Сырттан

19 Қараша 2013, 10:01

      Содан бері қаншама жыл өтсе де, көкейімде дәл кешегідей сайрап тұр.      Соғысқа біздің әулеттен төрт бірдей азамат аттаныпты. Екеуі ғана оралды. Балалардың үлкені менің әкем мен ең кенже көкеме топырақ алыстан бұйырды. Есімді біле бастағанда көргенім - үй толы бала, сосын бұрымдары тобықтарына түскен жас әйелдер еді. Анашымды мың әйелдің арасынан дәл ажыратамын ғой. Қалғандары жеңгелерім екен. Майданға аттанарда, төрт ағайынды жігіт не көрсе де, бірге көрсін деп, төрт отбасын бір жерге жинап кетсе керек. Сірә, түгел оралмасын сезген шығар.             Әбуғали көкем сәл-пәл сауаты болғандықтан, ұжымшардың жылқы фермасын басқарды. Үйде болғаннан түзде болғаны көбірек еді оның. Сән-салтанат құратын кез болмаса да, мініс аттары келісті келетін. Ер-тұманы да әдемі болатын. Алты-жеті жастағы бала болсам да жылқы малына өте үйірсекпін. Мініп алып, даланы дүбірлетіп, өзім сияқты қарасирақтарды таң қалдырып, желмен жарысар ма еді деп армандаймын қаңтарулы аттан көз алмай.             Бір күні күтпеген жағдай болды. Апта бойы үй бетін көрмеген көкем, екінді әлетінде аулаға ат басын тіреді. Мұнда тұрған ештеңе жоқ, әрине. Өз үйі болған соң келеді, кетеді дегендей. Аттың қамшылар жағынан кішігірім баспақтай бір мақұлық көрінгендей болды. Аттың артынан айнала өтіп, анықтап қарасам, дәу қара ит шоқиып отыр екен. Қарғыбауға байланған шылбырдың бір ұшы ердің қасына ілінген.             Ит маған назар аудармақ түгіл, көз қырын салған да жоқ. Менсінбеген сыңайлы.             Көкем тұйық кісі болатын. Басымнан бір сипады да, ләм-мим деместен, үйге кіріп кетті. Мен итті «зерттей» бастадым. Басы үлкен, есесіне құлақтары өте кішкентай көрінді. Мойын жүндері әрі ұзын, әрі тығыз екен. Өзін көрмесем де, аға-әпкелерімнің оқулықтарындағы арыстанның суретіне қатты ұқсайды. Кеуде тұсы жуан да, бөксе жағы одан қалыстау сияқты. Кішкентай бала болсам да, мына иттің түр-тұрпаты қатты әсер етіп, әп-сәтте «сыншылдық» қабілетімді оятып жібергендей болды.             Мына ит ауылымыздағы «әріптестеріне» мүлдем ұқсамайды екен. Ит дегеннен шығады, ит пен баладай әуесқой болмас, сірә. Бар болғаны бір көшеден тұратын шөкімдей ауылда жаңалық жата ма? Балалар жиналып қалды. Қорқасоқтап алыстан көз салады «қара алыпқа». Ол марғау, ештеңемен ісі жоқтай жайбарақат шоқиып отыр әлі. Ауыл иттерінің де төбелері көрінді. Адамдар сияқты олардың мінездері де әртүрлі болып келеді ғой. Бірі сотқар, бірі ынжық дегендей... Ауыл иттерінің атаманы есептелетін көк төбет «сарбаздарынан» бөліне емпеңдеп келді де, «қара алыпты» анық байқаған бойында қалт тұра қалып, маңдайынан ұрып жібергендей қаңқ етіп, кейін шегініп кетті. Біздер, балалар, таңданғаннан ішегімізді тартып қалдық. «Қара алып» тырп етпейді. Бүкіл әлемде өзінен басқа жан иесі жоқ сияқты.             Үйден дабыр-дұбыр сөйлесіп, үлкендер шықты. «Қара алып» оларға да мойын бұра қоймады.             - Еңбекақыма берген құла тайды қиып, мына итті алып келдім. Бұрынғы иесі Сырттан деп атаған екен. Солай болып қалсын, - деді көкем.             Бұл оның бұйрық тәріздес кесімді сөзі болатын. Жатырқамаңдар, жатсынбаңдар, мен қандай көрсем, сендер де сондай көріңдер дегені еді.             Менің ендігі негізгі ермегім Сырттан болды. Соны төңіректеп жүріп алам. Балалыққа барып, құлақтарынан тартамын, жал жүндерін ұйпалаймын, тіпті кейде атша мініп аламын. Қыңқ етпейді-ау, қыңқ етпейді. Кішкене қоңыр көздерін төңкере қарайды да, ешқандай «мінез» танытпайды.             Бір-екі апта өтті. Сыртанның жаңа жағдайға бойы үйренді, біздің оған көзіміз үйренді. Күні бойы көлеңкеде жатады. Зауал ауған соң ауылдың шетіне шығып, жорғалаған жәндіктерді аулап, аш құрсағын «жұбатып» қайтады. Ауыл иттерінің «компаниясына» қосылған жоқ. Олар да өлердей ынта таныта қоймаған сыңайлы.             Біздің ауылда кешкі шайды сыртта, ашық аспанның астында ішетін үрдіс бар-ды. Үлкен-кішілі үпір-шүпір болып отырып, тапшылау дәм-тұзды бір дастарқан басынан бөліп ішетінбіз. Үйдің алдынан біреу өте қалса, шақырып алып, бір-екі кесе шай ішкізу бұлжымас заңдай болатын.             Бірде кешкі шай үстіне жекенің сиырын бағатын Батырғали шал келе қалды. Жалғыз ұлы майданда қаза тапқан, кемпірі аурулы, қамкөңіл жан еді ол. Анашым мен жеңгелерім үнемі мүсіркеп отыратын.             Батырғали ата тізе бүккен бойда бірдеңе айтқысы келгендей, көкеме мойын бұрып, бір жөткіңкіреп алды.             Жер қозғалмаса, қозғалмайтын ауыр мінезді Әбуғали көкем:             - Батыр аға, әңгіме айта отыр, - деді әрбір сөзін нақпа-нақтап.             - Өзім де жайдан-жай келгенім жоқ, шырағым. Әуелі саған айтқанды жөн көрдім. Анау басқармаң мені жезде деп сөзімді жүре тыңдайды.             Көкем де, анашым бастаған жеңгелерім де мырс-мырс күліп жіберді. Біздер, балалар, оның мәнісін түсінбедік. Ересек адамдар кейде қызық қой.             Батырғали атаның танауы қусырылып, көздері шатынағандай болып, әлдебір үрейлі жайды хабарлайтындай көрінді маған. Қарадай сескеніп, анашыма тығыла түстім.             Үлкендер де жүздерін суытып алғандай болды.             - Әбуғалижан, қартайған шағымда естігенім болмаса, көрмеген сұмдыққа тап болып жүрмін, - деді ақсақал дауысы дірілдеп.             Әйелдер жағы ышқынып жіберді. Соғыс зардабы естерінен әлі шыға қоймаған еді олардың. Біздер болсақ, жон арқамыз мұздап, үрпиісіп қалдық.             Қан кешіп, өлім көрген көкем де тіксініп, бойын жинап алғандай болды.             - Не дедің, Батыр аға, жөндеп түсіндірсеңізші, - деді Әбуғали көкем салмақты мінезінен жаңылып.             - Ауылды қара қасқа қасқырлар торитын болды. Бір емес, екі емес, үш рет көрдім өз көзіммен, - деп Батырғали ата алға еміне түсті.             - Қара қасқасы несі, тағы?!. Ондай қасқыр бола ма? Апыр-ай, Бәке, тіпті былай... - деп көкем аузына сөз түспегендей, кібіртіктеп қалды.             - Қасқырдың тажалы қара қасқа болады деп әкем жарықтық айтып отырушы еді. Орыс ормандарынан көрдім дейтін, - деп өз сөзінің шындығын дәлелдейтін уәж тапқандай болды Батырғали ата.             - Иә, содан қалай болды өзі? Ретімен айтшы, ақсақал, - деді көкем сәл-пәл сабасына түскендей болып.             - Сиырларды суарып, Будансай тоғайының алаңқайларына қарай жайымен айдап келе жатқанмын. Жиырма-отыз метрдей жердегі бір шоқ бұтаның түбінен қарайған көрінді. Ол маңда қой жоқ қой. Бізде қара бұзау, баспақ болмайды. Иттер болар деп ойладым алғашқыда. Сенің қара итіңнен басқа ауылда ондай түсті қайқы құйрық бар ма? Жоқ!             - Ал, сосын? - деді көкем дегбірсізденіп.             - Аңдап, анықтап қарасам, нағыз қасқырлар, түстері қара, маңдай тұстары ақ. Шошып кеттім, - деп ақсақал терең тыныс алды.             - Қойыңыз, қаңғып жүрген иттер дағы, - деді анашым үрейленіп-үрпиісіп отырған біздерге мейірлене көз тастап.             - Келін шырақ, қасқыр екені кәміл, үш күн қатарынан көрдім ғой. Және сескенбейді өздері. Малға шаба ма деп қауіптеніп, аттан түспейтін болдым. Атамнан қалған қара мылтықты шошайтып асынып алдым қазір, - деп Батырғали ата реніш білдіргендей болды.             - Үш күннен бері неге үндемей келдің, қосағасы. Сен жалған сөйлейтін жан емессің, білем ғой баяғыдан. Әзірге дабыра етпей тұра тұрайық. Бір ретін табармыз, - деді көкем ойлана отырып. Сосын отырғандардың жүзіне көз тоқтата қарап өтті. Бұл екі елі ауызға төрт елі қақпақ болсын деген ескертпесі еді.             Енді тіс жарып ештеңе демесек те, бәріміздің ойымыз қара қасқа қасқырлар төңірегінде болатыны ешқандай күмән тудырмайтын.             Мен әдеттегідей Сырттанның қасынан табылдым. Бір байқағаным, онда әлдебір өзгеріс пайда болған еді. Сергектеніп, жиі-жиі орнынан тұрып, сілкініп-сілкініп алатынды шығарды. Кешкі шай үстінде Батырғали шалмен болған әңгіме оған да қатты әсер еткен сияқты. Ит адамның сөзін түсіне ме? Әрине, түсінбейді.             Сонда?!. Түнімен жайсыз ұйықтап шықтым. Қара қасқа қасқырлар жан-жағымнан тап-тап береді. Сол сәтте басы қауғадай болып Сырттан келеді көмекке. Қасқырлар құйрықтарын жымып алып, тоғайға қарай жылыстай жөнеледі. Таңға таяу қатты ұйықтап кетіп, сәскеде ғана ояндым. Үлкендер жұмыстарына кетіпті. Аға-әпкелерім өздеріне жүктелген үйішілік міндеттерін атқару үстінде екен. Еркіні де, еркесі де өзіммін. Себебі, әлі кішкентаймын. Алтыдан жетіге қараған шағым ғой.             Сырттаным көлеңкедегі өз орнында жатыр екен. Тек созыла түсіпті. Келе мойнынан құшақтай алғанымда, саусақтарым әлдебір жып-жылы жабысқақ нәрсеге тигендей болды. Селк еттім де, үңіле қарадым. Сырттанның мойнынан иық тұсына шейін өткір пышақпен іреп жібергендей. Мойын жүндері жұлынып, арғы жағынан ырсиған-ырсиған жара іздері көрінеді. Сырттан көздерін ашып-жұмып қояды. «Мен өлмеймін, қорықпа» деп маған қайрат бергендей. Бақырып жылап, үйге қарай жүгірдім. Аға-әпкелерім мені Сырттан қауып алды деп ойлап, бірі таяқ, бірі сыпырғыш ұстап құстай ұшып жетті. «Қара алып» не істесеңдер де еріктерің дегендей, қыбыр етпеді. Мен жылай жүріп, болған жайды түсіндіріп жатырмын.             - Мынау мылтық оқтарының ізі емес, - деді бірден Қуанғали ағам Сырттанды мұқият тексеріп шығып.             - Сонда не болғаны? - деп сөз қосты Жақсығали ағам көз жастары мөлтілдеп.             - Сырттан не болса да бір алапат айқасқа түскен. Және иттермен емес. Бұған тең түсіп, майдан ашатын қайқы құйрық жоқ қой бұл маңда, - деп жасы он беске келген, ең ересегіміз Қуанғали бір тосын ойдың шетін шығарды.             - Қара қасқа қасқырлар?!.                Қалғанымыз келісіп алғандай бір ауыздан шу еттік.             - Ойласайық, - деді Қуанғали ағам үлкен кісілерше сабырмен.             Әбуғали көкем біраз уақыттан бері ауылда жоқ болатын. Мына тосын жағдай туралы аналарымызға тіс жармауға келістік. Ауыл адамдарына да білдірмеуге сөз байластық. Бәрі маған қатаңдау қарап, мұқият ескертіп жатыр. Кішкентай болған соң аузына сөз тұрмайды дейтін шығар. Шынында қара таспын ғой мен! Өзіме-өзім осылай серт беріп тұрмын іштей.             Содан Сырттан тапжылмай екі аптадай жатып, сауығып кетті. Ит дегенің өз жарасын өзі жалап «емдейді» екен ғой. Алты бала аузымыздағыны жырып беріп, «қара алыпты» азықтан кенде қылмадық.             Жаз күндері көбіне үйдің төбесіне шығып ұйықтаймыз. Шатыраусыз жайпақ-жайдақ болатын еді ғой ол кезде ауыл үйлері. Ұйқы келе қоймайды. Әңгімеміз көбіне Сырттан туралы. Ол - жүрек жұтқан батыр. Ал қара қасқа қасқырлар - фашистер. Ағаларым оларға сырттай ат қойып алды. Гитлер, Геринг, Гимлер деп атайды.             - Тағы біреуі болды ғой. Тарих ағай жиі айтушы еді атың өшкірдің есімін, - деп Жақсығали ойланып жатады бір сәтке.             - Ә, ә, Геббельс қой ол. Гитлердің сондай бір көбікауыз қарғылы төбеті болған. Ит өлімімен өлді деп тарих ағай жиі айтады ғой, - деп сөз қосады мұндайда Қуанғали.             Мен ішімнен шамданып қаламын. Геббельсті төбет дейді, сонда Сырттан да фашист тұқымынан болғаны ғой. Фашисті Сырттанмен қатар қоюға бола ма! Сөйтіп жатып, ұйықтап кетемін.             Кейін білдім, ағаларым түнімен кезектесіп, Сырттанды күзетіп, ізін бағатын болыпты. Сыртекең әдеттегі марғау қалпын бұзбай, үй іргесінде жатады да қояды. Жұрт таңғы тәтті ұйқыға берілгенде ғана басын көтереді екен ғой...             Сырттан араға екі-үш апта салып, тағы да бір-екі рет айқасқа қатысып қайтты. Дес бергенде, жаралары ушықпай, өздігінен жазылып кететін. Сірә, біз білмейтін құпия қасиеттері аман сақтап жүрсе керек.             Әлденеден шошып оянып, төсектен басымды көтерсем, жалғыз жатырмын. Тамыздың қызуы қайта бастаған, күн көкжиектен тұсау бойы көтеріліп қалыпты. Демек, уақыт таңертеңгі сегіз-тоғыз сағат шамасы. Аласа төбеден секіріп төмен түстім. Үйден ешкім шыға қойған жоқ. Сырттан! Ол орнында болмай шықты. Басыма бір ой сап ете қалды. Сырттан мен ағаларым бірге. Қайда кетті олар? Қара қасқа қасқырлар! Ә, ә, мені ұйықтатып тастап, өздері кеткен болды ғой Сырттанның соңынан. Ашуға булыққаным сонша, ештеңенің алды-артын ойламастан, Будансайға қарай ұштым. Қорқыныш, үрей жайына қалды.             Бағыт-бағдар жақсы таныс. Бұзау қайыруға, өзеннен балық аулауға талай барып жүрген жолым ғой.             Үш шақырымдай жер онша қашық емес. Тоғайдың нобайы қарауытып тұр. Бір төбешікке шыға келгенде, Қуанғали мен Жақсығалиды көзім шалды. Олар әудем жерде алға ұмсына көз салып тұр екен. Мені байқап қалып, жұдырықтарын көрсетіп, кіжіне белгі берді. Дауыстары естілмеді. Жанұшыра жүгіріп, жандарына жеттім. Екеуінде де өң-түс жоқ. Үрей билеп алған. Басымнан бір-екі нұқыды да, алға қолдарымен нұсқағандай болды. Көз тоқтата қарасам, отыз-қырық метрдей-ақ жерде, бір түп саралжынның түбінде Сырттаным отыр шоқиып. Оның дәл қарсысындағы жапырақтары сарғая бастаған итсигектің түбінде үш қара қасқа қасқыр жүр айналсоқтап. Бір-бірінің оңына-солына, алдына-артына шығып, мықтап дегбірсізденуде өздері. Ал Сырттан болса жартастай міз бағар емес.             Қасқырларды ақымақ деуге болмайды. Өте ақылды олар. Біздерді көріп тұр, бала болсақ та адам атымыз бар ғой, сескенеді, әрине.             - Сырттанды шақырайық кері. Мыналар үшеу, ол жалғыз, мерт болып жүрер, - деді қауіп кірген Жақсығали.             - Қайтпайды Сырттан! Оны намыс қысып, аруағы көтеріліп тұр. Болмайды мазалауға, - деп басу айтты Қуанғали. Осыны естіп-сезгендей, Сырттан шоқиып отырған жерінен қарғып тұрып, сілкініп-сілкініп алды да, қара қасқа қасқырларға қарай жебедей атылды. Көрмегенге өтірік, көргенге шындық, денесіндегі жүндері тікірейіп кетті ме, әлде басқа құпия себебі бар ма, Сырттан көз алдымызда зорайып жүре берді. Ағаларымды білмеймін, өзімнің денем қалтырап кетті үрейден.             Қасқыр да намысқой мақұлық дейді ғой үлкендер. Олар да Сырттанға қарсы салды дерсің. Тұла бойым қалшылдап, көмейіме ащы өксік кептеліп, аса бір жайсыз күй кешіп тұрмын. Ағаларым да дәл мен сияқты жағдайда болатын. Айқайлап, Сырттанға дем берейін десек, дауысымыз шықпайды. Бар болғаны ала жаздай аяқ киім көрмеген күс табанымызбен жерді тынымсыз тепкілейміз. Бұдан Сырттанға қандай пайда, көмек болсын.             Қасқырлардың екеуі ширақтау, оза жүгіріп келеді. Ал үшіншісі ине жұтқандай кирелең-кирелең етіп, баяу қозғалады. Бұған да шүкіршілік. Негізгі жау екеу Сырттан үшін. Үшіншісінен қайран шамалы деп түйдім ішімнен. Сірә, бұрынғы айқас-шайқастарда Сырттан қасқырлардың бірін оңдырмай қаусатқан сыңайлы. Беті қайтып, кібіртіктеуі соған байланысты болса керек.             Содан шайқасқа шыққан Сырттан мен түз тағылары бір-біріне жақындап қалды. Сырттанның шоқтығы қарсыластарынан бір қарыстай биік көрінді. Қасқырлар да өте ірі болатын. Міне, Сырттан құлақтарын жымып, қанжардай өткір тістерін ақситып келе жатқан екі тажалдың ортасынан жарып өткендей болды. Түз тағысының бірі оның аузында кетті. Сырттан арыстан мойнын ырғап-ырғап жіберіп, бұлқынып жатқан қасқырды бар күшімен жерге бір соқты. Анау қаңқ етіп, қимылсыз қалды. Өлмесе де, өлімші күйде сияқты. Осы сәтте екінші тажал Сырттанның ту сыртына таяу келіп қалған болатын. Бізде зәре жоқ. Үшеуіміз де еңкілдеп жылап тұрмыз. Қолдан келер ештеңе жоқ.             Сырттан қас қағым сәтте бір бүйірге секіріп үлгерді. Алдыңғы екі аяғы жерге тигенше, қасқыр бас салды. Артқы екі аяқтарымен жер тіреп, түрегеп тұрып, бір-бірін жұлмалауға кірісті. Біз олардың ырылдаған-қырылдаған дауыстарын еститіндей жерде емес едік. Тек қуатты тырнақтардың қатқыл жерді осқылап, ала шаңның бұрқ-бұрқ еткенін көріп тұрдық. Бір тажалды жаңа ғана омақастырған Сырттан тыныс алып үлгермеген болатын. Қарсыласы тың еді. Ілкіде түз тағысы бел алғандай көрінді. Сол сәтті  аңдып тұрғандай, шойнақ қасқыр жақындай бастады. Кенет дауысымыз ашылып кетіп, айқайға бастық. Сырттан естіді бізді. Не болғанын байқамай да қалдық, Сырттан қасқырды алып ұрып, езгілей бастады. Біз батылданып, ілгері жылжыдық. Жерден тас кесек теріп алып, шойнақ қасқырға қарай лақтыра бастадық. Ол тоғайға қарай шегініп кетті. Біз жүгіріп жеткенде, Сырттан өлген қасқырдың кеудесін алдыңғы екі аяғымен басып, басын биік ұстап, алысқа көз жіберіп тұр екен. Бүкіл денесін тер жуып, бауырынан шүмектеп тұрды. Жарақаты да аз емес сияқты. Қасқыры құрғыр өліп жатса да, қорқынышты екен. Сырттанды мойнынан құшақтап, былайырақ алып шықтық. Ол жауларды жеңген батырға ұқсамайды. Әдеттегіше бір қалыпты, бұйығы, марғау қалпында еді.             Сырттанның аңызға татырлық істері ауыл түгіл, ауданға кеңінен тарады. Әбуғали көкем әлдебір аңшылар мекемесіне кезінде хабар түсірген болып шықты. Ондағылар қара қасқа қасқыр дегенге күмән келтіріп, қаңғыбас иттер деп есептеп, уақытылы шара қолданбаған екен. Ауызы берік Батырғали ақсақал сыр шашпай, алдындағы малын Будансай тоғайына қарама-қарсы бағыттағы өріске жаятын болыпты. Сөйтіп, Сырттан мен түз тағыларының шайқасын көру біздерге, балаларға бұйырыпты.             Осы оқиғаға байланысты адам сеніп болмайтын әңгімелер тарағаны есімде. Қара қасқа қасқырлар соғыс өрті шарпыған орыс ормандарынан ауып келіпті деген пікірлер айтылды. Сырттанға қатысты тіпті қызық сөздер тарады. Ол орыс патшалары сарайындағы аюға түсетін бітімі бөлек иттердің тұқымынан көрінеді дегенді де естідік. Бұның аталары мен қара қасқа қасқырлардың аталары ежелден өштесіп, тұқымдары соны жалғастырып, бірін-бірі іздеп тауып, құртатын көрінеді деген де сөздер шықты.             Қазақ хандарында жолбарысты жамсатқан алып та алымды иттер болған. Сырттан солардың тұқымынан деушілер де табылды. Нарын құмынан көшіп келген бір шал жасында осындай бір ит ұстап, қыста қырық қасқыр алғанын айтқаны да жадымда сақталып қалыпты.             Қалай болғанда да, Сырттан осыдан соң тыныш өмір сүріп, мен төртінші сыныпты бітіретін жылы бір түнде жоқ болып кетті. «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деген мәтел барын мен сол кезде естіп-білдім.             Сырттандай ит жоқ қой қазір!   Айтқали Нәріков Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

      Содан бері қаншама жыл өтсе де, көкейімде дәл кешегідей сайрап тұр.

     Соғысқа біздің әулеттен төрт бірдей азамат аттаныпты. Екеуі ғана оралды. Балалардың үлкені менің әкем мен ең кенже көкеме топырақ алыстан бұйырды. Есімді біле бастағанда көргенім - үй толы бала, сосын бұрымдары тобықтарына түскен жас әйелдер еді. Анашымды мың әйелдің арасынан дәл ажыратамын ғой. Қалғандары жеңгелерім екен. Майданға аттанарда, төрт ағайынды жігіт не көрсе де, бірге көрсін деп, төрт отбасын бір жерге жинап кетсе керек. Сірә, түгел оралмасын сезген шығар.

            Әбуғали көкем сәл-пәл сауаты болғандықтан, ұжымшардың жылқы фермасын басқарды. Үйде болғаннан түзде болғаны көбірек еді оның. Сән-салтанат құратын кез болмаса да, мініс аттары келісті келетін. Ер-тұманы да әдемі болатын. Алты-жеті жастағы бала болсам да жылқы малына өте үйірсекпін. Мініп алып, даланы дүбірлетіп, өзім сияқты қарасирақтарды таң қалдырып, желмен жарысар ма еді деп армандаймын қаңтарулы аттан көз алмай.

            Бір күні күтпеген жағдай болды. Апта бойы үй бетін көрмеген көкем, екінді әлетінде аулаға ат басын тіреді. Мұнда тұрған ештеңе жоқ, әрине. Өз үйі болған соң келеді, кетеді дегендей. Аттың қамшылар жағынан кішігірім баспақтай бір мақұлық көрінгендей болды. Аттың артынан айнала өтіп, анықтап қарасам, дәу қара ит шоқиып отыр екен. Қарғыбауға байланған шылбырдың бір ұшы ердің қасына ілінген.

            Ит маған назар аудармақ түгіл, көз қырын салған да жоқ. Менсінбеген сыңайлы.

            Көкем тұйық кісі болатын. Басымнан бір сипады да, ләм-мим деместен, үйге кіріп кетті. Мен итті «зерттей» бастадым. Басы үлкен, есесіне құлақтары өте кішкентай көрінді. Мойын жүндері әрі ұзын, әрі тығыз екен. Өзін көрмесем де, аға-әпкелерімнің оқулықтарындағы арыстанның суретіне қатты ұқсайды. Кеуде тұсы жуан да, бөксе жағы одан қалыстау сияқты. Кішкентай бала болсам да, мына иттің түр-тұрпаты қатты әсер етіп, әп-сәтте «сыншылдық» қабілетімді оятып жібергендей болды.

            Мына ит ауылымыздағы «әріптестеріне» мүлдем ұқсамайды екен. Ит дегеннен шығады, ит пен баладай әуесқой болмас, сірә. Бар болғаны бір көшеден тұратын шөкімдей ауылда жаңалық жата ма? Балалар жиналып қалды. Қорқасоқтап алыстан көз салады «қара алыпқа». Ол марғау, ештеңемен ісі жоқтай жайбарақат шоқиып отыр әлі. Ауыл иттерінің де төбелері көрінді. Адамдар сияқты олардың мінездері де әртүрлі болып келеді ғой. Бірі сотқар, бірі ынжық дегендей... Ауыл иттерінің атаманы есептелетін көк төбет «сарбаздарынан» бөліне емпеңдеп келді де, «қара алыпты» анық байқаған бойында қалт тұра қалып, маңдайынан ұрып жібергендей қаңқ етіп, кейін шегініп кетті. Біздер, балалар, таңданғаннан ішегімізді тартып қалдық. «Қара алып» тырп етпейді. Бүкіл әлемде өзінен басқа жан иесі жоқ сияқты.

            Үйден дабыр-дұбыр сөйлесіп, үлкендер шықты. «Қара алып» оларға да мойын бұра қоймады.

            - Еңбекақыма берген құла тайды қиып, мына итті алып келдім. Бұрынғы иесі Сырттан деп атаған екен. Солай болып қалсын, - деді көкем.

            Бұл оның бұйрық тәріздес кесімді сөзі болатын. Жатырқамаңдар, жатсынбаңдар, мен қандай көрсем, сендер де сондай көріңдер дегені еді.

            Менің ендігі негізгі ермегім Сырттан болды. Соны төңіректеп жүріп алам. Балалыққа барып, құлақтарынан тартамын, жал жүндерін ұйпалаймын, тіпті кейде атша мініп аламын. Қыңқ етпейді-ау, қыңқ етпейді. Кішкене қоңыр көздерін төңкере қарайды да, ешқандай «мінез» танытпайды.

            Бір-екі апта өтті. Сыртанның жаңа жағдайға бойы үйренді, біздің оған көзіміз үйренді. Күні бойы көлеңкеде жатады. Зауал ауған соң ауылдың шетіне шығып, жорғалаған жәндіктерді аулап, аш құрсағын «жұбатып» қайтады. Ауыл иттерінің «компаниясына» қосылған жоқ. Олар да өлердей ынта таныта қоймаған сыңайлы.

            Біздің ауылда кешкі шайды сыртта, ашық аспанның астында ішетін үрдіс бар-ды. Үлкен-кішілі үпір-шүпір болып отырып, тапшылау дәм-тұзды бір дастарқан басынан бөліп ішетінбіз. Үйдің алдынан біреу өте қалса, шақырып алып, бір-екі кесе шай ішкізу бұлжымас заңдай болатын.

            Бірде кешкі шай үстіне жекенің сиырын бағатын Батырғали шал келе қалды. Жалғыз ұлы майданда қаза тапқан, кемпірі аурулы, қамкөңіл жан еді ол. Анашым мен жеңгелерім үнемі мүсіркеп отыратын.

            Батырғали ата тізе бүккен бойда бірдеңе айтқысы келгендей, көкеме мойын бұрып, бір жөткіңкіреп алды.

            Жер қозғалмаса, қозғалмайтын ауыр мінезді Әбуғали көкем:

            - Батыр аға, әңгіме айта отыр, - деді әрбір сөзін нақпа-нақтап.

            - Өзім де жайдан-жай келгенім жоқ, шырағым. Әуелі саған айтқанды жөн көрдім. Анау басқармаң мені жезде деп сөзімді жүре тыңдайды.

            Көкем де, анашым бастаған жеңгелерім де мырс-мырс күліп жіберді. Біздер, балалар, оның мәнісін түсінбедік. Ересек адамдар кейде қызық қой.

            Батырғали атаның танауы қусырылып, көздері шатынағандай болып, әлдебір үрейлі жайды хабарлайтындай көрінді маған. Қарадай сескеніп, анашыма тығыла түстім.

            Үлкендер де жүздерін суытып алғандай болды.

            - Әбуғалижан, қартайған шағымда естігенім болмаса, көрмеген сұмдыққа тап болып жүрмін, - деді ақсақал дауысы дірілдеп.

            Әйелдер жағы ышқынып жіберді. Соғыс зардабы естерінен әлі шыға қоймаған еді олардың. Біздер болсақ, жон арқамыз мұздап, үрпиісіп қалдық.

            Қан кешіп, өлім көрген көкем де тіксініп, бойын жинап алғандай болды.

            - Не дедің, Батыр аға, жөндеп түсіндірсеңізші, - деді Әбуғали көкем салмақты мінезінен жаңылып.

            - Ауылды қара қасқа қасқырлар торитын болды. Бір емес, екі емес, үш рет көрдім өз көзіммен, - деп Батырғали ата алға еміне түсті.

            - Қара қасқасы несі, тағы?!. Ондай қасқыр бола ма? Апыр-ай, Бәке, тіпті былай... - деп көкем аузына сөз түспегендей, кібіртіктеп қалды.

            - Қасқырдың тажалы қара қасқа болады деп әкем жарықтық айтып отырушы еді. Орыс ормандарынан көрдім дейтін, - деп өз сөзінің шындығын дәлелдейтін уәж тапқандай болды Батырғали ата.

            - Иә, содан қалай болды өзі? Ретімен айтшы, ақсақал, - деді көкем сәл-пәл сабасына түскендей болып.

            - Сиырларды суарып, Будансай тоғайының алаңқайларына қарай жайымен айдап келе жатқанмын. Жиырма-отыз метрдей жердегі бір шоқ бұтаның түбінен қарайған көрінді. Ол маңда қой жоқ қой. Бізде қара бұзау, баспақ болмайды. Иттер болар деп ойладым алғашқыда. Сенің қара итіңнен басқа ауылда ондай түсті қайқы құйрық бар ма? Жоқ!

            - Ал, сосын? - деді көкем дегбірсізденіп.

            - Аңдап, анықтап қарасам, нағыз қасқырлар, түстері қара, маңдай тұстары ақ. Шошып кеттім, - деп ақсақал терең тыныс алды.

            - Қойыңыз, қаңғып жүрген иттер дағы, - деді анашым үрейленіп-үрпиісіп отырған біздерге мейірлене көз тастап.

            - Келін шырақ, қасқыр екені кәміл, үш күн қатарынан көрдім ғой. Және сескенбейді өздері. Малға шаба ма деп қауіптеніп, аттан түспейтін болдым. Атамнан қалған қара мылтықты шошайтып асынып алдым қазір, - деп Батырғали ата реніш білдіргендей болды.

            - Үш күннен бері неге үндемей келдің, қосағасы. Сен жалған сөйлейтін жан емессің, білем ғой баяғыдан. Әзірге дабыра етпей тұра тұрайық. Бір ретін табармыз, - деді көкем ойлана отырып. Сосын отырғандардың жүзіне көз тоқтата қарап өтті. Бұл екі елі ауызға төрт елі қақпақ болсын деген ескертпесі еді.

            Енді тіс жарып ештеңе демесек те, бәріміздің ойымыз қара қасқа қасқырлар төңірегінде болатыны ешқандай күмән тудырмайтын.

            Мен әдеттегідей Сырттанның қасынан табылдым. Бір байқағаным, онда әлдебір өзгеріс пайда болған еді. Сергектеніп, жиі-жиі орнынан тұрып, сілкініп-сілкініп алатынды шығарды. Кешкі шай үстінде Батырғали шалмен болған әңгіме оған да қатты әсер еткен сияқты. Ит адамның сөзін түсіне ме? Әрине, түсінбейді.

            Сонда?!. Түнімен жайсыз ұйықтап шықтым. Қара қасқа қасқырлар жан-жағымнан тап-тап береді. Сол сәтте басы қауғадай болып Сырттан келеді көмекке. Қасқырлар құйрықтарын жымып алып, тоғайға қарай жылыстай жөнеледі. Таңға таяу қатты ұйықтап кетіп, сәскеде ғана ояндым. Үлкендер жұмыстарына кетіпті. Аға-әпкелерім өздеріне жүктелген үйішілік міндеттерін атқару үстінде екен. Еркіні де, еркесі де өзіммін. Себебі, әлі кішкентаймын. Алтыдан жетіге қараған шағым ғой.

            Сырттаным көлеңкедегі өз орнында жатыр екен. Тек созыла түсіпті. Келе мойнынан құшақтай алғанымда, саусақтарым әлдебір жып-жылы жабысқақ нәрсеге тигендей болды. Селк еттім де, үңіле қарадым. Сырттанның мойнынан иық тұсына шейін өткір пышақпен іреп жібергендей. Мойын жүндері жұлынып, арғы жағынан ырсиған-ырсиған жара іздері көрінеді. Сырттан көздерін ашып-жұмып қояды. «Мен өлмеймін, қорықпа» деп маған қайрат бергендей.

Бақырып жылап, үйге қарай жүгірдім. Аға-әпкелерім мені Сырттан қауып алды деп ойлап, бірі таяқ, бірі сыпырғыш ұстап құстай ұшып жетті. «Қара алып» не істесеңдер де еріктерің дегендей, қыбыр етпеді. Мен жылай жүріп, болған жайды түсіндіріп жатырмын.

            - Мынау мылтық оқтарының ізі емес, - деді бірден Қуанғали ағам Сырттанды мұқият тексеріп шығып.

            - Сонда не болғаны? - деп сөз қосты Жақсығали ағам көз жастары мөлтілдеп.

            - Сырттан не болса да бір алапат айқасқа түскен. Және иттермен емес. Бұған тең түсіп, майдан ашатын қайқы құйрық жоқ қой бұл маңда, - деп жасы он беске келген, ең ересегіміз Қуанғали бір тосын ойдың шетін шығарды.

            - Қара қасқа қасқырлар?!.   

            Қалғанымыз келісіп алғандай бір ауыздан шу еттік.

            - Ойласайық, - деді Қуанғали ағам үлкен кісілерше сабырмен.

            Әбуғали көкем біраз уақыттан бері ауылда жоқ болатын. Мына тосын жағдай туралы аналарымызға тіс жармауға келістік. Ауыл адамдарына да білдірмеуге сөз байластық. Бәрі маған қатаңдау қарап, мұқият ескертіп жатыр. Кішкентай болған соң аузына сөз тұрмайды дейтін шығар. Шынында қара таспын ғой мен! Өзіме-өзім осылай серт беріп тұрмын іштей.

            Содан Сырттан тапжылмай екі аптадай жатып, сауығып кетті. Ит дегенің өз жарасын өзі жалап «емдейді» екен ғой. Алты бала аузымыздағыны жырып беріп, «қара алыпты» азықтан кенде қылмадық.

            Жаз күндері көбіне үйдің төбесіне шығып ұйықтаймыз. Шатыраусыз жайпақ-жайдақ болатын еді ғой ол кезде ауыл үйлері. Ұйқы келе қоймайды. Әңгімеміз көбіне Сырттан туралы. Ол - жүрек жұтқан батыр. Ал қара қасқа қасқырлар - фашистер. Ағаларым оларға сырттай ат қойып алды. Гитлер, Геринг, Гимлер деп атайды.

            - Тағы біреуі болды ғой. Тарих ағай жиі айтушы еді атың өшкірдің есімін, - деп Жақсығали ойланып жатады бір сәтке.

            - Ә, ә, Геббельс қой ол. Гитлердің сондай бір көбікауыз қарғылы төбеті болған. Ит өлімімен өлді деп тарих ағай жиі айтады ғой, - деп сөз қосады мұндайда Қуанғали.

            Мен ішімнен шамданып қаламын. Геббельсті төбет дейді, сонда Сырттан да фашист тұқымынан болғаны ғой. Фашисті Сырттанмен қатар қоюға бола ма! Сөйтіп жатып, ұйықтап кетемін.

            Кейін білдім, ағаларым түнімен кезектесіп, Сырттанды күзетіп, ізін бағатын болыпты. Сыртекең әдеттегі марғау қалпын бұзбай, үй іргесінде жатады да қояды. Жұрт таңғы тәтті ұйқыға берілгенде ғана басын көтереді екен ғой...

            Сырттан араға екі-үш апта салып, тағы да бір-екі рет айқасқа қатысып қайтты. Дес бергенде, жаралары ушықпай, өздігінен жазылып кететін. Сірә, біз білмейтін құпия қасиеттері аман сақтап жүрсе керек.

            Әлденеден шошып оянып, төсектен басымды көтерсем, жалғыз жатырмын. Тамыздың қызуы қайта бастаған, күн көкжиектен тұсау бойы көтеріліп қалыпты. Демек, уақыт таңертеңгі сегіз-тоғыз сағат шамасы. Аласа төбеден секіріп төмен түстім. Үйден ешкім шыға қойған жоқ. Сырттан! Ол орнында болмай шықты. Басыма бір ой сап ете қалды. Сырттан мен ағаларым бірге. Қайда кетті олар? Қара қасқа қасқырлар! Ә, ә, мені ұйықтатып тастап, өздері кеткен болды ғой Сырттанның соңынан. Ашуға булыққаным сонша, ештеңенің алды-артын ойламастан, Будансайға қарай ұштым. Қорқыныш, үрей жайына қалды.

            Бағыт-бағдар жақсы таныс. Бұзау қайыруға, өзеннен балық аулауға талай барып жүрген жолым ғой.

            Үш шақырымдай жер онша қашық емес. Тоғайдың нобайы қарауытып тұр. Бір төбешікке шыға келгенде, Қуанғали мен Жақсығалиды көзім шалды. Олар әудем жерде алға ұмсына көз салып тұр екен. Мені байқап қалып, жұдырықтарын көрсетіп, кіжіне белгі берді. Дауыстары естілмеді. Жанұшыра жүгіріп, жандарына жеттім. Екеуінде де өң-түс жоқ. Үрей билеп алған. Басымнан бір-екі нұқыды да, алға қолдарымен нұсқағандай болды. Көз тоқтата қарасам, отыз-қырық метрдей-ақ жерде, бір түп саралжынның түбінде Сырттаным отыр шоқиып. Оның дәл қарсысындағы жапырақтары сарғая бастаған итсигектің түбінде үш қара қасқа қасқыр жүр айналсоқтап. Бір-бірінің оңына-солына, алдына-артына шығып, мықтап дегбірсізденуде өздері. Ал Сырттан болса жартастай міз бағар емес.

            Қасқырларды ақымақ деуге болмайды. Өте ақылды олар. Біздерді көріп тұр, бала болсақ та адам атымыз бар ғой, сескенеді, әрине.

            - Сырттанды шақырайық кері. Мыналар үшеу, ол жалғыз, мерт болып жүрер, - деді қауіп кірген Жақсығали.

            - Қайтпайды Сырттан! Оны намыс қысып, аруағы көтеріліп тұр. Болмайды мазалауға, - деп басу айтты Қуанғали. Осыны естіп-сезгендей, Сырттан шоқиып отырған жерінен қарғып тұрып, сілкініп-сілкініп алды да, қара қасқа қасқырларға қарай жебедей атылды. Көрмегенге өтірік, көргенге шындық, денесіндегі жүндері тікірейіп кетті ме, әлде басқа құпия себебі бар ма, Сырттан көз алдымызда зорайып жүре берді. Ағаларымды білмеймін, өзімнің денем қалтырап кетті үрейден.

            Қасқыр да намысқой мақұлық дейді ғой үлкендер. Олар да Сырттанға қарсы салды дерсің. Тұла бойым қалшылдап, көмейіме ащы өксік кептеліп, аса бір жайсыз күй кешіп тұрмын. Ағаларым да дәл мен сияқты жағдайда болатын. Айқайлап, Сырттанға дем берейін десек, дауысымыз шықпайды. Бар болғаны ала жаздай аяқ киім көрмеген күс табанымызбен жерді тынымсыз тепкілейміз. Бұдан Сырттанға қандай пайда, көмек болсын.

            Қасқырлардың екеуі ширақтау, оза жүгіріп келеді. Ал үшіншісі ине жұтқандай кирелең-кирелең етіп, баяу қозғалады. Бұған да шүкіршілік. Негізгі жау екеу Сырттан үшін. Үшіншісінен қайран шамалы деп түйдім ішімнен. Сірә, бұрынғы айқас-шайқастарда Сырттан қасқырлардың бірін оңдырмай қаусатқан сыңайлы. Беті қайтып, кібіртіктеуі соған байланысты болса керек.

            Содан шайқасқа шыққан Сырттан мен түз тағылары бір-біріне жақындап қалды. Сырттанның шоқтығы қарсыластарынан бір қарыстай биік көрінді. Қасқырлар да өте ірі болатын. Міне, Сырттан құлақтарын жымып, қанжардай өткір тістерін ақситып келе жатқан екі тажалдың ортасынан жарып өткендей болды. Түз тағысының бірі оның аузында кетті. Сырттан арыстан мойнын ырғап-ырғап жіберіп, бұлқынып жатқан қасқырды бар күшімен жерге бір соқты. Анау қаңқ етіп, қимылсыз қалды. Өлмесе де, өлімші күйде сияқты. Осы сәтте екінші тажал Сырттанның ту сыртына таяу келіп қалған болатын. Бізде зәре жоқ. Үшеуіміз де еңкілдеп жылап тұрмыз. Қолдан келер ештеңе жоқ.

            Сырттан қас қағым сәтте бір бүйірге секіріп үлгерді. Алдыңғы екі аяғы жерге тигенше, қасқыр бас салды. Артқы екі аяқтарымен жер тіреп, түрегеп тұрып, бір-бірін жұлмалауға кірісті. Біз олардың ырылдаған-қырылдаған дауыстарын еститіндей жерде емес едік. Тек қуатты тырнақтардың қатқыл жерді осқылап, ала шаңның бұрқ-бұрқ еткенін көріп тұрдық. Бір тажалды жаңа ғана омақастырған Сырттан тыныс алып үлгермеген болатын. Қарсыласы тың еді. Ілкіде түз тағысы бел алғандай көрінді. Сол сәтті  аңдып тұрғандай, шойнақ қасқыр жақындай бастады. Кенет дауысымыз ашылып кетіп, айқайға бастық. Сырттан естіді бізді. Не болғанын байқамай да қалдық, Сырттан қасқырды алып ұрып, езгілей бастады. Біз батылданып, ілгері жылжыдық. Жерден тас кесек теріп алып, шойнақ қасқырға қарай лақтыра бастадық. Ол тоғайға қарай шегініп кетті. Біз жүгіріп жеткенде, Сырттан өлген қасқырдың кеудесін алдыңғы екі аяғымен басып, басын биік ұстап, алысқа көз жіберіп тұр екен. Бүкіл денесін тер жуып, бауырынан шүмектеп тұрды. Жарақаты да аз емес сияқты. Қасқыры құрғыр өліп жатса да, қорқынышты екен. Сырттанды мойнынан құшақтап, былайырақ алып шықтық. Ол жауларды жеңген батырға ұқсамайды. Әдеттегіше бір қалыпты, бұйығы, марғау қалпында еді.

            Сырттанның аңызға татырлық істері ауыл түгіл, ауданға кеңінен тарады. Әбуғали көкем әлдебір аңшылар мекемесіне кезінде хабар түсірген болып шықты. Ондағылар қара қасқа қасқыр дегенге күмән келтіріп, қаңғыбас иттер деп есептеп, уақытылы шара қолданбаған екен. Ауызы берік Батырғали ақсақал сыр шашпай, алдындағы малын Будансай тоғайына қарама-қарсы бағыттағы өріске жаятын болыпты. Сөйтіп, Сырттан мен түз тағыларының шайқасын көру біздерге, балаларға бұйырыпты.

            Осы оқиғаға байланысты адам сеніп болмайтын әңгімелер тарағаны есімде. Қара қасқа қасқырлар соғыс өрті шарпыған орыс ормандарынан ауып келіпті деген пікірлер айтылды. Сырттанға қатысты тіпті қызық сөздер тарады. Ол орыс патшалары сарайындағы аюға түсетін бітімі бөлек иттердің тұқымынан көрінеді дегенді де естідік. Бұның аталары мен қара қасқа қасқырлардың аталары ежелден өштесіп, тұқымдары соны жалғастырып, бірін-бірі іздеп тауып, құртатын көрінеді деген де сөздер шықты.

            Қазақ хандарында жолбарысты жамсатқан алып та алымды иттер болған. Сырттан солардың тұқымынан деушілер де табылды. Нарын құмынан көшіп келген бір шал жасында осындай бір ит ұстап, қыста қырық қасқыр алғанын айтқаны да жадымда сақталып қалыпты.

            Қалай болғанда да, Сырттан осыдан соң тыныш өмір сүріп, мен төртінші сыныпты бітіретін жылы бір түнде жоқ болып кетті. «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» деген мәтел барын мен сол кезде естіп-білдім.

            Сырттандай ит жоқ қой қазір!  

Айтқали Нәріков

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: