Арқалы ақын - Ақ Жайықта

19 Қараша 2013, 10:19

     Қазақ өлеңінің хас шебері Мұқағали Мақатаевтың жолы Орал өңіріне екі рет қана түскен еді. 1968 жылдың жайсаң жазы болатын. Алматыдан белгілі ақындар Хамит Ерғалиев, Берқайыр Аманшин, Мұқағали Мақатаев келіп, бірден Жымпиты (қазір Сырым), Қаратөбе аудандары бағытына жүріп кетті. Оларға Оралдан жас ақын Жанғали Набиуллин қосылды. Екі-үш күннен кейін кері оралды. Мұқағали ақын Қаратөбе ауданындағы «Саралжын» кеңшарында (қазір Мұхит ауылы) тосыннан ауырып қалып, шұғыл түрде облыс орталығына жеткізіліп, ұшақпен Алматыға аттанып кетті. Хамит Ерғалиев пен Берқайыр Аманшин Оралда екі-үш күндей аялдап, облыс басшысы Шәпет Қоспановпен жүздесіп, қаланы аралап, Жайық пен Шағанға шомылып, біраз мауықтарын басты. Мен сол кезде институтты жақында ғана тамамдап, облыстық газетке қызметке қабылданған болатынмын. Редакторымыз қазақша кітап оқымайтын, орысқол адам еді. «Сенің өлең-сөлең жазатыныңды жаңа біліп жатырмын. Анау Алматыдан келген ақындардың кеткенше қасында бол» деді. Сірә, жоғары жақтан бір нұсқау болған сияқты. «Іздегенге - сұраған», қуана келістім. Хамит ақын соғыстың алдында Орал рабфагында (жұмысшылар факультеті) оқыған екен. Ал Берағаң осы өңірдің азаматы, біраз уақыт Қазақстан Жазушылар одағының Оралдағы облысаралық бөлімшесін басқарған болатын. Қосшы баланың жағдайы белгілі ғой. Бірде ақындармен дәмдес бола қаламын, бірде қоңыр «Волганың» жүргізушісімен әңгіме-дүкен құрамын. Хамаң да, Берағаң да Мұқағали ақынның талантын, адамгершілігін жоғары бағалайды екен. Өзара әңгімелерінен осыны анық байқадым. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген сөзді Хамит ақын арагідік айтып қалады. «Біздің Мұқағалидың жүрегі үлкен, құшағы кең ғой» деген Берағаңның сөздері есімде сақталып қалыпты. Қаратөбе ауданындағы «Саралжын» кеңшарының тұрғындары ақындарды зор қошаметпен қарсы алса керек. Оралдан ән оздырған Мұхит Мерәліұлының жерлестері осал болсын ба, ән мен жыр кезек әуелеп, аса бір әсерлі сауық-сайран салтанат құрған сыңайлы. Арқаланып кеткен ақындар жарыса жыр оқып, жұрт көңілінен шығыпты. Мұқағали ақын табан астынан өлең шығарып, клубтағы кеште дикторға тән дауысымен саңқылдап оқып берсе керек. Ақбақай деген көл екен, Аймағы тегіс гүл екен. Аймалап атамекенін, Қызғыштар қорып жүр екен. Саралжын жері дүр екен, Саралтындардың бірі екен. Салттары мүлде ірі екен, Азаматтары да ірі екен. Махамбет пенен Мұхиттар, Тірі екен, әлі тірі екен! Дастархан басындағы отырыстарда кеңшар директоры арқалы әнші Ғапар Кереев Мұхит бабасының әндерін шырқайды. Тумысынан сері Хамит ақын да домбыраны безілдетіп, Мұхит пен Бала Ораздың әндерін асқақтатады. Жастары Мұқағали ақынмен құралыптас Қаршыға Бүркітов пен Амантай Сүлейменовтің қонақ күту мәдениеті, ойлы да тапқыр сөздері, еңгезердей дене бітімдері сезімі сергек ақынды тәнті етеді. «Мені Алматыдағы ақын-жазушылар арасындағы ең тұлғалысы дейді. Сендер менен де ірі екенсіңдер» деп Мұқағали ақын қос құрбысын құшағына алыпты. Қазір Мұқағали Мақатаевтың кітаптарын оқып отырғанымда, сол сапар әсерлерінен туған шумақтарды кездестіріп қаламын. Арада төрт жылдай уақыт өтті. Ол кезде облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясы қаланың әрбір тұрғынына жете таныс, сыртқы бейнесі шөгіп жатқан әйдік нарға ұқсас патша заманында қызыл кірпіштен салынған үйде болатын. Қазір мұнда Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония мен Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана орналасқан. Иә, содан, жұмысқа ертелеу келіп, мәдениет бөлімінің есігін айқара ашып тастап, баспахана бояуының иісі әлі кетіп үлгермеген газетті оқуға кірістім. Қызметкерлер енді-енді келе бастайды. Коридордың бойымен тақтай еденді сықырлата басып, салмағы әжептәуір ауыр адам келе жатты. Біздің арамызда жоқ кісі, кім де болса. Есігі ашық тұрған біздің кабинетке бір ірі тұлғалы адам кірді. Мойылдай қара шашы кейін қайырылған. Бидай өңді, толық бетті келісті кісі екен. Мезгіл күз болса да, костюмшең, плащы жоқ үстінде. Нұсқаған орындыққа жайғасып, байыпты сәлемдесті қонағым. Бір жерде көрген адамым сияқты, бірақ есіме түсіре алар емеспін. Ол кісінің өзі көмек қолын созды бірінші болып. - Мұқағали Мақатаев деген ағаңыз боламын, - деді аса ашық дауыспен. - Иә, иә, кешіріңіз, ағасы. Алғашқыда тани алмай қалдым, - деп қалбалақтап жатырмын. Ол кез Мұқағали ақынның еліне танылған тұсы болатын. Баспасөз беттерінде жарияланған өлеңдерін, сәл кейінірек шыққан «Қарлығашым, келдің бе?», «Аққулар ұйықтағанда», тағы басқа кітаптарын жұрт іздеп жүріп оқитын еді. Сырттай құлай сыйлайтын ақыным алдымда отыр. Ол кезде менің «Көк майса» атты тұңғыш кітабым жарық көрген болатын. Мұқағали ақынның көзіне қырғыштың қырындай кітапша қайдан түсе қойсын. Ол кісі менің де өлеңмен «ауыратынымды» білмейтін сияқты. Содан сағат тоғызға таман қызметкерлер жиналып қалды. Газеттің жауапты хатшысы Ғарифолла Көшенов Мұқағали ақынды Алматыда оқыған жылдарынан біледі екен. Жазушылар одағының кеңесшісі ақын Жанғали Набиуллин келді. Әңгімелері жарасты олардың. Ғарекең алматылық қонаққа дәм татқызуды ойластырып, маған тапсырмалар бере бастады.             - Ешқайсысыңыздың үйлеріңізге бармаймын. Келіндер қызметте болар, мазаламаңдар оларды. Бүгін жүремін Алматыға, - деді ниетімізді ерін емеурінінен түсінген ақын аға. Сонда да біз кеткенше қонақпен бірге болуға ұйғарым жасадық. Ол кезде Москва-Алматы пойызы Оралға күндізгі 15 сағат шамасында келетін.             Мұқағали ақын өлеңдер топтамасын газетке ұсынатынын айтты. Бірнеше парақ машинка қағазына ірілеу әріптермен жазылған жырлар менің қолыма тиді. Құныға оқып шығып, машинкаға бастырып, үстінен тағы қарап, қолымды қойып, секретариаттағы редакторға арналған папкаға салдым. Арада он шақты минөт өткен шамада, мені редактордың бірінші орынбасары өзіне шақыртты. Соғыста оң қолының алақаны мен білезікті қосып тұрған буынына оқ тигендіктен, қаламды көлденең ұстайтын еді. Көзілдірігінің арғы жағындағы көздері шатынаған, түсі суық, бірақ өте әділ адам болатын. Алдында - өзім дайындаған Мұқағали ақынның өлеңдері. Бастықтың қаламының ұшы орта тұстағы бір өлеңге найзадай шаншылып тұр. «Мына жерін тағы бір оқып шықшы», - деді орынбасар. Иә, өзім де күмәнмен қараған жолдар екен. Іштік қой арағын да, шарабын да, Ит жармасып жүреді балағыма. Әділін айтуым керек, ол кезде партиялық басылым түгіл, қабырға газетіне мұндай өлеңдер жарияланбайтын. Мұқағали ақынның бұл өлеңін неліктен ұсынғанын біле алмадым. Сұрауға батылым бармады.  Жаспыз ғой. Жаңағы «шатақ» өлең сызылып тасталып, қалғандары газетке шығатын болды. Жауапты хатшының бір жапырақ қағазын алып барып, полиграфиздат басқармасының бухгалтериясынан Мұқағали ақынға тиесілі 50 сом қаламақыны алып, авторға табыс еттім.             Үйткенше-бүйткенше сәске болып қалған еді. Ақын ағаны ортамызға алып, кітап магазиніне келдік. Мұқағали ақын Дантенің «Құдіретті комедиясын» орысшадан қазақ тіліне аударып, кітап етіп шығарған екен. Сол бойда үш данасын сатып алып, әрқайсысымызға қолтаңба жазып, сыйлады. Көлемі үлкен, мұқабасы жұқа кенеппен тысталған және оның сыртынан жоғары сапалы қағаз «көйлекше» кигізілген сол кітап, қазір біздің үйдегі ең бағалы жәдігер болып есептеледі. Қолтаңбасы төмендегідей. «Айтқали, дәл бүгінгі күннің ескерткіші болсын! М.Мақатаев, 1972 жыл, 17 октябрь».             Уақыт дегенің зулап барады. Қалалық базар аумағындағы шағындау дәмханаға келдік. Мұқағали ақын іссапар жайын әңгімелей бастады. Ол кезде «Жұлдыз» журналының поэзия бөлімінде қызмет істейді екен. Журналға жазылу мәселесімен Астрахань, Гурьев, Орал облыстарына сапарға шығыпты. Астрахань облысының үш ауданында қазақтар өте тығыз қоныстанған ғой. Алыстағы ағайынмен жүздесіп, шаруасын тындырып, Астрахань қаласындағы мейманханаға ат басын тірейді. Аудандарды аралап жүргенде, Астрахань өзен портындағы қаңғыбастар артелі туралы көп естігені есіне түсіп, автобусқа мініп, тартып кетеді. Еділ өзені Каспий теңізіне құярда сан тарауға бөлініп, жеке-жеке салаға айналатын көрінеді. Су үстінде құжынаған кеме, баржа, әрлі-берлі жүйткіген моторлы қайықтар. Даң-дұң, ың-жың дыбыстан құлақ тұнады. Мұқағали ақын сұрастыра жүріп, қаңғыбастар артелін табады. Артель атаманы жас шамасын айырып болмайтын, аузы-басын бір қарыстай түк басқан еңгезердей орыс екен. Артель кеме, баржалардан қолмен көтеруге болатын жүктерді түсіруге жалданып, күн көретін болса керек. Ақын ағамыз тосын бір шешімге келіп, атаманнан артельге алуын өтінеді. Ол көпті көрген пәле болса керек, алдында тұрған адамның дене бітіміне, сөйлесу мәнеріне, тілді жетік білуіне үлкен маңыз беріп отырғанға ұқсайды. Сөйтіп, алматылық ақын Астрахань портында жүкші-амбал болып жұмыс жасай бастайды. Ол кезде Мұқағали ағамыз жас, күші кемеліне келген кезі ғой. Әрі соғыс жылдарында, бала кезінде қара жұмыс жасап шыныққаны тағы бар дегендей. Қол қаруы ғаламат, мінезі ашық, тапқыр тілді жаңа жүкшіні басы атаман болып, артельдің бүкіл мүшелері жақсы көріп кетіпті. Айтпақшы, атаман Мұқаңның бір киер киімдерін шешкізіп, жұқа кенептен арнайы тігілген амбалдың кең көйлегі мен шалбарын береді. Ақын ағамыздың жүрісі мүлдем өзгеріп, аюша қорбаң-қорбаң ететін болса керек. Оған жаңа достары «медведь-аю» деген кличка беріпті.             Қаңғыбастар артелі мүшелерінде үй, отбасы дегендер болмайды екен. Мұның себебін сұрау намысқа тиетін әрекет деп есептеліп, тыйым салынса керек. Табыс жоғары. Ішім-жем бастан асып жатыр. Атаман - қожайын. Өзі жұмыс жасамайды. Төңкерілген емен бөшке - «тағы». Алдындағы тағы бір төңкерілген бөшке үстінде жейтіні, ішетіні самсап тұр. Қызыл балық, қара уылдырық, армян коньягі, спирт, ананас, апельсин, банан, т.с.с. Әр аптаның жексенбісінде артель мүшелері қомақты жалақы алады атаманның қолынан. Екі тәулік демалыс. Қалаға барып, сал сайранды!             Мұқағали ақын ойлана бастайды. Алматыда отбасы, қызметі, дос-жарандары бар. Іссапардың уақыты әлдеқашан өтіп кетті. Алда әлі Гурьев, Орал тұр. «Ойнадық, күлдік...», осы да жетер деп шешеді. Үн-түнсіз тайып тұруды ыңғайсыз көреді. Жаңа достарына бұл да бауыр басып қалған болатын. Тағдырдың түрлі талқысына түскен жандар ғой олар. «Адамның басы - алланың добы» деген, кім өз тағдырын алдын-ала болжай алғандай... Ақын амбал достарының жағдайына түсінушілікпен қараса керек. Содан, атаманнан артельден босатуды сұрайды. Оның ойы бөлек екен. Мұқаңа үлкен үміт артып, өзі отставкаға шығып, орнына атаман тағайындамақ ниетте екен.             - Аю, сен қол қайратыңа, ақыл қайратың сай адамсың, артельге қатты ұнадың. Басшы болсайшы, - деп үгіттеп бағыпты. Ақыры рұқсатын беріп, банкет жасап, қимай қоштасыпты.             Содан Мұқағали ақын Гурьевте (қазір Атырау) аз уақыт аялдап, журналға жазылу мәселесін Жазушылар одағының кеңесшісі жазушы-драматург Берік Қорқытов ағасына тапсырып, Оралға келген беті екен.             - Облыс бойынша «Жұлдызға» жазылу мәселесін осы отырған өздеріңе тапсырамын, - деді Мұқаң бәрімізді құшағына алғанның ишарасын жасап.             Ақынның Астрахань қаласына қатысты хикаясын дастархандас болғандардың әрқайсысы әртүрлі қабылдағанын байқадым. Максим Горький жазған «Челкаштар» расында да, сол бір жылдарда ірі қалалардың өзен, теңіз порттарында жиі кездесетін болса керек. Мүмкін, Мұқағали ақын портта жүкші болмаған да шығар. Біздерді көңілдендіріп-күлдірейін деген ой тұрды ма көкейінде, кім білсін? Өзім сендім бұған.             Көңілінде бүкпесі жоқ, өте ақжарқын, көпшіл, бауырмашыл адам ретінде ақын Мұқағали Мақатаев жүрегімнің түкпірінде сақталып қалды. Бұдан соң бұл асқақ тұлғаны көрмедім.             1976 жылы сәуір айының бас шенінде Алматыға Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайына келдім. Ол кезде одаққа мүше болмасам да, үміт күттірген жас қаламгер ретінде шақырту алған едім. Мұқағали ақын бұл кезде қатты науқас, ауруханада жатқан болатын. Жағдайы қыл үстінде деп естідік. Облыстардан келген кексе қаламгерлер көңілін сұрауға, дұрысы қоштасып, арыздасып қалуға, топ-топ болып барып жатты. Біздер, жастар жағы үлкен ақын жөнді танып-білмейтін болған соң, ыңғайсыз шығар деп, тартынып қалдық.             Ақын Мұқағали Мақатаев қазақ өлеңін тың сапалық биіктерге көтерді. Өзінің алдындағыларға да, тұстастарына да, соңындағыларға да үлгі тұтар жол тастап кетті. Осынысымен ел есінде қалды! Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

     Қазақ өлеңінің хас шебері Мұқағали Мақатаевтың жолы Орал өңіріне екі рет қана түскен еді.

1968 жылдың жайсаң жазы болатын. Алматыдан белгілі ақындар Хамит Ерғалиев, Берқайыр Аманшин, Мұқағали Мақатаев келіп, бірден Жымпиты (қазір Сырым), Қаратөбе аудандары бағытына жүріп кетті. Оларға Оралдан жас ақын Жанғали Набиуллин қосылды. Екі-үш күннен кейін кері оралды. Мұқағали ақын Қаратөбе ауданындағы «Саралжын» кеңшарында (қазір Мұхит ауылы) тосыннан ауырып қалып, шұғыл түрде облыс орталығына жеткізіліп, ұшақпен Алматыға аттанып кетті. Хамит Ерғалиев пен Берқайыр Аманшин Оралда екі-үш күндей аялдап, облыс басшысы Шәпет Қоспановпен жүздесіп, қаланы аралап, Жайық пен Шағанға шомылып, біраз мауықтарын басты.

Мен сол кезде институтты жақында ғана тамамдап, облыстық газетке қызметке қабылданған болатынмын. Редакторымыз қазақша кітап оқымайтын, орысқол адам еді. «Сенің өлең-сөлең жазатыныңды жаңа біліп жатырмын. Анау Алматыдан келген ақындардың кеткенше қасында бол» деді. Сірә, жоғары жақтан бір нұсқау болған сияқты. «Іздегенге - сұраған», қуана келістім. Хамит ақын соғыстың алдында Орал рабфагында (жұмысшылар факультеті) оқыған екен. Ал Берағаң осы өңірдің азаматы, біраз уақыт Қазақстан Жазушылар одағының Оралдағы облысаралық бөлімшесін басқарған болатын.

Қосшы баланың жағдайы белгілі ғой. Бірде ақындармен дәмдес бола қаламын, бірде қоңыр «Волганың» жүргізушісімен әңгіме-дүкен құрамын.

Хамаң да, Берағаң да Мұқағали ақынның талантын, адамгершілігін жоғары бағалайды екен. Өзара әңгімелерінен осыны анық байқадым. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген сөзді Хамит ақын арагідік айтып қалады. «Біздің Мұқағалидың жүрегі үлкен, құшағы кең ғой» деген Берағаңның сөздері есімде сақталып қалыпты.

Қаратөбе ауданындағы «Саралжын» кеңшарының тұрғындары ақындарды зор қошаметпен қарсы алса керек. Оралдан ән оздырған Мұхит Мерәліұлының жерлестері осал болсын ба, ән мен жыр кезек әуелеп, аса бір әсерлі сауық-сайран салтанат құрған сыңайлы. Арқаланып кеткен ақындар жарыса жыр оқып, жұрт көңілінен шығыпты. Мұқағали ақын табан астынан өлең шығарып, клубтағы кеште дикторға тән дауысымен саңқылдап оқып берсе керек.

Ақбақай деген көл екен,

Аймағы тегіс гүл екен.

Аймалап атамекенін,

Қызғыштар қорып жүр екен.

Саралжын жері дүр екен,

Саралтындардың бірі екен.

Салттары мүлде ірі екен,

Азаматтары да ірі екен.

Махамбет пенен Мұхиттар,

Тірі екен, әлі тірі екен!

Дастархан басындағы отырыстарда кеңшар директоры арқалы әнші Ғапар Кереев Мұхит бабасының әндерін шырқайды. Тумысынан сері Хамит ақын да домбыраны безілдетіп, Мұхит пен Бала Ораздың әндерін асқақтатады. Жастары Мұқағали ақынмен құралыптас Қаршыға Бүркітов пен Амантай Сүлейменовтің қонақ күту мәдениеті, ойлы да тапқыр сөздері, еңгезердей дене бітімдері сезімі сергек ақынды тәнті етеді. «Мені Алматыдағы ақын-жазушылар арасындағы ең тұлғалысы дейді. Сендер менен де ірі екенсіңдер» деп Мұқағали ақын қос құрбысын құшағына алыпты.

Қазір Мұқағали Мақатаевтың кітаптарын оқып отырғанымда, сол сапар әсерлерінен туған шумақтарды кездестіріп қаламын.

Арада төрт жылдай уақыт өтті. Ол кезде облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясы қаланың әрбір тұрғынына жете таныс, сыртқы бейнесі шөгіп жатқан әйдік нарға ұқсас патша заманында қызыл кірпіштен салынған үйде болатын. Қазір мұнда Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония мен Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана орналасқан.

Иә, содан, жұмысқа ертелеу келіп, мәдениет бөлімінің есігін айқара ашып тастап, баспахана бояуының иісі әлі кетіп үлгермеген газетті оқуға кірістім. Қызметкерлер енді-енді келе бастайды. Коридордың бойымен тақтай еденді сықырлата басып, салмағы әжептәуір ауыр адам келе жатты. Біздің арамызда жоқ кісі, кім де болса. Есігі ашық тұрған біздің кабинетке бір ірі тұлғалы адам кірді. Мойылдай қара шашы кейін қайырылған. Бидай өңді, толық бетті келісті кісі екен. Мезгіл күз болса да, костюмшең, плащы жоқ үстінде. Нұсқаған орындыққа жайғасып, байыпты сәлемдесті қонағым. Бір жерде көрген адамым сияқты, бірақ есіме түсіре алар емеспін. Ол кісінің өзі көмек қолын созды бірінші болып.

- Мұқағали Мақатаев деген ағаңыз боламын, - деді аса ашық дауыспен.

- Иә, иә, кешіріңіз, ағасы. Алғашқыда тани алмай қалдым, - деп қалбалақтап жатырмын.

Ол кез Мұқағали ақынның еліне танылған тұсы болатын. Баспасөз беттерінде жарияланған өлеңдерін, сәл кейінірек шыққан «Қарлығашым, келдің бе?», «Аққулар ұйықтағанда», тағы басқа кітаптарын жұрт іздеп жүріп оқитын еді. Сырттай құлай сыйлайтын ақыным алдымда отыр. Ол кезде менің «Көк майса» атты тұңғыш кітабым жарық көрген болатын. Мұқағали ақынның көзіне қырғыштың қырындай кітапша қайдан түсе қойсын. Ол кісі менің де өлеңмен «ауыратынымды» білмейтін сияқты.

Содан сағат тоғызға таман қызметкерлер жиналып қалды. Газеттің жауапты хатшысы Ғарифолла Көшенов Мұқағали ақынды Алматыда оқыған жылдарынан біледі екен. Жазушылар одағының кеңесшісі ақын Жанғали Набиуллин келді. Әңгімелері жарасты олардың. Ғарекең алматылық қонаққа дәм татқызуды ойластырып, маған тапсырмалар бере бастады.

            - Ешқайсысыңыздың үйлеріңізге бармаймын. Келіндер қызметте болар, мазаламаңдар оларды. Бүгін жүремін Алматыға, - деді ниетімізді ерін емеурінінен түсінген ақын аға. Сонда да біз кеткенше қонақпен бірге болуға ұйғарым жасадық. Ол кезде Москва-Алматы пойызы Оралға күндізгі 15 сағат шамасында келетін.

            Мұқағали ақын өлеңдер топтамасын газетке ұсынатынын айтты. Бірнеше парақ машинка қағазына ірілеу әріптермен жазылған жырлар менің қолыма тиді. Құныға оқып шығып, машинкаға бастырып, үстінен тағы қарап, қолымды қойып, секретариаттағы редакторға арналған папкаға салдым. Арада он шақты минөт өткен шамада, мені редактордың бірінші орынбасары өзіне шақыртты. Соғыста оң қолының алақаны мен білезікті қосып тұрған буынына оқ тигендіктен, қаламды көлденең ұстайтын еді. Көзілдірігінің арғы жағындағы көздері шатынаған, түсі суық, бірақ өте әділ адам болатын. Алдында - өзім дайындаған Мұқағали ақынның өлеңдері. Бастықтың қаламының ұшы орта тұстағы бір өлеңге найзадай шаншылып тұр. «Мына жерін тағы бір оқып шықшы», - деді орынбасар. Иә, өзім де күмәнмен қараған жолдар екен.

Іштік қой арағын да, шарабын да,

Ит жармасып жүреді балағыма.

Әділін айтуым керек, ол кезде партиялық басылым түгіл, қабырға газетіне мұндай өлеңдер жарияланбайтын. Мұқағали ақынның бұл өлеңін неліктен ұсынғанын біле алмадым. Сұрауға батылым бармады.  Жаспыз ғой. Жаңағы «шатақ» өлең сызылып тасталып, қалғандары газетке шығатын болды. Жауапты хатшының бір жапырақ қағазын алып барып, полиграфиздат басқармасының бухгалтериясынан Мұқағали ақынға тиесілі 50 сом қаламақыны алып, авторға табыс еттім.

            Үйткенше-бүйткенше сәске болып қалған еді. Ақын ағаны ортамызға алып, кітап магазиніне келдік. Мұқағали ақын Дантенің «Құдіретті комедиясын» орысшадан қазақ тіліне аударып, кітап етіп шығарған екен. Сол бойда үш данасын сатып алып, әрқайсысымызға қолтаңба жазып, сыйлады. Көлемі үлкен, мұқабасы жұқа кенеппен тысталған және оның сыртынан жоғары сапалы қағаз «көйлекше» кигізілген сол кітап, қазір біздің үйдегі ең бағалы жәдігер болып есептеледі. Қолтаңбасы төмендегідей. «Айтқали, дәл бүгінгі күннің ескерткіші болсын! М.Мақатаев, 1972 жыл, 17 октябрь».

            Уақыт дегенің зулап барады. Қалалық базар аумағындағы шағындау дәмханаға келдік. Мұқағали ақын іссапар жайын әңгімелей бастады. Ол кезде «Жұлдыз» журналының поэзия бөлімінде қызмет істейді екен. Журналға жазылу мәселесімен Астрахань, Гурьев, Орал облыстарына сапарға шығыпты. Астрахань облысының үш ауданында қазақтар өте тығыз қоныстанған ғой. Алыстағы ағайынмен жүздесіп, шаруасын тындырып, Астрахань қаласындағы мейманханаға ат басын тірейді. Аудандарды аралап жүргенде, Астрахань өзен портындағы қаңғыбастар артелі туралы көп естігені есіне түсіп, автобусқа мініп, тартып кетеді. Еділ өзені Каспий теңізіне құярда сан тарауға бөлініп, жеке-жеке салаға айналатын көрінеді. Су үстінде құжынаған кеме, баржа, әрлі-берлі жүйткіген моторлы қайықтар. Даң-дұң, ың-жың дыбыстан құлақ тұнады. Мұқағали ақын сұрастыра жүріп, қаңғыбастар артелін табады. Артель атаманы жас шамасын айырып болмайтын, аузы-басын бір қарыстай түк басқан еңгезердей орыс екен. Артель кеме, баржалардан қолмен көтеруге болатын жүктерді түсіруге жалданып, күн көретін болса керек. Ақын ағамыз тосын бір шешімге келіп, атаманнан артельге алуын өтінеді. Ол көпті көрген пәле болса керек, алдында тұрған адамның дене бітіміне, сөйлесу мәнеріне, тілді жетік білуіне үлкен маңыз беріп отырғанға ұқсайды. Сөйтіп, алматылық ақын Астрахань портында жүкші-амбал болып жұмыс жасай бастайды. Ол кезде Мұқағали ағамыз жас, күші кемеліне келген кезі ғой. Әрі соғыс жылдарында, бала кезінде қара жұмыс жасап шыныққаны тағы бар дегендей. Қол қаруы ғаламат, мінезі ашық, тапқыр тілді жаңа жүкшіні басы атаман болып, артельдің бүкіл мүшелері жақсы көріп кетіпті. Айтпақшы, атаман Мұқаңның бір киер киімдерін шешкізіп, жұқа кенептен арнайы тігілген амбалдың кең көйлегі мен шалбарын береді. Ақын ағамыздың жүрісі мүлдем өзгеріп, аюша қорбаң-қорбаң ететін болса керек. Оған жаңа достары «медведь-аю» деген кличка беріпті.

            Қаңғыбастар артелі мүшелерінде үй, отбасы дегендер болмайды екен. Мұның себебін сұрау намысқа тиетін әрекет деп есептеліп, тыйым салынса керек. Табыс жоғары. Ішім-жем бастан асып жатыр. Атаман - қожайын. Өзі жұмыс жасамайды. Төңкерілген емен бөшке - «тағы». Алдындағы тағы бір төңкерілген бөшке үстінде жейтіні, ішетіні самсап тұр. Қызыл балық, қара уылдырық, армян коньягі, спирт, ананас, апельсин, банан, т.с.с. Әр аптаның жексенбісінде артель мүшелері қомақты жалақы алады атаманның қолынан. Екі тәулік демалыс. Қалаға барып, сал сайранды!

            Мұқағали ақын ойлана бастайды. Алматыда отбасы, қызметі, дос-жарандары бар. Іссапардың уақыты әлдеқашан өтіп кетті. Алда әлі Гурьев, Орал тұр. «Ойнадық, күлдік...», осы да жетер деп шешеді. Үн-түнсіз тайып тұруды ыңғайсыз көреді. Жаңа достарына бұл да бауыр басып қалған болатын. Тағдырдың түрлі талқысына түскен жандар ғой олар. «Адамның басы - алланың добы» деген, кім өз тағдырын алдын-ала болжай алғандай... Ақын амбал достарының жағдайына түсінушілікпен қараса керек. Содан, атаманнан артельден босатуды сұрайды. Оның ойы бөлек екен. Мұқаңа үлкен үміт артып, өзі отставкаға шығып, орнына атаман тағайындамақ ниетте екен.

            - Аю, сен қол қайратыңа, ақыл қайратың сай адамсың, артельге қатты ұнадың. Басшы болсайшы, - деп үгіттеп бағыпты. Ақыры рұқсатын беріп, банкет жасап, қимай қоштасыпты.

            Содан Мұқағали ақын Гурьевте (қазір Атырау) аз уақыт аялдап, журналға жазылу мәселесін Жазушылар одағының кеңесшісі жазушы-драматург Берік Қорқытов ағасына тапсырып, Оралға келген беті екен.

            - Облыс бойынша «Жұлдызға» жазылу мәселесін осы отырған өздеріңе тапсырамын, - деді Мұқаң бәрімізді құшағына алғанның ишарасын жасап.

            Ақынның Астрахань қаласына қатысты хикаясын дастархандас болғандардың әрқайсысы әртүрлі қабылдағанын байқадым. Максим Горький жазған «Челкаштар» расында да, сол бір жылдарда ірі қалалардың өзен, теңіз порттарында жиі кездесетін болса керек. Мүмкін, Мұқағали ақын портта жүкші болмаған да шығар. Біздерді көңілдендіріп-күлдірейін деген ой тұрды ма көкейінде, кім білсін? Өзім сендім бұған.

            Көңілінде бүкпесі жоқ, өте ақжарқын, көпшіл, бауырмашыл адам ретінде ақын Мұқағали Мақатаев жүрегімнің түкпірінде сақталып қалды. Бұдан соң бұл асқақ тұлғаны көрмедім.

            1976 жылы сәуір айының бас шенінде Алматыға Қазақстан жазушыларының кезекті құрылтайына келдім. Ол кезде одаққа мүше болмасам да, үміт күттірген жас қаламгер ретінде шақырту алған едім. Мұқағали ақын бұл кезде қатты науқас, ауруханада жатқан болатын. Жағдайы қыл үстінде деп естідік. Облыстардан келген кексе қаламгерлер көңілін сұрауға, дұрысы қоштасып, арыздасып қалуға, топ-топ болып барып жатты. Біздер, жастар жағы үлкен ақын жөнді танып-білмейтін болған соң, ыңғайсыз шығар деп, тартынып қалдық.

            Ақын Мұқағали Мақатаев қазақ өлеңін тың сапалық биіктерге көтерді. Өзінің алдындағыларға да, тұстастарына да, соңындағыларға да үлгі тұтар жол тастап кетті. Осынысымен ел есінде қалды!

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: