Азамат, қаламгер, қайраткер

19 Қараша 2013, 09:39

Жазушы Әбіш КЕКІЛБАЕВ – 60 жаста        Адам баласы дүниеге келерде бәрі бірдей сияқты. Өсе келе әрқилы болып кетеді.  Әртүрлі мінез-құлық бітеді. Әртүрлі әр бітеді.  Ал, ақыл қандай?  Талант қандай? Дарын қандай?  Бұл жерде құдіреттің өз қалауы бар.  Бәріне кетпен шабуға, орақ оруға, мал бағуға, трактор айдауға, тіпті министр болуға қабілет бұйыруы әбден мүмкін.  Ал, ерен ақылды, туасы шешен, ойшыл, нағыз ақын, хас жазушы, азамат, қайраткер болу бәріне бірдей бұйырмаған.  Ол Алланың ісі. Әрі Анадан.  Құрсақта жатқанда жаратушы Құдырет перзент жүрегіне иненің жасуындай шоқ салады. Сол шоқты аялап, өшіріп аламай, жалын тудыру - Ананың ісі.             Әбіштің анасы Айсәуле қазір жасы, Жасаған рахым етсе, жүзге таяды. Әкесі Кекілбай сонау екінші жаһан соғысынан қайтпады. Жалғыз ұлын Айсәуле апамыз желкесінен тістелеп жүріп жеткізді.  Жалғыз ұл болғаны қиын. Бұрынғылар айтқан:             Жалғыз ұлы бардың             Шығар-шықпас жаны бар,             Екі ұлы бардың өкпе-бауыр  жалы бар,             Үш ұлы бардың Самархан             Мен Бұхарада малы бар,             Төрт ұлы бардың аспанға салған  жолы бар.  Жалғыз ұлды қайтсем аман өсірем деп шыбындай жанын шүберекке түйіп, шырылдаған ананың ақ сүті мен сүйініш, күйінішін қандай  таразы өлшей алады?!             Жалғыз ұлы аман-есен жетілді.             Әлі есімде 1954 жыл еді. Мәскеудегі оқу орны мені Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасына практикаға жіберді. Баспа директоры Б.Балтағожин деген кісі еді. Партия функционері.             Бір күні директор бүкіл ұжымды шұғыл жиналысқа шақырды. «Не боп қалды?» деп бәріміз кабинетке үркектей кірдік.             Балтағожин жарықтық, шағын ғана  домалақ, қараторы кісі еді. Басынан буы бұрқырап, түтігіп кетіпті.             -Масқара болдық!- деп алдында жатқан газетті жоғары көтеріп сілкіп-сілкіп қойды.             Ол «Лениншіл жас» екен. (қазіргі «Жас Алаш»).    Баспадағы проза бөлімінің бастығы сұлуша келген, аққұбаша, тым сыпайы егде кісі еді. Сол украинның Льнков деген жазушысының бір повесін қазақшаға аударған екен. Артынша өзі төл повесін жазыпты. «Лениншіл жас» етектей мақалада сол аударма мен төл повестің бір-бірінен аумаған егіз екенін әшкерелеп жазыпты Мұндайды әдебиет ғылымында «плегиат» дейді.  Директор түтіндеп тұрып осыны айтты.  -Үлкен ЦК-дан звондап жатыр, масқара болдық!-деді.  -Авторы кім? Кім жазыпты?-деген дауыс шықты.  Директор қолы дірілдеп, көзілдірігін әрең киіп алып, мақаланың аяғына үңілді.             -Ә - Әбіш Ке- Кекілбаев, Маңғыстау, Онды ауылы. Сегізінші класс оқушысы.             - Ойбай-ау сегізінші класс оқушысы не біледі?             -Әбес айтылған шығар, - деп әр тұстан бірі елірген, бірі жуас үндер шықты.             Шамада  он жылдан кейін тағдыр жолымызды тоғыстырды.             Әбіш Кекілбай баласы «Лениншіл жас» газетінің редакицясына әдебиет-өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызметке келді. Мен бас редактор едім.              Бұл «Лениншіл жаста» руханият саласының дәуірлеген шағы. Қоғамдағы әрбір жаңалық қарсы күшке тап болатыны белгілі. Қатып қалған қасаң қағидалар қасарысады. Соны толқын, жаңа леп - демократия елесі қасаңдарға жат. Жаңалыққа жауыға қарайтын әдет.             Сол алпысыншы жылдардың ішінде осы жастар газетінің редакциясына жаңа жарық жұлдыздар жиналды. Әбіш Кекілбай, Фариза Оңғарсын, Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Кәрібай Ахметбекұлы, Оразбек Сәрсенбай, Қалдарбек Найманбай, Кәдірбек Сегізбай, Серік Әбдірайым, Қуанышбай Құрманғалиев...Сағат Әшімбаев...             Бәрі де бір анадан туғандай еді. Бірлік бар еді, береке бар еді. Әр атаның баласын ортақ мақсат, еншілес мүдде біріктірді. Біз қалың қазақ қауымға, ұлтқа қызмет етуге бекіндік. Оның санасын, арман-аңсарын арттырып, құлдық психологиядан арылтуға тырысып бақтық.             Сол ортада жампоздай болып, Әбіш Кекілбайұлының тұлғасы еерекше тұрды. «Бұдырайған екі шекілі», толқынды бұйра қара шашты, тұңғиық терең ойлы көз - осы жігіт тым-тым ерте есейген, жастайынан көсемдікке жаралғандай, қарттың даналығын бала бастан бойына жинағандай, бай қазыналы етіп, Тәңірім терезесінен биік жаратқандай әсер қалдырар еді.             Дардай-дардай, зор лауазымды сыншылар айта алмаған сөзді сегізінші кластың оқушысы айтқанына қарап-ақ, Әбіш Кекілбайұлының, құдай қойса, болашағын болжап қоюға жарағандай еді.             Анасы Айсәуленің бірер жиында сөйлегені естідім. Той-томалақта. Басқалардың үйреншікті, жаттау жаттаурынды, ноқталы сөздерінен бөтен екен. Сонау-сонау қазтуған заманынан әлдеқалай аман қалған көненің көсем сөздеріндей естілді.             Соған қарап іштей толқып қойдым: «Әбіш айбыны асқақ, құдіретті, айтқан лебізін «ала өгіздей мөңіреткен» қызыл тілдің шешені болуы - анасының құрсақ мектебінен екен-ау,-деп.             Әрине, оған әлемдік энциклопедиялық білімді бесік мектебі оқытпаған шығар. Анадан асыл туғандар оны өсе келе, әкесіз жетімдікпен жағаласа жүріп, жетіле келе меңгереді. Асылы, Ананың сүтімен бітпеген ақыл қара тананың сүтімен бітпейді.             Әкесіз жетімнің жолы тақтайдай теп-тегіс болғаны, сірә жоқ шығар. Ондай бала тағдырдың талай-талай тауқыметін көріп жетілер. Оның өмір жолында сан-сапалақ кедергілер кездесері анық. Нағыз азамат сол кедергілермен күресте шыңдалады.             Тәңір мен туған ана Әбішке келісті келбет берген. Атақты философ Артур Шопенгауэрдің байқауынша, кісі келбеті - бұл адамның кім екенінің кепілдемесі, өзі туралы ашық хаты іспеттес. «Міне, мен осындай адаммын»деген мінездеме оның дидарында ап-айқын жазулы тұрады. Қазақ әдебиеті әлемінде Әбіш Кекілбайұлы үлкен биікке көтерілді. Әдебиетте өзгелер байқамаған, өзгелер айта алмаған сөзді айтты. Басқа ұлыс, ұлттардың намысын қорламай-ақ қазақ рухын асқақтатты. Бояуы көп көркемдікті былай қойғанда, бұл жазушының азаматтық берік тұғырының айғағы.             Әбіш қаламынан шыққан «Күй», «Шыңырау» «Ханша-дария» хикаясы сияқты алғашқы повестерінен бастап, «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» романдарына дейін азаматтық әуенге толық.             Біреулер бар кітапты көп оқиды. Кітапты көп оқу әрине, байлық, әрине, қазына. Бірақ ол басқаның басынан туған байлық пен қазына ғой. Өз басынан, өз ақыл-ойынан, сол оқығанына қосары бар ма? Көбінде жоқ қой!             Ал, Әбіш те көп оқитын шығар-ау. Сол оқыған-тоқығанына оның өз қазынасы қосылғанда, көгілдір аспанның бояуына шұғыланың «кемпірқосақ) сантүрлі бояулары қосылғандай құлпырып кетеді.             Айталық, ол Ақсақ темір туралы аңызды бір жерден оқыды, яки естіді. Бұл - қаңқа. Сол қаңқаға ет бітіріп, жан бітіру Әбіштің әрекеті. Жансызға жан бюітіру - құдыретті жазушының ғана қолынан келеді.             Ол Әбілқайырды да, оның заманын да көрген жоқ. Тарихта Әбілқайыр туралы, оның дәуірі туралы сараң деректер ғана бар.             Бұл - руда. Жабайы темір. Сол жзабайы рудадан таза болат, құрыш шығару үшін бірнеше зауыттары, мыңдаған жұмысшылары, инженерлері бар алып комбинат жұмыс істейді.             Ал, тарихтың жалаң да, сараң деректерінен нағыз шынайы көркем шығарма тудыру үшін бір-ақ жазушы тер төгеді. Ондай орасан істі Құдайдың оң көзі түскен, қаламын періштелер тербеткен, мыңнан а бәлкім, миллионнан біреу ғана атқара алады.             Әбішке тағдыр сондай мол үлес бұйыртқан.             Әбішке осындай мол дарын берген Құдырет оған бай мінез де берген. Кейбір қайраткерлер, оқымыстылар, жазушылар бар: рулық, тайпалық әдеттен шыға алмай, тар шеңберде қалған.Олар жалпыұлттық, мемлекеттік мүддеден гөрі, аталастың атының тілеуін тілейді. Одан ұлт ұтылатынын пайымдай бермейді. Бұл «қазақы» мінез жақында өткен сайлауда меңдеп кетті.             Ондай ауруға Әбіш шалдықпаған. Әсіресе, мемлекет басында жүргендерге, әкімдерге Құдай осындай денсаулық берсе, Қазақстан, қазақтар Алланың мейірлі қазынасына қарқ болар еді.             Биылдың жүзінде Көкшетау жерінде шапырашты Қарасай мен арғын Ағынтайға арналып көрікті кесенелер соғылды. Екеуі де қазақ даласын жаудан қорғаған ерен ерлер. Сол кесенелердің ашылу салтанатында Әбіш Кекілбайұлы аса мағыналы, ұлағатты, дәнекерлі сөз сөйледі. Ұлтты ұйытатын, бауырластыратын тарихи-философиялық мәнде толғады. Табиғи шешендігінен танған жоқ. Бұл мемлекеттік ірі қайраткердің, отансүйер азаматтың ағынан жарылуы еді.             Ал, енді кейбір өсекші газетсымықтар ошақ басындағы күндес қатындардың бажылына басты. Қарасай деген Көкшетауға келген емес, болған емес деп байбалам салды. Ал, енді осындай аурушаң, дімкәс жандарды қазақтың досы, жанашыры деп қалай айта аласың. Сол Көкшетауда қазақтың тілеуін әсте тілемеген куйбышевке зор ескерткіш тұрғанда, әлгі бажылдақтар үн шығарған жоқ. Куйбышевке әулиедей табынғандар, өз Қарасайын, күллі қазақтың қарасай батырын жатсынады. Егер осы Қарасайлар болмаса, сен Қазақстан деген елде қазақ болып туар ма едің? Әлде жаудан жаралар ма едің? Ұлы әруақты қорлаған, оны ғайбаттаған рушыл топастар ақыры өздері қор болар.             Рухы шарболаттай, азаматтығы асқақ Әбіш Кекілбайұлы осылай ойлайды. Осы ойын көкіректен шыққан сөзбен көмкергенде оның даусы көкке жеткендей, көпшілік қауымды баурап алады.             Жасай бер, Азамат!  Шерхан МҰРТАЗА Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Жазушы Әбіш КЕКІЛБАЕВ – 60 жаста    

   Адам баласы дүниеге келерде бәрі бірдей сияқты. Өсе келе әрқилы болып кетеді.

 Әртүрлі мінез-құлық бітеді. Әртүрлі әр бітеді.

 Ал, ақыл қандай?

 Талант қандай? Дарын қандай?

 Бұл жерде құдіреттің өз қалауы бар.

 Бәріне кетпен шабуға, орақ оруға, мал бағуға, трактор айдауға, тіпті министр болуға қабілет бұйыруы әбден мүмкін.

 Ал, ерен ақылды, туасы шешен, ойшыл, нағыз ақын, хас жазушы, азамат, қайраткер болу бәріне бірдей бұйырмаған.

 Ол Алланың ісі. Әрі Анадан.

 Құрсақта жатқанда жаратушы Құдырет перзент жүрегіне иненің жасуындай шоқ салады. Сол шоқты аялап, өшіріп аламай, жалын тудыру - Ананың ісі.

            Әбіштің анасы Айсәуле қазір жасы, Жасаған рахым етсе, жүзге таяды. Әкесі Кекілбай сонау екінші жаһан соғысынан қайтпады. Жалғыз ұлын Айсәуле апамыз желкесінен тістелеп жүріп жеткізді.

 Жалғыз ұл болғаны қиын. Бұрынғылар айтқан:

            Жалғыз ұлы бардың

            Шығар-шықпас жаны бар,

            Екі ұлы бардың өкпе-бауыр

 жалы бар,

            Үш ұлы бардың Самархан

            Мен Бұхарада малы бар,

            Төрт ұлы бардың аспанға салған

 жолы бар.

 Жалғыз ұлды қайтсем аман өсірем деп шыбындай жанын шүберекке түйіп, шырылдаған ананың ақ сүті мен сүйініш, күйінішін қандай  таразы өлшей алады?!

            Жалғыз ұлы аман-есен жетілді.

            Әлі есімде 1954 жыл еді. Мәскеудегі оқу орны мені Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасына практикаға жіберді. Баспа директоры Б.Балтағожин деген кісі еді. Партия функционері.

            Бір күні директор бүкіл ұжымды шұғыл жиналысқа шақырды. «Не боп қалды?» деп бәріміз кабинетке үркектей кірдік.

            Балтағожин жарықтық, шағын ғана  домалақ, қараторы кісі еді. Басынан буы бұрқырап, түтігіп кетіпті.

            -Масқара болдық!- деп алдында жатқан газетті жоғары көтеріп сілкіп-сілкіп қойды.

            Ол «Лениншіл жас» екен. (қазіргі «Жас Алаш»).

   Баспадағы проза бөлімінің бастығы сұлуша келген, аққұбаша, тым сыпайы егде кісі еді. Сол украинның Льнков деген жазушысының бір повесін қазақшаға аударған екен. Артынша өзі төл повесін жазыпты. «Лениншіл жас» етектей мақалада сол аударма мен төл повестің бір-бірінен аумаған егіз екенін әшкерелеп жазыпты Мұндайды әдебиет ғылымында «плегиат» дейді.

 Директор түтіндеп тұрып осыны айтты.

 -Үлкен ЦК-дан звондап жатыр, масқара болдық!-деді.

 -Авторы кім? Кім жазыпты?-деген дауыс шықты.

 Директор қолы дірілдеп, көзілдірігін әрең киіп алып, мақаланың аяғына үңілді.

            -Ә - Әбіш Ке- Кекілбаев, Маңғыстау, Онды ауылы. Сегізінші класс оқушысы.

            - Ойбай-ау сегізінші класс оқушысы не біледі?

            -Әбес айтылған шығар, - деп әр тұстан бірі елірген, бірі жуас үндер шықты.

            Шамада  он жылдан кейін тағдыр жолымызды тоғыстырды.

            Әбіш Кекілбай баласы «Лениншіл жас» газетінің редакицясына әдебиет-өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызметке келді. Мен бас редактор едім.

             Бұл «Лениншіл жаста» руханият саласының дәуірлеген шағы. Қоғамдағы әрбір жаңалық қарсы күшке тап болатыны белгілі. Қатып қалған қасаң қағидалар қасарысады. Соны толқын, жаңа леп - демократия елесі қасаңдарға жат. Жаңалыққа жауыға қарайтын әдет.

            Сол алпысыншы жылдардың ішінде осы жастар газетінің редакциясына жаңа жарық жұлдыздар жиналды. Әбіш Кекілбай, Фариза Оңғарсын, Оралхан Бөкей, Ақселеу Сейдімбек, Кәрібай Ахметбекұлы, Оразбек Сәрсенбай, Қалдарбек Найманбай, Кәдірбек Сегізбай, Серік Әбдірайым, Қуанышбай Құрманғалиев...Сағат Әшімбаев...

            Бәрі де бір анадан туғандай еді. Бірлік бар еді, береке бар еді. Әр атаның баласын ортақ мақсат, еншілес мүдде біріктірді. Біз қалың қазақ қауымға, ұлтқа қызмет етуге бекіндік. Оның санасын, арман-аңсарын арттырып, құлдық психологиядан арылтуға тырысып бақтық.

            Сол ортада жампоздай болып, Әбіш Кекілбайұлының тұлғасы еерекше тұрды. «Бұдырайған екі шекілі», толқынды бұйра қара шашты, тұңғиық терең ойлы көз - осы жігіт тым-тым ерте есейген, жастайынан көсемдікке жаралғандай, қарттың даналығын бала бастан бойына жинағандай, бай қазыналы етіп, Тәңірім терезесінен биік жаратқандай әсер қалдырар еді.

            Дардай-дардай, зор лауазымды сыншылар айта алмаған сөзді сегізінші кластың оқушысы айтқанына қарап-ақ, Әбіш Кекілбайұлының, құдай қойса, болашағын болжап қоюға жарағандай еді.

            Анасы Айсәуленің бірер жиында сөйлегені естідім. Той-томалақта. Басқалардың үйреншікті, жаттау жаттаурынды, ноқталы сөздерінен бөтен екен. Сонау-сонау қазтуған заманынан әлдеқалай аман қалған көненің көсем сөздеріндей естілді.

            Соған қарап іштей толқып қойдым: «Әбіш айбыны асқақ, құдіретті, айтқан лебізін «ала өгіздей мөңіреткен» қызыл тілдің шешені болуы - анасының құрсақ мектебінен екен-ау,-деп.

            Әрине, оған әлемдік энциклопедиялық білімді бесік мектебі оқытпаған шығар. Анадан асыл туғандар оны өсе келе, әкесіз жетімдікпен жағаласа жүріп, жетіле келе меңгереді. Асылы, Ананың сүтімен бітпеген ақыл қара тананың сүтімен бітпейді.

            Әкесіз жетімнің жолы тақтайдай теп-тегіс болғаны, сірә жоқ шығар. Ондай бала тағдырдың талай-талай тауқыметін көріп жетілер. Оның өмір жолында сан-сапалақ кедергілер кездесері анық. Нағыз азамат сол кедергілермен күресте шыңдалады.

            Тәңір мен туған ана Әбішке келісті келбет берген. Атақты философ Артур Шопенгауэрдің байқауынша, кісі келбеті - бұл адамның кім екенінің кепілдемесі, өзі туралы ашық хаты іспеттес. «Міне, мен осындай адаммын»деген мінездеме оның дидарында ап-айқын жазулы тұрады.

Қазақ әдебиеті әлемінде Әбіш Кекілбайұлы үлкен биікке көтерілді. Әдебиетте өзгелер байқамаған, өзгелер айта алмаған сөзді айтты. Басқа ұлыс, ұлттардың намысын қорламай-ақ қазақ рухын асқақтатты. Бояуы көп көркемдікті былай қойғанда, бұл жазушының азаматтық берік тұғырының айғағы.

            Әбіш қаламынан шыққан «Күй», «Шыңырау» «Ханша-дария» хикаясы сияқты алғашқы повестерінен бастап, «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» романдарына дейін азаматтық әуенге толық.

            Біреулер бар кітапты көп оқиды. Кітапты көп оқу әрине, байлық, әрине, қазына. Бірақ ол басқаның басынан туған байлық пен қазына ғой. Өз басынан, өз ақыл-ойынан, сол оқығанына қосары бар ма? Көбінде жоқ қой!

            Ал, Әбіш те көп оқитын шығар-ау. Сол оқыған-тоқығанына оның өз қазынасы қосылғанда, көгілдір аспанның бояуына шұғыланың «кемпірқосақ) сантүрлі бояулары қосылғандай құлпырып кетеді.

            Айталық, ол Ақсақ темір туралы аңызды бір жерден оқыды, яки естіді. Бұл - қаңқа. Сол қаңқаға ет бітіріп, жан бітіру Әбіштің әрекеті. Жансызға жан бюітіру - құдыретті жазушының ғана қолынан келеді.

            Ол Әбілқайырды да, оның заманын да көрген жоқ. Тарихта Әбілқайыр туралы, оның дәуірі туралы сараң деректер ғана бар.

            Бұл - руда. Жабайы темір. Сол жзабайы рудадан таза болат, құрыш шығару үшін бірнеше зауыттары, мыңдаған жұмысшылары, инженерлері бар алып комбинат жұмыс істейді.

            Ал, тарихтың жалаң да, сараң деректерінен нағыз шынайы көркем шығарма тудыру үшін бір-ақ жазушы тер төгеді. Ондай орасан істі Құдайдың оң көзі түскен, қаламын періштелер тербеткен, мыңнан а бәлкім, миллионнан біреу ғана атқара алады.

            Әбішке тағдыр сондай мол үлес бұйыртқан.

            Әбішке осындай мол дарын берген Құдырет оған бай мінез де берген. Кейбір қайраткерлер, оқымыстылар, жазушылар бар: рулық, тайпалық әдеттен шыға алмай, тар шеңберде қалған.Олар жалпыұлттық, мемлекеттік мүддеден гөрі, аталастың атының тілеуін тілейді. Одан ұлт ұтылатынын пайымдай бермейді. Бұл «қазақы» мінез жақында өткен сайлауда меңдеп кетті.

            Ондай ауруға Әбіш шалдықпаған. Әсіресе, мемлекет басында жүргендерге, әкімдерге Құдай осындай денсаулық берсе, Қазақстан, қазақтар Алланың мейірлі қазынасына қарқ болар еді.

            Биылдың жүзінде Көкшетау жерінде шапырашты Қарасай мен арғын Ағынтайға арналып көрікті кесенелер соғылды. Екеуі де қазақ даласын жаудан қорғаған ерен ерлер. Сол кесенелердің ашылу салтанатында Әбіш Кекілбайұлы аса мағыналы, ұлағатты, дәнекерлі сөз сөйледі. Ұлтты ұйытатын, бауырластыратын тарихи-философиялық мәнде толғады. Табиғи шешендігінен танған жоқ. Бұл мемлекеттік ірі қайраткердің, отансүйер азаматтың ағынан жарылуы еді.

            Ал, енді кейбір өсекші газетсымықтар ошақ басындағы күндес қатындардың бажылына басты. Қарасай деген Көкшетауға келген емес, болған емес деп байбалам салды. Ал, енді осындай аурушаң, дімкәс жандарды қазақтың досы, жанашыры деп қалай айта аласың. Сол Көкшетауда қазақтың тілеуін әсте тілемеген куйбышевке зор ескерткіш тұрғанда, әлгі бажылдақтар үн шығарған жоқ. Куйбышевке әулиедей табынғандар, өз Қарасайын, күллі қазақтың қарасай батырын жатсынады. Егер осы Қарасайлар болмаса, сен Қазақстан деген елде қазақ болып туар ма едің? Әлде жаудан жаралар ма едің? Ұлы әруақты қорлаған, оны ғайбаттаған рушыл топастар ақыры өздері қор болар.

            Рухы шарболаттай, азаматтығы асқақ Әбіш Кекілбайұлы осылай ойлайды. Осы ойын көкіректен шыққан сөзбен көмкергенде оның даусы көкке жеткендей, көпшілік қауымды баурап алады.

            Жасай бер, Азамат!

 Шерхан МҰРТАЗА

Дереккөзі: "Әдеби әлем" порталы

Бөлісу: