-дастандары көзден таса жерлерде сақталды. Тек соңғы он-он бес жылдың бедерінде ғана батыр туралы жазылып, айтыла бастады. Кесене, басқа да есте қалдырар орындар бой көтеріп, кітаптар шығуда.

            Жанқожа батырды жаулары да мойындап, ерлігін, қолбасылық дарынын, адами қасиеттерін жоғары бағалаған. Әсіресе, орыс тарихшысы И.Аничковтың 1894 жылы жазған «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» деген очеркі оқиғалар ізі суымай тұрғандағы деректерді тілге тиек етуімен құнды.

            Жанқожа батырдың есімін тірілтуде белгілі жазушы Молдахмет Қаназ үлкен еңбек сіңіруде. Ол 2008 жылы шыққан «Ел қорғаған Ер Жәкем» атты көлемді кітаптың құрастырушысы және авторларының бірі болды. Іс мұнымен тамамдалмайды деп ойлаймыз.

            Сыр бойының ел-жұрты Жанқожа батырды әулие тұтып, ғажайып оқиғалар толы әңгімелер айтады.

            Жанқожа батыр мен оның үзеңгілес серіктерінің қаны бекерге төгілген жоқ. Олар ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен тәуелсіздік таңын жақындатуға қомақты үлес қосты.

            Батырдың аруағы алдында басымызды иеміз!

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: