Бес теңге

19 Қараша 2013, 10:22

Қайсар ата-әжесінің бауырында өсіп келеді. Туған әке-шешесі, құдайға шүкір, дін аман. Ол екеуі қызмет жағдайына байланысты Ресейдің көрші облысында тұрды. Соның салдарынан орысша сөйлеуге бейім де, қазақ тіліне өте шорқақ. Ата-әжесіне бұл ұнамайды. Олар ауылдан қалаға қоныс аударған бойда, әлі тілі шыға қоймаған Қайсарды өз тәрбиелеріне алған болатын. Қайсар есін біле бастағанда түстеп-танығаны ата-әжесі болды да, өз әке-апасы үйге жиі келетін жақын туыстардай көрінді. Жүрегі сезеді, әрине. Бертін келе әке-апасының өзара әңгімелерін естіп қалып жүрді.             - Екеуі де мұғалім болған адамдар ғой. Қайсарға дұрыс тәрбие береді, - деген еді бірде әкесі орысшалап.             - Мен сол үшін де келісімімді берген жоқпын ба, - деп еді сонда апасы да орыс тілінде сөйлеп. Қайсар бұл сөздердің ұзын-ырғасын түсінген болатын.             Қайсардың тілі қазақ тілінде шықты. Ата-әжесінің мақсаты да осы болатын. Әжесі үй шаруасымен айналысады. Ал атасы болса, сыртқа шығып, серуендегенді ұнатады. Қайсар үнемі қасында. Үй маңында әдемі субұрқақ бар. Мезгіл сәскеге жақындағанда іске қосылды. Тар түтіктерден атқып шыққан су биікке көтеріліп барып, төмен құлағанда, миллиондаған мөлдіп моншақтар бөлініп шығып, әсем көріністерді алға тартады. Қайсар қызыға, әсерлене қарайды бұған. Жас бала әуесқой келеді ғой о бастан. «Анау кім, мынау не?» деп жиі сұрайды атасынан. Ол жалықпай, барынша дәл түсінік береді. Жаңа тілі шыға бастаған сәбиге әр сөздің мағынасын бірден дұрыс жеткізу өте маңызды. Кезінде мұғалім болып қызмет істеген атасы бұл қағиданы өте жақсы білсе керек.             Қайсар үйге келген әке-апасын ұялта бастады. Олардың орысша араластыра сөйлеген сөздерін мүлдем түсінбеген сыңай танытып, сауалдарына қазақ тілінде жауап қайтаратын болды.             - Ал енді қазақ тілін балаларыңнан үйреніңдер, - деп әке-апасын одан әрі ұялта түсетін атасы кеңк-кеңк күліп.             Дегенмен намысқа шауып, екеуі де бірте-бірте қазақ тілінде жатығырақ сөйлейтін болды. Бұл да ата-әжесінің алға қойған мақсаттарының бірі еді. Кішкентай болса да, Қайсар мұны түйсігімен шамалаған-ды.             Қайсарды балабақшаға беру мәселесі қозғалғанда, төрт ересек адамның ойлары бір жерден шықты. Қаланың орталығындағы «Балапан» балабақшасына бара бастаған Қайсар ондағы тәртіп-талапқа тез үйреніп кетті. Бес жасқа келгенінде «Әліппемен» танысуға мүмкіндік туды. Қатырма қағаздан әдеміленіп жасалған әріптерді өз қалауынша орналастырып, «ата, әже, апа, әке» деп сөз құрайтын болды.             Саз сабағы өтетін бөлменің бір қабырғасы Мемлекеттік нышандар бейнеленген суреттерге толы. Қайсар соларға жиі назар аударып, айрықша белгілерін көңіліне тоқып қалуға тырысады. Әнұраннан өзі біліп алған әріптерді танып, ежіктеп оқи бастайды.             Қайсарды балабақшадан көбіне атасы алып қайтады. Екеуі асықпай аяңдап, өзара шүйіркелесе сөйлесіп келе жатады. Атасы қай кезде де, қандай жағдайда да тәлім-тәрбие мәселесін бірінші кезекке қоятын сыңайлы. Бұл да Қайсар үшін. «Үлкенге - ізет, кішіге - құрмет» атасының бұлжымас қағидасы іспетті. Көше бойымен келе жатқанда, атасы өзінен жасы үлкендеу жүзтаныс адам кездессе, басын сәл иіп, сәлемдесудің рәсімін жасайды. Ал таныс-білістігі молырақ адамын жолықтырса, қос қолын ұсынып, амандық-саулық сұрасып, біраз кідіріп қалады. Жасы кішілер сәлемдесе қалғанда, жүзінен мейірім шуағы төгіліп, «бар бол, шырағым», «өркенің өссін», «дегеніңе жет» деген сөздерді айтуды есінен шығармайды.             Бүгін де Қайсарды балабақшадан атасы алып келе жатты. Әңгімелері жарасқан.             - Құдай қаласа, келесі жылы мектепке барасың, жаным! Онда енді, балабақшадай болмайды. Үлкен жауапкершілік жүктеледі, түсінемісің мұны, - деді атасы Қайсардың төбе тұсын сипалап.             - Түсінемін, ата, білім жолы оңай емес дейсің ғой өзің әрдайым. Бұл есімде менің, - деп жауап қайтарды ол.             Үйге баратын жолда «Барыс» ойын-сауық орталығы бар. Есіктің қыр көзіндегі дүңгіршекте балмұздақ сатылады. Аталы-балалы екеуі оны айналып өткен емес. Атасы әдеттегідей қалтасына қолын салып, темір ақшалар алып шығып, Қайсарға ұсынды. Есептеп көріп еді, қырық теңге болып шықты. Балмұздақ отыз бес теңге тұратынын біледі. Сатушы қыз ұсынған балмұздақты ала бергенде, бес теңгелік саусақтары арасынан сусып түсіп, әлдеқайда дөңгеленіп кетті. Қайсар іздей бастады. Асфальт таза сыпырылған болатын. Тек тұтқиылдан тиісетін құйын жел ұшырып түсірген ағаш жапырақтары жатыр әр жерде шашырап. Дүңгіршекте кезекке тұрғандар қолында ери бастаған балмұздағына көңіл аудармай, жер шұқылап жүрген балаға таңдана қарай бастады.             - Әй, бала, не іздеп жүрсің? - деп дауыстады кезекте тұрған ақ көйлекті жігіт алға ұмсына.             - Бес теңгем түсіп кетіп... - деді Қайсар басын көтермей.             - Соны да ақша деп. Мә, мен саған елу теңге берейін, ала ғой, - деді жаңағы жігіт Қайсарға біртабан жақындай түсіп.             - Жо-жоқ, рахмет! Тауып алуға тиіспін оны, - деді Қайсар өжеттеніп.             - Апыр-ай, қазіргінің сәбиіне шейін теңге деп тақылдап тұрғанын қарашы, - деді кезектегі қартаң әйелдердің бірі.             Қайсар іздегенін тапқан еді сол сәтте. Бес теңгелік темір ақша шашырап жатқан жапырақтардың бірінің астына түскен екен. Саусағының ұшымен шаңын сүртіп, атасын көзімен іздей бастады. Ол таяу келіп қалған екен. Кезектегілер жас бала мен егде адамға біртүрлі сынай қарағандай. Қайсар атасына жақын келді.             - Жарайсың, құлыным, - деді атасы төбесінен иіскеп.             - Мұқияттылық жақсы ғой, әрине! Дегенмен, бес теңге үшін осынша әбігерленіп... - деді Қайсарға елу теңге бермек болған жігіт.             - Иә, шырағым, бес теңге көп ақша емес. Ондай шығын шаңырақты шайқалта қоймайды. Гәп басқада боп тұр ғой, - деді атасы, - солай емес пе, Қайсаржан?             Жұрт тына қалды. Бала не айтар екен деп.             - Бес теңгеде елтаңбамыздың бедері бар ғой. Оны қалай аяқасты етпекпін! - деді Қайсар нақпа-нақтап.             Атасы толқып кетіп, көзіне жас алды. Кезекте тұрғандар ойланып қалды. Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Қайсар ата-әжесінің бауырында өсіп келеді. Туған әке-шешесі, құдайға шүкір, дін аман. Ол екеуі қызмет жағдайына байланысты Ресейдің көрші облысында тұрды. Соның салдарынан орысша сөйлеуге бейім де, қазақ тіліне өте шорқақ. Ата-әжесіне бұл ұнамайды. Олар ауылдан қалаға қоныс аударған бойда, әлі тілі шыға қоймаған Қайсарды өз тәрбиелеріне алған болатын. Қайсар есін біле бастағанда түстеп-танығаны ата-әжесі болды да, өз әке-апасы үйге жиі келетін жақын туыстардай көрінді. Жүрегі сезеді, әрине. Бертін келе әке-апасының өзара әңгімелерін естіп қалып жүрді.

            - Екеуі де мұғалім болған адамдар ғой. Қайсарға дұрыс тәрбие береді, - деген еді бірде әкесі орысшалап.

            - Мен сол үшін де келісімімді берген жоқпын ба, - деп еді сонда апасы да орыс тілінде сөйлеп. Қайсар бұл сөздердің ұзын-ырғасын түсінген болатын.

            Қайсардың тілі қазақ тілінде шықты. Ата-әжесінің мақсаты да осы болатын. Әжесі үй шаруасымен айналысады. Ал атасы болса, сыртқа шығып, серуендегенді ұнатады. Қайсар үнемі қасында. Үй маңында әдемі субұрқақ бар. Мезгіл сәскеге жақындағанда іске қосылды. Тар түтіктерден атқып шыққан су биікке көтеріліп барып, төмен құлағанда, миллиондаған мөлдіп моншақтар бөлініп шығып, әсем көріністерді алға тартады. Қайсар қызыға, әсерлене қарайды бұған. Жас бала әуесқой келеді ғой о бастан. «Анау кім, мынау не?» деп жиі сұрайды атасынан. Ол жалықпай, барынша дәл түсінік береді. Жаңа тілі шыға бастаған сәбиге әр сөздің мағынасын бірден дұрыс жеткізу өте маңызды. Кезінде мұғалім болып қызмет істеген атасы бұл қағиданы өте жақсы білсе керек.

            Қайсар үйге келген әке-апасын ұялта бастады. Олардың орысша араластыра сөйлеген сөздерін мүлдем түсінбеген сыңай танытып, сауалдарына қазақ тілінде жауап қайтаратын болды.

            - Ал енді қазақ тілін балаларыңнан үйреніңдер, - деп әке-апасын одан әрі ұялта түсетін атасы кеңк-кеңк күліп.

            Дегенмен намысқа шауып, екеуі де бірте-бірте қазақ тілінде жатығырақ сөйлейтін болды. Бұл да ата-әжесінің алға қойған мақсаттарының бірі еді. Кішкентай болса да, Қайсар мұны түйсігімен шамалаған-ды.

            Қайсарды балабақшаға беру мәселесі қозғалғанда, төрт ересек адамның ойлары бір жерден шықты. Қаланың орталығындағы «Балапан» балабақшасына бара бастаған Қайсар ондағы тәртіп-талапқа тез үйреніп кетті. Бес жасқа келгенінде «Әліппемен» танысуға мүмкіндік туды. Қатырма қағаздан әдеміленіп жасалған әріптерді өз қалауынша орналастырып, «ата, әже, апа, әке» деп сөз құрайтын болды.

            Саз сабағы өтетін бөлменің бір қабырғасы Мемлекеттік нышандар бейнеленген суреттерге толы. Қайсар соларға жиі назар аударып, айрықша белгілерін көңіліне тоқып қалуға тырысады. Әнұраннан өзі біліп алған әріптерді танып, ежіктеп оқи бастайды.

            Қайсарды балабақшадан көбіне атасы алып қайтады. Екеуі асықпай аяңдап, өзара шүйіркелесе сөйлесіп келе жатады. Атасы қай кезде де, қандай жағдайда да тәлім-тәрбие мәселесін бірінші кезекке қоятын сыңайлы. Бұл да Қайсар үшін. «Үлкенге - ізет, кішіге - құрмет» атасының бұлжымас қағидасы іспетті. Көше бойымен келе жатқанда, атасы өзінен жасы үлкендеу жүзтаныс адам кездессе, басын сәл иіп, сәлемдесудің рәсімін жасайды. Ал таныс-білістігі молырақ адамын жолықтырса, қос қолын ұсынып, амандық-саулық сұрасып, біраз кідіріп қалады. Жасы кішілер сәлемдесе қалғанда, жүзінен мейірім шуағы төгіліп, «бар бол, шырағым», «өркенің өссін», «дегеніңе жет» деген сөздерді айтуды есінен шығармайды.

            Бүгін де Қайсарды балабақшадан атасы алып келе жатты. Әңгімелері жарасқан.

            - Құдай қаласа, келесі жылы мектепке барасың, жаным! Онда енді, балабақшадай болмайды. Үлкен жауапкершілік жүктеледі, түсінемісің мұны, - деді атасы Қайсардың төбе тұсын сипалап.

            - Түсінемін, ата, білім жолы оңай емес дейсің ғой өзің әрдайым. Бұл есімде менің, - деп жауап қайтарды ол.

            Үйге баратын жолда «Барыс» ойын-сауық орталығы бар. Есіктің қыр көзіндегі дүңгіршекте балмұздақ сатылады. Аталы-балалы екеуі оны айналып өткен емес. Атасы әдеттегідей қалтасына қолын салып, темір ақшалар алып шығып, Қайсарға ұсынды. Есептеп көріп еді, қырық теңге болып шықты. Балмұздақ отыз бес теңге тұратынын біледі. Сатушы қыз ұсынған балмұздақты ала бергенде, бес теңгелік саусақтары арасынан сусып түсіп, әлдеқайда дөңгеленіп кетті. Қайсар іздей бастады. Асфальт таза сыпырылған болатын. Тек тұтқиылдан тиісетін құйын жел ұшырып түсірген ағаш жапырақтары жатыр әр жерде шашырап. Дүңгіршекте кезекке тұрғандар қолында ери бастаған балмұздағына көңіл аудармай, жер шұқылап жүрген балаға таңдана қарай бастады.

            - Әй, бала, не іздеп жүрсің? - деп дауыстады кезекте тұрған ақ көйлекті жігіт алға ұмсына.

            - Бес теңгем түсіп кетіп... - деді Қайсар басын көтермей.

            - Соны да ақша деп. Мә, мен саған елу теңге берейін, ала ғой, - деді жаңағы жігіт Қайсарға біртабан жақындай түсіп.

            - Жо-жоқ, рахмет! Тауып алуға тиіспін оны, - деді Қайсар өжеттеніп.

            - Апыр-ай, қазіргінің сәбиіне шейін теңге деп тақылдап тұрғанын қарашы, - деді кезектегі қартаң әйелдердің бірі.

            Қайсар іздегенін тапқан еді сол сәтте. Бес теңгелік темір ақша шашырап жатқан жапырақтардың бірінің астына түскен екен. Саусағының ұшымен шаңын сүртіп, атасын көзімен іздей бастады. Ол таяу келіп қалған екен. Кезектегілер жас бала мен егде адамға біртүрлі сынай қарағандай. Қайсар атасына жақын келді.

            - Жарайсың, құлыным, - деді атасы төбесінен иіскеп.

            - Мұқияттылық жақсы ғой, әрине! Дегенмен, бес теңге үшін осынша әбігерленіп... - деді Қайсарға елу теңге бермек болған жігіт.

            - Иә, шырағым, бес теңге көп ақша емес. Ондай шығын шаңырақты шайқалта қоймайды. Гәп басқада боп тұр ғой, - деді атасы, - солай емес пе, Қайсаржан?

            Жұрт тына қалды. Бала не айтар екен деп.

            - Бес теңгеде елтаңбамыздың бедері бар ғой. Оны қалай аяқасты етпекпін! - деді Қайсар нақпа-нақтап.

            Атасы толқып кетіп, көзіне жас алды. Кезекте тұрғандар ойланып қалды.

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: